Жақында Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған отырысы болып өтті. БҰҰ Бас Ассамблеясы 64-ші сессиясының президенті Али Треки шақырған отырыс 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде жариялау жөніндегі БҰҰ Бас Ассамблеясының өткен жылы қабылдаған қарарына сәйкес алғаш рет ұйымдастырылды.
Отырыстың жұмысына БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі келісім ұйымының Атқарушы хатшысы (ЯСЖТКҰ) Тибор Тот, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (МАГАТЭ) Бас директорының Нью-Йорктегі өкілі Джефри Шоу, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен институттардың өкілдері қатысты.
А.Треки құттықтау сөзбен отырысты аша келіп, қарусыздану мен таратпау саласындағы Қазақстанның жетекші рөлін атап көрсетті және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жабу жөніндегі шешіміне жоғары баға берді.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстан Президенті мен Үкіметіне қарусыздану ісіне қосқан зор үлестері үшін алғысын білдіріп, барлық мемлекеттерді біздің еліміздің үлгісін ұстануға шақырды. Ол өзінің ағымдағы жылы Семей полигонына жасаған сапары туралы баяндай отырып, Семей үміттің жарқын нышанына, ал Қазақстан ядролық қарудан бас тарта отырып және Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құруға өз үлесін қосу арқылы бейбітшілікті ядролық қарусыз да сақтауға болатындығын көрнекі түрде көрсеткендігін көлденең тартты.
ЯСЖТКҰ-ның Атқарушы хатшысы Тибор Тот өз баяндамасында мемлекеттің ядролық қарусыз қаншалықты баянды дамып және гүлдене алатындығына назар аударта отырып, әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартқан Қазақстан басшысының көреген саясатын атап өтті. Сонымен бірге, бұл іс-әрекеттердің өткен шақта ұмытылмай, керісінше қарусыздану саласындағы болашақ үдерістерде орасан зор рөл атқаратынын баса көрсетті.
МАГАТЭ Бас директорының өкілі Қазақстан Үкіметіне осы ұйыммен арадағы конструктивті және жемісті ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді.
Өз кезегінде Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың жоғары деңгейдегі отырыстың қатысушыларына арналған жолдауын оқып берді.
Ең алдымен, Қазақстан Республикасының атынан, Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орайластырылған бүгінгі арнайы отырыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына алғысымды білдіргім келеді. Бұл кездесудің өткізілуі мен сіздің, құрметті Али Треки мырза, оған қатысуыңыз БҰҰ қабылдаған қарар мен ядролық сынақтарға жаппай және түпкілікті тыйым салу мәселесінің орасан зор маңыздылығын қуаттайды, деп сөз бастаған Қ.Омаров одан әрі Қ.Саудабаевтың Жолдауына кезек берді.
Ядролық сынақтарға тыйым салу мәселесі ғаламдық қауіпсіздіктің өткір проблемалары арасында маңызды орын алатындығы күмәнсіз. Оның үстіне, 1991 жылы 29 тамызда өз Жарғысымен мәңгілікке әлемдегі ең ірі ядролық сынақ полигондарының бірін жабу арқылы бұл үдеріске алғаш және анағұрлым қомақты үлесін қосқан Қазақстан Республикасы мен оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты біз ерекше мақтаныш тұтамыз, делінген Жолдаудың басында.
Ядролық сынақтардың барлық қасіреттерін тартқан Қазақстан халқы үшін оларға толығымен тыйым салу мәселесінің ерекше мәні бар. 40 жылдың ішінде Семей полигонында 490 ядролық жарылыстар жасалды. Сынақтардың салдарынан бір жарым миллион адам зардап шегіп, кейбір Еуропа мемлекеттеріне тең келетін орасан зор территория радиациямен уланды. Осы күнге дейін біз бұл сынақтардың зардаптарын қатты сезінудеміз.
Қазақстанның бастамасымен Семей ядролық полигоны жабылғаннан кейін 18 жылдан соң БҰҰ Бас Ассамблеясының 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде жариялауы аса маңызды. Біз, БҰҰ-дағы Қазақстан бастамасын қолдаған, әсіресе, қарардың бірлескен авторлары болған елдердің барлығына шынайы алғысымызды білдіреміз.
Біз осы жылдың сәуір айында Қазақстанға жасаған өз сапарын бұрынғы Семей ядролық полигонының территориясын аралаудан бастаған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға үлкен ризашылығымызды жеткіземіз. Бұл әлемдік қоғамдастықтың қарусыздану мен ядролық сынақтарға тыйым салуға беретін мәнінің, ғаламдық ядролық қатерді төмендетуге бағытталған Қазақстан талпыныстарының айқын мойындалуының, сонымен бірге, біздің еліміз бен оның көшбасшысының ғаламшарды қауіпті қарудан азат ету үдерісіне қосқан үлесінің көрінісі болды.
Бұрынғы полигонның нақ ортасында БҰҰ Бас хатшысы әлемдік қоғамдастықты толықтай ядролық қарусыздану жолында қомақты жетістіктерге жетуге шешімді түрде шақырды. БҰҰ басшысы атап өткендей, ядролық қарудан бас тарта отырып және Семей полигонын жабу арқылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің айрықша көшбасшылығын танытты. Соның арқасында Семей полигоны ядролық қарусыздану мен ядролық қарусыз болашаққа деген үміттің нышанына айналды.
Және де Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы келісімге қол қою рәсімінің 2006 жылы Семейде өткізілуі кездейсоқ емес. Сол арқылы Қазақстан жеріндегі әскери атом тарихына нүкте қойылды. Ядролық қарудың үрейлі қуатын толықтай басынан өткерген аймақ мәңгілікке ядролық қарудан азат өңірге айналды.
26 тамызда Қазақстан елордасы Астанада Қазақстан Республикасы Үкіметі БҰҰ-мен біріге отырып, Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған “Семей – қайта жаңғырудан дамуға” атты халықаралық конференция өткізді. Біз бұл конференцияға қатысқан барлық халықаралық ұйымдардың жоғары шенді өкілдеріне, ҮЕҰ мен академиялық құрылымдардың өкілдеріне алғысымызды білдіреміз. Конференция қатысушыларына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун және ЮНЕСКО Бас директоры И.Бокова өз жолдауларын жіберді. Конференция қорытындылары бойынша оның қатысушыларының үндеуі қабылданды. Әлемнің басқа да елдерінде сан алуан акциялар өткізілді.
Алдағы жылы, полигонның жабылуының 20 жылдығына орай, Қазақстан бұл күнге арналған анағұрлым ауқымды іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні жыл сайынғы негізде әлемнің түкпір-түкпірінде ірі шаралармен атап өтілуі тиіс екендігіне нық сенімдімін. Осыған орай конференцияға қатысушыларды, әрқайсысы өз деңгейінде аталған қарардың жүзеге асырылуын нақты істермен қолдауға шақырамын. Бұл біздің ортақ қамымыз және ортақ мәселеміз.
29 тамыздағы қарардың қабылдануы – бұл біздің жаһандық ядролық қатерді бейтараптандыру мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі келісімнің іске асырылуына қосқан ортақ үлесіміз, делінеді одан әрі Жолдауда. 1996 жылдан бері келісімнің жүріп өткен жолы жеңіл болмады. Дегенмен, даусыз жетістіктер де бар. Бүгінгі таңда әлемнің 182 елі келісімге қосылып, 153-і келісімге қол қою жөніндегі мемлекетішілік процедураларды тәмамдады. Мұның бәрі үлкен істің бастауы болып табылады.
Біз, кейбір біршама ықпалды мемлекеттердің ЯСЖТК-ге қол қою мен оны ратификациялаудан тартынып отырғандықтарына өкінішімізді білдіреміз. Жағдайдың осылайша қалыптасуы ресми ядролық мемлекеттерге яролық қаруды одан әрі сынауға жол ашып, ал “шегіндегі” елдерге – өздерінің ядролық-зымыран бағдарлама жұмыстарын кедергісіз жалғастыруға мүмкіндік туғызуда.
Бүгін біз, ЯСЖТК-нің күшіне енуін шешетін мемлекеттерді барынша тезірек бұл аса маңызды құжатқа қол қоюға және ратификациялауға шақырамыз. ЯСЖТК-нің мейлінше жуық арада күшіне енуі барша адамзаттың қауіпсіздігіне келіп тірелетін маңызды құжат – Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімнің пәрменді түрде іске асуының басты бағыттарының біріне айналады.
Нақты түсіну қажет: әлемдік ядролық державалардың ядролық сынақтарды өткізуге ерікті мораторийді ұстануы – өте маңызды фактор, бірақ та ол жеткіліксіз және ЯСЖТК секілді заңды түрде міндеттеуші құжатқа балама бола алмайды.
Біз сондай-ақ бұл елдерді әлемдік қоғамдастық алдында өз жауапкершіліктерін танытып және таратпау режімінің белсенді қатысушылары – ядролық қарусыз елдермен бірігіп ядролық державалардың қолында ядролық қаруы жоқ мемлекеттерге қауіпсіздік кепілін беру жөніндегі халықаралық заңды түрде міндет артушы құжатты өңдеуді бастауға шақырамыз. Тек сол арқылы ғана біз кейбір елдерде орын алған ядролық қару қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады деген соқыр сенім мен одан туындаған бұл қаруды иемденуге ұмтылудың жолын кесе аламыз.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы жылдың сәуір айында Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ғаламдық саммитте нақты ұсыныс жасады: “Ядролық клубтың” ядролық қаруды қолданбау мен шабуыл жағдайында қорғаныс жөніндегі кепілдеріне айырбас ретінде қалған елдер экономикалық қиыншылықтардан басқа ештеңе әкелмейтін ядролық амбицияларынан бас тартулары тиіс”, деді Қазақстан басшысы.
Ядролық қарудан азат әлем – тек барлық елдердің күш-жігерлерін біріктірген жағдайда ғана шынайылыққа айналуы мүмкін. Қазақстан Президенті қазірден бастап барлық елдердің ядролық қарусыз әлем идеалдарына қадам-қадаммен жылжуына шешімділігін бекітетін Ядролық қарудан азат әлемнің жалпы декларациясын дайындауды қолға алуға шақырды.
29 тамыз – еске алу күні емес. Бұл әрекет ету күні. Және мен Қазақстан Республикасының атынан баршамызды ядролық сынақтар мен ядролық жарылыстардан азат әлемге жақындату үшін қолдан келгеннің барлығын аянбай істеуге шақырамын. Оған біздің күшіміз жететіндігіне толық сенімдімін. Тек бірге ғана біз қауіпсіз және жетілген әлемге жете аламыз, делінген. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Жолдауының соңында.
Ашық және мүдделі талқылау барысында Еуропалық Одақ атынан сөз алған Бельгия, Бразилия, Египет, Иран, Куба, Марокко, Жаңа Зеландия, Перу, Түркия, Украина, Филиппин, Оңтүстік Африка, Жапония секілді бірқатар БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің баяндамаларында атап өтілгендей, әлемдік қоғамдастықтың қарусыздану мен таратпау саласына қосқан үлесі мәселелері қарастырылды.
Сол күні БҰҰ штаб-пәтерінде БҰҰ жанындағы Қазақстан миссиясымен біріге отырып EastWest Іnstіtute ұйымдастыруымен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орайластырылған жоғары деңгейдегі жұмыс отырысы өтті. Қызу пікірталас барысында құрамында жоғары дәрежедегі БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері бар қатысушылар ЯСЖТК-ні белсенділендіруге бағытталған әлем ынтымақтастығының басымдықтары мен олардың одан әрі қарайғы қадамдарын қарастырды.
Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған іс-шаралар шеңберінде БҰҰ-ның арнайы веб-сайты ашылды. Онда Қазақстан Республикасының Президенті, БҰҰ Бас хатшысы, БҰҰ Бас Ассамблеясы Президенті, басқа да елдердің басшылары мен БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саясат ведомстволарының үндеулері орналастырылып, аталған күннің белгісі жасалды, сондай-ақ “Embrace a World Free of Nuclear weapons” (Ядролық қарудан азат әлемді шарпу) деректі фильмі дайындалды.
Бас Ассамблея отырысының қарсаңында БҰҰ штаб-пәтерінде ядролық сынақтардың салдарлары мен Семей полигонының жабылуына, сондай-ақ Хиросима мен Нагасаки қасіреттеріне арналған фотокөрменің ашылуы өтті.