• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
17 Қыркүйек, 2010

Заңгер

1100 рет
көрсетілді

“Әділеттің жолын қу, шыншыл бол...” Жүсіп Баласағұни. Жасыл желек жамылған ағаштардың сап-сары түске ене бастаған жылдың осы бір маусымын Мұхамеджан ерекше ұнатады. Орыстың ұлы шайыры Пушкиннің алтын күзді не үшін ұнатқанын кім білсін, ал Мұхаң күздің мол ырыс әкелетінін әрі өзінің еңбек жолын бастаған сәті болғандықтан жанына жақын тартады. Ол осыдан 60 жыл бұрын Қызылорда облысы Жа­ңақорған ауданының Бірлік кентінде көп балалы ата-ананың отбасында дүниеге келген. Үш ұл, төрт қыз тәр­биелеп өсір­ген әке-шешесі ауылды былай қойып, өңірге сыйлы жандар еді. Әкесі Ахмедия мен анасы Әсия талап қойғыш, бала­ларына дұрыс тәрбие беруге ерекше көңіл бөлетін прин­ципшіл жандар болатын. Ахмедия қария­ның мамандығы заңгер, ұзақ жылдар кеңес-партия с­а­ла­сында қызмет атқарып, көпті көрген азамат бол­ған­дықтан Мұхамеджанның заңгерлікті ме­ң­­геруіне жөн сіл­теген. Ақыры пысық та көпшіл, қарапайым, ізеттігі мен достарына деген адалдығы сезіліп тұратын Мұ­­­хамеджан Пақырдінов С.М. Киров ат­ындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факуль­те­тіне оқуға түсіп, оны 1973 жылы ойдағыдай аяқтады. Сол жылдың өзі ұнататын күзінде 23 жастағы балаң жі­­гіт Алматы қаласындағы Фрунзе ауданы проку­ра­турасының тергеушісі қызметіне орнала­сады. Астананы бы­лай қойып аудандардан қызмет тауып алудың өзі қиямет са­­налатын кезде Мұхаң­­­ның астана төрінен бірақ шығуы өзінің іскерлігіне байланысты болса керек. Жоғары оқу орнында білім алып жүрген кезде қоғамдық жұмыстардың бел орта­сынан көрінетін, оқудың ара­сын­да уақыт тауып, аудандық прокуратураға жиі баратын аза­матты ондағылар та­нып, оның қарымын байқаса ке­рек. Астана болған соң бір миллионға жуық тұр­­ғы­ны бар жерде қылмыс та көбірек орын ала­тыны бел­гілі. Алғашқы тапсыр­­ма әлі күнге есінде. Әлдебір ме­ке­менің басшысы бір адамды қызметтен заңсыз босатып жі­­бер­ген көрінеді. Мәселенің анық-қанығын зерттеу оңай­­ға түс­кен жоқ. Алайда алған бетінен қайтпайтын жас жігіт сол азаматтың құқы­ғын қорғап, қайта­дан жұмысқа қа­­былдат­тыр­­ды. Аяқ астынан зәбір көрген азамат­тың өзіне қай­та-қай­та алғыс айтып, көзіне жас алғаны есінде қалып қойыпты. Фрунзе ауданы прокуратурасының тергеушісі қызметінде Мұхаң үш жыл қызмет етті. Сол үш жыл құлашты сермеуге таршылық етсе де, жас заң­­гер Жүсіп Баласағұнидың “ Әділеттің жолын қу, шын­­шыл бол” деген сөзінің өміршеңдігіне көз жет­кізгендей болды. Осы уақыт ішінде оның алдына зәбір көріп, тағдыр тауқыметін тартқан талай жан­дар келді. Әр адамның тағдыры әрқилы дегендей, оны терең зерттеп, неліктен қиянат шекті деген сауалға жауап қайтару оңайға тимеді. Алайда, үш жыл ішінде тәжірибесін шыңдап алған М.Па­қыр­­ді­новтің қызметі жоғарылап, Алматы қаласы про­ку­­ратурасының аға тергеушісі болып жұмысқа кірісті. Қариялардың “өмір-өзен” деп айтып отыратынын Мұхаң жас кезінде жиі еститін, ойға қалатын. Бірақ сол сөздің философиясына мән бермеген екен. Адамның өмірі бейнебір ағып жатқан өзенге ұқсас. Оның соқпағы мен бұралаңы адамды адастырып кетуі де ғажап емес. Кейде сүрінесің, кейде қадамың сәтті болып, алға қарай батыл адымдай бересің. Мұхаң сан мәрте бұған көз жеткізіп, өмір өзен екенін, оның үйрететіні де, тәлім-тәрбиесі де мол екенін бастан кешірді. Аға тергеуші қыз­метінде жүргенде талай адамның тағдырына жауапкер­шілікпен қарап, мәселенің оң шешім табуына ықпал жасады. Орынсыз зәбір көрген жандардың құқығын қор­ғау үшін сан рет бастықтарымен сөзге келіп қал­­ғаны есінде. Үлкен қаланың тір­ші­лігі бұрқ-сарқ жалғасып жата­ды. Алматы болған соң қыл­мыс та жиі жасалады. Аға тергеу­ші болған соң оған үнемі шешуі күр­делі қиын істер тапсырылды. Ал істі бастаған екенсің, оны ақы­ры­на дейін жеткізіп, әділ шешіміңді айтқан орынды. Еңбек сүйгіш, үне­мі ізденісте жүретін азамат өз ма­мандығының қыр-сырын ос­ында жүргенде біршама терең мең­геріп алды. Талай күрделі істерді ақырына дейін жеткізе білді. 1976 жылы ол Алматы қаласындағы прокуратура қызметкерлерінің ішінде “Ең үздік тер­геуші” атағына ие болды. Әлі есінде, сол жылы жас тергеушіге аса бір күрделі де қиын істі жүргізу тапсырылды. Ұйқысыз күндер мен түндер жалғасты. Мем­­лекет қаржысын талан-таражға салған адамдарды әшкерелеу оңай болмады. Ақыры бұл қылмыстың да шешімін таба білген Мұхаңды сол кезде Алматы қалалық соты­ның төрағасы Б.Махметов іскерлігі мен қайсарлығы үшін сыйлап, қызметке шақырады. 1977 жылдың маусымында М. Пақырдінов Алматы қалалық сотының мүшесіне сайланады. Қысқа мерзімде ол тәжірибелі судьялармен қоян-қолтық ынтымақпен қызмет етіп, әділеттің ақ жолын орна­туға ерекше үлес қосады. Жас болса да құқық қор­ғау саласының қыр-сы­рын жетік меңгерген М.Па­қырдінов небәрі 30 жа­сында еліміздің тарихында бірінші болып Жоғарғы Сот­т­ың ең жас мүшесі болып сайланады. Бұл жауапты қыз­метте болған төрт-бес жылда талай күрделі қылмыстық істердің оң шешілуіне ықпал жасайды. Еліміздің облыс орталықтары мен ірі қалаларында да аса жа­­уапты қылмыстық істердің ашылуына мұрындық болады. Бірыңғай прокуратура және сот саласында қызмет етіп, төселіп қалған азаматқа Жоғарғы Соттағы мерзімі аяқталған соң Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі, Алматы қаласы Октябрь ауданы заң кеңесінің меңгерушісі қызметін атқару қиынға соқпаса да, оған көндігу оңай болмады. 1986 жылдан бастап ол Жамбыл қаласы Зауыт ауданы прокурорының көмекшісі, Жамбыл қаласы Орталық ауданы прокурорының орын­басары, Алматы қаласы Совет ауданы проку­­ро­рының орынбасары, Алматы қаласы проку­рат­у­­расының жалпы қадағалау бөлімінің бастығы, Талғар ауданының прокуроры, Алматы облысы прокурорының орын­ба­сары, Батыс Қазақстан облысының прокуроры қызметі сияқты баспал­дақ­тардан өтті. Барлық жерде де өзін жақсы қырымен таныта білді. Өзіне сеніп жүктелген қызметті ірі-кіші демей, барлығына да жау­апкершілікпен қараған азаматтың іскерлігі мен қабілетіне көпшілік жоғары баға беріп келді. 2000 жылдың сәуірі болатын. Мұхамеджан Ах­ме­дияұлы Пақырдінов Шы­­ғыс Қазақстан облы­сының прокуроры қыз­ме­тіне тағай­ындалған соң, қа­тар оқыған азаматты құттықтап бардық. Қа­з­­­МУ-ді бітірге­ні­мізге 27 жыл өтіп кетсе де заман­дастар бір-бірін ұм­ыт­папты. Кенді Алтайдың адамдары, табиғаты жайлы құрдасымыз талай жылы пікірлерді ортаға салды. Алайда, Мұхаңды алаңдататын жайлар бар си­яқ­ты. Шығыс Қазақстан облысы қылмыс жасау жө­нінен елі­мізде алдыңғы орынды ешкімге бер­мейтіні белгілі. Құ­ры­ғанда екінші орында немесе көш басында. Өкінішті-ақ. Мұхамеджан Ахме­дия­­ұлы облыс прокуроры қызметінде тоғыз-ақ ай бол­са да талай күрделі істердің әділ атқаруына бас­­­шы­лық жасады. Өзендер өрнектеген Өскеменнің эко­логиясы күрделі. Қоршаған ортаны аяусыз бүлдіріп жатқан ірі кәсіпорындар басшыларына да қатаң шара қолданғанына көз жеткізгенбіз. Тоғыз ай­дан кейін Мұхаң қызмет бабымен Жамбыл облысының прокуроры болып ауысты. Прокуратура саласында 21 жыл абыроймен қызмет атқарған аза­­маттың іскерлігі мен қабілеті бағаланып, ҚР Бас про­курорының бұйрығымен сан мәрте марапат­талды. 2001 жылдың желтоқсанында Елбасы Нұр­­сұл­тан Назарбаевтың Жарлығымен оған үшінші сы­ныпты мемлекеттік заң кеңесшісі деген атақ берілді. М.Пақырдінов Қазақстан Рес­публикасы Пре­зиденті Әкімшіл­і­гінің Мемлекеттік құқық бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚР Президенті Әкім­шілігі Мемлекеттік құқық басқармасы сот жүйесі мә­селелері бөлімінің меңгерушісі қыз­метт­ерін де абыроймен атқарып, елі­міздегі құқық қорғау саласын­дағы реформалардың жүйелі жүр­гізілуіне ықпал жасады. Біліктілігі мен білімі зор іскер азаматты 2004 жылдың сәуірінде Қарағанды об­лы­с­­тық сотының төрағасы қызметіне тағайындайды. Ол жерде бес жыл қызмет жасаған азаматтың іскерлігіне қарағандылықтар риза. Хакім Абай “түзелмейтін адам бар деушілердің тілін кесу керек” деген екен. Осы сөздің терең астары бар. Оған Мұхаң сан мәрте көз жеткізді. Ауыр қылмыс жасаған талай жандардың дұрыс жолға түсуіне М.Пақырдіновтің жағдай жасағанын қарағанды­лықтар айтып отырады. Арада он жылдан кейін Мұхаң Өскеменге қайтып оралды. Бұл жолғы қызметі Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы. Қызметке кіріскен он ай ішінде М.Пақырдіновтің жетекшілігімен талай игілікті істердің атқарылып жатқанына көз жеткіздік. Ол келе сала бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. – Біздің атқарып жатқан ісіміз ашық әрі әділ өтуі тиіс. Журналистерден ешнәрсе жасырып қалмауға уәде беремін. Кез келген сот мәжі­лістеріне қатыса аласыздар. Қылмыс жасау жөнінен Кенді Алтай елімізде алдыңғы орында тұр екен. Демек, судьялардың білімі мен біліктілігі қылмысты істерді әділ әрі тез ашуға ықпал жасағаны оң болар еді. Мемлекеттік тілдің өркен жаюына да көңіл бөлеміз, – деген еді кездесуде Мұхамеджан Ахмедияұлы. Сол айтқан уәдесінде тұра білді. Келе салып тіл мерекесін өткізіп, қала, аудан соттарында қызмет ететін судьялар мен мамандардың ана тілін құрметтеулеріне ықпал тудырды. Бір сүйініштісі, оған қатысқандар арасында басқа да ұлт өкілдері бар. Ақпарат құралдары мерекесі қарсаңында құқық қорғау саласын дұрыс насихаттап жүргендерді марапаттады. Шығыс Қазақстан облысында 10 айда қылмыс жасау біршама төмендеген сыңайлы. Елбасы Н.Назарбаевтың жақында құқық қорғау саласындағы реформа жайлы кеңес өткізгені белгілі. Елге оралысымен ол жайлы кеңінен мағлұмат беріп, өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындауға күш салатындарын айтты. Есімі елге белгілі, құрметке бөленген Мұ­хаңның ұлдары да әке жолын қуған. Ғалымжан – Алматы қаласындағы Жетісу ауданы прокурорының орынбасары қызметін жемісті атқарып жатса, Бауыржан – Павлодар облыстық кеден де­партаменті бастығының орынбасары. Ал Нұржаны – Алматы қаласындағы мамандандырылған әкім­шілік сотының судьясы. “Әке көрген оқ жонар” демекші, үш ұлының тәрбиесіне, білімі мен білік­тілігінің артуына ұдайы көңіл бөлетін Мұхаң ба­қыт­ты әке. Ұзақ жылғы қызметі “Құрмет” орде­ні­мен, үш медальмен аталып өткен, заң ғылымда­ры­ның кандидаты М.Пақырдінов бүгіндері 60 деген жас­­тың асқарына көтеріліп отыр. Иә, тұлғалы аза­мат­тың айшықты өмірі жастарға үлгі боларлықтай. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Суретте: Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы М. Пақырдінов.