• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
11 Қыркүйек, 2010

Есімі ұрпағына ұран болған

2153 рет
көрсетілді

Тарих толқынында Қазақтың байтақ тарихында осыншама ұлан-ғайыр даланы ұрпаққа аманат етіп қал­ды­ру жолында қар төсеніп, мұз жастанып, най­засына жау ілдірген насат ерлер аз болмаған. Бүгінгі ұрпақ сондай қол бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендердің, бір сөзбен айтқанда дала данышпандарының тікелей мұрагері екендігін көкейлеріне түйіп өссе игі. Қасиетті қазақ жерінің талай мәрте таласқа, қанталапайға түскені тарихтан белгілі. Ұлты­мыздың тағдыры таразыға тартылған сондай күрделі кезеңдердің бірі, халқымыздың басын қара бұлт торлаған “Ақтабан шұбырынды, Ал­қакөл сұлама” атанған уақыт. Сол кезеңде қазақтың кемеңгер билері – Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ақылымен Тәуке ханның мемлекеттік мәселелерді шешетін хан кеңесін құрғандығы мәлім. Аталған кеңеске негізінен қазақ руларының билері мен әскербасылары тартылған. Кеңес Түркістан қаласы жанындағы Битөбеде, Сайрам қаласы маңындағы Мәртө­беде және Келес өзені бойындағы Күлтөбеде тұрақты өткізіліп тұрған. Бүгінде ел ауызында сақталған “Күлтөбеде күнде жиын”, “Мәртө­беге мамырда бар” деген тіркестер сөздік қоры­мызға сол кезеңде енсе керек. Сондай тар заманда елдің екі тізгін, бір шыл­бырын қолына алған Тәуке хан Сырдария бойындағы 32 қаланы өзіне қаратып, негізінен Бұқар хандығымен сауданы дамытуға күш салады. Қазақ-ойрат қарым-қатынасының шие­ленісе түскен тұсы осы шақ еді. Жоңғар бас­шысы Сеуан Рабдан маңызды сауда жолдары өтетін және ірі сауда орталықтары орналасқан Оң­түстік Қазақстан аумағын басып алуды көз­дей­ді. Тәуке хан Сығанақ, Түркістан, Отырар, Сайрам және Созақ қалаларын жоңғарлармен күресте стратегиялық тірек бекетіне айнал­дырды. “Ер сын сағатта танылады” дегендей, сол бір қилы заман тарих сахнасына елім деп еңі­­ре­ген талай ерлерді, батырларды шығарды. Елі мен жерін қасық қаны қалғанша жаудан қор­ғап, ерлігі ел есінде сақталған осындай ерлердің бірі – Шекті Тілеу батыр Айтұлы болатын. Қазақ тарихындағы саналы ғұмырында ұлт тұтастығына қызмет етіп, ел үшін, жер үшін жанын қиған батырларды қанша дәріптесек те артық болмайды. Бүгінгі күні тарихи тұлғалар аз насихатталып жүрген жоқ. Десе де кешегі кеңестік идеология халықтың санасын лайлап, әрі-сәрі күйге түсіргенінің салдарынан біз төл тарихымызды әлі түгендей алғанымыз жоқ. Қазақ тарихының әлі күнге дейін бір ізге түс­пей, біреулердің бәсеке құралына, қолшоқ­парға айналып жатқаны сондықтан деп ойлаймын. Мен мемлекет тарихын, ұлт тарихын әрбір азамат білуі керек деген пікірдемін. Мәселен, мамандығы инженер Мұхамеджан Тынышбаев, геолог Қаныш Сәтбаев секілді ағаларымыз тарихты жақсы білген әрі оқулық та жазған. Жақында маған ақтөбелік 15 ардагердің аманатын арқалап, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының Ақтөбе облысы бойынша төрағасы Кемейдулла Төлеубайұлы арнайы келіп кетті. Аталған хатта Шекті Тілеу батыр Айтұлының қазақ тарихындағы орнын таразылай келе, Ақтөбе қаласынан батырға ескерткіш орнатып, көше атын беру мәселесі көтеріліпті. Жалпы, Сайрам соғысының сардары болған Шекті Тілеу батыр Айтұлы тарихта аты да бар, заты да бар тұлға. Тілеу Айтұлының Әз Тәуке ханның тұсында белгілі батыр, басалқалы би болғаны жөнінде ел аузындағы деректерде мол айтылады. Тілеудің өз кіндігінен тараған үйел­менді-сүйелменді Есіркемес, Аллаберді, Жол­ды­аяқ, Жақсымбет, Мөңке есімді бес ұлы болған. Шежіреге жүгінсек, көзінің тірісінде-ақ даламыздың данышпаны атанып, тарихшылар қауымы қазақ халқының Нострадамусы деп жүрген Мөңке би осы Шекті Тілеу батырдың бел баласы болып шығады. Бұл жайында 2003 жылы Ақтөбе қаласында Мөңке би Тілеуұлына арналған ғылыми конференцияда бас баяндама жасаған қазіргі Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед өз мақаласында егжей-тегжейлі жазған болатын. Құрамалы-қорғанды үйің болады, Айнымалы, төкпелі биің болады. Халыққа бір тиын пайдасы жоқ. Ай сайын бас қосқан жиын болады. Ертеңіне сенбейтін күнің болады. Бетіңнен ала түсетін інің болады. Алашұбар тілің болады, Дүдәмалдау дінің болады. Әйелің базаршы, Еркегің қазаншы болады. Сарылып келіп көлік тосады. Құны жоқ қағазды судай шашады. Сазбалшықтан үйің болады, Бозбаладан биің болады. Аттың жақсысы арбада болады, Жігіттің жақсысы саудада болады, – деп халқының келешегін үш ғасыр бұрын айна-қатесіз болжап, жеті жасында дауға төре­лік айтқан Мөңке би жайында кезінде Мәшһүр Жүсіптен бастап, қазақтың талай оқымысты-ғалымдары қалам тербеген. Тегінде, біздің солақай саясаттың салдарынан ұлы Абайды ұлықтаймыз деп оның әкесі Құнанбайға деген құрметімізді азайтып алғанымыз жасырын емес. Сондықтан бүгінгі мақаламызда сөзді шама-шарқымызша қазақ тарихынан лайықты бағасын ала алмай келе жатқан өз заманының батыры әрі биі Шекті Тілеу Айтұлы жайлы қозғағанды жөн көрдік. Батыр бабамыз 1630 жылы Ақтөбе өңірінде дүниеге келіп, 1684 жылы Сайрам соғысында қаза тапқан. Ақтөбе өңірінің қаһарман перзенті Шекті Тілеу батыр Айтұлы ел басына күн туған шақта Сайрам-Түркістан аймақтарын жаудан құтқаруға 17 000 қолды бастап барып, баласы Жолдыаяқпен бірге шейіт болады. Жоңғарлардың 1681 жылы Қазақ даласына тың күшпен жаңа жорықты бастағаны белгілі. Қалдан бошухты хан бастаған жау қолы жолындағының бәрін жайпап, Жетісу жерін басып өтіп, Шу, Талас өзендерінен асып, сол кездегі Қазақ хандығының стратегиялық негізгі бекіністерінің бірі Сайрамды қоршауға алады. Анталаған жау қыс түсе қайта шегінеді. 1684 жылы қанды жорығын қайта жалғастырып, Сайрамды күйретуге барын салады. Ақыры қала қабырғасын бұзып ішке ене бастайды. Осы алапат шайқаста Тілеу батыр баласы Жолдыаяқпен бірге қаза тауып, қазақтың талай асылдарын қойнына алып, бесігіне бөлеп жатқан Түркістанға жерленеді. Тегін адамның Түркістанға жерленбейтіні тарихтан белгілі. Қосағынан айырылғанын естіген Тілеудің жары ауыр қайғыны көтере алмай көз жұмған деседі. Кәрі құлақ, көне көз қариялардың айтуынша, батырдың жары елден ерекше ажарлы, жан дүниесі сұлу адам болса керек. Бүгінгідей көршісінің үйі өртеніп жатса әрең көмек беретін заманмен салыстырғанда сонау ит арқасы қияндағы Ақтөбеден Сайрамға келіп, жаумен жағаласып, жан тапсыруы, сөз жоқ, бабалардың елін, жерін, отанын шексіз сүйгендігінің дәлелі. Тегінде, ешқашан еншісі бөлінбеген қазаққа жау да ортақ, дау да ортақ, жеңіс те ортақ болған. Елі мен жерін қорғауда өмірін құрбан еткен бабалар ерлігі әрдайым ұрпаққа үлгі. Қазақ жерінің қай қиырына барсаңыз да мұндай тамаша тарихи мысалдарды көптеп кездестіруге болады. Мәселен, Қаракерей Қабанбай батыр­дың Астананың іргесінде жатуы, Алтынайұлы Қарасай батырдың Көкше жерінде Айыртауда Ағынтай батырмен бірге мәңгілікке тыныс табуы, Қаратауда туған Ақтамберді батырға Семей жерінен топырақ бұйыруы, сөз жоқ, қазақ халқының сол кезеңдегі мызғымас бірлі­гінің ерен үлгісі. Бұл бабаларымыз өзінің туып, кіндік кескен жерінен басқа өңірге байлық қуып немесе билік құрып барған жоқ еді. Бәрін жетелеп апарған ең алдымен ел намысы, биік отаншылдық рух еді. Қызылжарда туған Баян батырдың соңғы демінің Іле бойында таусылуы, Еділ бойында туған тама Қабанбай батырдың Арқадағы Сарысу бойындағы шай­қаста қаза табуы, Ерейментауда туған Малай­сары батырдың Алатау бөктерінде шейіт болуы, Жетісуда туған Жауғаш батырдың Түркістанда жатуы, сөз жоқ, ұлттық этникалық біртұтас­тықтың, мемлекеттіктің әбден орныққандығ­ы­ның, шынайы патриотизмнің ерен айғағы. Осыдан кейін қазақ әлі ұлт ретінде қалыптас­қан жоқ деп қызыл сөзді судай сапырып жүр­гендердің жорамалына қайран қаласың. Иә, әкелі-балалы Тілеу мен Жолдыаяқ ба­тыр­ларды қалың қолымен бірге сонау Ақ­төбеден Сайрамға әкелген қандай күш? Сөз жоқ, шарболаттай шыңдалған отаншылдық рух­тың биіктігі дер едім. Екінші жағынан ілге­ріден Ұлы Жібек жолының бойында жатқан қалалардың сол кезеңде маңызды страте­гиялық нысандар болғаны әсер етсе керек. Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи қалалардың бірі – Испиджаб-Сайрам шаһары­ның да қазақ халқы тарихындағы орны бүгінгі таңда жан-жақты зерттеліп зерделенді деп айта алмаймыз. Сансыз баптардың мекені болған Сайрам туралы алғашқы деректер біздің жыл санауымызға дейінгі ІV ғасырда парсылардың шежіре кітабы “Авестада” айтылады. Махмұд Қашқаридың еңбектерінде кездесетін бұл қала­ның Испиджаб атауы көне соғды тілінде “Ақ су” мағынасын берсе керек. Аталған шаһар жайында орта ғасырларда жарық көріп, 1000 жылға жуық ұрпақтан ұрпаққа өтіп, бірнеше рет басылып, көшіріліп келе жатқан көне кітап – “Сайрам туралы Рисала” тарихи шығармасында біршама мә­ліметтер бар. Онда Сайрам қаласының салы­нуы мен Баптардың бабы Арыстанбабтың ұзақ жыл Сайрамда ұстаздық етуі, Қожа Ахмет Иас­сауидің осы қалада туып, кейіннен Түркістанға қоныс аударуы, Ибраһим ата, Қарашаш ана, Ләтіп ата, Мұстафа-Құл ата туралы құнды де­ректер қамтылған. “Сайрам туралы Рисала” ең­бегінің үш нұсқасы Өзбекстан Ғылым акаде­мия­сының Шығыстану институтында сақтаулы. Қазақстан Республикасы Сенатының де­путаты Өмірбек Байгелди Құранда аты жазыл­ған 25 Пайғамбардың бірі Қыдыр Пайғамбарды Сайрамда жерленген дейді. Былтырғы жылы Қыдыр атаның басына зәулім кесене орнатып, бұл шараны жергілікті жұртшылықтың жылы қабылдағанын көзіміз көрді. Ел аузында “Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған” деп келетін сөз бар. Бұдан Оңтүстік өңірінің есте жоқ ескі замандардан бері адам баласына жайлы, қолайлы мекендердің бірі болғанын аңғаруға болады. Сайрам шаһары Тараз қаласы секілді өз тарихында талай теперішті көрген шаһар. Мәселен, Сайрам өңірін Шыңғыс ханның жер қайыстырған әскерінің дауыл соққандай жапы­рып өткендігі жайында сол трагедияның куәсі болған “Муджам-ал-булдан” атты география­лық сөздіктің авторы Яқұт Ханауи әр-Руми: “Исфиджаб, Тараз, Сауран және Фараб жаз­мыш­тың тәлкегіне тап болды, аспан мен жер жаралғаннан ешбір болмаған апатқа ұшырады. Олар осы қалада қалғандарды қырып-жойды. Тамаша баулар мен әсем қалаларда қираған қа­быр­ғалардан басқа және құрып кеткен халық­тың сүрлеу-сорабынан басқа ештеңе қалған жоқ”, деп жазады. Тарихтың көзіндей, бабалардың сөзіндей бол­ған көне Сайрам шаһарын 1893-1894 ж. В.В.Бартольд, 1923-1926 ж. П.П.Иванов, 1925 ж. М.Е.Массон, 1940 ж. Г.Ц.Пацевич, 1947-1951 ж. А.Н.Бернштам секілді белгілі ғалымдар зерттейді. Бүгінде Қазақстан территориясында да­мыған өркениет болғанын дәлелдейтін 25 000-нан аса ескерткіш табылып отыр. Мәселен, тарихшы-ғалым С.П.Толстов өз еңбектерінде “Рим күмбездерінің салынуынан жүз елу жыл бұрын Сырдария далаларында бірінші күмбез­дер салынған” деп жазады. Бұл Түркістан, Оты­рар, Тараз, Сайрам, Сауран, Сығанақ, Са­рай­шық секілді қалалардан табылған бай мұ­ралардың тарихи құнын арттырып, заманында бұл шаһарларда медреселер, шеберханалар болғанын, кітап көшіретін каллиграфистер, су­ретшілер, зергерлер әулеті тұрғанын дәлелдесе керек. Сайраммен іргелес жатқан Сауран шаһары­ның аты да ел аузында, әсіресе фольклорлық жырларда көп айтылады. Мәселен, араб тарихшысы Мақдиси өз еңбегінде “Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар” деп жазады. XІІІ ға­сыр­дың орта шенінде Сауран Ақ Орда мем­ле­кетінің астанасы болды. Беріректе қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. XVІ ғасыр­да Сауран мұнаралы биік дуалдармен қоршал­ған үлкен қала болған. Сауран XVІІ ға­сырдың аяғы мен XVІІІ ғасырдың басында әл­сі­реп, XІX ғасырдың басында біржолата күйреді. Басқасын айтпағанда “Батырлықты айт, бірлікті айт, адамдықты айт” деп ешқашан халықтық жолдан таймаған Жамбыл өзінің құланаян Құлмамбетпен айтысында: Сұраншы, Саурық батыр жаудан өлген, Халық үшін шейіт боп жанын берген. Елді қорғап өлгеннің арманы не? Құрметтеп қалың қазақ соңына ерген, – деп Сауранды жаудан қорғаған батырларды дәріптеп жырына қосады. Жалпы, халқымыздың байтақ тарихын әлі күнге тайға таңба басқандай, соқырға таяқ ұстатқандай анық жазатын мерзім әлдеқашан жетті деп ойлаймын. Кейінгі Тәуелсіздік алған уақытта ұлт тарихын жүйелі түрде жазуға тал­пыныстар жасалды. Құдайға шүкір, азаттықтың арайлы таңымен бірге талай асылдарымыз табылып, ортамызға оралды. Әсіресе Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей басшылығымен қа­был­данған мемлекеттік “Мәдени мұра” бағ­дар­ламасы өз жемісін беруде. Осылайша хал­қы­мыздың тарихқа кеткен есесі қайтып, талай тылсымдарымыз ашылуда. Ендігі жерде елім, жерім деп өмірін қиған Тілеу, Жолдыаяқ секілді батырлардың есімін жас ұрпақтың санасында жаңғырту мәселесін ойластыру керек. Бұл ұрпақ алдындағы тірі­лердің, бүгінгі ұрпақтың парызы. Тілеу батыр Айтұлы қандай да құрметке лайықты тарихи тұлға. Тілеу-Қабақ деген халық әнінің осы батырларға қатысты шығуы да айтар ойымызды одан әрі шегелей түседі. Қазақ халқының тарихы мен мәдениетінде орны бар Қаражігіт молда Бекбауұлы, Мырзағұл би Шыманұлы, Достан би Тәңірбергенұлы, Сарышолақ шайыр, Сары Батақұлы, Таразы ақын, Тахауи Ақтанов, Марат Тәжин секілді белгілі тұлғалар осы Тілеу батырдың тікелей ұрпақтары. Батырдың кіндігінен тараған ұрпақ бүгінде қалың елге айналып, Ақтөбе жерінде өсіп өніп отыр. Батырдың ұрпағы Сарышолақ шайырдың бабасы жайында: Қалмақты мынау асырған, Қазақ емей кім екен. Қанжығалы Бөгенбай, Дулығалы Тама Есет Айтулы ердің бірі екен. Әз Тәукені хан сайлап, Сопы Әзізді пір қойған Атам Тілеу би екен, – деп шабыттана жырлауы тегін емес. Бүгінде Тілеу және Жолдыаяқ батырларға Түр­кістан қаласында көше аттары берілген. Жақында Ақтөбе облысы әкімінің ықтиярымен Аппарат жетекшісі бастап, Кемейдулла Төлеу­байұлы қостаған ынталы топ Шекті Тілеу батыр Айтұлының жаудан қорғап шейіт болған Сайрам ауданына іссапармен барып, ер есімін ел есінде мәңгі қалдыруға байланысты сол өңірдің басшылығымен сөз байласып қайтқан екен. Ескі кітаптарда Сайрам өңірінің төбесінен күндіз-түні нұр құйылып тұратындығы жөнінде айтылады. Осындай қасиетті жерді қасық қаны қалғанша қорғап өткен асыл бабалар неткен қасиетті десеңізші! Тегінде, шежірелі Сайрам өңірін жаудан қорғап шейіт болған бабалардың ерлігіне тағзым ретінде сол жерден бір мемо­риалдық кешен тұрғызса да артық болмас еді. Әсіресе, Шекті Тілеу батыр Айтұлына Ақтөбе қаласынан ескерткіш орнатып, көше атын бе­ру, тарих алдындағы парызымыз, кезек күттір­мес мәселе деп білеміз. Қарақыпшақ Қобыланды батыр бабамыз­дың сүйегін тауып, басына зәулім мавзолей салдырып, тарихымызды түгендеу мақсатында халықаралық ғылыми-практикалық конферен­ция өткізіп, халықтың алғысына бөленген мем­лекетшіл тұлға, ұлтжанды азамат Ақтөбе облы­сының әкімі Сағындықов Елеусін Наурыз­байұлы бұл ұсынысымызды жерге тастамайды деп сенеміз. Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.