Оқиғаға орайлас ой
Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай елімізде көптеген шаралар ұйымдастырылды. Соның ішіндегі басты оқиға Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен “Қазақ елі” монументі жанындағы бас алаңда өткен Ата Заңымыздың 15 жылдығына арналған әскери шеру. Шеру тұңғыш рет 2009 жылы Астана қаласында “Қазақ елі” алаңында өткенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Оған 120-дан астам қару-жарақ пен әскери техника, 40-тан астам ұшақ пен тікұшақ тартылды. Ал енді биылғы жылғы шерудің өзгешелігіне тоқталып өтейік. Тамыз айында талайды тамсандырған әскери шеруге барлық әскер тектері мен түрлерінен жауынгерлік есептоптар, 150-ден астам қару-жарақ пен әскери техника және 66 авиациялық техника қатысты. Шерушілердің жалпы саны 2200 адамды құрады. Олардың қатарында офицерлер, келісім-шарт бойынша әскери қызметшілер, әскери оқу орындарының курсанттары мен мерзімді қызметтегі сарбаздар болды. Биыл Отан қорғау жолындағы жауынгерлік тапсырмаларды ерлермен бірге орындап жүрген әскери әйелдерден құралған есептоп тұңғыш рет жарқ етті. Жауынгер бойжеткендер оңтүстік және шығыс өңірінде қызмет ететін қыздардан құралды. Ең тамаша көрініс болып авиациялық техниканы аспан көгінде қалықтатқан ұшқыштардың шеберлігі көпшіліктің көкейінде қалды. Бұл ретте армиялық және майдандық авиацияның Су-25, Су-27, МиГ-29, МиГ-31 ұшақтары, Ми-17 және Ми-26 тікұшақтары, сондай-ақ Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің ұсынған L-39, Ан-26, Ту-134 және Ил- 76 әскери-оқу және әскери-транспорт ұшақтарын ұршықша иірген ұшқыштарға мың алғыс. Механикаландырылған колоннада Қазақстан Қарулы Күштерінің негізгі танкі – Т-72Б, жаяу әскерлердің жауынгерлік мәшинесі – БМП-2, зенитті-ракеталық кешендер “Стрела-10”, С-125, С-200, С-300, бронетранспортерлер – БТР-80А, 122 мм-лік Д-30 және 152 мм-лік “Мста-Б” гаубицалары, 240 мм-лік “Тюльпан” минометі, “Град”, “Ураган”, “Смерч” сияқты реактивті қондырғылар жүйесі мен “Точка-У” ракеталық кешені армиямыздың айбары мен қауқарын асқақтатты. “Тойдың болғанынан боладысы қызық” демекші, әскери шеруге әзірліктің қызығы да, шыжығы да жетерлік. Жеке құраммен сапта жүру сабақтарын өткізу оны жаттығуларда жүзеге асыру, өзара іс-қимылды ұйымдастыру және әскерлерді техникалық қамтамасыз ету кешегі ми қайнатқан ыстықта талайдың терін төккені рас. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру Құрлық әскерлері бас қолбасшысының қару-жарақ жөніндегі орынбасары генерал-майор А.Оспанов пен Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасының Әскери әуе күштері бас инженері полковник Е.Подгайскийге, Ракета әскерлері мен артиллериясы қолбасшысының орынбасары полковник А.Тихоненко мен ҚР ҚК Қару-жарақ бас басқармасының бастығы полковник Б.Сыдықовқа жүктеліп, жүзеге асырылғаны белгілі. Әскери шеруде тұңғыш рет шынжыр табанды әскери техникалар Т-72 танкісі, БМП-2 жаяу әскерлердің жауынгерлік мәшинесі, “Стрела-10” зенитті-ракеталық кешені өздігімен асфальтпен жүріп өтті. Көпшіліктің таңғалғаны асфальт жолдың зақымданбауы еді. Себебі, шынжыр табанды техникалар арнайы кебіспен жабдықталды. Бұл Қорғаныс министрлігінің басқаруындағы “НК “Қазақстан инжиниринг” акционерлік қоғамының еншілес кәсіпорны “811 АРЗ” акционерлік қоғамының күшімен іске асты. “811 АРЗ” акционерлік қоғамы қысқа мерзім ішінде Қорғаныс министрлігі үшін асфальтта жүруге арналған кебісті әзірлеп оны сынақтан өткізді. Аталмыш өнім өзінің сапасы жағынан шетелдік дүниелерден бірде-бір кем емес екендігін дәлелдеді. Техникалық қамтамасыз ету жұмыстарын жүйелі жүргізу мақсатында құрамында 35 адам мен 12 жылжымалы жөндеу жабдығы бар жөндеу бригадасы құрылды. Қару-жарақ пен әскери техниканы дер кезінде тиеуге және көшіруге, сондай-ақ жеке құрамды тасу үшін ауыр салмақты жүктерді тиейтін тралдар, жалпы саны 90-нан астам автокөлік бөлінді Сонымен қатар шеруді өткізуде ракеталық артиллериялық қаруға – “ПЗТМ” акционерлік қоғамы мен бронды танкілерге – “Семей инжиниринг” акционерлік қоғамы сияқты отандық өндіріс кешені кәсіпорындарының ерекше техникалық қызмет көрсеткенін атап өткен орынды. Қарулы Күштер мен қорғаныс өндірістік кәсіпорындары арасындағы өзара байланысты ұйымдастыруға Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық саясат департаментінің бастығы полковник М.Қарабеков пәрменді басшылық жасады. Кешегі өткен шеруде Қарулы Күштеріміздің мүмкіндіктері мен әлеуеті ғана емес, сонымен бірге бүкіл Қазақстан халқының тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктері көрсетілді десек орынды болмақ. Жүніс ОМАР, полковник, ҚР ҚМ баспасөз қызметі бөлімінің бастығы.
•
10 Қыркүйек, 2010
Бізді табысқа ұйымшылдық жеткізді
525 рет
көрсетілді