• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
11 Қыркүйек, 2010

ПАРЛАМЕНТ «Егемен Қазақстанның» арнаулы беті

409 рет
көрсетілді

Мемлекеттік мәселе РЕФОРМА ТЫҢ ӨЗГЕРІСТЕР ӘКЕЛУІ ҚАЖЕТ Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің төртінші сессиясында сөйлеген сөзінде құқық қорғау саласын реформалауда тиісті заңнамалар қабылдау қажеттігіне арнайы тоқталып өткен еді.  Осыған байланысты біз Парламент Мәжілісінің депутаты Рамазан СӘРПЕКОВПЕН шағын сұхбат құрған едік. – Еліміздің құқық саласына үлкен бір реформа қажет екендігін құқық саласында қызмет істейтін аза­маттар ғана емес, заңдылыққа ниет артып жүрген азаматтардың бар­лығы да айтып келеді. Еліміз тәуел­сіздік алғаннан бері түрлі салаларда – ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, тағы басқа салаларда реформаларды жү­зеге асырды. Құқық қорғау сала­сын­да да реформалар кезең-кезе­ңі­мен жүргізілді. Бірақ, құқық қорғау са­ласы жоғарыда аталған рефор­ма­лардың көлеңкесінде қалып қойған кездер де болды. Белгілі бір бөлім­дер­ді алып тастап, оларда қайта ен­гіз­генді қоспағанда, осыған дейін жал­пы құқық қорғау саласында ау­қым­ды да келелі реформа болған жоқ. – Ол енді қолға алынып жатыр ғой. – Иә. Шындығын айтатын бол­сақ, қолға алынып жатқан қа­зіргі реформаға байланысты екі түрлі пікір бар. Менің ойымша, Президент Жарлығында көрсетіл­ген Ішкі істер министрлігінің кейбір құрылымдарын Денсаулық сақтау, Білім және ғылым ми­нистр­ліктеріне беру секілді шаралармен ғана шектеліп қалмау керек. Ре­форма жүйелі түрде әрі қарай жүр­гізіле беруі тиіс. Сонымен қатар, реформа тың өзгерістер әкелуі қа­жет. Мысалы, заңдылықты қада­ға­лаушы ең басты орган – прокура­тураның уәкілеттілігі жөнінде мәселе көтеріліп отыр. – Бүгінде халықтың сот жүйе­сіне деген сенімі артып келе жатқан сияқты. – Расында да, солай. Себебі, қазіргі кезде мем­ле­кет тарапынан сот жүйе­сін жақсартуға барлық жағ­­дай жасалып жатыр. Құ­қық қорғау саласында 20 жыл қызмет істеген адаммын. Сол кездер мен қазіргі жағдайды са­лыстыруға болмайды. Осыны дұрыс пайдалана білуіміз керек. Реформада кадрлардың біліктілігіне қатысты да айтылған. Өйткені, кез келген мәселеде білікті маман-кадрлардың орны бөлек. ­– Адам тағдырына араласып жүрген судьялардың біліктілік деңгейі қандай? – Жоғарғы Сотта барлық са­ты­дан өткен судьялар бар. Ал өмірді енді ғана бастап, 25 жасқа тола салып судья болған, адам тағдырын ше­шіп жатқан судьялар да бар. Бү­гінде осы мәселе төңірегінде көп айтылып жүр. Мәселен, судья бола­тындардың жасына, судьяларға қойылатын талаптарды арттыруға, оларды сатылап жоғарылатуға бай­ла­нысты. Біз осы мәселелерді ре­форма аясында шешіп алуымыз керек. – Президент Парламенттің төртінші сессиясында сөйлеген сө­зін­де құқық қорғау саласын рефор­ма­лауға қатысты бірқатар заңнама­лар­ды қабылдау қажеттігін айтты... – Мемлекет басшысы айтып қана қоймай, атап та көрсетті. Енді біз еліміздегі құқық қорғау орган­дарының басшыларымен бірлесе отырып, Елбасы атап көрсеткен тапсырмаларды заңдарға енгізуіміз керек. Құқық қорғау органдары енді халыққа жақындауы тиіс. Ішкі істер орган­дарының немесе қар­жы полициясының қызметкерлерін көр­генде, былайғы жұрт немесе кәсіпкер олар­ды қамайтын, тексе­ре­тін адам ретінде емес, қорғайтын, жіберген қателікті түзетуге көмектесетін адам ретінде сезінетін жағдайға жетулері қажет. – Сессияда қылмысты ізгілен­діру мәселесі туралы да айтылды. – Бұл мәселе жыл сайын іске асы­рылып келеді. Қазіргі кезде эко­номикалық саладағы қылмыс­тар­дың саны басқа қылмыс түрле­ріне қарағанда көбейіп барады. Бұл қоғамдағы өзгерістерге және кә­сіпкерліктің дамуына байланысты. Ал ізгілендіру деген экономикалық қылмыс жасағандардың барлығын соттап, түрмеге тоғыту емес, олар­дың жасаған экономикалық қыл­мыс­тарына сәйкес жазасын айып­пұл­мен бе, басқадай түрмен бе, тағайындап беру. Мұндай жазалар Еуропа елдерінде көптен бері қол­данылып келеді. Ерте ме, кеш пе, біз осыған келеміз. – Сот орындаушылар комитеті Әділет министрлігінің құрамына берілді. Осыған тоқталсаңыз. – Сот орындаушылар комитеті осымен үшінші рет Әділет ми­нистрлігіне беріліп отыр. Парла­мент өткен жылы ғана “Сот орын­дау­шыларының мәртебесі туралы” жаңа Заң қабылдаған еді. Барлығы кадрлардың біліктілігіне байла­ныс­ты. Сондықтан кадр мәселесіне баса көңіл бөлінуі қажет. – Рахмет. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ. * * * Иман ӨРКЕНИЕТТІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ Парламент Сенатында Бүкіләлемдік рухани-мәдени форумға (БРМФ) дайындық барысы туралы ұйымдастыру комитеті тең төрағаларының бірі, сенатор Төлеген Мұхамеджанов журналистермен брифинг өткізді. Бұл форумның негізгі жұмыс­та­ры Астана қаласында 18-20 қа­зан аралығында өткізілетін бола­ды. Оған атағы дүние жүзіне бел­гілі мәдениет пен өнер, саясат және қоғам қайраткерлері, атақты ғалымдар қатысады. Соның ішінде Нобель сыйлығының лауреаты, мексикалық жазушы Габриель Гарсия Маркес, ЮНЕСКО-ның бұ­­рынғы Бас директоры, Ұлы Абай­дың 150 жылдық тойын бү­кіл­әлемдік көлемде атап өтуге ат­салысқан испан ғалымы, Қазақ­станның досы Федерико Майор, КСРО-ның әйгілі дирижері болған Юрий Темирканов, ресейлік жазушы Валентин Распутин, кинорежиссер Никита Михалков, ГФР-дің мемлекет және қоғам қай­раткері Герхард Шредер, Оң­түстік Африка Республикасының экс-президенті Нельсон Мандела, ресейлік қоғам қайраткерлері Евгений Примаков, Рамазан Абду­ла­типов, Эдуард Сагалаев, Генрих Боровик және т.б. аса танымал адамдар қатысады деп күтілуде. Форумда бүгінгі әлем алдында тұрған өзекті мәселелер, соның ішінде өркениеттің дағдарыстары туралы келелі мәселелер мен ру­хани және мәдени құндылық­тар­дың мәртебесін жоғарылату ту­ра­лы пікірлер алмасылып, ұсы­ныс­тар жасалатын болады. Брифингте сенатор Төлеген Мұ­хамеджанов БРМФ-ны ұйым­дас­тырушылар туралы да ақпарат берді. Олар “Мәдениет арқылы бейбітшілікке” халықаралық ассоциациясы, “Рухани келісім конгресі” атты бүкіләлемдік қор, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Еуропа елдерінің кейбір ұйымдары екендігі атап өтілді. Ұйымдас­ты­ру­шы­лардың ұсыныстары осы уа­қытқа дейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан қолдау тапқаны айтылды. Сенатор Төлеген Мұхамед­жа­нов мұндай, бүкіләлемдік назарды өзіне аударған форумның Қазақ­станда өткізілуі еліміз үшін үлкен мәртебе екендігін, мұндай шара, әсіресе, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі барысында маңыз­ды екендігін атап өтті. Бұл да дү­ние жүзі қауымдастығының ал­дында Қазақстанның беделін арттыра түсетін шара екендігі даусыз. Сонымен қатар, ол Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен болған Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінен кейін туындаған ізгі шара, деді ол. Бүгінгі таңда адамзат өркениеті рухани дағдарыс үстінде отырғаны белгілі. Ал дағдарыстың әрі қарай тереңдеп, өрістей түсуіне жол беріп, қарап отыра беруге болмайды. Кейбір елдер өздерінің жеке мүдделерін адамзаттық проблемалардан жоғары қойып, өзімшіл көзқарастарын алға тартып, әлем өркениетін үлкен апаттарға сүйрелеп апара жатыр. Міне, осындай жағдайда әлемдік руханият және мәдениет, сонымен бірге, саясат, ғылым әлеміндегі зор есімдердің бірлесіп, үн қосулары ауадай қажетті шара. Сондықтан да бұл форумның маңызы аса зор, деді одан әрі сөйлеуші брифингте. Ұйымдастыру шараларына келетін болсақ, оны өткізу бағдарласмасы жасалып, келісілген екен. Ол жалпы отырыс және секциялық отырыс тәртібімен жүргізілетін болады. Негізгі баяндама: “Бүкіл дүниежүзілік рухани-мәдени форум және оны құрудың қажеттілігі” деп аталады. Жақсыбай САМРАТ. * * * Құттықтаймыз! ДЕПУТАТТАР МАРАПАТТАЛДЫ “Невада – Семей” халықаралық ядролық қаруға  қарсы қозғалысының мақсаттары мен міндеттерін насихаттауға белсене атсалысқаны үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Виктор Рогалев, Нұртай Сабильянов, Виктор Киянский “Халықаралық ядроға қарсы Семей-Невада” мерекелік медалімен ма­рапатталды, деп хабарлады Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі. * * * Тағзым “АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫДАН” АСЫП ТҮСКЕН ЗҰЛМАТ БҰЛ Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы Кеңес Одағы респуб­ликаларында 30-шы жылдары бол­ған жаппай аштық құрбандарын еске алу туралы қарар қабылдады. Онда: “Белоруссия, Қазақстан, Мол­давия, Ресей мен Украинаның жазықсыз миллиондаған адамы Кеңес өкіметінің қасақана қаты­гез саясаты жасаған жаппай ашар­шылық салдарынан көз жұмды”, делінген. Еуропа Кеңесі ашаршылық жылдарына байланысты Қазақ­станға айрықша мән беріп, қы­рыл­ған халықтың миллиондап са­налатынын, халқының көбінен айы­рылғанын атап көрсетеді. Ресей мен Украинаға да осы зұл­маттың ауыр соққы болып тиге­ні­не назар аударады. Аштықты ке­ңес режімінің өз халқына қар­сы жасаған қылмысы деп санайды. Осындай оймен Үкімет бас­шы­сына бір топ Мә­жі­ліс депутаты 2007 жылы екі рет сауал  жол­да­ған­быз. Сол жылы қолдан ұйым­дас­тырылған аштыққа 75 жыл тол­ған болатын. Атамыз қа­зақтың арғы-бергі тарихында бұрын-соңды дәл осындай нәу­бет болған емес, деген едік сон­да. Көрген қор­лық, шеккен азап пен қырыл­ған халықтың көптігі жағынан атышулы “Ақтабан-шұбырын­дыдан” асып түскен зұлмат бұл. Ойымызды тарихи деректер­мен дәйектесек, шет ел зерт­теу­шілері мен Алаш асылдары­ның тарихи еңбектерінде аталған апат коммунистік режімнің қазақ халқына қасақана жасаған қатыгездігі екені ашық айты­ла­ды. Бұған дәлел жеткілікті. “История Казахстана. Наро­ды и культуры” академиялық еңбегіне сүйенсек, Қазақстанда 1926 жылдан бастап көшпелі шаруашылықтарды жою саясаты қарқынды жүргізілген. Елдің мүм­кіндігінен 17 есе артық жос­парланған егін және мал салығы ұлан даланы айтақырға айнал­дырды. 1928-1932 жылдардың ішінде халықтан 6 миллион 509 мың ірі қара, 18 миллион 566 мың қой, 3 миллион 516 мың жылқы тартып алынып, жүген-құрығын ұстап қалған жұрт басы ауған жаққа шұбырды. Сүрінген же­рінде үзілді, жығылған жерінде жан тапсырды. Аш өзегі азына­ма­ған аймақ қалмады. Солтүстік Қазақ­стан өңірінде – 385 мың­нан астам, Батыс Қазақстан өңірінде – 395 мыңнан астам, Оңтүстік Қазақстан өңірінде – 618 мың, Орталық Қазақстанда 30 мың адам қынадай қырылды. Демограф ғалымдардың осы де­регі бойынша барлығы 1 мил­лион 800 мың жан көз жұмған. Кейінгі зерттеулер бұл мәлі­меттің толық емес екендігін анық­тап берді. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың 1917 жылы: “Иншалла, 6 миллион қа­зақпыз”, деген сөзін еске алып, қазақ асылы Мұстафа Шоқаев­тың деректеріне жүгінсек, аш­тықтан көз жұмған­дардың қата­ры 2 миллион 287 мыңға жетеді. Кейбір тарихшылар қырыл­ған­дар бұдан да көп, 3 миллион­нан асады дегенді көлденең тартады. Адам­зат тарихында бола қоймаған, ұсақ ұлттарға жасалған жауыз­дық­тың удай шындығы, міне, осын­дай. Мұны ұмытуға ха­қымыз жоқ. Қазақ есімді тағ­дыры қиын елдің қан­ға боялған сол бір тарихи кезе­ңін ескерусіз қалдыру қоғамға да, заманға да, азаматқа да сын. Ресей Фе­дера­циясы мен Украина бұл нәу­бетті мемлекеттік деңгейде атап өтті. Біз аштықты саясиландыруға қарсымыз, алайда ендігі жерде үнсіз қалуға тиіс емеспіз. Дүние­ден күңіреніп көшкен миллион­дардың рухына жыл сайын тағзым ету үшін Еуропа Кеңесі Пар­ламенттік Ассамблеясы депу­таттарының орынды пікіріне ден қойып, ашаршылық құрбандарын еске алатын ұлттық күнді белгі­лейік. 31 мамыр Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. Биыл да ол күн өз деңгейінде атап өтілді, құрбандар мен зардап шеккендер еске алынып, аруақтарына тағзым етілді. Енді сол күн “Жап­пай қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні” деп қайта рәсімделсе жөн болар еді. Аштық жыл­дары ел тарихының тұтас кезеңі ретінде арнайы зерттелуі де аса керек. Мәжіліс депутаттары А.СМАЙЫЛ, Б.ТІЛЕУХАН, Н.ӨНЕРБАЙ, Г.СЕЙІТМАҒАНБЕТОВА. * * * Сізді не толғандырады? СУ ҚОЙМАСЫ ЖЕКЕ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНУЫ ТИІС Үстіміздегі жылдың сәуір айында Қырғыз Республи­ка­сын­дағы көршілес Талас облысында болған оқиғаларға байланысты қырғыздар Киров су қоймасын жарамыз деген лақап таратып, елді дүрбелеңге салғаны белгілі. Оған қоса екі елдің арасындағы шекараны жаптыңдар деп, су беруді тоқтатып тастады. Тек ше­кара ашылғаннан кейін ғана қырғыз жағы су бере бастады. Осы жайттарға байланысты мен Премьер-Министрдің атына мәселелердің шешу жолдарын қарастыратын депутаттық сауал жолдаған едім. Айта кету керек, 2008 жылы Жамбыл облысының кейбір аудандарында жаз айла­рын­да қырғыздардың өздеріне су жетіспей, бізге су беруді тоқта­туына байланысты облыста су тапшылығынан қызылша және басқа да егіндіктер күйіп кеткен болатын. Жақында Үкімет басшысы Жамбыл өңірінде болғанда осы жәйттермен танысып қайтты. Осы­ған байланысты Жамбыл об­лысындағы жұмыс сапары нәти­жесінде Премьер-Министрдің тапсырмаларын орындау туралы іс-шаралар қабылданды. Облыс­та Киров су қоймасына су рет­теуіш соғу, Қордай және Шу аудандарының аумағы арқылы өтетін Шу өзенін жағалауына бекіту жұмыстарын және Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы плоти­на­сының сейсмикалық беріктігін күшейту мен кәріз-сорғы (дре­наж­но-насосный) стансасын қай­та жаңғырту жұмыстары қарастырылып отыр. Оған қоса, Премьер-Ми­нистр­дің бірінші орынбасары Ө.Шөкеевтің Қазақстан Респуб­ликасының Жамбыл және Оң­түстік Қазақстан облыстарының шеңберіндегі Мемлекеттік шека­раның орнықтырылуы туралы хаттамалық тапсырмасында Шу өзенінің шекарасында қалпына келтіру мен жағалауды берік бекіту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу тапсырылған. Қазіргі күні облыс бұл құжатты өз қаражатына әзірлеп қойды. Нығайтуды қажет ететін Шу өзені жағалауларының жалпы ұзындығы 55,2 шақырымды құ­рай­ды. Аса күрделі жағдай Қыр­ғыз Республикасымен мемлекет­тік шекара сызығында қалып­тасқан. Мұнда мемлекеттік шека­раны демаркациялау аясында шекара бағандары мен шиыр­шықты қауіпсіздік тосқауылдарын орнатқаннан кейін аталған баған­дар мен тосқауылдарды су шайып кету жағдайлары және өзен арна­сы Қазақстан жеріне қарай жыл­жуы әсерінен жекелеген жер учас­келері Қырғыз Республикасының аумағында қалып, мемлекеттік ше­кара сызығының өзгеріске ұшы­рауы мүмкін. Осындай жағдайда екі елдің арасын қосып отырған орта көпірдің орнықтылығына қауіп туады. Қазақстан жерлерін, оның ішінде жайылым және ауыл ша­руашылығы егістік жерлерін, тұрғын үйлерді, су шаруашылығы нысандарын, жолдар мен жоғары вольтты электр тарату желілері бағандарын су шайып кету сал­да­рынан халықтың тыныс-тірші­лі­гіне нұқсан келу жағдайы туын­дауда. Алайда республикалық бюд­жеттік комиссия 2010-2012 жылғы бюджетті нақтылауда осы мақсатта қажет болатын қаражатты қысқар­тып, аталған нысандарды қаржы­ландыру мәселесін қарастыруды кейінге қалдырып отыр. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Өйт­кені, алдағы көктемдегі ықтимал су тас­қынына біз дайын болуымыз қажет. Жоғарыдағы айтылғандардың негізінде: 1. Қордай және Шу өзенінің жағалауын нығайту және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін нысандарға ағымдағы жылдың ІV тоқсанынан кешіктірмей 150 млн.теңге бөлу керек. 2. Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы плотинасының сейсмикалық беріктігін күшейту мен кәріз-сорғы стан­са­сын қайта жаңғырту жұмыстарына осы жылдың ІV тоқсанына 150 млн. теңге бөлу қажет болып отыр. Жобалау-зерттеу жұмыстары атқарылып біткен. 3. Киров су қоймасының гидро­техникалық құрылыстарына жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу қажет. Жоғарыдағы аталған мәселе­лерді Үкімет басшысы жеке бақы­лауына алып, 2010 жылдың бюд­жетін қайта қарау кезінде алдағы көктемдегі тасқынның алдын алу мақсатында аталған нысандарға қаражат бөлуі және 2011 жыл­­дағы жөндеу, қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына қара­жат бөлу жөнінде қажет шаралар қабылдауы керек деп білеміз. Амангелді МОМЫШЕВ, Мәжіліс депутаты. * * * Тұрақты комитеттер тынысы КЕҢЕС ЕЛДЕРДІҢ ӨРІСІН КЕҢЕЙТЕДІ Жаһандану заманында әлемде мүдделеріне және өзге де ұстанымдары мен ұқсас­тық­та­рына орай елдердің бірлесуі байқалуда. Сондай бірлікке бастайтын құжаттардың бірі жақында Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде тал­қыға түсті. Содан кейін “Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесін құру туралы Нахчыван келісімін ратификациялау туралы” деп аталатын бұл заң жобасы па­латаның соңғы жалпы отырысында қабылданған болатын. Заң жобасы бойынша баяндаманы Сырт­қы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев жасады. Оның сөзінен белгілі болғанындай, аталған келісімге Әзірбайжан Республикасының Нахчыван қаласында 2009 жылдың 3 қазанында қол қойылған. Тілі мен діні бір, мәдениеттері мен салт-дәстүрлері ұқсас елдермен жақындасу –Қазақстан сыртқы саясатындағы басым ба­ғыт­тарының бірі. Түркітілдес елдер ынты­мақ­тастығының кеңесін құру дамудың ізгілікті жолын іздеу екендігін баса айтып өткен ко­ми­тет төрағасы Қуаныш Сұлтанов өз пайы­мын мынадай мысалдармен негіздеді. Еліміз ЕҚЫҰ ПА-ға  ұсыныстар берген кезде олар алдымен көршілеріңді, бауырларыңды неге осы мәселеге тартпайсыңдар деп сұрақты төте­сінен қоятын көрінеді. Сол сияқты бірде сенатор атақты “Сиеменс” компаниясының президентінен неге Қазақстанда өндіріс орын­дарын ашпайсыздар деп сұраса, ол өз­дері­нің алып Қытайда теңізде жүзгендей се­зі­нетіндерін, ал Қазақстанда жер кең болға­ны­мен, халқының аздығын айтыпты. Және де егер Орталық Азия елдері болып бірік­се­ңіз­дер, онда 50 миллионға жететін рынок пай­да болушы еді ғой, мүмкін сонда сіздерге қызығушылық пайда болар ма деген тұс­палымен бөліскен екен. Осылайша комитет төрағасы бірігудің астарын барынша ашып көрсетуге тырысты. Жалпы, 1992 жылы Түр­кия президентінің Әзірбайжанға жасаған сапары барысында өмірге келген Түркітілдес елдер басшылары саммитінде саяси-эконо­ми­калық және мәдени ынтымақтастық мәсе­ле­лері талқыланған-ды. Содан бері көптеген іс-шаралар әр түрлі деңгейде жалғасын тауып келеді. Мәселен, Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының қоғамда ыстық бауыр­лас­тық, ынтымақтастық құрылтайы өтті. Одан кейін Түркі әлемі муниципалитеттер одағы, Түркі әлемі социологтар конгресі, Түркітілдес елдер жаңалықтар агенттігінің бірлестігі, Түр­кітілдес мемлекеттердің арнайы қызметтер конференциясы, тіпті мүшесі М.Жолдасбеков болып табылатын Түркітілдес елдер ақса­қал­дар кеңесі де құрылып, өз жұмыстарын жал­ғас­тыруда. Алайда ынтымақтастық үдеріс­те­рін мемлекеттік басшылар деңгейінде бірік­тіру және өткізіп жатқан саммиттердің жұ­мысын реттейтін саяси құрылымды құру қа­жеттігі туындаған. Осы ретте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесін құру туралы бастама көтергені белгілі. Нахчы­ван қаласында өткен Түркітілдес елдер мемлекет басшыларының ІХ саммитінде көтерілген мәселе түркітілдес халықтарды жа­қын­дату үшін маңызды саналады. Осы­лай­ша өмірге келген заңдық құжатты Әзірбай­жан Республикасы 2009 жылдың 26 қара­шасында ратификациялаудан өткізсе, Түрік Республикасы бұл құжатты үстіміздегі жыл­дың 15 шілдесінде ратификациялағаны бел­гілі болып отыр. Енді осы ратификациялау мәселесі алдағы 16 қыркүйекте Ыстамбұлда өтетін Түркітілдес елдер мемлекет басшы­ларының Х саммитінде талқыға түседі деп күтілуде. Осы ретте депутаттар бірқатар сұрақтарын қойып, оларға тұщымды жауаптар алды. Әділ Ахметов кеңеске 6 түркітілдес мемлекеттің мү­ше екендігін алға тарта отырып, Ресей сияқ­ты елдер құрамындағы кішігірім халық­тардың қатысуы қалай боларын сұрады. Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, ондай шағын Тува, Хакасия сияқты елдер әр түрлі іс-шараларға қатыса береді. Ал Оралбай Әбді­кәрімовтің сұрағына орай жауапта Өз­бек­стан мәселесі қозғалды. Жауаптан белгілі болғаны, Өзбекстан Республикасы екіжақты қарым-қатынастарға иек артқанымен, көп­жақты ынтымақтастыққа онша бейілді емес көрінеді. Есесіне осы күнге дейін сылбыр қа­тысып келген Түркіменстан соңғы жылдары белсенділік таныта бастапты. Осы елдің президенті Ыстамбұлда өтетін Саммитке қатысатыны да айтылды. Осы ретте жаңадан құрылатын кеңестің барлық елдерге ашық болуы қажеттігін ұсынған Ғани Қасымов оған тіпті Оңтүстік Корея елі кірсе де болады деген пайымымен бөліскенімен, ол көпшілік тарапынан қолдау таба қоймады. Депутаттар алдымен кеңесті құрып, жұмысын жүргізіп алған соң өзге елдерді тартуға болады деген тұжырым жасады. Кеңестің келешегін сөз еткен Өмірбек Байгелди оның ыдырап кетпеуін қамтамасыз ету үшін Еуропалық Одақ тәжірибесін мұқият зерттеуді ұсынды. Сенатордың пайымынша, ұйымда мемлекет­тердің үл­кенді-кішілігіне қарамай, өзара сыйластығы болуы шарт. Варшава одағын мысалған келтірген депутат егер бір мемлекет өзгелерге өзінікін таңар болса, онда ұйым­ның тарауына алып келу ықтималдығымен бөлісті. Сондықтан Өзбекстанның неге кірмеді деп емес, оның кіруіне нендей жағдайлар жасалды деген тұрғыда мәселе қаралуы қажеттігін ортаға салды. Міне, осылайша талқыға салынған “Түр­кі­тіл­дес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесін құру туралы Нахчыван келісімін ратификациялау туралы” заң жобасы Сенат­тың заңнамалық құжатының айналымына алынды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.