Бұл күндерде Бішкек көшелерінде сонадайдан көз тартқан көркем бильборд-плакаттар көбейе түскен. Қырғыз елінің саяси өміріне қайтадан қан жүгіріп, шырайланған түрі бар. Оның себебі, алдағы 10 қазанға белгіленген Қырғызстан Парламенті сайлауының аламан бәйгесі сөреден шығып, болашақ Парламенттегі орындардан дәмелі партиялардың үгіт-насихат жұмысын бастауға ресми түрде рұқсат етілді.
Сайлау алдындағы маңызды науқанды зор құлшыныс-жігермен белсенді бастап кеткен партияларға келер болсақ, елдегі 150 партияның 29-ы барлық рәсімді талаптардан өтіп, Орталық сайлау комиссиясында заңды түрде тіркелді. Комиссия төрағасы А.Фариев сайлау күні 2 миллион 700 мың сайлаушы дауыс беретінін айтуда. Нақ қазір мынау жеңеді деп, көп дауыс алады деп, жаңағы партиялардың ішінен біреуін даралап бөле-жара атау қиын. Десе де, “Мизамның темір қалқаны” деп заңдылық аясындағы іс-әрекетті ту еткен “Ар-Намыс”, “Атамекен”, “Ата жол”, “Ақсұңқар”, “Қырғызстанның социал-демократиялық” және басқа партиялардың ел ішіндегі танымалдығы да осы әзірден қылаң беріп қалғандай. Бұл партиялар адал, әділ һәм ашық күресті талап етіп отыр. Қазірден бастап билік орындарына, былайша айтқанда, “әкімшілік ресурс” дейтінді іске қосып, ала қойды бөле қырқатын болсаңыздар, ол Қырғыз елінің болашағын ойлағандыққа жатпайды” деп алдын-ала мәлімдеуде.
Сәуір айында бүліншілікке толы дүрбелеңді, маусымда Оштағы қайғылы оқиғаларды бастан кешкен Қырғыз елінде тыныштық пен келісімді қамтамасыз етіп, демократиялық қоғамды орнықтыратын жолдағы алғашқы маңызды қадамның бірі осы Парламент сайлауы болғалы отыр. Бұл сайлаудың тең құқықты және демократиялық стандарттарға сәйкес өтуіне халықаралық қоғамдастық та үлкен мән беруде.
Соған орай, Бішкекке арнайы жұмыс сапарымен келген Іс басындағы ЕҚЫҰ төрағасының арнайы өкілі, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов, БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Мирослав Еншемен, Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Пьер Морельмен және ЕҚЫҰ-ның жанжалдарды болдырмау жөніндегі орталығының жетекшісі Герберт Сальдермен бірлесе отырып, Қырғыз Республикасы билік орындарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді. Бұл кездесулерде республикадағы сайлау алдындағы жағдай кеңінен талқыланып, арнайы өкілдер өз тарапынан алдағы Парламент сайлауының ұйымшылдықпен әділ өтуінің маңыздылығын атап көрсетті. Олар сондай-ақ саяси партиялардың өкілдерімен кездесіп, оларды өзара толеранттылыққа және сайлау алдындағы науқанды жүргізу барысында өз бәсекелестеріне құрметпен қарауға шақырды. ЕҚЫҰ және оған мүше елдер, атап айтқанда, Қазақстан, Ресей, АҚШ, Түркия және басқалары Қырғызстан халқы мен үкіметіне қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету жолында, атап айтқанда демократиялық институттарды дамыта түсу үшін, адам құқығын қорғап, заңның үстемдігін нығайта түсу үшін өз қолдауы мен гуманитарлық және техникалық көмегін одан әрі жалғастыруда.
Ж.Кәрібжанов бастаған ЕҚЫҰ делегациясы Қырғызстанның өтпелі кезеңдегі президенті Роза Отунбаевамен кездесті. Қырғыз Республикасының басшысы алдағы сайлауды демократиялық талаптарға сай өткізу үшін бар күш-жігерді жұмсайтындықтарына сендірді. Сайлауға әзірлік және оны өткізу кезеңіне ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттары және адам құқығы жөніндегі бюросы тарапынан 300-ден астам бақылаушы келеді деп күтілуде.
Қорғанбек АМАНЖОЛ – Бішкектен.