• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Қыркүйек, 2010

Жүректе қалар есім

620 рет
көрсетілді

Өмір шіркін, қашанда өз де­генін істемей қоймайды екен. Қар­таймаймын десең де шашыңа ақ қырау түсіп, бет-аузыңды әжім тор­лағанын аңғармай да қаласың. Мәң­гі жасағым келеді деп қиял­да­ғаныңмен, сұм ажалдан қаша ал­май­сың. Бұл – адамзат үшін дә­лел­деуді қажет етпейтін ақиқат. Ол тек бір құдірет күші – Аллаға ғана мә­лім тылсым сыр. Алайда, халқыңа сүйікті, қа­дір­лі әрі адал қызмет іс­теп, ұлт болашағы үшін өмір сүрген ерекше азаматтың аяқ астынан ажал құшуы кімді де болса өкіндірмей қоймай­ды. Қазақ руханиятының көр­некті тұлғасы, қазақ шежі­ре­сінің тарихын бүтіндеп артына өш­пес із қалды­рып кеткен халқы­мыз­д­ың абзал аза­маты Ақселеу Сейдім­бек есімі ха­лық жүрегінде мәңгі қ­а­ла­ры­на еш­кімнің де күмәні бола қоймас. Өткен жылы қасиетті ораза айының Қадір түні өте салысымен, таңертең күллі қазақ жұртына Ақ­селеу ағаның қайтқаны жөнінде қаралы хабар тарап, жұрттың еңсесі түсіп қалған еді. Өткен сенбі күні, тура бір жыл­дан кейін Астананың №54 мек­теп-лицейінде халқымыздың қа­дір­лі азаматы, белгілі ғалым, этно­граф-жазушы, әрі журналист Ақ­се­леу Сейдімбек атындағы мемориал­дық мұражай ашылып, еске алу болды. Мұражайдың салтанатты ашы­луы­­­на қазақ руханиятының алдың­ғы шебінде жүрген ел ағалары мен аяулы жанның ұрпақтары, жора-жолдастары, мектеп ұстазда­ры мен оқушылар қатысты. Ғалым­ның өмірі жайлы көптеген естелік­тер айтылып, жастарға үлкен өнеге боларлық ғалымның ізгі адамгер­ші­лігі, халқына деген адал еңбегі мен сүйіспеншілігі жайлы сөз қозғалды. Мұражайдың ашылу рәсімінде сөз сөйлеген №54 мектеп-лицейінің директоры Ұмсын Нұржігітқызы: “Бүгінде елімізге белгілі ғалым, жа­зушы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Ақселеу Сланұлы Сейдім­бектің есімін Астанадағы №54 мек­теп-лицейге беру жөніндегі қала­лық мәс­лихаттың шешімі бар. Енді, осыған байланысты арнайы қаулы шыққан­нан кейін, біздің мекте­бі­мізге Ақселеу ағамыздың аты бе­рі­леді”, – деп жи­нал­ған көпшілікті бір қуантты. Мұ­ра­жайдың ашылуы осы ізгі істің тек бас­тамасы екен­­ді­гін атап өткен ол ақ жү­ректі аға­ның есімі осы мектепке бе­рілуі керек­ті­гін қалалық әкімдікке жеткізетінін айтты. Мемориалды мұражайға ғалым­ның жеке заттары, өз қолымен жасалған қобызы, домбырасы және шаңқобызы қойылып, жазушының шығармашылық өмірінен сыр шер­тетін фотосуреттер мен кітаптар көр­месі ұйымдастырылды. Ақселеу Сей­дімбектің қызметтік дүниел­е­рін де осы мұражайдан көруге бо­лады. Қабырғаға ілінген Ақселеу ағаның: “Көктегі күнге, жердегі елі­ме мейі­рімім қанбады” деп айт­қан бір ауыз сөзі адамның жанын ерекше тебірен­теді. Ал мұражайдың кіребе­рісіне орнатылған Ақселеу ағаның бюст үлгісіндегі ескерткіші де адамның сезіміне әсер етпей қоймайды. Мирза Фатали Ахундовтың: “Пат­­­риот – отанының мерейін үс­тем ету жолына, өз халқына деген сүйіспеншілігі жолында қолда ба­рын, өмірін аямайтын адам”, – деп айтқа­нындай, Ақселеу Сейдімбек на­ғыз елдің патриоты, ұлт мақта­нышы әрі жанашыры, халқымыз­дың ірі тұл­ғасы болып тарихтың бетінде, ұрпақ жүрегінде мәңгі қала бермек. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ. Суреттерді түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ.