Олимпиада, Азиада, әлем, Еуропа чемпионаттары мен басқа да халықаралық додаларда алаң иелеріне жарысты лайықты өткізу үшін шетелдік спортшылар мен қонақтарға керек кезінде кеңес беріп, көмек қолын созатын еріктілер сол жарысты өткізетін елдің бет-бедерінің бірі болып саналады.
Сол себептен арасында жас болса да, бас бола білетін еріктілер үшін жарыс кезінде жергілікті халықты жақсы қырынан көрсетуде жауапкершіліктің де артылатыны сөзсіз. Міне, осындай талаптар қазіргі күні қысқы Азия ойындары өтетін жарыстарда біздің еріктілердің алдына қойылып отыр. Осы орайда келесі жылы Азиаданың бел ортасында жүретін іні-қарындастарымыздың дайындығы жөнінде айтсақ, “VІІ қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөніндегі комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ олардың осынау бәсекеде өздеріне қолғабыс болып, шетелдіктерге кез келген уақытта көмек көрсету үшін қолда бар жағдайдың бәрін жасап жатқанын атап өткен жөн. Бұған жақында аталмыш мекемеде жастардың өз еркімен еріктілердің қатарына қосылып, елімізді, елдігімізді шетелдіктерге таныту үшін істеп жатқан жұмыстарына көз жеткіздік. Еріктілерді ұйымдастыру жұмысымен айналысатын “VІІ қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөніндегі комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ өкілі Сандуғаш Тәшімбетованың айтуынша, қазір Азиадаға тартылып жатқан жастар күн өткен сайын көбеюде. Солардың 95 пайызы оқу орындарының студенттері екен. Осы жерде біз Азиада жұмысына өз еркімен тартылған студенттердің кейбіреуімен кездесіп, әңгімеге тартқан едік. Әңгімелесіп, ой бөліскен студенттердің бәрі Астанадағы Д.Қонаев атындағы гуманитарлық колледждің студенттері.
Жолқұтты БЕКБАЛА: – Жанымда отырған Дәурен, Айдана үшеуміз бір колледжде оқимыз. Біздің осы жерге келуімізге себепші болған Никита мен Инесса деген дирекцияның мамандары. Ол екеуі бізге еріктілердің кім екенін, олардың Азиададағы міндеттері, еріктілердің жұмысы тегін әрі қызықты болатындарын айтып берді. Сөйтіп, осы жұмысқа бірден келістім. Біздің колледжде 100-ден астам еріктілер бар. Ал Еуразия университетінде естуімше, 400-ге жуық еріктілер бар көрінеді. Біз оқудан бос кезімізде жұмыс істейміз. Кейде оқытушылар оқудан да босатады. Қысқасы, бізге еріктілер жұмысы ұнайды.
Айдана НҰРАҚЫМОВА: – Бізге еріктілер жұмысы ұнайды. Өзім осы жерге сәуір айында келдім. Содан бері барлық іс-шараларға қатысып келемін. Астана күніне, Азиадаға арналған шаралардың ортасында жүрдім. Ағылшын тілін жетік білемін. Оны бес жасымнан үйрене бастадым. Қазір қытай және серб тілдерін үйреніп жүрмін. Тіл білген адам басқа халықтың жан-дүниесін де біле алады. Ал қысқы Азия ойындарында біз өз міндеттерімізді лайықты атқарып шығамыз деп ойлаймын. Ең бастысы, жарыс кезінде қысылмай-қымтырылмай кез келген адаммен жақсы тіл табысып, оған еліміздің барлық жақсы жақтарын көрсетіп жүруіміз керек.
Әке-шешем ерікті болуыма қарсы болған жоқ. Керісінше, олар мені қолдап жүр. Осы жылы біз бірнеше мәдени, спорттық шараларға қатысып, тәжірбиемізді жетілдіретін боламыз.
Дәурен ИСИН: – Бұл жұмысқа Айдана сияқты сәуір айында келдім. Біздің осы жұмысқа келуімізге Азиаданы ұйымдастыру жөніндегі комитеті дирекциясының маманы Никита мен Инесса себепші болды. Олар колледжге келіп, еріктілердің жұмыстарын айтып, бізді сендірді десе болады. Содан кейін ерікті болуға келістім. Әке-шешем де қарсы болған жоқ.
Ағылшын тілін жеті жасымнан білемін. Бала кезіңде үйренсең, өзіңе жақсы екен. Есейгенде де үйренуге болады, бірақ оған ниет және өзіңе талап қоя білуің керек. Енді жақын арада біз Алматыға барамыз. Сол жерде еріктілерге арналған семинар-кеңестерге қатысып, жергілікті әріптестерімізбен кездесеміз. Таныс-білістің артықтығы жоқ қой, бүгін болмаса ертең жолымыз бір түйісер.
Дастан КЕНЖАЛИН, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.