Жұбан Молдағалиев – 90
Қазақтың ұлы ақыны Жұбан Молдағалиев өз ғұмырында үш мәрте ерлік жасаған адам. Жұбағаң хақында көрген-білген, оқығандарымды жадымда жаңғыртқанда түйген түйінім осы.
Қазақ солдаты
Жұбағаңның жастық шағы, жалынды шағы адамзат баласына апат болып келген сонау бұлтты жылдармен – Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді.
Төрт жыл бойы ажал бұлты торлаған,
Төрт жыл бойы ақыр заман орнаған,
Адамзаттың тарихында ешқашан,
Дәл осындай сұмдық соғыс болмаған.
Сын сағаты туып Жұбан ақынға,
Сайыпқыран жауынгерлер сапында
Қас дұшпанмен айқасты ол аянбай,
Жырмен жолдап елге махаббатын да.
Қып-қызыл өрттің ішінде Алла тағала сақтаймын десе бір уыс мақтаны да сақтайды деген сөз – рас сөз. Қысқа күнде ажалмен қырық рет бетпе-бет келген қазақ сарбазы мұздай темір құрсанған, дүние жүзіндегі ең озық соғыс техникасымен қаруланған фашистік Германиямен толассыз шайқаста бір кезде өзі “Армысың, сұлу Жайығым, Ардақты қоныс мекенім. Керек емес қайығың, Аймалап жүзіп өтемін”, деп жырлаған Жайық өңірінің перзенті – қазақ солдаты Жұбан Молдағалиев тайсалмай табан тіреп соғысты. Мұз төсеніп, қар жастанып жүріп, сол сұрапылдың адам айтқысыз азабы мен тозағын түгел бастан кешірді. Жер шарын фашизм тажалынан құтқарып қалған халқымыз миллиондаған боздақтарынан айырылды.Талай ақ жаулықты аналар ұлдарынан “қара қағаз” келіп, ақ шашын жұлып, аңырап қалды. Аяулы жарлар қара жамылып, қайғымен қан жұтты, әкесіз қалған перзенттер жетім атанды. Жұбан жауынгер елге аман-сау оралды.
Қуантып жаралы елді, бар әлемді
Сол көктем бейбітшілік ала келді,
Өмірді өгейсіткен қара күндер
Түнеріп артымызда кала берді.
Қайран Ана жүрегі сұр шинелін сүйретіп есен келген Жұбанын көргенде жарылуға шақ қалды.
Шинель!
Қадыр,қасиетің көп,тегі,
Сені толық жырлауға тіл жетпеді.
Сұр шинельден Отанымның тәніне
Дәлдеп атқан дұшпан оғы өтпеді.
Ашса алақанында, жұмса жұдырығында болған, өмірі алдынан қия кесіп өтпеген София келіні көңілінен шығып, киелі кейуананың қалған ғұмыры бақытты өтті.
Бұл сынды да бастан қазақ өткерді, тағдыр Жеңіс күніне де жеткерді. Қуанғаннан, мәз боп шаттанғандардан Жеңіс таңы жылағанды көп көрді.
Иә, сол жылағандардың жан жарасы, міне, арада алпыс бес жыл өтсе де құлан-таза жазылып кетті деп айту қиын.
Сөйтіп, біздің халқымыз күллі адамзат баласын ажал апатынан құтқарып қалды, дүние жүзінің халқына, болашақ ұрпаққа бейбіт күн, ашық аспан сыйлады.Сол Жеңіс күнін жақындатқандардың бірі – қазақ солдаты Жұбан Молдағалиев еді. Бұдан асқан ерлік бола ма! Бірақ жас ақын мұны ерлік жасадым деп санаған жоқ, туған елі,кең байтақ даласы алдындағы перзенттік қасиетті парызым деп білді.
Бұл Жұбағаңның бірінші ерлігі болатын.
“Мен – қазақпын!”
Арада жыл артынан жылжып жылдар өтіп жатты. Күйреген шаруашылықты, қираған қалаларды қалпына келтіруге халқымыз жаппай кірісіп кетті. Бейбіт күнді аңсап, зарыға күткен отандастарымен бірге кешегі қан майданда өмір үшін айқасқан сарбаз қаламгерлер енді ел рухын көтеруге көркем сөз күшін жұмсады. Жұбан ақынның шабыты шарықтап, творчествосының шырқау биігіне көтерілгені де осы тұс. Бұл кезеңде де жалынды ақын идеологиялық майданның алғы шебінен табыла білді. Енді ол қоғамдағы кереғар қайшылықтармен бітіспес күреске бел шешіп, белсене кірісті.
Өмірдегі алуан түрлі келеңсіз жәйттер ақын қаламына ілігіп, жалпақ елге жария болып, әшкереленді. Бұрын сыртқы жаумен қалай аяусыз күрессе, енді жауынгер ақын күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздегі өзі көріп, біліп жүрген жағымсыз құбылыстарды аластап, тезге салу үшін шайқасты. Небір жең ұшынан жалғасқан жымысқыларға, пайдакүнемдікке, парақорлыққа, рушылдыққа, қысқасы, әділетсіздік атаулыға төзе алмады. Бетің бар, жүзің бар демеді. Поэзияның өткір жебесін дәл көздеп, соған жолдады. Қызыл жебе нысанаға дөп тиіп жатты. “Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” дейді қазақ. Ылғи ағынан жарылып, ақиқатын айтқанды, дәйім әділдік жағында болғанды жақтырмайтын да қай ұлт, қай халықта да табылатын болса керек. Біздің халқымызда да ондайлардың жиі кездесетіні жасырын емес.
Іштарлық ішін ірітіп, қызғаныштың қызыл иті ұлып тұрғандар Жұбан ақынның талантын көре алмай, өздерінен оқ бойы озық болғанын кешпеді. Кешу былай тұрсын, соңына шырақ алып түсті. Әсіресе, ат үстіндегі әкім-шоралардың халыққа жасаған қысастығын, сан-сапат кеңес шенеуніктерінің тоңмойын топастығын, менмендігін, тағы басқа да жантөзгісіз жағымсыз жиіркенішті қылықтарын жыр жолдарына арқау еткен ақынды олар қайткенде де сүріндіруге тырысты. Орынтаққа жайғасқан орашолақтарды, мәселен, “Хатшыға хат” сияқты өткір жырларында сын жебесімен түйреген ақынды олар аяқтан шалып-ақ бақты. Республикалық әдеби “Жұлдыз” журналының бас редакторлығы қызметінен босаттырды. Қазақстан Жазушылар одағының бірінші секретары лауазымынан да қайта-қайта жабыла домалақ арыздар ұйымдастырып жүріп ақыры кетіріп тынды. Ол ол ма, Жұбағаңның шығармалары Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына, КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылғанда да сол келеңсіз жәйттер үздіксіз қайталанды. Ата жаудан қайтпаған қайсар жауынгердің жүрегіне жара түсті. Бірақ алған бетінен қайтқан жоқ. Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Кейіннен Мәскеудің де мойындамасына амал қалдырмады – КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Ақынды осы сыйлыққа поэманы жариялаған бас басылым – “Социалистік Қазақстан” газетінің редакциясы ұсынғанын да білеміз. Жұбағаң туған әдебиетіміздің тарихында КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған екі қаламгердің бірі екенін бүгінгі ұрпақ орынды мақтан тұтады. Осы сыйлықтың екінші иегері “Қан мен тер” шығармасы үшін осы марапатқа ие болған классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов еді. Осы сыйлыққа ұсынылғанда оның да үстінен Мәскеуге қап-қап арыз қарша борағаны әмбеге аян. Қашанда осынша іштарлық тек өз қаламгерлерімізден болғанын орыс жазушылары таңғалып, жағасын ұстап отырып, әлі күнге дейін айтады.
Бірақ, ақын битке өкпелеп, тонын отқа лақтырған жоқ. Қайта, керісінше, туған халқына, еліне, ұлтына деген перзенттік махаббаты өрши түсті. Оның айқын да бұлтартпас дәлелі – атақты “Мен – қазақпын!” поэмасы дүниеге келді. Баршаға мәлім,ол кезде қазақ ұлтының болам ба, бордай тозам ба дегендей, тағдыры қыл үстінде тұрған болатын. Тіпті, Хрущевтің сол кезде “Ресей империясының пәлен ғасыр бойы орындай алмаған арманын мен екі-ақ жылда жүзеге асырдым!” деп жер жүзіне мақтанғаны да елдің есінде. Бұл тың және тыңайған жерлерді игеру деген саясатты желеу қылып, оның қазақ жеріне төрт миллион тыңгерлерді тоғытқан кезі болатын. Олардың ішінде қылмыскерлер де, отбасынан безіп, алимент төлеуден қашқандар да, абақтыдан ерте босатылғандар да, ұры-қарылар, кісі өлтіріп, жазадан құтылып кеткендерде, қысқасы, қоғамның азғын-тозғын элементтері де аз болмайтын. Кеңес өкіметінің басшылары Одақ қаржысын судай шашып, оларды жарылқап-ақ бақты. Оларды Одақтың патриоттары ғып көрсетуге тырысты. Өз отбасына опа бермегендер кімді аясын, қазақ жеріне келісімен момын халықты кемсітіп, қорлық-зорлық көрсетіп, ар-ұжданын аяққа таптаумен болды, қазақ ұлтының өз елінде саны жиырма тоғыз пайызға дейін құлдырағаны да сол кезең. Ең сорақысы – қазақпын деп айтуға да жүрегіміз дауаламайтын. Қит етсе ұлтшыл деген қара таңба тағылып, қара есекке теріс мінгізілуің кәдік.
Міне, осындай ауыр шақта, қазақтың ері мойнына кетіп, еңсесі езіліп тұрған шақта Жұбан ақынның осы поэмасы жарыққа шықты. Оның қалай жарыққа шыққанына өз басым әлі күнге дейін таңғаламын.
Соры арылмаған ұлтымыздың рухы дүр сілкінді. Халық әрі есі шыға қуанды, әрі қауіп етіп қатты шошынды да. Ақынды қашан алып кетіп,қай абақтыға қамар екен деп елегізумен болды. Оған өзінің араша түсе алмайтынын да ұғынды. Әбден зәрезап болған қазақ “отыз жеті”, немесе “қырық тоғыз” қайтып келіп қалмасын деп, іштей Аллаға жалбарынумен күн кешті.Олай үргелектенетін де жөні бар еді.
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Мен – қазақпын, ажалсыз анамын мен.
Құрсағыма сыйдырам даланы кең.
Пәк сәбимін бесікте уілдеген,
Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.
Мен – қазақпын! Биікпін! Байтақ елмін!
Қайта тудым, Өмірге қайта келдім!
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске –
Айта бергім келеді, айта бергім!
Кеңес билеген дәуірде бұлай жырлау, өз ұлтыңды дәріптей сөйлеу қылмысқа барабар. Сондықтан да “Мен – қазақпын!” деп ашық та айқын шабыттана асқақ пафоспен бұрын-соңды орыс ақындарынан басқа Одақ көлемінде ешкім жырлауға батыл етпеген. Сол себепті, Жұбан ақынның бұлай жырлауы, ең алдымен өз өмірі үшін аса қауіпті еді. Бірақ, құдай жар болып қуғын-сүргіннен аман қалды. Халқы да үһ деп демін бір алды.
Иә, бұл шын мәнісіндегі рухани ерлік еді.
Бірақ қайсар ақын ерлік жасадым деп ойлаған жоқ – халқымның, ұлтымның алдындағы перзенттік парызымды өтедім деп білді. Ғасырлар бойы бодандық бұғауынан босамаған қазағын еңсесін көтеріп, бойын тіктеуге үндеді. Тіпті осы жолда құрбан боп кетсе де бақилы болатын.
Жұбағаңның үшінші ерлігі де халқымыздың, ұлтымыздың тағдырына байланысты.
“Осы күнді көргеніме өкінемін”
Қазақ ұлтының басына тағы да қара бұлт үйірілді. “Сорлыны түйе үстінде де ит қабады” демекші, айдың-күннің аманында зар заманға душар болдық. Ел басшысы Қонаев орнынан түсті де, ОК-тің бірінші хатшысы лауазымына Орталық сайлаған кезекті қуыршақ “көсем” Колбин деген ие болды. Наразылық көрсетіп, алаңға шыққан, бейбіт шеруге қатысқан қазақ жастарын мұздай темір құрсанған кеңес солдаттары жусатып салды. Сонау Ресей императорлары заманынан қалған зымиян саясат бұл жолы айқын көрініс берді. Өткен бағзы заманда В.И.Лениннің “Ресей – халықтар түрмесі” деген қанатты қағидасы есімізге түсіп, қара көзден қан ақты. Қанішер солдаттар алаңдағы жастарды дубинкамен бастан ұрып, екі бұттың арасынан етігімен тепкіледі. Ұрып-соғудың әдісін асқан шеберлікпен меңгерген солдаттар зұлымдықтың алуан түрін емін-еркін көрсетіп, әбден айызы қанып, құмардан шықты. Бұл операция жастардың болашақта ұрпақ сүймеуін мақсат тұтқан болатын. Сол мұраттарына жетті де. Шеруге қатысқан жастардың тірі қалғандарының талайы ата-ана болу бақытына қол жеткізе алған жоқ. Демек, бұл қантөгіс те сол баяғы Ресей самодержавиесінің қазақ жерін қазақтан тазартуды көксеген қаныпезер саясатының жалғасы екеніне ұлтымыздың көзі айқын жетті.
Міне, осының бәрін көзбен көрген ержүрек ақын тағы да шыдай алмады.Тағы да ашық майданға шықты. Шегінбеді. Бой тасалап, бұқпантайлап қала алмады.
Жұбан ақынның бойына туа біткен ақындығына қоса батырлығына жырсүйгіш халқы, талай қырғынды, ашаршылықты бастан кешіп пұшайман болған көнтерілі қазағы тағы да куә болды.
Қазақстан Жазушылар одағының кең залы. Бұл зал кімді көрмеген... Мұхтар Әуезовті де, Сәбит Мұқановты да, Ғабит Мүсіреповті де, Ғабиден Мұстафинді де, Тайыр Жароковты да, Әбділда Тәжібаевты да, Қалижан Бекхожинді де, Хамит Ерғалиевті де көрген. Енді, міне, бұл кең зал заманның тарылғанына да куә болды. Зал толы қаламгерлер қауымы. Залды бір ауыр тыныштық басқан. Әшейінде әзіл-оспақ айтысып, дуылдасып отыратын қаламгер қауым бүгін аса ұстамды да сабырлы.
Иә, Колбин қатысқан осы жиналыс көп ащы шындықтың бетін ашуға тиіс еді...
Жазушылар залында бір-біріне мүлде ұқсамайтын және ұқсағысы да келмейтін қауым.
Қазақстанға келер алдында Грузияда қызын өлтіріп кеткен екен деген әңгімені естіген бір жазушы “біздің Алматы тыныш әрі қауіпсіз қала, сенбесеңіз сізді кешкі қала көшелерімен алып жүруге мен әзірмін”, деді. Енді бірі орнынан түскен бұрынғы республика басшысын жамандап, Колбинге “Сіздей Ленин типті басшыны біз отыз жылдай күткенбіз. Енді сол күн туды” деп қырық бет арыз жазған ақсақал драматург болды. Сол кісіге Қонаев өзінің тұрған үйін беріп кетіп еді. Жақсылығы жамандық боп кайтты-ау десті жұрт жиналыс тарағанда. Жұбан Молдағалиев сөз алғанда зал “қарт солдат не айтар дейсің” дегендей сыңай танытқан-ды. Бірақ, сәлден кейін зал сілтідей тынып, шыбынның ызыңдағаны білінді.
“Алаңда қыздарымның шашын жұлып, ұлдарымды дубинкамен бастан ұрып, алаң қызыл ала қанға боялғанын көргенде мен – Ұлы Отан соғысының ардагері, окопта мұз төсеніп, қар жастанған қарт солдат, мына сорақы сұмдықты көзіммен көргенше сол қанды майданда неге қаза тауып, мәңгі қайтпай қалмадым деп, осы күнді көргеніме өкіндім” дегенін естігенде отырғандар ақынмен бірге шамырқанды.
Жұбан ақын көзі тірісінде-ақ аты аңызга айналды. Жалпы халық бейбіт күндегі ақынның жасаған ерлігіне тәнті болып, басын иді. Алайда, халықтың қорғаны болып, қызғыштай қорыған батыр ақын жұрттың бәріне бірдей жақты деп айту қиын. Әріптестер ішіндегі күншілдер енді жымысқылықпен ақынның атын,атағын шығармауға, баспасөз бетін бермеуге жанталасты. Тіпті, шалқар шаһар Алматыда ұлы ақын жалғыз қалғандай көрінді. Жазушылар одағын басқарып жүрген кезінде жанынан қалмайтын жандайшаптардың қалың тобы енді қатты сиреді. Сондай күндердің бірінде Қазақ теледидары Әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясының басшысы белгілі ақын, айтыс өнерінің айтулы жетекшісі Жүрсін Ермановтың рұқсатымен Жұбағаңды өзіне арналған телехабарға шақырып, бір сағаттық сұхбат ұйымдастырдым. Дәйім тың, ширақ жүретін, сәнді киініп жүретін кербез ағамыз маған біртүрлі шаршаңқы, өңі салыңқы көрінді. Бірақ сауалдарыма салиқалы, сабырлы жауап қайтарып, көп мәселелерге деген көзқарасын нақты білдіріп отырды. Ол хабар қазір Қазақ теледидарының алтын қорында сақтаулы.
Бір қарағанда Жұбағаң сұсты, салқын адам сияқты көрінетіні рас. Алайда, сөйлесе келе, сырласа келе оның жаны жарқырап, ашыла түсетін. Және достыққа адал, берік адам еді. Сол кезде Жоғарғы Кеңестегі жұмысынан босап қалған, қазақ детективінің атасы Кемел Тоқаевты, сондай-ақ көрнекті прозаик Бердібек Соқпақбаевты Одаққа жұмысқа тартып, қамқорлық жасағанын ақын ағаның асыл қасиеті деп білемін.
Бір қызық жағдай болды. Жұбағаң Жазушылар одағының басшысы болып тұрғанда “Отбасым үлкен еді, Жұбаға, сізден үй сұрай келдім” деп алдына барғаным бар. Үлкені – үлкен. Жеті балам бар. Айналмалы креслода айналып отырып, ағам “Жұрт сені Совминнен керемет үй алды деп жүр ғой” деп жымиды. Мен әңгімені әрі созбай кабинеттен шығып кеттім. Ағымнан жарылар болсам, алғашқы кезде ағамызға томпиып жүргенімді несіне жасырайын. Бірақ, кейін ақылға салып, пайымдап көрсем, ағанікі дұрыс екен, жағдайы менен де нашар жазушылар қаншама деп түйдім ойымды.
Міне, қазағымыздың маңдайына басқан жалғыз Жұбаны, жарық жұлдызы арамызда жүрсе тоқсанға толар еді. Уақыт өткен сайын бұрынғысынан да тұлғаланып, ел жадында жаңғырығып, жарқырай түсетін ұлылар санатына енген Жұбан Молдағалиев мәңгіліктің жолдасы. Оған болашақ сан ұрпақтың куә болары кәміл.
Жайласып жатыр ақырын
Зал толы жырдың достары.
Тыңдамақ абзал ақынын
Ардақты отандастары.
Ақын ше...
Ақын келмеді.
Бос күтті төрде бір орын.
Күмбірлеп залды кернеді
Сөз алып сонда жыры оның.
Бұл – Жұбағаңның Мұса Жәлел туралы поэмасының беташары. Тура бүгінгі таңда өзі туралы өзі айтып кеткендей.
Өзі келмесе де Ақын жыры күмбірлеп, залды кернеп түр...
Қайрат ЖҰМАҒАЛИЕВ.
* * *
Тұлпарына тоқсанның
(Жұбан ағаға)
Қалқалап қанатымды қанатыңмен
Ұшырсаң, мен де өзімше жанатын ем.
“Жұбанның інісімін” деген сөзден
Өзіме бақыт тауып алатын ем.
Арада сұлу жылдар өтті де ағып,
Құсымыз құшып жатты көкті барып.
Лаулаған сенің отың мендегі отты
Тұтатып, өшпейтін ғып кетті жағып.
Лапылдап сол жанғаннан жана бердім,
Жел соқса, бой сақтайтын пана көрдім.
Ақындықтың лапылын сыйладың да,
Адамдықтың ақылын және бердің.
Әрқашан аспанымыз ашық еді,
Жырыңа сұлу қыздар ғашық еді.
Алатын арманымыз биік еді,
Баратын жолдарымыз қашық еді.
Шығатын тауларымыз биік еді,
Қарлы шың басын бізге иіп еді.
Бәйгеден біз келгенде туған қазақ
Құшақтап бетімізден сүйіп еді.
Сен алда, мен соңыңнан ерген едім
Өнердің өріне үнсіз өрмеледім.
Ініңді шынықтырдың шыңға бастап,
Кеудемді ашып тастап желге менің.
Тұлпарым көрген емес тайып бақтан
Елге жыр, балықшыға қайық мақтан.
Кейде мен түнгі аспанға қарап тұрсам,
Өзге бір айға ұқсайсың байып батқан.
Жұлдызың жарық сенің, айың мақтан,
Тәтті жеміс күтеміз дәйім бақтан.
Тоқсанға келді дейді, аға, сені,
Бауырлар сәлем жолдап Жайық жақтан.
Жасыл жайлау жүрегің жаздың күні
Бақтарыңда сайраған мәз бұлбұлы.
“Мен – қазақпын” деп едің, қазақ туын
Көтерген де өзіңсің аздың бірі.
Бергенің де көп сенің ұрпағыңа
Мінгізеді келген күн жыр тағына.
Жұбан аға, тойыңыз құтты болсын
Тұлпарына тоқсанның мін тағы да.
Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ.