Орақ –2010
Серіктестіктердегі серпін
Новомихайлов ауылдық округіне қарасты ірі агроқұрылымдар бірнешеу. Солардың біріне Нәбиолла Сағындықов жетекшілік етеді. Токарев селосында орналасқан “Хуландой” ЖШС-нің 50-ге тарта шаңырақты сүттей ұйытып отырған тірлігіне адам қызығады. Қамал бұзар кемел жасқа жеткен Нәбиолла осы өңірдің тумасы. Оның ел десе етбауыры елжіреп тұратын мінезін ауыл-аймақ тегіс қадірлейді. Жастайынан әке тәлімін алып өскен азамат мал дәрігері, бөлімше басқарушысы қызметтерін абыроймен атқарды. Экономикалық тоқырау кезінде шаруа қожалығын, кейін серіктестік құрып, бар қажыр-қайратын ауылдастарының игілігіне арнады. Аудандық мәслихаттың үш дүркін депутаты биыл 3,5 мың гектар алқапқа астық өсірді. Оның 2 мыңы бидай, қалғандары – арпа мен сұлы. Соңғы жылдары мал шаруашылығымен де айналыса бастады. Шаруашылықтың қарамағында 200-дей ірі қара малы, 100-ден аса жылқы бар. Осы салада жиырмаға жуық адам еңбек етеді. Біз егін танаптарына бармас бұрын ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігімен танысуды жөн көрдік. Олардың қай-қайсысы болсын өмірлерінің мәнді, тұрмыстарының сәнді екенін ризашылықпен айтады. Жер үлесін сеніп тапсырғандарға он пайыз пай беріледі. Шамамен отбасының бір мүшесіне 8 центнер бидайдан, 2 центнер арпадан келеді. Қарттар, көп балалы, аз қамтылған отбасылар жем-шөппен бірінші кезекте қамтамасыз етілген. Арпа мен бидай сабандары іле маяланып, қалағандарынша тасып берілуде.
Біз егіс басына ерте жетсек те, серіктестік жетекшісімен кездесе алмадық. Шаруа қамымен аудан орталығына жүріп кетіпті. Шаруашылықтың бас есепшісі Елена Кәрімова оның жоғын білдірмеді. Қажетті мәліметтерді алдымызға жайып салды. Деректерге әредік көз жүгіртіп қоямыз. Күзгі ораққа 8 “Есіл”, “Енисей” комбайндары, 2 “ЖВП-9,1” жаткасы жұмылдырылған. Дәнді дақылдардың 88 пайызы жиналып, әр гектардан 11,5 центнер өнім алынуда.
– Лизинг арқылы “Лидер-4” культиваторы мен 4 “МТЗ” тракторын сатып алып, қолымыз ұзарып қалды. Мемлекет көмегін аямай беріп жатыр. Оған рахмет, — дейді бас есепші есеп-қисабынан жаңылып қалмайын дегендей қолындағы блокнотқа үңілген күйі.
Ауыл іргесіндегі танаптардың егінін жинау аяқталуға жақын. Осында атжалдарды бастырып жүрген “Есіл” комбайнына Елена белгі беріп еді, тоқтай қалды. Штурвалдан түскен комбайншының шаршағаны еш білінбейді. Жарау аттай лыпып тұр. Ол өзін Александр Ластовец деп таныстырды.
– Қостанайда құрастырылған белоруссиялық техника қалай екен? – деп сұрап едік, тісі ақсиған күйі бас бармағын көрсетті. Елена қарындасымыз оның мақтауын әбден келістірді. “Ата Заңымыздың 15 жылдығы мерекесі күні 700 центнер астық бастырып, 22 мың теңге еңбеккүн тапқан батырымыз осы”. Негізгі мамандығы электр шебері болғанымен, 4 жылдан бері “қыр кемесінің” құлағында ойнап келеді. А.Петерс, В.Звягинцев секілді оның әріптестері де озаттар қатарында. Александрдың анасымен де танысудың сәті түсті. 8 жылдан бері қос басында мінсіз қызмет етіп келе жатқан Валентина апайдың пісірген асы дәмділігімен тіл үйіреді. Тәжірибелі аспаз комбайншы-механизаторларды ыстық тағаммен қамтамасыз етуді өз міндетіне алған.
Бидай алқабы көздің жауын алады. Тымық күндері сап-сары масақтар бастарын иіп сәлемдескендей болса, майда жел соқса жағалауға асыққан теңіз толқынына ұқсап кетеді. Шаруашылық биыл бидайдың “Омбы-35”, “Астана”, “Светланка”, арпаның “Кедр”, сұлының “Мирный” сұрыптарын егіпті. Таңдаудан қателеспегені байқалады. Гектар берекесі 13 центнерден айналып жатса, қалай ғана қуанбассың. Былтырғыға қарағанда астық сапасы да анағұрлым жоғары.
Біз уақытпен санаспай еңбек етіп жатқан диқандардың ерен қимылына риза болып аттандық.
Қырманда қызу қарбалас
“Мәмбетов және К” командиттік серіктестігіне қарасты Бексейіт бөлімшесінің басқарушысы, “Отан” орденінің иегері Арыстан Жүнісовті де табу оңайға соққан жоқ. Жайшылықта тыным таппайтын еңбекқор жан жиын-теріннің нағыз қызған сәтінде оңайлықпен ұстата қояр ма? Ұялы телефонын қайта-қайта қоңыраулатып, іздеу салып келеміз. Бір байланысқанымызда “Міңгесер ауылының оң жақ беткейінде егін шауып жатырмыз. Тез келмесеңіздер тағы кетіп қалуым мүмкін” деп сөз аяғын әзілге бұрды. Тез-ақ жеттік. Алқаптағы техникалардың көптігін көріп таңданысымызды жасыра алмадық. Соны сезді білем “ақырғы еңбек аккордтары” деп ақырын ғана жымиып қойды. Бөлімше 9 мың гектар жердің астығын түгелге жуық жинап алыпты. Шығымдылық 17,5 центнерден айналыпты. Серіктестіктің “Вектор”, “Енисей”, “Агрос”, “Есіл” маркалы 14 комбайны соңғы дестелерді бастыруға қызу кіріскен. Амантай Қаражұманов, Жәнібек Ысмайылов, Аманғали Мұстафин, тағы басқа комбайншылар қырманға 5-7 мың центнерден алтын дән жөнелтіпті. Серіктестіктің бас агрономы Батыржан Сауытбаев астықты жинауда негізінен дестеге түсіру әдісі қолданылғанын, 36 комбайнның, 10 тіркемелі кең алымды жатканың қатысып жүргенін әңгімеледі. Комбайн паркінің 80 пайызы жаңартылып, игілігін көрудеміз. Гектар берекелігін 15 центнерге жеткізсек деген үмітіміз бар, дейді бас агроном.
Агроқұрылымның директоры Константин Мишеневті қырман басында кездестірдік. Мұнда күніне 14-15 мың центнер астық тазалайтын 5 механикалық қырман үздіксіз жұмыс істеп тұр. Тәулігіне 360-380 тонна дән кептіретін қондырғы іске қосылыпты. Бидайдың ылғалдылығы 12-14 пайыздан аспайды. Балуыздығы 28-30-ды құрайды. Механикалық қырманда 70 адам екі ауысымда еңбек етеді. Николай Данильченко, Қайырбай Жүсіпов секілді жүргізушілер элеваторға күніне 70-90 тоннаға дейін астық жеткізуде. Екі тіркемелі қорабы бар “К-700” тракторының жүргізушісі Қозыбай Шамғановты әңгімеге әзер иліктірдік. Астық даласынан қырманға астық тасымалдайтын оның асығатын жөнін Константин Савельевич айтып берді. Ол кеше 11 мың теңге табыс тапқан. Бүгінгідей қимылмен одан да асып түсетін мүмкіндігі бар көрінеді.
– Комбайншылардың еңбекақысы бұдан 2-2,5 есе көп. Нағыз еңбек солардікі. Науқан кезінде 300-600 мың теңгеге дейін жалақы алатындар бар. Күзгі ораққа 350-дей адам тартылған. Оларды 3 мезгіл тамақтандырамыз. Тамақ құнының 10 пайызын ғана төлейді. Кей егіс алқаптары алыста. Сондықтан астық тасымалдауда кідіріске жол берілмеуін жан-жақты ойластырдық. Бұл іске 31 техниканы қойып отырмыз. Жинақтаушы қораптарды пайдаланудамыз. Астықты Мамлют және Кондратов элеваторларына тапсырудамыз. Іркіліс жоқ. Ендігі міндет келер жылдың өніміне берік негіз қалау. Серіктестік элиталы тұқым өсірумен де айналысады. Бүгін Ақмола облысының агроқұрылым жетекшілері 400 тонна тұқым алуға келісім-шарт жасасып кетті. Сатып алушылар қатарының молаятын түрі бар. Биыл 8 миллион теңгенің жәрдемақысын алып, әр гектарға 50 килодан минералды тыңайтқыш сіңірдік. Жыл сайын 6-7 мың гектар жерді парға қалдырамыз. АҚШ ғалымдары алдағы 2-3 жылда қуаңшылық болады деп болжам жасап отыр. “Сақтықта қорлық жоқ” демекші, табиғаттың тосын мінездеріне осы бастан дайын болуымыз керек. Елбасымыз облыста болған жұмыс сапарында осы мәселеге айрықша көңіл бөліп, ауа райының қандай күрделі жадайына қарамастан, өнімділікті кемітпеу міндеттерін атап көрсеткен еді. Барлық іс-әрекетімізді осы мақсатқа үйлестіріп жатырмыз. Ылғал сақтау технологиясы мен 3 танапты ауыспалы егіс жүйесін кеңінен қолданып, парды барынша мол қалдырсақ, Президент айтқан 10-15 центнер орташа өнімділікті қуаңшылық жылдары да қалыпты үрдіске айналдыра аларымыз анық, деп агроқұрылым басшысы агроном-ғалым ретінде әріден ой толғай сөйледі.
Біз қайтар жолда Бексейіт ауылына соғып, қысқа әзірлігін көре кеттік. Үй басына 3 тоннадан шөп таратылыпты. Отын жеткілікті үйілген. Арпа, бидай сабаны тегін үлестірілуде. Науқан аяқталғаннан кейін жемазық таратылады. Оның әр тоннасы 3-4 мың теңге мөлшерінде ғана. Тазаланған қарақұмық жергілікті тұрғындарға арзан бағаға сатылады.
Ауылдан шыға бергенімізде Арыстан Жүнісовтің ұялы телефоны безек қағып қоя берді. Ол бізбен егін орағын аяқтағаны туралы қуанышты хабарды бөлісуге асыққанын жеткізді.
Нұрсайын Әбу-ШӘРІП, журналист,
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы,
Мамлют ауданы.