• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
10 Қыркүйек, 2010

“Caspіonet” – жаңа формат, жаңа сапа межесі

428 рет
көрсетілді

“Кім де кім ақпаратты игерсе, күллі әлем со­ның қолында болады” деген тәмсіл соңғы уа­қыт­тар­да, әсіресе, ХХІ ғасырға аяқ басқалы өте жиі ай­­ты­­л­ып жүр. Шынымен де солай екені анық. Бү­гінде ақпарат рыноктағы ең бір өтімді тауар­лардың қатарына жатқызыла бастады. Әр мемле­кетте ақ­парат сатумен күн көретіндердің саны да артып келеді. Ақпарат – журналистердің кез келген шығармашылық өнім өндіруіндегі негізгі шикізат көзі болып табылғаны қашан. Алайда бүгінде ақпарат ол тек БАҚ-тың ғана емес, жер бетіндегі барлық сала қызметкерінің, одан қала берді барлық адамзаттың негізгі азығына айналды. Ақпаратсыз өмір сүрудің мәні де, сәні де болмайтынын өз-өзімізге дәлелдеп те үлгерген тәріздіміз. Ұзын сөздің қысқасы, бұдан былай ақпаратсыз әлем алға жүрмейді, дамымайды. Ақпарат өте қуатты қару екенін жақсы біле­міз. Ақпараттық шабуылдар арқылы күйреп, күл талқаны шығып жатқан кәсіпорынды да, фирма­ны да, тіпті елді де көріп жүрміз. Сондықтан да ақ­параттық қауіпсіздік жөніндегі қорғаныстар бүгінде мейлінше күшейтіліп келеді. Ақпарат ар­қы­лы сананы улау, ұстанымды бұрмалау, ұлт пен мемлекет болашағына қауіп төндіру саясат­тары ашық та, астыртын да жүргізілетіні бесене­ден белгілі. Сол себепті де теріс пиғылды әрекет­тердің ел мүддесіне нұқсан келтірмеу керектігін жақсы түсінуіміз керек. Сонымен қатар, отандық ақпарат кеңістігінің қорғанысын анағұрлым күшейте түскеніміз абзал. Бұл бағыттағы жұмыс­тың ең бір салмақты тұсы еліміздегі телеарна­лардың мойын­дарына жүктелетіндігі айтпаса да түсінікті. Отандық ақпарат кеңістігіндегі телеарналар ішінде өзіндік орны бар, шығармашылық ұжы­мы­мен де ерекше көзге түсе білген телеарнаның бірі – “Caspіonet” Қазақстан Республикасының алғашқы ұлттық ғарыштық арнасы. Осыдан 8 жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 2002 жылы 25 қазан күні ресми түрде өз жұмысын бастаған бұл арна жақында жаңа форматқа көшіп, шығар­ма­шы­лық қоржынын бірнеше жаңа бағдарламалар­мен, соның ішінде ұлттылығымызды көп дәріп­тейтін, елдігімізді еселей ескеретін бағдармалар­мен толықтырды. Мұндай жаңа қадамдарға ақпарат саласындағы әріптестері ретінде де, бұқаралық көрермен ретінде де әжептәуір марқайып қалдық. Сәрсенбінің сәтінде аталмыш арна ұжымы үзеңгілес әріптестерін шақырып, жаңа бағдарла­ма­ларымен таныстырды. Арнаның жаңа мау­сымына құтты болсын айтуға БАҚ өкілдерінен басқа Ақпарат және байланыс министрі Асқар Жұмағалиев те, еліміздің дипломатия корпусы­ның өкілдері де келді. Ақпарат және байланыс министрлігінің тап­сыр­масымен жаңа бағыттарды бағамдаған “Caspіonet” бүгінде Еуропа, Орталық Азия, Кав­каз, Таяу Шығыс, Африканың орталық шығыс жә­не солтүстік бөлігіндегі елдерге хабар таратады. 99 миллиондай көрермені бар бұл арна тәулік бойы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ха­барды эфирге шығарады. Бір ескере кететін нәр­се, “Caspіonet” арнасы хабар таратудың 50 па­йы­зын жаңалықтарға бөлген. Оған бизнес-жаңа­лық­тар, ауа райы және спорт топтамасы жатқы­зылады. Осыған дейін мәлім болғандай, аталмыш арна шетелдіктерге, өзге мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарымызға елімізде болып жатқан ең соңғы жаңалықтар мен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін толыққанды ақпарат беру сынды мақсаттарын өз деңгейінде орындап келеді. Сонымен, “Caspіonet”-ке қандай жаңа бағ­дар­ла­малар енгізіліп отыр? “ATAMEKEN” деп атала­тын бағдарлама ұлттық әдет-ғұрыптан, халқымыз­дың көне мәдениетінен, сондай-ақ шетелдегі қазақ қандастарымыздың тұрмыс-тіршіліктерінен хабардар етеді. “STEPPR TALES” – шетелдіктің Қазақ­станға көзқарасы тұрғысында дайындалатын бағдарлама. Яғни, еліміздің барлық өңірлеріне саяхат жасау арқылы халқымыздың салт-дәстүрі­нен, рухани өмірінен, тарихынан сыр шертетін бағдарлама. Бұл 5 жылдан бері Caspіonetте жұмыс істеп келген Джонатан Ньюеллдің авторлық бағ­дарламасы болып табылады. Тұсауы кесілген келесі жаңа бағдарлама “PERSONA GRATA” деп аталады. Мұнда шетелдік дипломаттармен жүр­гізілген бейресми сұхбаттар, олардың отбасы, саясаттан тыс өмірі жайлы баяндалады. Ал “THE REAL ECONOMY” бағдарламасы аса маңызды эко­но­ми­ка­лық жаңалықтарды талдау, индустрия­лық-инновациялық жобаларды іске асыру барысы, ірі шетелдік инвесторлармен сұхбат сынды бағытта көрермендермен жүздесіп тұрады. “LІMІTLESS SCІENCE” қазақстандық ғалымдардың алдыңғы қатарлы жаңалықтарын, оларды нақты жүзеге асыру жайын баяндайды. Қазақтың ұлттық қолөнері, ата-баба дәстүрін жалғастырып жүрген шеберлер мен ұлттық музыка аспаптарын жасау өнері, олардың сиқырлы сазын дәріптейтін бағдарламалар “MASTERS OF CREATІVІTY”, “SOUNDS OG NOMAD” деп аталады. “Caspіonet” ұлттық жер серігіндік арнасының директоры Айгүл Жұмабаеваның: “Ақпарат­тықтан біртіндеп ақпараттық-танымдық формат­қа көшіп отырмыз. Эфирде Қазақстан халқы, әдет-ғұрпы, мә­дениеті жөнінде, жалпы елімізге қатысты та­ным­дық, қызықты бағдарламалар кө­бейе түсті. Бар­лық бағдарламалар Қазақстанды әр қырынан танытады. Бір жағынан Қазақстанға туристердің көптеп келуіне де септігін тигізеді. Жаңалықтарда да өзгерістер бар, ақпараттар жиі жаңартылып тұ­ра­тын болды. Мұнымен қоса, “Хабар”, “Ел ар­на”, “Қазақстан” телеарналары­ның үздік хабар­ларын эфирден көрсетіп тұра­мыз”, – деп айтқа­нына қарағанда, тың идеялар жаңа өзгерістермен қатар, жаңа сапаны да алып келетініне еш күмән жоқтай. Әріптестеріміздің жаңа бастамаларына шығармашылық табыс тілей отырып, көрермен­дері көбейе түссін деген ақ ниетімізді білдіргіміз келеді. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.