• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
08 Қыркүйек, 2010

Имандылық үлгісін көрсетті

475 рет
көрсетілді

Отыз күн ораза ұстап, имандылық танытып, ибалылыққа бет бұрған бауырларымызға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басшылығы дастарқан ұйымдастырып, ауыз аштырды. Рамазан айында ораза тұтып, ауыз бекіткен оқытушылар мен қыз­меткерлер, студент жастар бұл игілікті іске өздерінің дән риза­лық­тарын жеткізді. 600-ден аса ауыз бекіткен азаматтардың арасында ар­дақты ақсақалдар мен ақжау­лық­ты аналар да аз болған жоқ. Сол се­кілді елордамыздағы киелі орын­дардың бірінен саналатын “Нұр Аста­на” мешітінің имамдары мен дін өкілдері қатысып, Жарату­шы­мыздың өсиет-өнегесінен жан-жақты әңгіме қозғап, адамдық пен адалдық, азаматтық, иман жолын­дағы тазалық туралы ой өрбітті. Жастарға исламның қадір-қасиеті ту­ралы кеңінен толғап, мұсыл­ман әлемінің құндылықтары төңі­ре­гінде  сұхбаттасты. Осындай өнегелі  іске ұйытқы болған білім ордасының басшы­ла­рының атынан оқу-әдістемелік жұмыс және стратегиялық даму жө­ніндегі проректор Дихан Қам­за­бе­кұлы 30 күн оразаның өз қуаты, адам бойына дарытар жақсылығы барын, Аллаға құлшылық етіп, ора­за тұтқан барша жамағаттың, оның ішінде студент жастардың кеуделеріндегі сәуле мен ізгі ниетін  білдіріп, олардың тілеген тілектері қабыл болсын, деді. Жыл сайын осындай ауыза­шар­ды дәстүрге айналдырып келе жат­қан оқу орнының жақсы ісі өзге­лерге үлгі боларлық. Біз оразадан кейін де имандылық жолындағы тәлім-тәрбие мәселесін жалғастыра беретін боламыз, дей келіп, про­рек­тор ауызашарға жиналған қауым­ға университет әкімшілігі атынан жақсылыққа ұйытатын еңбектер мен ұлтымыздың ұлы ой­шылы, хакім Абайдың екі томдық шы­ғармалар жинағын сыйға тартты. Сүлеймен МӘМЕТ. * * *

Оразадағы оңды істер

Түркістан қаласының әкімі Қайрат Молдасейітовтің бастама­сы­мен рамазан айында әлеуметтік жағынан аз қорғалған, көмекке мұқ­таж отбасыларға жәрдем берілді. Алдымен көмекке мұқтаж 100 отбасы таңдап алынып, оларға бір­неше қап ұн, пісте май және үш тоннадан көмір берілді. – Түркістан – ел аузында қа­зақтың рухани астанасы әрі иман­ды­лық қаласы деп аталады, – дейді қала әкімі. – Сондықтан, ізгі бас­та­малардың осы қасиетті аймақта қолға алынуы заңды. Бір жолғы кө­мекпен, әрине, ешкімнің қабырға­сын жаба алмаймыз. Бірақ, айлар­дың сұлтанында, айт күндері кө­мек­ке мұқтаж отбасылар ешкімге жалтақтамай қазанын көтере алады. Игі бастаманы ХҚТУ ректоры Лесбек Тәшімов, “Ақ жол” фир­ма­сының президенті Сабыр Атаев, Әзі­рет Сұлтан музейінің басшы­лығы қолдаған. Жиында “Кентау” трансфор­матор зауыты” директорлар кеңе­сі­нің төрағасы Сейдулла Қожабаев ұжым атынан 200 мың теңге бөлі­не­тіндігін айтты. Біз көмек берілген бір отба­сының шаңырағына бас сұқтық. Ауғанстаннан тарихи Отанына оралған Құсейін баласы Афқан қа­рияның қолы қысқа. Жапырып жұ­мыс жасар азамат баласы жоқ. Мем­лекеттік көмектің арқасында жан ба­ғып отырған олар көмекке аса мұқтаж. Афқан қария қала басшы­лы­ғы­на рахметін айтып, көзіне жас алды. Рамазан айы айлардың сұлтаны. Мұсылмандар үшін қасиетті ай. Дәулетті азаматтар осындайда отан­дастарына көмек көрсетсе садақасы қабыл болады. Мемлекеттік кө­мекке қарап отырған отбасылардың жағдайынан осыны ұғуға бола­тындай. Олардың біразы ауласына көмір түсірілгенде қатты қуанды. Өйткені, Оңтүстіктің қысы қысқа. Үш тонна көмірмен көктемнің жылымығына ілігуге болады. Түркістан қаласының әкімдігі мұндай көмектерді тұрақты көрсе­туге бағыт ұстап отыр. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы.