Сіз не дейсіз?
Сарыала күз де келіп жетті. Енді біраз уақыттардан кейін солтүстіктің суығы да басталады. Қазіргі күннің өзінде бір күн салқын, бір күн жылы болып құбылып тұрғанда, қыстың қалай боларын кім білсін. Ауа райының осындай өзгерісінен-ақ қыс қыр астында деп білеміз. Облыс орталығында былтыр қыс ортасында апатты оқиғалар да орын алды.
Жалпы, облыс орталығының қысқа дайындық жұмыстарын ерте көктемнен бастап жаз бойы жүргізілгенін көшелер бойынан, аулалар ішінен, қала әкімдігінің коммуналдық шаруашылық басшыларын шақырып жиі өткізе бастаған отырыстарынан байқап, көріп жүрміз. Сонда қысы алты айға созылатын біздің облыс орталығының қысқы маусымға дайындығы қандай екен?
“Егемен Қазақстанның” Павлодар облысындағы тілшісі Фарида Бықай қала әкімі Бақытжан Жоламановқа:
– Сіз бұған не дейсіз?
– Жаңа өзіңіз айтып өткендей, қала әкімдігінде қазір күнде жиналыс десем де болады. Қыстың қамын қазірден қолға алып, дайындық жұмыстарын жедел қолға алмасақ, уақыттан ұтылып қаларымыз анық. Қаланың қысқа дайындығы жөнінде арнайы құрылған штаб отырысына барлық коммуналдық жүйе басшылары қатысады. Облыс орталығында жалпы 1314 тұрғын үй бар. Бұларға 200-ден астам кооператив қызмет көрсетеді. Тұрғын үйлерге, мектеп, аурухана, балабақша сияқты әлеуметтік нысандарға жылу беретін тораптар жүйесі жаз бойы сынақтардан өткізіліп, қыс маусымына әзір. Жоғарыда аталған тұрғын үйлердің 817 үйі де толығымен жылу маусымына дайын тұр. Әзірше, сондай бір қауіпті, аса күрделі мәселелер жоқ. Облыс орталығының Карл Маркс, Суворов, Павлов, Луначарский, Мир, Торайғыров көшелері бойындағы жылу жүйелері күрделі жөндеулерден өтуде, қыркүйектің соңына дейін аяқталады. Соңғы үш жыл бойы Лермонтов көшесі жаз айларында жабылды. Әбден шіріген құбырлар алынып, орнына заманауи жаңа құбырлар, аязға төзімді коллектор салынды. Сәуір айында басталған “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 281 миллион теңге бөлінген бұл шаруа енді алдағы қазан айында толығымен аяқталады. Бұл жерде 300-дей адам жұмыс жасауда. Апатты жағдай орын алған қаланың “Шаңырақ” мәдени орталығы маңында аязға шыдамай су құбырларының жарылғаны белгілі. Қазір бұл аралық қалпына келтірілді. Биыл облыс орталығының “Павлодар” жылу жүйелері АҚ-қа қарасты мекемелер жалпы ұзындығы 9 502,1 шаршы метрді құрайтын жылу жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алды, “Водоканал” серіктестігі жалпы ұзындығы 3360 шаршы метрді құрайтын су жүйелері құбырларын жөндеді. Қыс айларында қар тазалайтын қосымша 10 жаңа техника сатып алынды. Облыс орталығының қысқа дайындығы көңілдегідей, бұл шаралар күнделікті жұмыс кестесінен түспейді деуге болады.
Павлодар.