• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
15 Қыркүйек, 2010

Өндіріс өркендесе, өңір де өрге басады

497 рет
көрсетілді

Кеше облысқа Премьер-Министр Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен келді. Сапар Ақсу қаласы мен облыс орталығындағы өндіріс орындарында үдемелі же­дел индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының орындалу барысына арналды. Үкімет басшы­сы сонымен қатар күні кеше ғана өрт шалған орман­ды алқаптарды тікұшақпен аралап көрген соң, Жабағылы ауылына келіп, өрт ке­зінде қаза тапқан ор­маншылардың отбасыларына кө­ңіл айтты. Одан соң орман шаруа­шылықтарына қатысы бар ведомстволар мен Шы­ғыс Қазақстан, Павлодар облыстары басшылығының қаты­суымен кеңес өткізді. Үкімет басшысы Кәрім Мәсі­мов бірден Ақсу ферроқорытпа зауытына келді. Жалпы өндіріс жайлы “Қазхром” АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Арман Есенжолов хабардар етті. Зауытта өндірілетін ферроқорытпаларды енді теңіз арқылы да, контейнерлермен де жөнелтудің мүмкіндіктері, сонымен бірге, зауыт цехтарында агломе­раттың қалай өндірілетіні, оның өндірістік технологиялық үдерісі туралы баяндады. Зауыт жылына 1,2 миллион тонна ферроқорытпа өндіреді. Орташа жалақылары 100 мың теңге көлеміндегі 7 мыңдай адам еңбек етуде. Үкімет басшысы былтыр да зауытта болып, жұмыс­шы­лармен кездесіп, №6 цехты ке­ліп көрген болатын. Осы цехтағы күрделі жөндеуден өткен №61 пешті іске қосқан еді. Өндіріс орны хром, кремнийлі және марганецті құй­ма­ларды өндіру жөніндегі әлемдегі жетекші металлургия кәсіпорын­дары­ның бірі болып табылады. Зауыттың құрамында жылына 500 мың тонна марганец өндіретін Қарағандының “Қазмарганец” кен орны да бар. Бұл күндері зауытта ИСО 14000 сапа көрсеткіші, қор­ша­ған ортаны қорғаудың OHSAS 18000 белгісі бар, еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті сақ­тау бағытындағы арнайы менед­жмент жүйелері жұмыс жасауда. Ферроқорытпа өндірісінің жаңа технологияларын әзірлеу және оны меңгеру, шикізаттық материал­дардың жаңа түрлерін сынауға ар­налған инженерлік-инновациялық орталық құрылды. Ол үшін 574 мың АҚШ доллары жұмсалды. Инженер мамандар Шұбаркөл кө­мі­рінің жануын сынақ-тәжірибеден өткізу арқылы кен орнының кө­мірін пайдаланудың инновациялық технологиясын жасап шықты. Сонымен бірге, Екібастұз көмірінен де жылына 100 мың тонна қуатпен кокс өндіретін пештердің құры­лы­сы аяқталды. Техникалық қайта жарақ­тан­дыру бағдарламасын іске асыру шеңберінде кәсіпорында қолданыс­тағы қуаттарды жаңғырту мақсатымен жыл сайын метал­лур­гия­лық пештер күрделі жөндеуден өтіп ке­леді. Биылғы жылы ферро-марганецтің сапасын жақ­сарту мақсаты­мен жылына қуаты 350 мың тонна аг­ло­мерат өндіретін цех іске қо­сылды. Қазіргі уа­қытта зауыт­та екі инвести­циялық жоба іске асырылуда: бірі қуаты 1 миллион тонна бо­ла­тын жоғары көміртекті фер­рохромды қайта өңдеу жөнін­дегі кешен болса, екіншісі зауыт өндірісін басқарудың ақпараттық жүйесі деп ата­лады. Бұдан кейін Кәрім Мәсімов зауыттың жылына 180-200 мың тонна жобалық қуатпен хром өндіретін №5 цехының құрылыс жобасымен танысты. Цехтан шыққаннан кейін Үкімет басшысы зауыт­тың орталық конференц залы­на келіп, экология және “Ауыз су” бағдарламасын іс­ке асыру мәселелері, жалпы, облыстағы үш қаланың би­ылғы қысқа дайындықтары жөнінде осы салаға қатысты басшылардың есебін тың­да­ды. Осы мәселелер жайлы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің басшысы Серік Нокин, Қоршаған ор­та­ны қорғау министрі Нұр­ғали Әшімов баяндап бер­ді. Ал жалпы, өңірдегі эко­ло­гиялық ахуал, ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету туралы облыс әкімі Бақыт­жан Сағынтаев хабардар етті. Ауылдардағы ауыз судың жағ­­дайын жақсарту үшін жылдар бойы әртүрлі бағдар­ламалар жасалып, қолға алын­ғанымен, баяғы жартас — сол жартас күйінде қалып келе жатыр. Мысалы, ауыз су­дың сапасы 337 ауылда са­ни­тарлық нормаларға сәйкес келгенімен, қалған ауылдар әлі күнге дейін таза суға қол жеткізе қойған жоқ. Бұл жай Ақсу және Екібастұз қала­ла­рының ауылдық аймақтарын­да, Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс, Качиры, Май және Павлодар аудандарында байқалады. Май және Ертіс аудандарын­да­ғы топтық су құбырын жүр­гізу мәселесі де жыл сайын айтылғанымен, нақты қолға алынбай келеді. Осы су құбырларын жасау үшін Ертіс ауданына республикалық бюджеттен 8 млрд., Май ауда­­нына 6 млрд. теңге қара­жат бөлініпті. Облыс әкімі бұл құбырларды тартуда жоба жа­саған кезден ойласты­рыл­маған тұстары болғанын, сон­дықтан бұл жобаны қазір бастап кету қиын түйінге ті­ре­ліп тұрғанын айтып өтті. Кәрім Мәсімов мәселені нақты зерттеп, анық-қаны­ғына жетіп барып, қолға алың­­дар, деп тапсырма бер­ді. Екінші айтылған мәселе – өндірістер дамуы та­биғаттың, қоршаған орта­ның тынысын тарылтпауы керек. Облыстағы өндіріс орындары “Қазхром”, “Қа­зақ­стан Алю­минийі”, “Қазақ­стан элек­тро­­лиз зауыты”, “Еуразиялық энергетикалық корпорация” сияқты зауыт­тар қоршаған ортаны қорғау жөнінде экологиялық саясат жүргізеді деуге болады. Зауыт­тардың айналасына көгалдандыру, көріктендіру жұмыстары жасалуда. Облыс әкімі Ба­қытжан Сағынтаев зауыттар атқарып жатқан осындай игі істерді баяндап өтті. Бірақ, кейбір кәсіп­орындар эколо­гияны қор­ғау­ға көп көңіл бөле бермейді. Екібастұздағы ГРЭС-1 стан­са­сының ауаға зиян келтір­гені үшін 17 мың теңге ғана айып тө­легені оған нақты мы­сал. Осы орайда Қоршаған ор­таны қорғау министрі Нұрғали Әшімов министрлік тарапынан эколо­гиялық бағыттарға ар­нал­ған жақсы істер жасалып жатқа­нын, өндіріс орындары қор­ша­ған ортаны қорғауға ар­найы қаражат бөліп, “Жа­сыл даму” бағдарламасы жү­зе­ге асырылып жатқандығын айтып өтті. Кеңесте табиғатқа зиян жасаушы өндіріс орын­да­рының өтемақылары әлем­дік көрсеткіштерге жақын­даулары керектігі, ол үшін экологиялық аудит, міндетті экологиялық сақтандыру жө­ніндегі экологиялық заңдар жүйесі бар екені айтылды. Бұдан кейін Кәрім Мә­сімов облыс орталығындағы өндіріс орындарының жұ­мыс­тарымен танысты. Облыс орталығындағы “Каустик” АҚ Павлодар химия зауы­тының негізінде құрылған. Жеке меншік өндіріс орны химиялық өнімдер шығаруды мақсат етіп отыр. Акцио­нерлік қоғамның директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Әмірханов инвестициялық жобаның іске асырылу ба­ры­сымен және кәсіпорынның “Қуаттылығы жылына 30 мың тонна болатын мембран­дық әдіспен хлор мен каус­тикалық сода өндірісін салу” жобасы туралы хабардар етті. Кәсіпорын жылына құты­ларға құйылған 12 мың тонна сұйық хлор ерітіндісін, 20918 тонна натрий гипохлоритін, 12 мың тонна тұрмыста қол­данылатын ағартқыш сұйық­тар өндіруді қолға алып отыр. Өндіріс орнында 400-дей адам еңбек етеді. Жобаның жалпы құны – 16,2 млрд. тең­ге. Өндіріске қажетті шикі­зат көздері облыс аума­ғындағы тұзды көлдер болып табылады. Кәсіпорын толық іске қосылғанда жылына 30 мың тонна каустикалық сода, 6,6 мың тонна натрий гипо­хлориті, 9,7 мың тонна хлор ерітінділері, 45 мың тонна тұз қышқылы өндіріледі. Жаңа жұмыс орындарының саны 120 адамға көбейеді. Зауыт биылғы желтоқсан айында іске қосылады. Зауыт аула­сын­да Үкімет басшысы өзін күтіп тұрған кәсіпкерлермен кездесіп, “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы және Кеден одағы құрыл­ғаннан кейінгі жағдай туралы олардың ой-пікірлерін білді. Кәрім Мәсімов бұдан кейін “Пав­лодар мұнай-химия зауыты” акционерлік қоғамында бол­ды. АҚ-тың бас директоры Данбай Шухрат кәсіпорын жұмысы мен оның даму ба­ғыттары жайлы хабардар етті. Мұнай мен газ өңдейтін кә­сіп­орын қазір мемлекет мен­шігіне өткен, автомобиль бен­зині, ТС-1 маркалы реак­тивті қозғалтқыштарға ар­налған отын, дизель отыны, қазандық отыны (мазут), мұн­ай коксы, құрылысқа, жол жөндеуге арналған би­тум, коммуналдық-тұрмыс­тық мақсаттағы газдар шы­ғарылады. Зауытта 4 мыңдай адам еңбек етеді. Орташа еңбекақы – 126 389 теңге. Зауыт мұнайды отын түрінде де қайта өңдейді. Биылғы бірінші жартыжылдықта 479,8 миллион теңгенің инвести­ция­лары игерілді. Сонымен қатар, октан көлемін жоға­рылататын N-метиланилин “Каскад” қосындысын енгізу кешені де өнеркәсіптік пай­да­лануға берілді. Қазір зауыт­та “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ пен “ЭНИ” атты италиялық ком­пания арасындағы ынты­мақтастық туралы келісім негізінде “Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғырту жобасының” техникалық-эко­номикалық негіздемесін әзірлеу жұмысы жүргізілуде. Зауыт мамандары кәсіп­орын­ды дамытудың 2010-2014 жыл­дарға арналған бағдар­ла­масын әзірлеген, ол Үкімет қаулысымен бекітілген мұ­найды қайта өңдеу зауытта­рын дамытудың кешенді жос­парын ескере отырып жаса­лыпты. Осыдан кейін Үкімет басшысы “Мұнайхимия LTD компаниясы” серіктестігіне кел­ді. Серіктестік директоры Ерлан Құсанов кәсіпорын жұмысы мен даму бағыттары және метил-үш-бутилді эфир, пропилен және полипро­пилен өндірісінің техноло­гия­лық үдерісі туралы хабар­дар етті. Зауыт 2005 жылы ашылды. Метил-үш-бутилді эфир мен пропилен және полипропилен өндіретін зауытта былтыр Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев болып, жаңа жобаға сәттілік тіледі. Қолға алынған жобаның қуа­ты жылына 20 мың тонна ме­тил бутильді эфир, 35 мың тонна пропилен мен 30 мың тонна полипропилен өндіруге жетеді. Серіктестікте 350 адам еңбек етеді. Жобаның құны – 5,5 млрд. теңге. Шикізат “Павлодар мұнай-химия зауы­­ты” АҚ арқылы сұйы­тыл­ған мұнай, газ түрінде жеткізі­леді. Өндірісті қалалардағы іске асырылып жатқан жаңа жо­балар үдерісімен танысқан­нан кейін Үкімет басшысы облыстық ішкі істер басқар­ма­сына кел­ді. Осы жерде қо­ғамдық қауіп­сіздікті қамтама­сыз ету және қылмысты азай­ту жө­нінде кеңес өтті. Жуыр­да ғана берілген Елбасы тап­сыр­масына орай қазір еліміз­де құқық қорғау органдары сала­сында реформа жүргізіліп жатқаны белгілі. Облыс әкімі Бақыт­жан Сағынтаев Үкімет бас­шы­сын жедел басқа­ру орта­лығының қызметі туралы ха­бардар етті. Жалпы, облыс бойынша қылмыспен күрес саласында жедел техни­калық құралдарды енгізу жө­нінен шаралар қабылдануда. Жедел басқару орталығы негізінде облыс орталығының көшеле­рінде және қоғамдық жерлер­дегі жағдайды тіркей­тін бейнебақылау камерала­ры­ның желісі құрылған. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 8 бейнебақылау камерасын сатып алуға қо­сымша қаражат бөлінді. Есірт­кі заттардың, психо­троп­ты және қатты әсер ете­тін заттардың заңсыз айна­лымы саласында өткен жылы 156 қылмыс, соның ішінде 107 есірткіні өткізу қылмысы тіркелді. Есірткі жеткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Облыстағы криминогенді ахуалды тұрақтандыруға ба­ғытталған жедел-алдын алу іс-шараларының “Іздестіру”, “Қару”, “Қалампыр”, “Тұр­мыс”,“Мигрант”, “Отбасы және мектеп”, сол сияқты “Қауіпсіз жол” іс-шаралары өткізілді. Осыдан кейін, Үкі­мет басшысы облыс орталы­ғын­дағы №122 қазақ балалар бақшасына келіп, кішкентай балдырғандармен жүздесті. Жүсіпбек Аймауытов атын­дағы облыстық қазақ музы­калы-драма театрына “Жол картасы” бағдарламасы бой­ын­ша жүргізіліп жатқан күр­делі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Ке­лесі кезекте осыдан екі жыл бұрын құрылысы басталған “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша ашыл­ған туберкулез ауруына қарсы диспансердің жаңа корпусында болып, дәрі­гер­лермен кездесті. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін іске асыру барысы жөнінде пікірлесті. Үкімет басшысы жұмыс сапарының қорытындысында өңірде көптеген істердің атқарылып жатқанын атап көрсетті. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы. Суреттерді түсірген  Валерий БУГАЕВ