Жыл басынан бергі өткен жеті ай ішінде еліміздегі өнеркәсіп өндірісі өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 11 пайызға өсіп, бірінші жартыжылдықтағы ішкі жалпы өнімнің нақты өсуі 8 пайызды құраған. Бұл туралы сәрсенбі күні Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында мәлім болды. Сондай-ақ Үкімет отырысында экономикамыздың бірқатар салаларының 2010-2014 жылдарға арналған даму бағдарламалары талқыланды.
Отырыста елімізде 2010 жылғы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің нақтыланған болжамы бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова осы жеті ай ішінде сауда айналымының 13,3 пайызға, көлік қызметінің көлемі 6,8 пайызға өскенін атап көрсетті. Осы өсу деңгейлері отандық тұтынушылар тарапынан нақты салалардағы кәсіпорындар өніміне деген сұранымның артып отырғандығын көрсетеді. Еліміздің ұсынылып отырған бұл макроэкономикалық болжамы мұнайдың 2010 жылы орташа әлемдік бағасы 1 баррельге 65 АҚШ доллар болады деген болжаммен алынып отыр. Осыған байланысты ел экономикасының нақты салаларының даму динамикасы мен сыртқы жағдайларды ескере келіп, 2010 жылғы ІЖӨ-нің нақты өсуі 5 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде.
2010 жылғы өнеркәсіп өнімі көлемінің өсу қарқыны бұдан бұрын болжанған 3,3 пайыздың орнына 7,5 пайызға дейін артады. Бұған мынандай игі жағдайлар ықпал етпек. Біріншіден, алғашқы жартыжылдықта тау-кен өнеркәсібінде өсу қарқыны 4,4 пайыздан 5,1 пайызға артты. Атап айтқанда, биылғы қаңтар-шілде айларында металл рудасын өндіру 6,1 пайызға, көмір өндірісі 6 пайызға мұнай өндіру 5,9 пайызға және табиғи газ шығару 5,1 пайызға өсті. Сонымен бірге биылғы жылы еліміздің қайта өңдеу салаларындағы өсу деңгейі 2 пайыздан 11,9 пайызға артады деп күтілуде. Бұл азық-түлік, сусын, химия өнеркәсібі өнімдері, минералды өнімдер, металлургия және мәшине жасау салаларындағы өсудің жоғары қарқынына байланысты болып отыр. Мәселен, 2010 жылғы қаңтар-шілде аралығында азық-түлік өнімдерінің көлемі 14,8 пайызға, химия өнеркәсібі өнімдерінің мөлшері 70,5 пайызға, мәшине жасау өндірісінің көлемі 55,7 пайызға өсіп отыр.
Құрылыс саласында, оның ішінде, тұрғын үй рыногында жаңа кешендердің бой көтеруі есебінен биылғы жылғы 7 айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының өсу динамикасы орын алған. Ол өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 100,1 пайызды құрады. Нақты салалардың өсу деңгейі еліміздегі қызмет көрсету нысандарының да жақсы жетістікке қол жеткізуіне ықпал етуде. Осыған байланысты 2010 жылы сауда айналымы 8 пайызға, көлік қызметі 5 пайызға, ақпарат және байланыс қызметінің көлемі 6 пайызға өседі деп болжануда.
Биылғы жылы еліміздің экспорттық әлеуеті болжам бойынша 51,4 миллиард АҚШ доллары көлемінде болады деп күтілуде. Экспорттық болжам көрсеткіштерінің жоғары болуы негізінен Қазақстанның экспорттық тауарларына әлемдік бағаның өсуі оң ықпал етуде. Жыл соңына дейін импорт көлемі 30,1 миллиард доллар мөлшерінде болмақ. Жоғарыда айтылған оң жетістіктерге сәйкес еліміздегі 2010 жылғы инфляция деңгейі Үкімет пен Ұлттық банк белгілеген 6,0-8,0 пайыз аралығында сақталады деп болжануда.
Үкімет отырысында 2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде Қаржы министрі Болат Жәмішев баяндама жасады. Ол өз сөзінде 2010-2014 жылдарға арналған экономикамыздың макроэкономикалық көрсеткіштері болжамының өзгеруі республикалық бюджеттің параметрлерін нақтылау үшін негіз болғандығын атап көрсетті. Сөйтіп, 2010 жылға арналған республикалық бюджеттің түсімдері 3 517,8 миллиард теңге көлемінде немесе қолданыстағы бюджетпен салыстырғанда 4,1 пайызға артық өсіммен айқындалды. Кірістердің өсуі 169,1 миллиард теңге болады деп болжануда.
Сонымен республикалық бюджеттің нақтыланған өлшемдері мынандай көлемде бекітілді: түсімдер 3 517,8 миллиард теңге, шығыстар 4 321,4 миллиард теңге, бюджет тапшылығы 803,6 миллиард теңге болмақ.
Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов Үкімет мүшелерін Қазақстан Республикасындағы 2010-2014 жылдарға арналған тарифтік саясат жөніндегі салалық бағдарламасымен таныстырды. Бүгінгі таңда елімізде тәуліктік аймақтар бойынша электр қуатына тұтыну деңгейі бойынша дифференцияландырылған тариф қолданылып келеді. Осы үрдісті пайдалануға байланысты бүгінгі таңда елімізде 150 миллион киловатт сағат электр қуатын, 30 мың тонна отын үнемдеуге мүмкіндік жасалды. Н.Алдабергеновтің айтуынша, тарифтің осындай әдісі қолданыла бастағаннан бері еліміздің тұтынушылары 2,1 миллиард теңге қаржы үнемдеуге қол жеткізді.
Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік Камалиев 2010-2014 жылдарға дейін еліміздің жеңіл өнеркәсібін және құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдарын шығару өнеркәсібін дамыту жөнінде баяндама жасады. Баяндамашының айтуы бойынша, осы мерзім ішінде құрылыс саласын отандық өніммен қамтамасыз ету деңгейін 80 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Сонымен бірге бұл саладағы еңбек өнімділігі 40 пайызға дейін арттырылмақ.
Үкімет отырысында тағы бір жан-жақты талқыланған мәселе 2010-2014 жылдар аралығында еліміздің жеңіл өнеркәсібін дамытудың бағдарламасы болды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік Камалиевтің айтуы бойынша, қазіргі таңда еліміздің жеңіл өнеркәсібі тоқырау жағдайын бастан кешіруде. Қазір бұл салада еліміз бойынша 13700 адам жұмыс істейді. Бүгінгі қабылданып отырған бағдарлама шеңберінде 2014 жылға дейін салада еңбек ететіндердің санын 15 мың адамға дейін жеткізу көзделінуде.
Үкімет отырысын Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қорытындылап, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті органдар мен ведомстволарға тапсырмалар беріп, еліміздің экономикасын дамыту мақсатында жүзеге асырылатын бірегей бағдарламалардың іске асыруына жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.