НАН ҚЫМБАТТАМАУЫ ҮШІН
Алматы әкімдігінде қала басшысы Ахметжан Есімовтің қатысуымен “ҚазАгро” холдингі, Алматы қаласы, Алматы облысының әкімдігі, Астық одағы, Астық өндірушілер мен нан пісірушілер одағы жетекшілері арнайы меморандумға қол қойды. Сөйтіп, оңтүстік астанада алдағы уақытта бірінші сұрыпты нанның бағасы қымбаттамайтындығы туралы шешім қабылданды. Жиында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов “меморандумның басты мақсаты бірінші сұрыпты нан бағасын негізсіз көтеруге жол бермеу екендігін ашып айтты. – Көпшілікке белгілі, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент сессиясының ашылуындағы сөзінде нан бағасының қымбаттауына жол бермеу қажеттігін тапсырған болатын. Бір құптарлығы, меморандумға қол қою үрдісі республикадағы ең ірі шаһар – Алматыдан басталып отыр. Астық өңдеушілер нан дайындайтын кәсіпорындарға ұнды қандай бағамен өткізетіндігін нақты шешуі тиіс. Нан пісірушілердің Алматы қаласында салмағы 600 граммдық нанның құнын 57 теңгеден асырмағаны жөн, өйткені бұл базалық баға. Айта кететін тағы бір жәйт, бүгінгі меморандумда өндірушінің де, тұтынушының да мүдделері көзделген,– деді қала әкімі. Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев өз кезегінде бүгінгі таңда қолға алынып отырған іргелі іс-шаралар еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге өздерінің қажетті табыс деңгейін сақтауға мүмкіндік беретіндігін, сондай-ақ отандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де қолайлы жағдай туғызатындығын атап өтті. – Бүгінгі таңда Қазақстанның астыққа деген сұранысы жалпы алғанда 3,5 миллион тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта өткен жылдан қалған 1,5 миллион тоннадай астық бар. Өнім өндірушілерден екі миллиондай тонна астық сатып алып, біздер оны еліміздің ішіндегі бағаны тұрақтандыруға бағыттауды ұйғарып отырмыз. Осындай іс-шаралар талап деңгейінде орындалса ғана нан бағасының тұрақты болатындығы сөзсіз,– дейді министр Ақылбек Күрішбаев. Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы. * * *БАҒА ТҰРАҚТЫ БОЛАДЫ
Нан бағасы елімізде тұрақтанып келеді. Бұл әрине, Елбасының Үкіметке, жергілікті әкімдіктерге берген тапсырмасының негізінде мүмкін болып отыр. Атырау астық өсіруге қолайсыз өңір болғанмен, соңғы 3-4 жылдан бері нан бағасы қымбаттап көрген емес. Енді тағы бір жыл бойына қымбаттамайтын болды. Себебі, Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев пен Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев нан бағасын негізсіз қымбаттатпау үшін арнайы меморандумға қол қойды. – Елбасы нан бағасын тұрақтандыруды тапсырды. Мақсат – Атырау секілді астық өндірілмейтін өңірлерге ұнды тұрақты бағамен жеткізу. Атырау облысының астыққа сұранысы жылына 65 000 тоннаны құрап отыр, – деді министр А. Күрішбаев. Ал облыс әкімі Б. Рысқалиевтың айтуына қарағанда, осы кезге дейін өңірге бірінші сортты ұнның бағасы меморандумға сәйкес бағамен тұрақты жеткізіліп келген. Бұдан кейін де солай бола бермек. Нақтылай айтқанда, алдағы бір жыл ішінде бірінші сортты ұнның бір килосы 46 теңгеден жеткізілмек. Осындай сортты ұнның бір килосы 2007 жылғы меморандумға сәйкес 56 теңгеден, 2008 жылғы меморандум бойынша 62 теңгеден белгіленген екен. Ендігі баға бұлардан әлдеқайда төмен. Сол себептен, деді “ҚазАгро” АҚ басшысы А. Мамытбеков, нан бағасын көтеруге ешқандай негіз жоқ. Елімізде астықтың мол қоры бар. Демек, әр өңірге ұнды меморандумдағы бағамен жеткізіп беруімізге мүмкіндік жеткілікті. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. * * *ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ТӨТЕП БЕРУ АМАЛДАРЫ
Бурабайда Төтенше жағдайлар министрлігінің көшпелі алқа мәжілісі өткізілді. Министр В.Божко орталық ведомствоның алқа мүшелері мен жауапты қызметкерлері, Астана, Алматы қалалары және облыстардағы департаменттердің бастықтары алдында аймақтарда қалыптасқан төтенше жағдайлар жөнінде және оның ащы сабақтары мен күтпеген оқиғалардың алдын алу бағытында кеңінен әңгімелеп, нақты міндеттер қойды. Мәжіліске қатысушыларға жемісті жұмыс тілеген Ақмола облысының әкімі С.Дьяченко кеңестің Бурабайда өткізілуінің маңызын атап өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен еліміздің тәлімдік тарихы терең, табиғаты көркем өлкесі күн санап құлпырып келеді. Мұнда 70 санаториялық-курорттық мекеме жұмыс істейді. Алдағы кезде оның саны тағы да 20 нысанға көбеймек. Бурабайда Ұлттық мемлекеттік табиғат паркі, арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеуде. Туристік кластер мен ойын бизнесі қанаттанып келеді. Осының өзі-ақ, министрлікке, жергілікті билікке, бүкіл қауымға орасан зор жауапкершілік жүктейді. Курортты аймақта ағымдағы жылы заманалық 3 өрт сөндіру депосы салынып, 335 адамның жұмыспен қамтылуы мемлекет ұстанған бағыттың баяндылығын білдіреді. Мемлекеттік орман қоры мен ауыл шаруашылығы жерлерін төтенше жағдайлардан қорғау үшін облыс 100 трактор мен 14 тіркеме құралдарын сатып алды. Соған қарамастан жер-жерлерде өрт, елді мекенді су алу оқиғалары тіркелген. Облыс әкімі осыған байланысты төтенше жағдайлар құрылымын нығайту, көп мақсатты тікұшақтың бөлінуі, Ақкөл ауданында қуатты өрт сөндіру депосын салу және Бұланды ауданында әскери құтқару батальонын орналастыру мәселесін көтерді. Ми-нистр Владимир Божко бұл бағытта арнайы жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді. Кеңесте министрліктің төтенше жағдайларды жою жөніндегі департаментінің директоры, генерал-майор Диханбек Сатылғанов, әкімшілік жұмыстары департаментінің директоры Ерғали Алдоңғаров, стратегиялық жоспарлау, талдау, ғылым және жаңа технологиялар департаментінің директоры Сырым Ғаббасов баяндама жасады. Онда табиғи және техногендік жағдайларға байланысты туындаған төтенше жағдайлар салдарын жою және алдын алу мақсатында ауқымды шаралар жиынтығы атқарылғандығы, жұмыстың тиімділігін арттыру қатаң бақылауда ұсталатындығы атап көрсетілді. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы, Бурабай ауданы. * * *ӨЗ ӨНДІРІСІМІЗДІҢ ӨРЕЛІ ӨРІСІ
Биыл еліміз “Қазақстан-2030” Стратегиясының аясында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бесжылдығын бастап кеткені белгілі. Елбасының Жарлығымен 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Индустриялық даму бағытының өңірдегі әлеуетті қарымына бағамдап қарайтын болсақ, өндірісті өңірдің тыныс-тіршілігінің өсу деңгейіне еліміздің даму көрсеткіштеріне қосқан үлесі арқылы да көз жеткізуге болар. Жалпы, биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыстағы өнеркәсіп орындары 191,4 млрд теңгенің өнімдерін өндірді. Яғни, алдағы онжылдыққа жүзеге асады деген серпінді жобалардың алды қазір іске қосылып, халық игілігі үшін жұмыс жасай бастады. Үкімет қаулысымен барлығы 100-ден аса жоба бекітіліп, елімізді индустрияландырудың нақты картасы жасалды. Соған орай облыста 2014 жылға дейін құны 722,2 млрд.теңгені құрайтын 42 инновациялық жоба белгіленсе, оның 12-сі маусым айында іске қосылып үлгерді. Облыс орталығында “Каустик” акционерлік қоғамына қарасты кәсіпорында жылына қуаты 30 000 тонна болатын хлор және каустикалық соданы мембрандық әдіспен шығаратын өндіріс орны “Ромат” фармацевтикалық компаниясы базасында фармацевтикалық және медициналық дәрі-дәрмектерді жасайтын зауыттарды салу сияқты жобалар күн тәртібінде тұр. Қайсысы болмасын халық игілігі үшін, тұрақты жұмыс орындарының болуын қамтамасыз ететін жаңа өндірістер ретінде өмірге келеді. Ал, бұл жобалардың көшбасшысы қатарында “Қазақмыс” корпорациясы қолға алатын Екібастұз өңірінде салынатын “Бозшакөл” кен байыту комбинатының құрылысы тұр. Биыл Елбасының қатысуымен Қазақстан электролиз зауытының екінші кезегі іске қосылды. Бұл дегеніміз бастапқы алюминий өндіретін отандық қанатты металл өндірісінің жылдық көлемі енді 250 мың тоннаға жеткізіледі деген сөз. Бұған дейін зауыт жылдық қуаты 125 мың тонна таза алюминий шығарып келді. Ал енді еліміздің осы зауыты шығаратын металдары қайда өткізіледі деген де сұрақтар туындайды. Бұл өндіріс орны халықаралық стандарттарға сай технологияларды қолданады. Сондықтан Павлодарда өндірілетін алюминий Еуропа елдеріне де кеңінен таныла бастады. Өткен жылы Лондон биржасы қазақстандық қанатты металдың сапасын бағалап, оны өздерінің сауда-саттық рыногының тізіміне тіркеуге алды. Ол қазақ жерінің алюминийін шетелдерге өткізуге байланысты кедергілер жоқтығын байқатады. Келешекте алюминийден күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар, автомобиль дисклерін, құрылысқа қолданылатын төсемелер, көліктердің қосалқы бөлшектерін жасайтын жаңа кәсіпорындар құрылатын болады. Бұл алюминийді шығарып қана қоймай, оны әрі қарай өңдеу, одан өнім шығару жөнінде өндіріс орнының алдына қойған Елбасының тапсырмасы. Осыған орай жуырда ғана облыс орталығындағы кабельді орама сымдар жасайтын “Казэнергокабель” серіктестігі қазір 15 мың тонна алюминийді өңдеп, сол өнімнен илектер, құймалар, ширатпа тізбелерін, орамаларын жасайтын жаңа жобаның тұсауын кесті. Серіктестік мамандары бұл да бір қолға алынған жақсы іс болды, енді шығарған өнімдерді еліміздің өзге өңірлеріне, Ресейге өткізе аламыз деп отыр. Жалпы, бұл серіктестік жаңа заман технологиясы арқасында аяғынан қаз тұрды. Содан, 2006 жылдан бастап орама сымдар өндірісін қолға алған кәсіпорын телефон байланысына пайдаланатын сым мен сырты қапталған қаутты кабельдерді өндіруге кірісті. Осы жерде жаңа жұмыс орындары ашылып, 150-ге жуық адам өз мамандықтарына сай жұмыс та тапты. Өз жерімізде өндірілген алюминий құймаларын пайдалану арқылы орама сымдар өндіретін жергілікті жобаны іске асыру бағыты осылай өмірге келді. Бұрын дәл өз үйіміздің жанында алюминий өндірсек те, жылдар бойы оны өндіріске пайдалану үшін Ресейден, Қытайдан барып әкеліп, тасымалдап жүрдік. Ендігі жерде “алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала” деген ойға алған бұл мақсатқа да қол жетті. – Бұл шеттен келгеннен гөрі әрі арзан, әрі сапалы ғой, сым өндірісін дамытуды қолға алу үшін жылына кәсіпорынға 15 мың тонна шикізат керек. Яғни, бұл сұранысты енді өзіміздің “Қазақстан электролиз зауыты” акционерлік қоғамы қамтамасыз ете алатынына қуаныштымыз, – дейді серіктестік басшылығы. Бұл өз жеріміздің байлығын өзіміз өндіріп, өзіміз игілігін көруге қолымыз жете бастады деген сөз. Фарида БЫҚАЙ. ПАВЛОДАР. * * *ҮЗДІК ТАУАРЛАР КӨРМЕСІ
Ақтөбе қаласындағы “Достық” үйінде облыс бойынша “Қазақстанның үздік тауары” атты көрме-конкурс өтті. Көрме-конкурстың мақсаты – кәсіпорындар мен ұйымдардың отандық өнімдердің сапасын арттыруға бағытталған қызметтерін белсенді жүргізуге ынталандыру, Қазақстан рыногын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдермен толтыруға ықпал ету. “Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар”, “Тұрғындар үшін үздік тауарлар” және “Үздік азық-түлік өнімдері” номинациялары бойынша өткізілген көрме-конкурсқа облыстың 19 кәсіпорны мен жеке кәсіпкерлері қатысты. Олардың арасында “Ақтөбе мұнай құбырлары зауыты” АҚ, “Алғабас” ЖШС, “Степное” ЖШС”, “Ақтөбе металл емес құбырлар зауыты” АҚ сияқты өнімдері облыстан тысқары жерлерге өтімді кәсіпорындар бар. Сарапшылардың анықтауы бойынша, “Үздік азық-түлік өнімдері” номинациясы бойынша “Тандам-W” ЖШС, “Тұрғындар үшін үздік тауарлар” номинациясы бойынша “ЭкотонБатыс” ЖШС және “Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар” номинациясы бойынша “Ақтөбе металл емес құбырлар зауыты” АҚ жеңімпаз деп танылып, бірінші дәрежелі дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаз кәсіпорындар үстіміздегі жылдың аяғына таман Астана қаласында өтетін “Қазақстанның үздік тауарлары” республикалық көрме-конкурсына қатысатын болады. Көрме-конкурстың жүлдегерлері мен дипломанттары да екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.