• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
11 Қыркүйек, 2010

Өрт қайта айналып соқты...

489 рет
көрсетілді

Мәселенің мәнісі

Өрт болардан бір күн бұрын ғана біз Шалдай орман шаруа­шы­лы­ғында болып, “Ертіс орманы” табиғи резерватының басшысы Қазбек Әметовпен кездесіп, орман ша­руашылықтарында жасалып жат­қан жұмыстар барысымен танысып қайтқан едік. Өкінішке қарай, 8 қыр­күйек күні басталған дауыл ке­зінде Шарбақты және Лебяжі аудан­дарына қарасты орман шаруа­шылықтары қызыл өртке оранды. Облыстық төтенше жағдайлар бас­қармасының хабарына қарағанда, орманға жақын орналасқан Көк­жал, Шоқтал, Жабағылы ауыл­да­рын­да орманшылар арасында адам шығыны орын алды, 6 адам қаза болды, жарақат алғандары да бар. Көпшілік тұрғындар көршілес Беген, Төсағаш ауылдарына уақытша көшірілді. Шамамен орман шаруашылығының 2 мың гектардай жері өртеніп кетті.

Орман өрті орын алған аумаққа Үкіметтің осы оқиғаны ерекше назарға алуы нәтижесінде Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко және облыс әкім Бақытжан Сағынтаев та жедел келіп жетті. Өртті ауыздықтау және тұрғын­дардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жедел штаб құрылды. Қазір барлық техникалар жұмылып, ұшақтар келіп, өртті сөндіруге әс­керилер, құқық қорғау орындары, өрт сөндіру қызметтерінің және жергілікті әкімдіктер тарапынан бүкіл күш-қуаттар жұмылдырылуда. Астанадан осы салаға қатысы бар министрлік өкілдері де келіп жетті. Лебяжі аудандық аурухана­сында облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан барған жедел санитарлық бригадалар өртке күйіп жараланған орманшыларға, ауыл адамдарына көмек жасауда. Сөйтіп, ала жаздай тыныш жатқан Шалдай ормандарына өрт қайта айналып соқты. Қатты желден электр сымдары оралып ұшқыннан өрт шықты ма деген дүдәмал бар. Жергілікті жұртшылық мұның себебі, қалың ағашты қырқып, пайда көрмек болғандардың орман ішін бөлісе алмай бірімен-бірі “қы­рық пышақ” болуының кесірінен бо­луы да мүмкін деп отыр. Біреу­лер шырпы шақпаса өздігінен тұр­ған қалың ағаш қандай жел болса да өзінен-өзі тұтанбайды ғой... Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.