• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Қыркүйек, 2010

Сұңғат өнер

1307 рет
көрсетілді

Көшпенділердің көркем шежірешісі Амандос Ақанаевтың  “Ұлы елдің Тарандысы” жобасы туралы ой-толғам Көшпенділердің көркем шежіресіне сұңғат өнердің (живопись) құдіретімен тіл бітірген ҚР еңбек сіңірген қайраткері Амандос Ақанаевтың қылқаламынан туған дүниелерді өзге суретшілердің шығармаларымен шатастыру тіпті мүмкін емес. Таланттарға кенде болып көрмеген ұлы даланың дара дарындарының бірі­нің қолынан шыққан қайталанбас туындылар – ұлттық бейнелеу өнерінің бай­лығы мен белді бір тармағы болып табылатындығын тану үшін Ақанаевтың әлеміне бойлап көрелік. Біз бұл жолы суретшінің соңғы бес жыл бойы күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жасаған “Ұлы елдің Тарандысы” жобасын әңгімеге арқау етпекпіз. Суретшінің кемелді шағында дүниеге әкел­ген сүбелі шығармалары – “Ұлы елдің Таран­дысы” жобасы болып табылатындығы сөзсіз. Таранды жобасының символы – скифтік “аң стилі”. Көш­пенділердің жылнамасы іспетті атал­мыш жоба – монумен­таль­­дық живопись циклі­нен тұрады (ауқымы 250х180см-ден 300х210 см. дейін). Түрлі техникаларды пайда­лана отырып, анима­листік жанрды, оюларды, археоло­гиялық, этногра­фия­­лық ескерт­кіштер негі­зіндегі ком­пози­цияларды бір жерге тоғыстыратын суретшінің өз бейне-баяны бар. Сурет өнерінің сүрлеу­лерінен өз соқпағын тап­қан Ақанаевтың тақырып­тық және пластикалық негізін – жылқы­лар, құс­тар, түйе­лер, арқарлар, архео­логия­лық қазбадан табылған, алтыннан жасал­ған үйсін қазынасының бұйым­дары, Алтай мен Жетісудың ерте дүние­дегі Темір дәуірінің қорған­дары, ежелгі ескерт­кіш­тердің ою-өрнектері, тас­тан қашалған құралдар, түрік дүниесінің архитек­туралық заттары, қазақ үйдің тоқымалық өнері және негізгі құрылым­дары. Сонымен бірге жобаға “Тәңір ке­ме­сі” (400х150см) скульптурасы, “Таранды- Эрмитаж” мұражай үйінің компьютерлік нұсқадағы үлгісі енген. Рельефтік стильде орын­­­­далған “Ұлы елдің Та­ран­дысы” туындыларын тама­ша­­лаған жан, сұңғат өнерді бағалайтын, оның тілін түсінетін адам Амандос Ақанаевтың қолтаңбасы ешкімді қайта­ламайтынын түйсінеді. Бұл мәнер – сурет­­шінің көптеген жылдардағы ізде­нісінің нәтижесі. Ол ерте дүниедегі, орта­ғасырлық, кейінгі еуразиялық көшпен­ділердің плас­тикалық салт-дәстүрін көркем бейнелеуімен дараланады. Көшпенділердің көркем шежіресін сурет­шінің жаңаша зерттеуі, осы заманғы живопиське жаңа технологияларды, тех­никаны, алымды материалдарды пай­далану мүмкіндігін кеңейт­кеніне көзіңіз жетеді. Ол живопиське металлдан құйыл­ған мүсіннің, тоқыма өнерінің, ағаш сияқ­ты басқа материалдардың бөлшектерін ендіре алады. 4 метрлік биіктікке жететін кейбір шығар­малар даланың ұлылығы мен әлі ашыл­маған құпиясын, шешіл­меген жұмбағын өрнектейді. “Оқып ал”, “тани түс” дегендей, бір сырын ішіне бүгіп, тылсымына жетелеп бара жатқанын аңғарасың. Уақыттың қалтарыстарында қалған тіршілік толғауларын, мінездерді, көшпенділердің мифологиялық болмысын паш етуге ұмтылған “Ұлы елдің Тарандысы” жобасы қанша үңілсеңіз де сырын бірден жая салмайды. Түрлі техникалар мен материалдар, майлы живопись, коллаж, рельефті жапсырма, жылтырату, қынау, тағы заманауи технологиялар қолда­нылған топтамалардың күрделілігі де оның құнын асырып, бағасын базарлай түседі. Анығын айтқанда, әрбір шығарма – жанкешті еңбек пен және ұзақ ізденістің мәуелі жемісі. Әрекет барысында шығарма өте кейіпті, әсем, эстетикалық және өте кәсіпқой дәрежеде орын­далады. “Ұлы елдің Тарандысы” шығар­малар циклы жаңа көркемдік биіктік, мазмұнға сай тақырыптық жетістік деуге болар еді. Амандос Ақанаев әдетте ортақ фактормен, дәстүрлі өнер ескерткіштерін көшіріп алмайды, есесіне жаңа көркемдік мүмкіндікке жетелейді. “Мен суретшімін, археологтардан өзгешелігім, мені бәрінен бұрын форманы нақты таңдау, жаңалықтар, пластикалық жолдар қызық­тырады”, – дейді қылқалам шебері. Амандос Ақанаев туындыларының әлемі – көшпенді Азия мәдениетінің орасан ғажап көркем жылнамасы. Суретшінің қызығушы­лығы мен ізденісі ежелгі және ортағасырлық Еуразия номадтары мен қазақ халық өнерінің көркемдік дәстүрімен айшықталған. Қорған­дар­дың қойнауына жасырынған жәдігерлерден, этностардың құрдымға кеткен өнердің фраг­менттерінен даланың живописьтік әшекейлерін жаңғырта жинап жүрген өнер иесінің ізденіс­терінен көшпенділердің өнеріне деген скульп­торлық бастау анық әрі нақтылы көрініс таба­ды. Оның жұмыстарынан ою-өрнек фор­маны көріктендіру үшін емес, керісінше рухани мазмұнын айшықтау үшін қолданылатынын аңғару қиын емес. Бейнелеу өнеріндегі тарихи мәтіндер сынды суреттер – осы туындылардың ғұмырын мәңгілік етуге ұмтылады. “Анималистикалық символика космогон­дық бейнелік, әйел кейіпкерлердің тума эротизмі, үш сатылық туралы мифология, салт аттыға табыну – Ақанаев өнеріндегі, көшпен­ділер өнерінің атом кристалдары деу жөн шығар. Амандос Ақанаев шығармашылығында еуролық станктік живописьтің, Шығыстың аван­гардтық жаңашылдығы мен монумен­таль­дық өнер дәстүрінің жетістіктері жинақталған” деп суретшіге баға берген өнертанушы Лаура Оразбекова. Бейнелеу өнерінің әр тармағында өзінің қолтаңбасын қалдырып, қайталанбас ғажайып шығармалар тудырумен келе жатқан таланттың шәкірттері де, оған еліктейтін ізбасарлары да аз емес. Сұңғат өнерде, дизайнде, скульптурада талмай еңбек етіп келе жатқан ерен жанның жалғасы боларлық жас суретшілер де Ақанаев­тың бейнелеу өнеріне берген сүбелі олжасы. Бүгінде оның шәкірттерінің өзі елге танылып, бейнелеу өнерінің белді өкілдеріне айналды. Егер ол тәрбиелеген жандарды тізбектесек, бір­қатар танымал суретшілердің тізімі менмұн­далап шыға келген болар еді. Қалай десек те, “Ұлы елдің Тарандысы” жобасы еліміздегі живопись өнеріндегі жаңа құбылыс, жаңа заман мәдениетіне, XXІ ғасыр өнерінің өркендеуіне қосылған қомақты үлес. Амандос Ақанаевтың аталмыш туындылары­ның Қазақстан және Орталық Азияның кәсіптік бейнелеу өнерінің өркендеуіне тарихи маңызы бар. “Ұлы елдің Тарандысы” жобасының уақыт­тың әр кезеңдерінде жасалған жекелеген шығар­малары мемлекетіміздің живопистік қазынасына еніп және елдің мұражайларында және шетел­дерде көрнекті экспонаттарға, яғни тек Орталық Азия ғана емес, бүкіл әлемнің живо­писі­нің бір тума құнды асылдарына айналды. Ақанаевтың рельефтік мәнері пластикалық өнерге жаңа қозғалыс ендіргенін өнертанушылар бір ауыздан мойындап келеді. Анығырақ тұжырымдасақ, бұл еңбек мәде­ниеттегі белгілі бір бағытқа айналды. А.Ақанаевтың жобасындағы ерте дүниедегі Еуразиядағы номадтардың өнердегі дәстүрінің жандануы, Қазақстан мен Орталық Азияда мә­де­­ниет пен өнерінің жаңа қыртыстарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, ол осы заман­ғы өнерде радикалды бағыттың анық әрі нақты үлгілерін ұсынды. Амандос Ақанаевтың мол шығармашылық мұрасы мен кәсіби әлеуеті елдегі, әлемдегі бей­нелеу өнеріне қажеттілік факторымен үндес­­тік табады. Осы себепті Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев 2006 жылы қарашадағы бірінші экспозициялық көрмеде “Ұлы елдің Таранды­сы” жобасын тамашалап: “...дәл Амандос Ақанаев сияқты суретшілер өнерімен Қазақ­станның атын шетелдерге асқақтатады” деген құнды пікірін Ақанаевтың өзі ғана емес, өнер­танушылар да, бейнелеу өнерін бағалайтын­дарды да арқаландырып кеткенін білеміз. Олай болса, А.Ақанаевтың “Ұлы елдің Тарандысы” жобасы Қазақстан бейнелеу өнерінің жетістігінің ажырамас бір бөлшегі. Осы жетістіктер нәтижесінде елде шығарма­шылық үдерістердің белсеңділігі артып, жаңа көркемдік императивтер дүниеге келіп, оған нағыз шебер мен оның шәкірттерінің “Жаңа рельефтік живопись” өнері мұрындық бола­ты­ны кәміл. Қазіргі уақытта суретшінің шә­кірт­тері бейнелеу өнерінің әр түрлі саласында: живописьте, дизайнде, мүсін өнерінде, мону­ментальдық және декоративті-қолданбалы өнерде елге қызмет етуде және өздерінің шы­ғар­машылық қадамдарымен ұлттық мәде­ниетінде ойдағыдай жетістіктерге жетіп жатқаны бір ғанибет. Қалай сипаттасаң да, “Ұлы елдің Таран­дысы” – бейнелеу өнеріндегі эксклюзивті жоба, ұлттық мемле­кетіміздің мәдени брэнді: ол Қазақстан­ның мәдени имиджін халық­аралық аренаға көтеріп, абы­ройы­мызды асқақ­татары шүбәсіз шындық. Сөзімізді ақиқат­пен дәйектер болсақ, Амандос Ақанаевтың шығармалары шет елдер мен ТМД-нің аса ірі мұражай­ларын­да, мем­лекеттік Тре­тья­ков галерея­сын­да, Мәскеудегі Шығыс елдерінің өнер мұра­жайларын­да, Қазақ­стан Республикасы мемлекеттік мұра­жа­йында, Астанадағы, Павлодардағы, Көк­ше­тау­дағы, АҚШ-тағы Балтимор өнер мұра­жайында, Испа­ния­дағы Вилафомес осы заманғы өнер мұра­жайында коллекция ретінде сақталуда. Сонымен бірге, оның суреттері жеке меншік коллекцияларда, ше­тел­дік фирма­ларда, белгілі мәдени қор­ларда – Америкада, Ұлыбританияда, Түр­кияда, Францияда, Қазақ­станда, Шве­ция­да, Ресейде, Бельгия­да, Гер­манияда, Лих­тенш­тейнде, Нор­ве­гияда, Үнді­станда жә­не  бас­қа да мемлекеттерде салта­нат құрып тұр. Оның шығармашылығы және қоғамдық қайраткерлігі бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталып, жарық көруде. Әртүрлі институттар, мәдениет және өнер саласындағы құрылымдар суретші еңбегіне үлкен ықылас білдіруде, көңіл қоюда. А.Ақанаевтың шығармашылығы жайында жинақтар шығарылып өткен ғасырдың жетпі­сінші жылдарынан бүгінгі уақытқа дейін көптеген талдау мақалалар жарық көрді. Қалай десек те, Ақанаев соңғы бес жылдың бедерінде “Ұлы елдің Тарандысы” жобасы арқылы Азиядағы ең үздік бес суретшінің қатарына көтерілді. Реті келіп тұрғанда дара шығармашылық иесі және қоғам қайраткері еліміздегі, Жетісу өңіріндегі көне қорғандарды көздің қара­шығындай сақтап, мемлекеттің қарауына алуға аз септігін тигізген жоқ. Оның өзіндік сурет­шілік дарыны, шеберлік дәрістері ЮНЕСКО аясында өткен, халықаралық бейнелеу өнерінің дамуына қатысты болған симпозиумдар мен алқалы жиындардың ажырамас бөлшегіне айналды. Қырық жылдан бері қылқаламы қолы­нан түспеген шебер суретші әлемдік бей­не­леу өнеріне өз үрдісін алып келді. Қазақ­стан­ның атын шығарды, қайталанбас туындылары­мен өнерді бағалайтындарды тәнті етті. Сан рет оның шығармашылығы туралы тамаша пікірлер салтанат құрды. Өнерге адал берілген кіршіксіз абырой иесі, қайраткер жан ұлттық бейнелеу өнерінің тайын тұлпар етті, ұлттық болмысын өз тілімен ұлықтады. Өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары бей­нелеу өнерінің есігін айқара ашқан жан өзі­нің көркем әлемін басы-аяғы бүтін бір дүниеге айналдырып, сөйлете алды. Сол кезде-ақ “Ә.Қастеевтің портреті”, “Шөп шабушы”, “Бұ­лақ”, “Олжас Сүлейменов” триптихі жас сурет­шіге танымалдылық әкелді, атын шығар­ды, өнертанушыларды елеңдетті. Енді, міне, қырық жылдан бері қылқаламы қолынан түспеген Ақанаев халықаралық, бүкілодақтық, республикалық көрмелердің бір де бірінен қалыс қалмай, ешкімге еліктемей, сұңғат өнердің тілімен көшпен­ділердің көркем шежіресін жасап келеді. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы. ______________________ Суреттерде: “Ұлы елдің Тарандысы” жобасының туындылары.