• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Қыркүйек, 2010

Әріптестік көкжиегі кеңейе түседі

446 рет
көрсетілді

Кеше Сыртқы істер министрлігінде аталған ведомствоның ресми өкілі Асқар Абдрахмановтың қатысуымен брифинг өткізді. Онда жақын күндерге жоспарланған іс-шаралар мен оқиғалар жөнінде ақпарат берілді. Ресми өкілдің сөзіне қара­ған­да, 14 және 15 қыркүйекте Ук­раи­на Президенті Виктор Яну­ковичтің шақыруымен Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен бармақ. Қос мем­лекет басшыларының Киевте өте­тін келіссөздері барысында екі­жақты және көпжақты аяда Қазақстан мен Украина ара­сындағы ынтымақтастық мә­селелерін кеңейту жайы көзде­леді екен. Сондай-ақ, екіжақты құжаттарға қол қойылуы тиіс деп күтілуде көрінеді. Бұдан кейінгі кезекте ресми өкіл 15 және 16 қыркүйек күн­де­рі Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев Ыстамбұлда өтетін Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 10-шы мерей­той­лық саммитіне қатыса­тын­ды­ғын атап өтті. “Алдағы басқосу барысында түркітілдес елдердің көшбасшылары саммитке қа­ты­сушы мемлекеттер арасындағы қа­рым-қатынастарға қатысты бірқатар жағдайларды, ортақ қы­зығушылық туғызатын аймақтық және жаһандық проблемаларды, Түркі кеңесі Хатшылығын құру және басшылығын тағайындау мәселесін талқылайтын болады”, деді бұл турасында А.Абдрах­ма­нов. Тағы бір атап өтерлігі, атал­ған саммит аясында биылғы жыл­дың мамыр айында Түркия Президенті Абдулла Гүлдің Қа­зақстанға ресми сапары бары­сын­да Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астанада ашылған Түрі әлемі академиясының қызметі жөнінде пікір алмасу болмақ. Сонымен қатар, бұл келелі бас­қо­судың күн тәртібінде Түркі кеңесінің қамқорлығы аясында жаңа консультативті орган – Ақсақалдар кеңесін құру мәселесі көзделіп отырғанын да айтқан жөн. Саммит қорытындысы бой­ын­ша Ыстамбұл декларациясына қол қою жоспарлануда, деді А.Абдрахманов. Бұл күнгі брифингте сондай-ақ, 16 және 17 қыркүйекте Венада ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалығы мен Демократиялық институттар және адам құқық­тары бюросының бірлескен үйлестіруімен Ұйымға қатысушы мемлекеттерде электронды дау­ыс берудің қазіргі ахуалы мен келешегін талқылауға арналған сарапшылар семинары өтетіндігі айтылды. “Ал 16 және 17 қыркүйекте Әскери-саяси өлшемде ЕҚЫҰ мақ­саттарын іске асыру жөнін­де­гі іс-шаралар жоспарына сәйкес, Қазақстанның Қорғаныс ми­нистр­лігі мен Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының бірлесе үйлестіруі­мен Алматыда “Орталық Азия­да­ғы жеңіл және атыс қаруының заңсыз айналымымен күрес” та­қырыбында халықаралық семи­нар өткізіледі. Семинар бары­сында жеңіл және атыс қаруына қатысты импорттау, экспорттау, делдалдық қызмет, таңбалау және бақылаудың халықаралық стандарттары қарастырылады”, деді ресми өкіл өз сөзінде. Брифингте 17 қыркүйекте Мәскеуде өтетін ТМД Экономи­калық кеңесінің 47-ші басқосуы турасында да жан-жақты айтылды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.