• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Қыркүйек, 2010

Таңдаулы сөздерді қамтыған таңдамалы жинақ

534 рет
көрсетілді

Сәрсенбі күні Ақордада Қа­зақ­стан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1989-2009 жылдар аралығында сөйлеген тұғырнама­лық және бағдарламалық сипаты бар сөздерінің бес томдық таң­да­малы жинағының жарық көруіне байланысты жетекші қоғамдық-саяси басылымдардың журна­лис­терімен брифинг өткізді. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет шығары­лып отырған еңбек, деп бастады ол өзінің сөзін. Барлық өркениетті елдер өздерінің басшылары сөз­де­рі­нің таңдамалы жинағын шығара­ды. Оның үстіне Н.Назарбаевтың сөздері мен баяндамалары шешен­дік өнердің қомақты қазынасы деуге лайықты. Алайда осы кезге дейін олардың көбі түрлі дерек­көз­дерде – архив құжаттары қал­пын­да, БАҚ-та, жекелеген брошю­ла­лар мен кітапшалар түрінде, ве­дом­стволық басылымдарда “ша­шы­раңқы” жағдайда қалып келді. Со­ның салдарынан әр алуан қа­жетті мәтіндермен оқып-танысу тіпті мамандар үшін де қиындық келтіріп жүрді. Осылай дей келіп, М.Қасымбеков Елбасының әр жылдарда жазған мақалалары, ғы­лыми еңбектері, көпшілікке ар­налған сөздері мен баяндамалары Қазақстанның саяси тарихының құнды құжаттық дереккөздері бо­лып табылатынын атап көрсетті. Олар Президенттің Ұлт көш­бас­шысы, саяси қайраткер, мемле­кет­тік құрылыстың ірі теоретигі әрі практигі ретіндегі саяси-фило­со­фиялық көзқарастары эволюция­сы­ның нақты көрінісі деп айта аламыз. Жинаққа енгізілген сөздер мен баяндамаларда нақты тарихи оқиғаларға, сондай-ақ мемлекеттік құрылыстың, әлеуметтік-экономи­ка­лық жаңаландырудың, ұлттық қауіпсіздіктің, халықаралық қаты­нас­тардың, мемлекетімізді дамы­ту­дың жолдары мен келешегінің мә­селелеріне деген оның көзқарас­тары мен пайымдаулары, сондай-ақ берген бағасы көрініс тапқан, деп қорытты өзінің сөзін. Таңдамалы сөздер жинағы әзір­ге орыс тілінде шығып отыр екен, бірақ жақын болашақта оның қазақ тіліндегі нұсқасы да жарық көрмек. Сондай-ақ Пре­зи­дент сөздері мен шығарма­ла­ры­ның толық жинағын шығару ісі де қолға алынбақ көрінеді. Жинақты әзірлеу барысында Президент Мұрағаты мен Тұңғыш Президент мұражайының, Прези­дент Әкімшілігінің, орталық мем­лекеттік органдар қорларының мұ­рағаттық құжаттары, стенограм­ма­лар мен басқа да материалдар­дан, сондай-ақ бұрын басылған кітап­тар­дан, республикалық және шетел­дік БАҚ-тарда жарық көр­ген барлығы 267 сөз бен баяндама мұқият іріктеуден өткізіліп, жи­наққа енгізілгені белгілі болды. Жинақ Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мемлекеттік-саяси дамуының негізгі кезең­де­ріне сәйкес топтастырылып, 7 кі­таптан тұратын 5 томнан құрала­ды екен. Соның ішінде Прези­дент­тің 1989-91 жылдары сөйлеген сөз­дерін қамтитын том “Тәуел­сіздік табалдырығында” деп ата­лыпты. Оған Н.Назарбаевтың Қа­зақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы  кезеңінен бас­тап, Қа­зақ­стан өзінің мемлекеттік тәуел­сіздігін жариялаған КСРО-ның соңғы сәттеріне дейінгі ке­зең­де сөйлеген сөздері енгізілген. Екінші том “Жол басы” деп ата­лады. Оған Елбасының тәуелсіз ел іргесінің айқындалып, 1991-1995 жылдар­да­ғы, бұрынғы кеңестік жүйенің күйретіліп, мемлекеттің жаңа мо­делін жасау, нарықтық экономика қалыптасуының күр­делі үдерісі жүріп жатқан ең бір драмалық әрі шешуші кезең­дер­дегі таңдамалы сөздері енгізілген. “Реформалар бағытымен” деп атал­ған үшінші томға 1995-1998 жыл­дар аралығындағы сөздер енгі­зіліп, олар 1995 жылғы Конститу­цияның қабылдану және соның негізінде саяси, экономикалық жә­не әлеу­меттік-гуманитарлық са­лаларда жүргізілген реформалар, сондай-ақ “Қазақстан-2030” Стратегиялық бағдарламасы қа­был­данып, аста­на­ны Алматыдан Ақ­молаға көшіру кезеңіндегі оқи­ғаларды қамтыған.  Келесі, төр­тінші том “Өркендеу стратегиясы” деп аталады. Онда елдің тұрақты экономикалық өсу кезеңіне жет­кен 1999-2005 жыл­дар­дағы сөй­лен­ген сөздер енгізіл­ген. Осы ара­лықта саяси жүйені одан әрі де­мо­кратияландыру, сон­дай-ақ сырт­қы саясаттағы АӨСШК, Еуразиялық медиа­форум, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­ларының съезін өткізу сияқты әлемдік бастама­лар­ды жүзеге асы­ру бағытындағы сөздер қамтылған. “Көшбасшылыққа бағдар” атты бесінші том Президенттің Қазақ­станның Орталық Азия аймағында және ТМД кеңістігіндегі көш­бас­шы ретінде таныла бастаған 2006-2009 жылдар аралығындағы сөз­де­рі мен баяндамаларын қамтыған.  Осы, бесінші және төртінші том­дар енгізілген сөздер мен баян­да­ма­лар ауқымының молдығына байланысты әрқайсысы екі кітап­тан тұрады. Әрбір томның беташары бо­лып саналатын алғысөздерде кітап қам­тыған жылдардың ерекшелік­тері сипатталып, оның негізгі ке­зеңдері көрсетілген. Журналистердің сұрақтарына жауап берген Махмұт Қасымбеков таңдамалы сөздер жинағы Пре­зи­дент Кеңсесі қызметкерлерінің күшімен дайындалғанын айтты. Сонымен қатар Елбасының сөз­де­ріне ешқандай өзгерту, қысқарту немесе қосу енгізілмегенін жет­кіз­ді. Қазақ тіліндегі кейбір сөзде­рін­де кездескен жыр жолдарын да Кең­се қызметкерлері орыс тіліне өздері аударыпты. Жобаның же­текшісі Президент Кеңсесінің бастығы М.Қасымбеков болған. Кітаптың шығыны мемлекеттік тапсырыс негізінде жабылған. Қа­зір ол еліміздегі барлық кітапха­на­лар мен ғылыми орталықтарға, мем­лекеттік мекемелерге, оқу орын­дарына таратылу үстінде екен. Жақсыбай САМРАТ.