8 қыркүйекте Астанада ҚР-дағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров жеткілікті тұрғын үй мәселесі жөніндегі БҰҰ Арнайы баяндамашысы Ракель Рольникпен кездесті.
БҰҰ Арнайы баяндамашысы Р.Рольник Қазақстанда 2010 жылдың 13 қыркүйегіне дейін болады, оның сапарының мақсаты Қазақстанда жеткілікті тұрғын үйге берілетін құқықтар және осымен байланысты басқа да құқықтардың іске асырылуын бағалау болып табылады.
Қазақстандық Омбудсмен қонақты Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекемесі жұмысының ерекшеліктерімен, шағымдардың қаралу тәртібімен, халықаралық құқық қорғау конвенциялары мен келісім-шарттар іске асырылғанда мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдармен өзара әрекеттесудің тәжірибесімен, сондай-ақ азаматтардың тұрғын үйге берілетін құқықтарын қамтамасыз ету саласында мекеме қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырып өтті.
БҰҰ Арнайы баяндамашысы мемлекеттің әлемдік экономикалық дағдарыс салдарларына төзу бойынша көп қырлы қызметіне, негізінен, Қазақстан Үкіметінің азаматтардың анағұрлым осал санаттарының, нақты айтқанда кіріс деңгейі аз отбасылардың, оралмандардың, жеткілікті тұрғын үйге берілетін құқықтарын қорғау бойынша шаралардың қолдануына назарын аударды.
Мемлекеттік органдардың өкілдерімен өткен кездесулер мен алынған ақпаратты талдаудың қорытындысы бойынша Р.Рольник 2011 жылдың наурызында адам құқықтары жөніндегі БҰҰ Кеңесіне ұсынылатын есепті әзірлейді.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының баспасөз қызметі.