• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
11 Қыркүйек, 2010

Тұран жолбарысы

1079 рет
көрсетілді

Сарғайған тарих парақтарына жүгінер болсақ, Қазақ елінің ер­теңі үшін толарсақтан саз кешіп, кеуделерін оқ пен найзаға төсеген небір айтулы тұлғалар болған. Со­ның бірі де бірегейі – “Тұран жол­барысы” атанып, ұлт рухын ас­қақтата көтеріп, қазақ тарихына есімі алтын әріппен жазылып қал­ған Жалаңтөс баһадүр бабамыз. Сонау 1990-жылдары Жалаңтөс баһадүр жайында алқалы жиындар­да айтыла бастаса, Елбасы 2001 жылы арнайы тапсырма беріп, Үкі­меттің бір емес, екі қаулысы шы­ға­ды. Сол жылы Жалаңтөс баһа­дүр­дің 425 жылдығы мен еліміз тәуелсіздігінің 10 жылдығы тұспа-тұс келіп, Қызылордада респуб­ли­калық ғылыми-теориялық конфе­рен­ция өтеді. Оған Манаш Қозы­баев бастаған белгілі ғалымдар қа­тысып, батыр бабамыз жайлы нақты деректерді көпшілік наза­ры­на салады. Сол конференцияда атақ­ты академиктің: “Жалаңтөс баһадүрсіз қазақ халқының тарихы болмайды”, дегені тектен-тек бол­маса керек. Қазақ елінің ғана емес, бүкіл түркі тарихының айбары да, айдары да осы Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы десек, артық айтқан­ды­ғымыз болмас. Иә, күні кеше, яғни отыз күн оразадан кейінгі айт мерекесінің алғашқы күні Сыр елі Жалаңтөс баһадүр рухын ұлықтап, Тұранның даңқты перзентін тұғырға қон­дыр­ды. Сөз орайы келгенде Жалаң­төс­тің өмірдерегіне сәл-пәл шегініс жа­сасақ, артық етпес. 1595 жылы Абдулла ханның құзырымен Бағдат қаласындағы Даналық үйі мекте­бі­нің тыңдаушысы болып қабылдан­ған Жалаңтөс ғылым-білімге, соғыс өнеріне ден қойған көзі ашық, көкі­регі ояу атпал азамат болып өседі. Ал 1604 жылы Жалаңтөс Бұ­хар хандығының бас қолбасшысы болып тағайындалады. 1611-1642 жылдары Қазақ еліне сыртқы жаулар шапқыншылық жасай бастады. Жалаңтөс 50 мың жауынгерін қарулармен қамтамасыз етіп, қан майданға аттанады. Осы соғыстарда Жалаңтөс 42 рет жекпе-жекте жеңіске жетіп, қаһарман қолбасшы ретінде есімі Орта Азия мен Еуропа елдеріне тарайды. Жалаңтөстің атағын әлемге әйгілі еткен аса ірі жеңісі оның егде тартқан жылдарының үлесіне тиеді. 1643 жылы Жетісу өңіріне жоң­ғар қалмақтары лап қояды. Салқам Жәңгірге Жалаңтөс баһа­дүр 20 мың жауын­гері­мен көмекке келіп, күші бірнеше есе басым жоңғар қалмақтарын ойсырата жеңіп, Жетісу жеріне тыныштық орнатады. Жалаңтөс баһадүр мемлекетті басқарумен, соғыс өнерін өркен­де­ту­мен ғана айналысып қоймай, сәу­лет өнеріне, оқу-білімге де ерек­ше назар аударған. Бабамыздың артында қалдырған өшпес мұрасы – Самарқан шаһарындағы ғажай­ып ғимараттар. Ол Самарқанды қай­та құру жұмысын Орталық Ре­гис­тан алаңын қалпына келтіруден бастаған. Әмір Темірдің немересі Ұлықбек салдырған медресенің қарсы алдынан Шер-Дор (Арыстан қақпа) медресесінің алғашқы кірпішін 1620 жылы қалаттырған Жалаңтөс құрылысты 1636 жылы тәмамдайды. Оның бастамасымен “Тілла-Қари” медресесі де салынған. Сөйтіп, Ре­гистан алаңындағы құрылыстарды толық аяқтап, оны үлкен бір ан­сам­бльге айналдырады. Бұл ан­самбль – бүгінде әлем жұртшы­лы­ғын қайран қалдырып отырған сәулет өнерінің інжу-маржаны. Ұлы бабамызды ұлықтауды мұ­рат тұтқан сырбойылықтар дүйім түркі әлеміне аты әйгілі қол­бас­шыға ескерткіш қойып, еліміздің перзентін тағы да паш етті. Жалпы құрылысқа 58,7 млн. теңге қаржы бөлініп, еңселі кешен 2 гектар аумақты алып жатыр. Сәулет туын­дысының бейнесі биіктігі 11,5 метрді құрайды. Тас тұғырдағы арғымақ мінген батыр бейнесіне қоса, қос қанатына қабырға орна­тылып, демалыс орындары мен жасыл алаңдар жасақталған. Сыр елінде Тұранның даңқты перзентінің тұғырға қонуы ескерт­кіштің ашылу салтанатына елі­міз­дің түкпір-түкпірінен келген дүйім жұртшылықтың көңіл күйін тасы­тып, батыр бабаға деген шексіз құрметтерін еселей түсті. Ескерткіштің ашылу салтана­тында алғашқы сөзді облыс әкімі Болатбек Қуандықов алды. Ол өз сөзінде Елбасымыздың тікелей бастамасымен жүзеге асып жатқан “Мәдени мұра” бағдарламасының қазақтың ұлт болып ұйысуына қызмет еткен тарлан тұлғаларды тірілткенін ерекше атап өтті. Мұнан соң сырбойылықтарға деген шексіз ризашылық сезімін жеткізу лебізін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, академик Кенжеғали Сағадиев жалғастырды. Ол өз сөзінде жаугершілік заманда ғұмыр кешіп, ерліктің теңдессіз ерен үлгісін көрсеткен бабаның қайраткерлігіне қатысты нақты деректер келтірді. Академик елі­міздің тәуелсіздік алған аз уақытта ұлы жетістіктерге қол жеткізгенін тілге тиек етіп, ТМД елдері ара­сын­да ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету құрметіне ие болғанын ерекше атап өтті. Жыл соңына қарай 55 мем­лекеттің басшылары Астанада бас қосып, әлемдік мәселелерді тал­қыламақ. Бұл Қазақстанның мәр­тебесін асқақтата түсетін киелі жиын болмақ. Салтанатты шараны сабақтаған “Жалаңтөс баһадүр” қоғамдық қо­рының төрағасы, еңбек ардагері Ыдырыс Қалиев мәңгілік тұғырдың ұрпақ игілігіне айналуына үлес қосқан барша азаматтарға, еліміздің түкпір-түкпірінен келген мейман­дарға батыр жұрағаттары атынан жүрекжарды лебізін жеткізді. Сонымен, еңселі ескерткіштің көгілдір лентасы қиылып, жібек жамылғысы ашылды. Алып тұғырда ауыздығын шайнаған арғымаққа мініп, оң қолын көтеріп, елді ерлік пен бірлікке шақырған Жалаңтөс бейнесінен өр рухтың асқақтығы сезіледі. Қысқасы, баһадүр батыр­лар мен орақ тілді ақындардың ордасы – Сыр елінің сәулеті тың туындымен толықты. Мерекелік шара Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік универси­теттің Студенттер сарайында “Жа­лаңтөс баһадүр” деректі фильмінің көрсетілімімен, “Тұран топырағы­ның даңқты перзенті – Жалаңтөс баһадүр” атты республикалық ғы­лы­ми-танымдық конференциямен жалғасты. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, академик Кен­жеғали Сағадиев бастаған ға­лымдар, халық қалаулылары, ақын-жазушылар, ардагерлер, еліміздің басқа аймақтарынан келген мей­мандар, БАҚ өкілдері қатысты. Ғылыми конференцияның ашылу салтанатында облыс әкімі Болатбек Қуандықов кіріспе сөз алып, батыр бабамыздың тарихтағы алар орнын зерттеп, зерделеуге ба­ғытталған конференция жұмысына сәттілігін жеткізді. Республикалық ғылыми-таным­дық конференцияда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті жанындағы “Қыпшақтану” орталығының директоры, ҚР Ұлт­тық ғылым академиясының ака­демигі, тарих ғылымдарының док­торы, профессор Болат Көмек­ов “Қазақстан тарихының проб­лемалары және Жалаңтөс батыр” деген тақырыпта баяндама жасады. – Бүгін күллі Қазақ елі, қазақ жері үшін тарихи күн, – деп баян­дамасын бастаған ол Жалаңтөстің тарихи тұлғасын ғылыми тұрғыдан сомдау, оның ғұмырындағы жұмбақ кезеңдерді ғылыми тұрғыдан әлі де айшықтау қажеттігін баса айтты. Сөз кезегі “Ұлт-азаттық қоз­ға­лыс: қазіргі Қазақстан тарихна­ма­сы­на жаңаша көзқарас” атты баян­дама жасау үшін Мемлекет та­рихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профес­сор Бүркітбай Аяғанға берілді. Батыр бабамыздың өмірдерегіне жан-жақты тоқталған баяндамашы өзінің ұсыныс-пікірлерін де айта кетті. Ол алдағы уақытта араб, пар­сы, шағатай, қытай қолжазбаларын да жинақтап, зерттеу қажеттігін ес­кертті. Ал Қазақ ұлттық универ­си­те­тінің профессоры, филология ғы­лымдары­ның докторы Өтеген Күмісбаев Жалаңтөс баһа­дүр бейнесінің поэзияда бейнеленуі жайлы айта келіп, батыр аты елі­міздің өзге аймақтарында да ай­шық­талса деген ұтымды ұсыныс­та­рын ортаға салды. Конференцияда сондай-ақ Мадрид университетінің профес­со­ры, тарих ғылымдарының кандида­ты Смат Өтениязовтың “Жалаңтөс баһадүр өмір сүрген заманның проблемалары” атты баяндамасы тыңдалды. Зерттеу деректері баба­мыздың батыр ғана емес, әрі ше­шен, әрі би, әрі сәулетші болғанын айғақтайды. Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты, белгілі жазушы Дү­кенбай Досжан, физика-математи­ка ғылымдарының докторы, ака­де­мик Асқар Жұмаділдаев сөз алып, әлі де тарих қойнауында қалған деректерді талмай іздестіру қажет екендіктерін айтты. Баһадүр бабамыздың есімін ұлықтауға арналған шара Қызыл­орда қаласының орталық алаңында жалғасты. Ораза айт мерекесімен орайлас келген баһадүр тойында Сыр өнерпаздары сазды әуендерді асқақтата салып, жұртшылықтың көңіл-күйлерін көкке көтере шал­қыт­ты. Той мұнан соң ақындар ай­тысымен, спортшылар сайысымен сабақтасып, самалаларға шомылған қаланың түнгі аспаны отшашу­лар­мен көмкерілді. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда.