Жақында футболдан Халықаралық статистика және тарих федерациясы клубтық командалардың әлемдік рейтингісін жариялады.
Мұнда “Ақтөбе” командасы тамыз айында тұрған 354 орыннан қыркүйек айында бірден 76 сатыға көтеріліп, 278 орынға жайғасты. Команданың қоржынында 75,5 ұпай бар.
Ал әлемдік рейтингінің алғашқы ондығында “Милан” (Италия), “Барселона” (Испания), “Бавария” (Германия), “Челси” (Англия), “Ливерпуль” (Англия), “Андерлехт” (Бельгия), “Атлетико” (Испания), “Вердер” (Германия), “Эстудианс” (Аргентина), “Интернасиональ” (Бразилия) командалары орналасқан.
“Ақтөбеден” кейін әр кездері халықаралық аренада көзге түскен мына командалар жайғасып отыр. “Лех” (Польша, 268), “Олимпия” (Парагвай, 272), “Херенвен” (Голландия, 272), “Баник” (Чехия, 282), “Парма” (Италия, 286), “Бари” (Италия, 286).
Бізбен Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде бір топта күш сынасып жатқан Түркия командаларына келсек, “Фенербахче” – 43, “Галатасарай” – 48, “Бешикташ” 52 орында тұр. Ал көршілес Өзбекстанның “Бунедкор” клубы 105 орында болса, “Пахтакор” 251 орынды иеленіп отыр.