• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Қыркүйек, 2010

Хас шебердің сөзі

692 рет
көрсетілді

Кітап көкжиегі Жуырда Алматыға жолым түсіп барға­ным­да, екі бірдей рухани тәбәрікке кенеліп қал­дым. Барша халықтың сүйіктісі Әзілхан Нұр­шайықов ағама сәлем бергенімде, қолтығыма екі сый кітабын қыстырып жіберіп, сол қуанышымды оқырмандармен бөліскім келіп отыр. Бірі – “Өмір өрнектері” әдеби күнде­ліктерінің екінші кітабы, Алматыдағы “Бас­тау” баспасынан шыққан. Екіншісі – Өс­кеменнің “Шығыс ақпарат” баспаханасынан жарық көрген “Өсиет өлеңдер” атты шығар­масы. Енді, бір демде оқылған сол кітаптар­дан алған әсеріммен бөліссем деймін. “Өмір өрнектерінің” екінші кітабының өзі кірпіш қалыңдығындай екен, 46 баспа табақ. Алдымен кез келген жерінен керіп оқыдым, со­сын сүзіп талғап, талмадым. Дәмі ауыздан кетпей тұр-ау! Осындай ләззатты шақта ерік­сізден еріксіз “Өмір өрнектері” әдеби күн­деліктерінің бірінші кітабы (“Өлке” баспасы, Алматы, 2000 ж.) еске түседі екен. Соның анно­тациясына үңіліп көрелікші: “Өмір өрнектері” – автордың ұзақ жылдар бойы қойын дәптерлеріне үзбей түсіріп отырған сан тарау ойларының жемісі. Алғашында үзік-үзік көрінетін қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, шағын әңгіме-диалогтар жинақтала келе оқырманға берер тағылымы мол дүниеге ай­на­­лады. Сонымен бірге, автордың осы са­ла­дағы қырық жылға жуық еңбегіне оның адам­гершілік пен азаматтықты, ерлік пен достық­ты мадақтайтын соңғы жылдарда жазылған естелік- эсселері кірді”. Осындай мән-мазмұн сипаттағы бірінші кітаптың қамтыған ара­лығы 1953-1986 жылдар. Тұп-тура 34 жыл! Енді 9 жыл бедерін қамтыған екінші кітаптың аннотациясына үңілгенімізде, бастапқысын­дай дәлме-дәл, қайталама сөз­дер­ге қанықтық. Тек жылдар өсіміне сәйкес­тендіріп, бірінші кітаптағы “қырық жылға жуық еңбегіне” де­ген сөз, “елу жылдан аса жа­зылған еңбегіне” деген анықтамамен байы­тылған екен. Әрине, орынды түсінік, һәм төте толықтыру. Сөз етіп отырған әдеби күнделіктердің екінші кітабы 1985-1999 жылдарды қамтыған. Оқырмандарда екіұшты ой болмас үшін аз ғана түсінік жасайық. Бірінші кітап 1986 жылмен аяқталса да екінші кітап 1985, 1986 жылдармен басталыпты. Яғни, осы екі жыл­дың алғашқы кітапқа енбей қалған тұстары тәптіштеліп жазылған ғой. Салыстырма көз­бен екшегенде, бұл да дұрыс шешім екен. Ал осы соңғы шыққан кітаптың 1999 жылға дей­інгі сегіз жылының ізі неге жоқтығын автор­дан сұрағанымда, Әзағаң “жоғалтып алып­пын” деп шарасыз кейіп танытты. Әрі қарай дендетіп сұрамадық... Уақыт бәріне сыншы ғой. Мүмкін үлкен жазушының өзіндік бүк­кен сыры бар ма екен, бәлкім... Бұл сөзді Әза­ғаңның өте мәттақам, ыждаһатты, өзінің ғана емес, өзгенің де жазғанын әспеттей біле­тін сирек қасиетіне сүйеніп айтып отырмыз. Сонымен, бұл әдеби күнделіктердің інжу-маржанынан әрегідік үзінділер келтіріп кө­ре­лік. “Мансапқорлық – адалдық пен әділ­дік­тің жауы, өзімшілдік – достық пен маха­бат­тың дұшпаны”. “Жалқаулық жанға қас, денсаулыққа зиян”. “Әр жұмыстың өз ырғағы болады. Ырғағынан шықпай, жүйелеп істеген жұмыс қана жанға жайлы тиеді”. “Адамды ерте қартайтатын сегіз сергелдең бар. Олар: жә­бір мен үрей, ашу мен ыза, қайғы мен са­ғы­ныш (зарығу), күншілдік пен өшпенділік”. “Қолда барға қанағаттана білу – бақыт”. “Кітабы көп үйде мың ақылшы, мың ұстаз тұрады”. “Азаматқа әділдік пен адалдық керек, ол екеуін қорғайтын күрескерлік қажет. Адалдықты ел алдында қорғап, қолдамасаң, ішіңде үнсіз жатқан әділдік кімге керек?”. “Ұзақ жыл бастық болсаң, ұлы да атанасың, ұры да атанасың. Шын бағаңды тақтан түс­кен­де ғана білесің”. “Нағыз рахатты адам сез­бейді. Ол – денің сау болып, дедектеп жұмыс істеп жүрген кезің”. “Құштарлық – құдіретті күш. Ғылым да, өнер де, махаббат та – құш­тарлықтың жемісі. Құштарланбайтын адам қоз­ғалмайтын таспен тең. Құштарлықсыз қы­зық жоқ”. “Шындыққа шідер сала ал­майсың. Шындыққа шыдар шідер жоқ”. “Өз тілін құр­мет­теген ғана, өзге тілдің қадірін түсінеді”, т.б. Әр жылдар жазбасы тек осы тектес қанат­ты сөздермен ғана шектелмейді. Бірінен бірі өтерлік шағын әңгіме-диалогтар, естелік-эссе­лер сан қырлы өмір мәнін аша түсуімен құн­ды. Осы тұста оқырмандарды қуантатын бір жәйт бар, автордың айтуынша, “Өмір өрнек­терінің” кезекті кітаптары баспадан әне-міне жарық көргелі жатқан сыңайлы. Ал әскери, тұрмыс күнделіктерінің тұсауы кесілетін кез де алыс емес сыңайлы. Осы қыста 88 жасқа келетін Әзағаң кей-кейде әзілдеп, “Жағдайы­мыз шалдарша ғой”,– деп жеңіл күлдірт­кенімен, нағыз жасқа тән қайратпен өндірте жұмыс істеп жатқанына қызыға түсеміз. Келесі сөздің арқауы – Ә.Нұршайы­қовтың “Өсиет өлеңдер” деп аталатын жыр жинағы. Бұл аса бағалы дүниені бүгінгі қоғам мен әлеумет өмірінің ғана емес, адам жандү­ниесінің өзгерістеріне үңілген, ізгілікке, жақ­сы­лыққа үндейтін, кейінгі жасқа бағыт-бағдар көрсете алатын, көркем сөзбен жазылған шығарма ретінде әбден қастерлеуге болады. Бір сөзбен түйіп айтсақ, бұл ұлағатты ғақлия­лар – өсиет, өнеге, лұғат үлгісінде жазылған дидактикалық жырлар жақұты тектес. “Өмір жайлы өзімше, Біраз ұйқас бастаймын. Олар­ды тек тізбелеу, Шеңберінен аспаймын”,– деп автордың өзі айтпақшы, кейінгі түйінін де өзі тастай ғып кесіп-пішіп қояды: “Оным өлең бола ма, Оған мүлде саспаймын. Оңды деген ойымды, Өз алдына тастаймын”. Баяғыда майданнан Жамбыл атасына өлең­мен хат жолдап, дуалы ауыз бабасынан бата алған Әзағаң тек қарасөздің ғана тайпа­лаған жорғасы емес екен, өлең сөздің де хас шебері болып қалыптасыпты. Сол тұжыры­мымызға осы “Өсиет өлеңдері” айқын куә. Балдай дәмі тіл үйіреді. Көз түскен жерден ғана ойып алып көрелікші: “Жұрт қызығар, ұмтылар, Байлық пенен атаққа. Ұрындырар адамды, Сол екеуі шатаққа”. “Ойға сүңгі, кі­тап сүз, Еңкей-дағы жерді түрт. Ине шаныш, шөп сындыр, Еңбегіңді көрсін жұрт”. “Бірақ атақ аз уақыт, Маздайды да өшеді. Ой шы­ғарған шығарма, Мәңгілікке көшеді”. “Қай­ғылылау болады, Өмірдің соңғы жартысы. Қажытады көңілді, Адамның талас-тартысы”. “Сауықшылық, құмарлық, Тыныштық жанға бермейді. Сенделтіп бәрі кеткен соң, Көңілді қайғы кернейді”. “Көп емес, азға керекті, Разы болсаң – сол бақыт. Өзіңнен өзге жан­дарды, Қуанта білсең әр уақыт!”. “Ойшыл жан­дар өнерпаз, Жеке бүтін санмен тең. Өзі­не өзі сенгендер, Қара ішінде ханмен тең”. “Есті, ойлы адамға, Көптің іші тар болар. Көп қыдырған кезбе шал, Құрметтеуге зар болар”. “Төніп келген қара бұлт, Төпелер деп қо­рықпа. Кетер оны жел қуып, Алдын ала то­рықпа”. “Жетем десең мұратқа, Тіршілікке тойымды. Бағындыра білгейсің, Дене, қимыл, ойыңды”. “Мақсат керек адамға, Мақсат биік шыңмен тең. Мақсат – мың бір емтихан, Тау­сылмайтын сынмен тең”. Осылайша ой-сананы нұрландырып, өмір мәнін ұғын­дыратын тамаша шумақтар соңына Әзағаң былайша тұжырым жасапты: “Өмірдің кейбір кездерін, Сізге сөз ғып ұсынған – Кешегі жас жауынгер, Бүгінгі қарт Әзілхан”. Сөз арасында Әзағаң бұл кітаптарды өз қаржысына шығарғанын айтып қалды. Тағы да бір-екі кітабын осындай жолмен бастыруға келісім-шартқа отырыпты... Бір өкініштісі, сол жақұт дүниелер мемлекеттік жаппай таралымға түспей, оқырмандарына жүйелі жетпей қалады-ау деген дүдәмал ой маза­сыздандырады. Өзінің “Мәңгілік махаббат жырын” үйінен саудалап жатқан Әзағаңда тыным жоқ бірақ. Келіп алады, алыстағылар алдын ала ақшасын жібереді де жазушы кітабын пошта арқылы салып, жүгіріп жүргені... “Бір ауыз ғибратты сөз шығару – маған редакторлық қызметтен қымбат”,– деп Әзағаңның өзі айтқандай, еңбегі жанғанының белгісі – оқырман ықыласы ерекше. ... Мына қос кітабының, кейін шыға­тын­дарының да таратылу дүрбелеңі көз алдымыз­ға көлбеңдеп-ақ тұрғаны. Қайтесіз, оқырманға кітап керек. Және қандай кітап? Кімнің кі­табы? Барша оқырмандарының жүрегін бау­ра­ған классик жазушы Әзілхан Нұршайы­қовтың шығармалары екендігін ескергенде, көңіл шырайланады, үміт ақталатындай! ... Бәрібір, ойланатын тұстар көп секілді. Қайсар ӘЛІМ.