• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
08 Қыркүйек, 2010

Халық пен билік тізе қосқанда...

535 рет
көрсетілді

Қостанай облысындағы ауылдық үкіметтік емес ұйымдардың бірінші форумы  өтті Облыстың ауылдық жерлерін­дегі үкіметтік емес ұйымдардың бі­рінші форумы Федоров ауданын­да­ғы Пешков ауылында өтті. “Ауыл­дық жерлердегі азаматтық баста­ма­ларды дамыту: проблемалары мен болашағы” деген тақырыпқа негіз­делген жиында облыста осы ба­ғытта жүргізіліп жатқан жұмыстарға шолу жасаған облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Тамара Жақыпова алдымен үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы орны мен маңызына тоқталды. 90-шы жыл­да­ры бұл сектор туралы екінің бірі біле бермейтін, ал қазір ол әлеу­меттік мәселелерді дербес шеше алатын қарымын көрсетіп отыр. Рас, бұрнағы жылдары қалаға қа­рағанда ауыл-селоларда азаматтық белсенділік нашар болатын. Соңғы бес жылда ауылдағы қоғамдық ұйым­дардың саны екі есе артты. Қазір олар облыстағы барлық үкі­меттік емес ұйымдардың 22 пайы­зын құрайды. – Ең алғашқы әлеуметтік сұра­ныс Федоров және Наурызым аудан­дарында басталды. Ол 2006-2007 жылы барлығы 431 мың тең­гені ғана құраған. Дегенмен, қа­зірде де ауылдық жерлердегі үкі­мет­тік емес ұйымдар алған әлеу­меттік сұраныс көлемі тым өсіп кеткен жоқ. Ауыл­дағы қоғамдық ұйымдардың әрқай­сы­сының алған қаражаты бар бол­ғаны 1 миллион теңгеден сәл асады. Бірақ олардың қатары көбейді. Мысалы, облыстық ішкі саясат бас­қармасы жүзеге асыр­ған 40 жобаның 29-ы ауылға бағытталған. Яғни, облыстық бюд­жеттен осы мақсатқа бөлінген қар­жының 64 пайызы ауылдың қажеті­не жұмсалды, – деді Тамара Сәлімқызы. Қоғамдық ұйымдар ауылда не істейді? Жергілікті жердегі тұрмыс-тіршілікті жақсы білетін және өмірлік ұстанымы мықты, бүгінгі уақыттың ағымынан қалғысы кел­мейтін белсенді жандар үшін мұн­дай сұрақтың өзі тым артық. Мы­са­лы, Таран ауданында тұратын Павел Абрамов мүгедектер арба­сында отырады. Мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысы бар. Бірақ жүрек соғып тұрғанда қант-шайға ғана жететін жәрдемақыны қанағат тұтып, телміріп отыра беруге бола ма? Ол да замандастары сияқты жақ­сы өмір сүргісі келеді. Ал аудан­да өзі сияқты мүмкіндігі шек­теулі жандардың қатары да жетіп артылады. Олардың барлығының жағдайы да біркелкі емес, бірінің жұмысы, бірінің қарасар ешкімі жоқ дегендей. Сондықтан Павел Вла­димирович “Таран аудандық мүгедектер қоғамы” қоғамдық бір­лестігін құрды. Ауылдық жерде тұрып жатқан ғаріп жандардың проблемасы тек жұмыссыздық қана емес екен. Бой­ында шығармашылық қабілеті бар жандар үшін түрлі көрмелер, бай­қаулар, жылына екі рет спарта­киа­да, мүгедек балаларға арналған фес­тивальдер өткізіледі. Мүмкіндігі шектеулі жандардың оқуына, кәсіпкерлікпен айналысуына осы қоғамдық ұйым ықпал-көмегін тигізеді. Аудандағы көпшілік орын­дарда мүгедектер арбасының жүруі­не лайықталып пандустар салынды, дәрі-дәрмектер алуға, коммуналдық төлемдер төлеуге, оқу ақысы үшін жеңілдіктерге қол жеткізілді. Қазір Таран ауданындағы жергілікті атқа­рушы билік қандай жұмысты бас­тағанда да осы ұйымның пікіріне құлақ қоймаған кезі болған емес. Ал Қарабалық ауданындағы “Қайырымдылық пен үміт” қоғамдық ұйымы тек мүгедек бала­лар мәселесімен айналысады. – Ауылда арбаға таңылып, үйде отырып қалған балалар бар. Ал олардың арасында жүре алмайтыны болмаса, ақыл-есі бүтін, қабілетті­лері қаншама. Рас, мүгедек жан­дар­дың барлығы да мемлекеттен жәр­демақы алады. Бірақ ол бар мә­селені шешпейді. Оларға айнала­дағы адамдардың қамқорлығы, адамгершілік көзқарасы күннің жылуындай қажет. 10-13 жасқа жеткен жасөспірім “мен неге мүге­декпін, қатарым сияқты неге жүгіре алмаймын, доп қуа алмаймын, ойын­ның қызығын көре алмай­мын” деген күйзелісті бастан кеше­ді. Тағдырдың тауқыметіне ұшы­ра­ған осындай балаларға психоло­гиялық-моральдық көмекті еш­қан­дай мемлекеттік орган бере алмай­ды. Біздің ұйым аудандағы мүгедек балалардың барлығын және олар­дың проблемаларын бес сау­сақтай біледі. Биыл жазда демеушілік қар­жы тауып, бес баланы қасына мед­бике мен бір мұғалімді қосып, Аста­на қаласына қыдырып келуге аттандырдық. Біздің ұйым бастама көтеріп еді, біреу қаржылай көмек, бір кәсіпкер автобусын берді, алдына барған ешкім қарап қал­ма­д­ы. Соның арқасында балалардың жарақат көңілі жазылып, қанша өсіп қайтады десеңші, – деді “Қайырымдылық пен үміт” қоғамдық ұйымының төрайымы Мәрия Сапарова. Бүгінде ауылдағы 124 үкіметтік емес ұйымның атқарып отырған жұ­мысы тек мүгедектер мәселесі ғана емес, сан алуан. Облыс аудан­дарындағы олардың 21 пайызы өзінің қызметін әлеуметтік қорғау саласында атқарса, 19 пайызы ба­лалар мен жастардың проблема­сы­мен айналысады, 15 пайызы өңір­дің әлеуметтік-экономикалық да­муына атсалысқысы келеді. 10 пайызға жуық ұйым мүгедектерді қол­дау-көмек жұмыстарын ұйым­дас­тырады және экологиялық проблемаларды шешуге ұмтылады, 5 пайызы кәсіпкерлік және әйелдер ұйымы болып саналады. Ауыл адамдарының белсенділігі бар жерде шешімін таппайтын проблема аз. Үкіметтік емес ұйым­дар соны дәлелдеп отыр. Мысалы, Жітіқара ауданында “Арман” ба­лалар мен жасөспірімдер орталы­ғы” қоғамдық ұйымының төрайы­мы Кенжегүл Алтынбаева бастаған белсенділер тобы ауыл тұрғын­да­рына денсаулық сақтау саласын­дағы бірыңғай ұлттық жүйенің түпкі мақсатын түсіндірді. Өздері­нің құқығы бұзылғанын анықтап, бұрынғы дәрігерді қайтып алды. – Ауыл адамдары өздерінің құқықтарын білмейді және ақпа­рат­тан тыс қалып отырады. Мы­салы, ауылда қант диабетімен ауы­ратын жас қыз өз өмірін қиды. Осы қайғылы оқиғадан кейін “Арман” қоғамдық ұйымы зерттеу-талдау жұмыстарын жүргізді. Сонда жыл сайын қарасы көбейіп келе жатқан қант диабеті ауруына шалдыққан балалар мен жасөспірімдердің кеселдің зардабы, емі, оның алдын алу, профилактикасы туралы өте аз білетіндігі белгілі болды. Жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау жұмысын күшейту керек деген тоқтамға келдік, – деді Кенжегүл Жолаушыбайқызы. Ал жастардың патриоттық тәр­биесімен айналысатын “Жас ұлан” балалар мен жасөспірімдер орталы­ғы Арқалық қаласында Кейкі батырға ескерткіш қойылуына, Ақкөлде Ахмет Байтұрсынов туған үйдің қалпына келтірілуіне мұрын­дық болып, тұрғындарды жұмыл­ды­рды. Облыстық ішкі істер бас­қармасының бастамасымен облыс­тағы ауылдық үкіметтік емес ұйым­дарға әдістемелік көмек және қол­дау көрсету мақсатымен Әулиекөл, Жіті­қара аудандары мен Арқалық қаласында үш қор орталығы құрыл­ды. Оларды “Милосердие”, “Ар­ман” және “Жас ұлан” қоғамдық ұйымдары атқарады. – “Жас ұлан” балалар мен жас­өспірімдер орталығының мүшелері бізге келіп, екі рет тренинг, семи­нар өткізіп кетті. Көп нәрсеге қа­нықтық. Енді Амангелді ауданында да азаматтық сектор жұмысы жан­дана бастады. Мысалы, “Амангелді ауданының жастар кеңесі” қоғам­дық ұйымы жақында ғана құрылды. Біз жастардың бос уақытын ма­ғы­налы өткізуді қолға алдық. Өйткені, бұл – орталықтан тым қашықта жатқан біздің аудан үшін өткір мәселе. Өзіміз қаржы көзін тауып, жастар кездесуін, “Ақсүйек” ойын-сауық кешін өткіздік. Біздің мұндай бастамамыз аудан басшылығы тара­пынан қолдау тауып, енді жастарға байланысты басқа да мәселелерді көтеріп отырмыз, – деді қоғамдық ұйым мүшесі Дауылбай Сәкетов. Негізі үкіметтік емес ұйымдар жұмысының белсенділігіне байла­нысты облыста Қостанай, Жітіқара және Қарабалық аудандарын айы­рықша бөліп айту керек. Оларда қоғамдық ұйымдар саны жиырмаға дейін жетеді. Оның есесіне асықпай жүріп, арбамен қоян аламыз дейтін өз ағайындарымыз басым тұратын Жангелдин, Амангелді аудандарын­да азаматтық сектордың саны тым аз, жоқтың қасы. Сонымен қатар, Ал­тынсарин, Денисов аудан­дарын­да да қоғамдық ұйымдар мардым­сыз. Ал социологиялық зерттеу ба­рысында осы өңірдегі респондент­тер қордаланған мәселелердің барлығын және олардың шешімін табуда қоғамдық ұйымдар үлесінің болуы керектігін айтқан. Мысалы, мүге­дек, ғаріп жандар мәселесі бар­лық жерде де бар. Шалғай ауыл­дарда ол тым өткір болуы мүмкін. Арадан суырылып шығар көшбас­шы біреу болмаса, мүмкіндігі шектеулі жандар өз құқығын да білмей, езіліп отыра береді. Аман­гелді ауданынан келген бастама­шыл топ өкілдері мұны жасырған жоқ. – Ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың алғашқы облыстық фо­румына қатысқанымыз өте дұрыс болды. Көп нәрсеге көзіміз ашылды. Аудан алыс болғандықтан шығар, бізде ақпараттану жағы нашар. Ауылда мүгедектер мәселесі бар деп ешкімнің ойына келмейді. Ал басқа аудандардан келген ұйым­дардың ғаріп жандарға жасаған қамқорлық­тары жүректі қозғап жіберді. Енді біз де осы мәселені көтеретін боламыз, – деді Аман­гелді ауданынан келген Дархан Ахметов. Ауылдағы үкіметтік емес ұйым­дардың алғашқы облыстық фору­мын­да “Ауыл тұрғындарының аза­маттық белсенділігін қалай қалып­тастыруға болады?”, “Аймақтарда жастардың азаматтық бастамала­рын дамыту”, “Жақсы команда – ҮЕҰ тұрақтылығының кепілі”, “Азаматтардың қайшылық діни бірлестіктерге кіруіне тосқауыл жасау” сияқты көптеген өткір мәселелер қаралды. Оларды дамыту және жергілікті атқарушы билікпен тізе қосып жұмыс істеу керектігі тағы да тапсырылды. Үкіметтік емес ұйымдар көтерген бастамаларды атқарушы билік әрдайым қолдап отырады. Тізе қосқанда қозғалмайтын сең, алынбайтын асу болмайды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай. ---------------------------------- Суретті түсірген Валерий ВЕДЕНКО.