• RUB:
    5.28
  • USD:
    481.63
  • EUR:
    534.46
Басты сайтқа өту
10 Қыркүйек, 2010

БТА банк қайта құрылымдауды табысты аяқтады

511 рет
көрсетілді

Алматыда өткен баспасөз мәс­лихатында “БТА банк” АҚ-тың басқарма төрағасы Әнуар Сәйденов жиналғандарға банктің өз креди­тор­лары алдындағы қарыздық бере­ше­гінің көлемі азайғандығын хабар­лады. Банк жетекшісінің айтуынша, банк өз кредиторлары алдындағы жалпы сомасы 16,65 миллиард долларды құрайтын қаржылық міндеттемелерін қайта құрылымдау үдерісін табысты аяқтаған. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, мұндай шешімді Алматы қалалық арнайы қаржылық соты биылғы жылдың тамыз айының 31-інде де шығарған болатын. Әнуар Сәйденов креди­торларының алдындағы қаржылық міндеттемелерін қайта құрылым­дауы аясында банк бұрын шыға­рылған облигацияларының және өзге де міндеттемелерінің күшін жойып, кредиторларға 945 миллион доллар төленгендігін де атап айтты. – Сонымен қатар жаңа борыш­тық бағалы қағаздар мен акция­ларды қалпына келтіруге арналған 5,2 млрд. АҚШ долларына обли­га­цияларды қоса алғандағы, 2.3 млрд. АҚШ долларына үлкен облига­ция­ларды, 429 млн. АҚШ долларына дисконтты (OІD) арнайы борыш­тық құралдарын және 773 млн. АҚШ долларына реттегіш обли­га­ция­ларын және жаңартылмалы не­сие желісі бойынша, сауданы қар­жы­ландыруға 698 млн.АҚШ дол­ла­рына келісім жасалды, – деді ол. Банк облигацияларын қара­пай­ым акцияларға айырбастаудың н­ә­ти­жесінде ішкі және сыртқы кре­ди­торлар банк акционерлік капита­лының 18,5 пайыздық жиынтығына иелік ететін акционерлерге айнал­­ды. Бұрынғысынша БТА банктің негізгі акционері – “Самұрық-Қа­зына” ұлттық әл-ауқат қоры, қаржы институтының облигацияларын қарапайым акцияларға айырбастауы нәтижесінде оның үлесі банк ак­ционерлік капиталының 81,48 па­йызына дейін ұлғайды. Креди­тор­лардың банк акционерлері құра­мы­на енуі директорлар кеңесі құра­мы­ның өзгеруіне алып келді. Акцио­н­ер­лердің биылғы жылдың 19 та­мы­зында өткен кезектен тыс жалпы жи­налысында қабылданған шешім­дерге сәйкес өтініштің негізінде тәу­елсіз директор Ульф Вокурка­ның, сондай-ақ, Директорлар ке­ңесінің мүшелері – Ерлан Тәтішев пен Қайрат Әйтекеновтің өкілет­тік­тері мерзімінен бұрын тоқтатылды. БТА Банкі акционерлерінің жи­на­лысында директорлар кеңесінің құрамына жаңа мүшелерді – кредиторлар комитетінің өкілдері Кристоф Шефбек пен Маартен Лео Пронкті және тәуелсіз директор Болат Бабеновті сайлау жөнінде шешім қабылданды. БТА банк қайта құрылымдауды ойдағыдай аяқтап, өз күшін бизнесті белсенді түрде дамытуға және өзінің дағдарысқа дейінгі ұстанымдарын қалпына келтіруге жұмылдыруды көздеп отыр. Банктің болашақтағы орта мерзімді бизнес-стратегиясы – әмбебаптық және ішкі рынокқа бағдар ұстану. Сөй­тіп, 2014 жылға қарай банктің кре­диттік портфелінің құрылымында корпоративті бизнестің үлесі 50 пайызды, шағын және орта биз­нес­тің үлесі 30 пайызды, бөлшектік биз­нестің үлесі 20 пайызды құрауы жос­парланып отыр. Банкті қор­лан­дыру стратегиясы да ішкі рынокқа бағытталған жеке және заңды тұл­ға­лардың салымдарын тарту есебі­нен депозиттік қорды белсенді түр­де өсіруді көздейді. Банктің жоспа­­рында 2014 жылға қарай депозиттік қорды 2008 жылмен салыстырғанда екі есе арттыру қарастырылғандығы көп нәрседен хабар берсе керек. Бизнестің корпоративтік сег­ментінде банк несиелік портфелдің сапасын жақсарту, әртарапты тәуе­келге бел буу, несиелік портфельдің тиімділігін және табыстылығын арт­тыру бағытындағы жұмыстарды атқару жоспарлануда. Сонымен қатар, банк кепілдік қорды қалпына келтіруді және заңсыз түрде шыға­рыл­ған активтерді мүмкін болға­нын­ша кері қайтарып алуды заң­гер­лік және қаржылық кеңесшілерімен бірлесе отырып жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Шағын және орта бизнес сегментінде банк “Даму” қо­ры жүзеге асырып отырған кә­сіп­керлерді мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау жұмыстарын жалғастырмақ. Бөлшектік сегментте банк не­сие­лік портфельді жоспарлы түрде, ор­та есеппен жыл сайын 14 пайыз­ға ұлғайтуды көздейді. Бұл тұста нарықтық бағдарламалар бойынша кредиттер тек қана банк жалақылық жобалар негізінде қызмет көрсе­те­тін компаниялардың қызметкерле­ріне, сондай-ақ аккредиттелген қар­жылық тұрғыдан тұрақты компа­ниялардың қызметкерлер құрамына берілетін болады. Басқарма төра­ғасы Әнуар Сәйденовтің пікірінше, БТА банкті қайта құрылымдаудың сәтті аяқ­талуы қазақстандық банк секто­рындағы бұлыңғырлық кезеңіне қой­ылған, көптен күтілген соңғы нүк­те болып табылады және отан­дық әрі шет­елдік инвесторларға бе­ріл­­ген оңды белгінің қызметін атқарады. Бақыт БАЛҒАРИНА. АЛМАТЫ.
Соңғы жаңалықтар