Сәрсенбі күні “2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындары ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ пен “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі келісімге қол қойылды.
Азия ойындары – Қазақстанның спорт тарихындағы ерекше оқиға. Өйткені, ол еліміздің спорттық менеджментінің тәжірибесін жетілдіріп қана қоймай, әлемдік ауқымдағы бет-бедерін арттырады. Оған қоса, отандық компаниялардың қадамын қарыштатып, олардың брэндін танымал ете түседі.
VІІ Қысқы Азия ойындарын өткізуді экономикалық тұрғыдан тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастыру комитеті 6 дәреже бойынша 43 демеушілік пакет талдады. “2010 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындары ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ-пен келісімнен кейін “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ 2011 Азиаданың бас демеушісі болатын болды.
“Тәжірибе көрсеткендей, халықаралық спорттық шараларда бірінші деңгейдегі негізгі пакеттерге ірі ұлттық компаниялар ие болады. Мәселен, Бейжің Олимпиадасында негізгі серіктес – “Sіnopec GNPC”, “Bank of Cһіna”, “Cһіna network”, “Cһіna mobіle” компаниялары болса, Сочиде өтетін Қысқы Олимпиялық ойындардың серіктестері – “Роснефть”, “Ростелеком”, “Сбербанк”, “Аэрофлот”, т.б.
“Самұрық-Қазына” қоры – ірі компания. Бұл компания ірі әлеуметтік жобаларды қолдауда мол жәрдемін тигізіп отыр. Соның ішінде VІІ Қысқы Азия ойындарын өткізбек”, – деп атап көрсетті 2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындары ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ президенті Анатөлі Құлназаров.
“Шешім қабылдау негізінде Азия ойындарының қазақстандық компанияларды әлемдік ауқымға бастайтын керемет мүмкіндігіне ерекше мән бердік. Бұл жағдайды мақсатты түрде пайдалануымыз қажет. Азия ойындары Азия рыногына ену жолындағы сенімді серіктестікке жол ашады, – деді “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ-тың басқарушы директоры – басқарма мүшесі Қайрат Әйтекенов.
Ұйымдастыру комитетінің демеушілік пакеті аясында “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ компаниясының брэндін алға жылжыту жолында Азия ойындарына дейін де, оны өткізу кезінде де кең көлемде қызмет көрсетілмек. Бас демеуші Азия ойындары өтетін барлық негізгі спорттық және қосалқы нысандар мен оқиғаға арналған нысандарға ерекше ықылас танытуда. Бұл пакеттің кереметтігі – алға жылжыған бағдарламаның кешенді әрі мақсатты болуы.
“Самұрық-Қазына” иелік еткен демеушілік пакет құны 3 млрд. теңгені құрайды. Демеушілік аясында бөлінген қаржы ұйымдастырушылық, техникалық және бет-бедер мәселесін шешуге бағытталмақ. Ұйымдастыру комитеті барлық спорттық нысандарға бірыңғай бақылау билеті жүйесін бекітуді жоспарлауда. Бұл жоспарға спорттық нысандарды инфрақұрылымдық жағынан жетілдіру де кіреді. Сондай-ақ, тесттік жарыс өткізу шығыны жабылып, ақпараттар таратылмақ.