Бокс
Жақында осыдан екі ай бұрын басталған Қазақстан Бокс федерациясының кубогы жолында өткен 1/8 финалдық жекпе-жектер аяқталды.
Қостанай қаласында осы айналымның соңғы кездесуі өткен айқаста жергілікті боксшылар Солтүстік Қазақстан командасын 8:2 есебімен жеңіске жетті.
Бұл кездесуде қостанайлық 75 кг. салмақтағы Антон Пинчук пен аса ауыр салмақтағы Иван Дычко жекпе-жектерін уақытынан бұрын аяқтады. Алғашқысы Нұрсұлтан Бәшімовті шаршы алаңда еш мүмкіндік бермей ұтса, Дычко Мехруз Әлиевті 5:0 есебімен әдемі жеңді. Ал Пинчук қарсыласынан екі соққы жіберіп алып, 10:2 есебімен ұтты. Мұның алдында және одан кейін болған айқастар да тартысты өтті. Мысалы, ең жеңіл 49 кг. салмақта күш сынасқан Дамир Жақыпов (Солтүстік Қазақстан облысы) пен Данияр Алпысбаев бір-біріне соққыларын аямай айқасты. Соның нәтижесінде алғашқысы 17:11 есебімен жеңсе, одан кейінгі 52 кг. салмақтағы кездесуде қостанайлық Евгений Гусевтің мысы қарсыласынан басым тұрды. Ол осы салмақта шаршы алаңда енді ғана танылып жүрген Әнуарбек Байжановты өзіне бір соққы жасатпай 10:0 есебімен ұтты. Бұдан кейін қостанайлық Закир Сафиуллин мен Герман Окуневтің (56 кг.) арасындағы кездесуде есеп 7:0 болып тіркелді.
Қысқасы, осы айқастарда қостанайлық команда 8 рет қарсыласын жерге қаратса, солтүстіктегі көршілестерінің тек екі жекпе-жекте ғана мерейі үстем болды. Оның біріншісі, жоғарыда айтқанымыздай, 49 кг. салмақта болса, екіншісі, 64 кг. салмақтағы Ерлан Смағұлов Мірболат Көпжасаровты 8:4 есебімен ұтқан кездесуде тіркелді. Ал осы күнгі шаршы алаңда ең көп соққы жасалған айқас Иван Захаренко (Солтүстік Қазақстан облысы) мен Нұрлан Нұрсейітовтің арасында өтті. Мұнда кездесу 26:3 есебімен соңғысының пайдасына шешілді.
Бұл күні қостанайлықтар қатарындағы Спартак Бақтияров (91 кг.), Ұлықбек Ғиязов (75 кг.) қарсыластарынан басым түсті. Дегенмен Солтүстік Қазақстан боксшыларының көбісінің жеңілгендеріне қарап, олардың шеберліктері төмен болды деп айта алмаймыз. Мұнда өз салмақтарында Жалғас Тортылов (69 кг.), Игорь Шанин (91 кг.) сынды былғары қолғап иелері барын салып күш сынасты.
Енді 1/8 финалда жеңген облыстардың командалары ширек финалда өзара кездеседі. Бұл жекпе-жектердің басы 18 қыркүйек күні Маңғыстау мен Атырау облыстары арасында басталады. Одан кейін 2 қазан күні шаршы алаңға Астана қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының өрендері көтеріледі. Ал Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстары арасындағы айқас 16 қазан күні өтсе, одан соң 30 қазанда Қарағанды мен Қостанай өңірлерінің командалары қолғап түйістіреді. Бұл бәсекеде жеңіске жеткендері жартылай финалға шығады. Ал 13 және 27 қараша күндері өтетін осы айналымда ұтқан командалар 16 желтоқсан күні Қазақстан Бокс федерациясының кубогы үшін финалдық кездесу өткізеді.
* * *
БҰРЫМДЫЛАР БАРБАДОСТА БАС ҚОСТЫ
Барбадоста бокстан әйелдер арасында әлем чемпионаты өтуде.
Бұрымдылар бәсекесіне Вадим Присяжнюк жаттықтыратын Қазақстан құрамасының бойжеткендері де бақ сынасуда. Оған құрама сапында Назгүл Боранбаева (48 кг.), Әйгерім Асқарова (51 кг.), Оксана Королева (54 кг.), Дина Жоламан (57 кг.), Гүлжан Үбниязова, Саида Хасенова (екеуі де 64 кг. ), Мөлдір Базарбаева (69 кг.), Дариға Шәкімова (75 кг.), Марина Вольнова (81 кг.) және аса ауыр салмақтағы Жұлдыз Маматқұлова қатысуда.
Естеріңізге сала кетсек, осылардың ішінде 2006 жылы өткен әлем чемпионатында Назгүл Боранбаева қола жүлдені жеңіп алса, екі жылдан кейін оның жетістігін Елена Кольцова қайталады. Ал биылғы Азия чемпионатында қыздарымыз Солтүстік Корея, Үндістан, Тайпей, Қытай, Вьетнам сияқты елдердің алдын орап, чемпион атанған болатын.
Барбадостағы бәсеке 18 қыркүйек күні аяқталады.
* * *
Күрес
ӘЗІРШЕ ҚОРЖЫНДА ЕКІ ҚОЛА
Осы күндері Мәскеу төрінде күрестің үш түрінен әлем чемпионаты өтуде.
Оған қатысып жатқан грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының қоржынына әзірше екі қола түсіп отыр. Алғашқы қоланы боз кілемге бірінші болып шыққан 60 кг. салмақтағы Алмат Кебісбаев жеңіп алса, одан кейін оның жетістігін аса ауыр салмақтағы Нұрмахан Тінәлиев қайталады. Осы белдесулерде Нұрмахан Италия мен Израиль балуандарын оңай ұтып, ширек финалда Афина Олимпиадасының чемпионы, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің екі дүркін чемпионы ресейлік Хасан Бароевті 3:1 есебімен жеңгеннен кейін 2008 жылғы Олимпиада чемпионы кубалық Лопес Нуньестен айласын асыра алмады. Дегенмен қола жүлде үшін күресте чехиялық Марек Свечті ұтты. Ал Алмат болса болгариялық Иво Ангеловтен басым түсті. Басқа кездесулерде 96 кг. салмақтағы Әсет Мәмбетов екі кездесу өткізіп, оның біріншісінде иорданиялық балуанды жеңсе, екіншісінде Олимпиада чемпионы ресейлік Асланбек Хуситовтен ұтылып қалды. Тағы бір үміт артқан балуанымыз 66 кг. салмақтағы Дархан Баяхметов те бірінші белдесуінде жеңіп, екіншісінде жеңілуге мәжбүр болды. Ал 84 кг. салмақта күрескен Алзахур Өздиев 1/8 финалда кубалық балуанды жеңгенімен ширек финалда түрік қарсыласынан айласын асыра алмады.
Дастан КЕНЖАЛИН.