5-9 қыркүйекте Гаага қаласында (Нидерланд) “шекарадан өту” деген тақырыппен Прокурорлардың халықаралық ассоциациясының (ПХА) 15-ші конференциясы өтті. Конференция жұмысына халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес секторлар, академиялық орталар мен жеке адамдарды қосқанда 250 қатысушы мемлекеттің өкілдері атсалысты.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы алғашқы және бірден-бір прокурорлар ұйымы – ПХА-ның 1999 жылдан бері ұйымдық мүшесі болып табылады.
1995 жылы үкіметтік емес, бейсаяси ұйым ретінде танылған ПХА қазіргі уақытта әлемнің 130 елінің 1400-ден астам жеке және 129 ұйымдық мүшесін біріктіріп отыр.
ПХА-ның жыл сайынғы конференциясы әртүрлі елдердің прокуратура органдары үшін ұлтаралық қылмыспен күрестегі өзара іс-қимылдар мен ортақ көзқарастарды қалыптастыру жолында тиімді алаң болып табылады. Өткен конференция барысында адам саудасы, ұйымдасқан қылмыс, мүліктерді қайтару, өзара құқықтық көмек пен бой тасалап жүрген қылмыскерлерді өткеру сияқты мәселелер талқыланды.
ПХА-ның 15-ші конференциясына ҚР Бас Прокуроры Қайрат Мәми қатысып, ол “Бой тасалап жүрген қылмыскерлерді өткеру (экстрадиция)” тақырыбымен өткен 4-ші пленарлық сессияның спикері болды.
2011 жылғы қазан айында Астана қаласында ПХА-ның Орталық және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің 6-шы аймақтық конференциясының өткізілуіне байланысты Қ.Мәми осы елдердің өкілдерін аталған форумға қатысуға шақырды.
ҚР Бас Прокуроры пленарлық сессия мәжілістеріне қатыса жүріп Корея Республикасының Бас прокуроры Джунгью Киммен, Нидерланд Корольдігінің Әділет министрі Эрнст Хирш Баллинмен, Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотының судьясы Эгберт Майермен, ПХА-ның тағайындалған бас хатшысы Роланд де Крюкпен және Евроюст өкілімен кездесулер өткізді. ПХА-ның Бас кеңесшісі Элизабет Хоу ханыммен кездесу барысында 2011 жылдың қазанында Астана қаласында ПХА-ның 6-шы аймақтық конференциясын өткізуге дайындық мәселелері талқыланды, деп хабарлады Бас прокуратураның Халықаралық қатынастар департаменті.