Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске биыл 65 жыл толды. Ал миллиондаған адамның қанын жүктеген осы алапат соғыстың басталғанына 70 жылға таяды. Әкесі майданға аттанғанда туғандар қазір ақ сақалды қарияға айналған. Сол жылдардың қаһарын көрген аға ұрпақ өкілдерінің қайсысы да бейбіт күн үшін өмірін қиған боздақтарды ұмытпай, жас ұрпақ олардың рухына тағзым етіп жүргенін қалайды.
Науырзым ауданындағы Мереке аулында Ұлы Отан соғысынан қайтып оралмаған ауылдастарға арнап ескерткіш белгінің қойылуына аға ұрпақ өкілдерінің өздері түрткі болды. Осы ауылда туып-өскен, қазір Қостанай қаласында тұратын соғыс және еңбек ардагері Балтабай Қазиев бас қосқан жерде: “Мереке ауылынан соғысқа екі жүзге жақын жігіт кетіп еді, соның тең жартысынан астамына туған жердің топырағын қайтып басу жазылған жоқ. Балалар ұмытып кетпесін, соларға арнап белгі орнатайық” дегенді айтып жүрді. Ағаның бастамасын інілері жерге тастамады. Мереке орта мектебінде көп жылдар директор болып қызмет атқарған, ардагер ұстаз Сұңқар Оспанов бастаған топ ауылда Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға арналған ескерткіш белгі қою жұмысын аяғына дейін жеткізді.
–“Боздақтар” кітабын алып, осы Қайғы жерінен майданға аттанғандарды түгендегенімде, солардың соғыста қаза тапқандары 101 болды. Олардың 40 шақтысы ерлікпен майдан даласында көз жұмғанда жиырманың ішіндегі ғана жігіттер еді. Олардан ұрпақ та қалмады,– дейді Сұңқар Оспанов. Науырзым мен Торғайдың ортасындағы Қайғы деп аталатын жерде кіндік қаны тамған сол боздақтардың сүйегі Ресейде, Украинада, Белоруссияда, тіпті Польша мен Германияда, Иранда қалды.
Жүз бір боздақ – жүз бір отбасының иесі, жүз бір тағдыр еді. Ескерткіш белгінің ашылу салтанатына олардың туған-туыстары, ұрпақтары келді.
– Әкем Әбдібек Толықбаев соғысқа кеткенде үш айлық нәресте екенмін. Жас босанған шешемді күзде астық тасуға өгіз айдайтын адам жоқ деп, қырға алып кеткен. Сосын мені әжем асыраған. Бала ашығып жылай берген соң жеңгем емізген екен. Сонымен тірі қалып, ілеске ілініп кетіппін,– дейді еңбек ардагері Мұхтар Әбдібеков. – Әкем жастайынан дін жолын ұстаған, намазын қаза етпеген кісі екен. Ал оның інісі Сәндібек оқуға, құштар болыпты. Достары соғысқа аттанғанда, ол да өзі сұранып кетіп қалған екен. Екеуі де хабарсыз кетті.
– Мына қара гранит тақтада аты-жөні жазылған Доскей Меңлібаевтың немересімін. Атам 1942 жылы майданға кеткенде әкем Бағыт үш жаста қалған екен. Атамның рухына тағзым етіп келіп тұрмын,–дейді Алмас Доскеев.
– Мына тақтада ағайынды үш Оспанов бар. Менің туған ағам Ғалымжан Оспанов адамның ірісі, алыбы екен. Ауылда жүргенде аяғына аяқ киім тігуге үлкен тері таппай қиналады екен. Бір хатында: “ Үлкен аға, командирлерім аяғыма дұрыс етік, не бәтеңке тауып бере алмаған соң, дайындық жаттығуларына кірісе алмай, бөлмеде үш күн жаттым”, деп жазыпты әкеміз Оспанға. Сталинград майданында опат болды,– деп еске алады Сұңқар ақсақал.
Ал жиырмаға да толмаған қыршын жасында оққа ұшқан Қабден Жанбосыновтың жанып тұрған от болғанын да ауылдастары аңыз етеді. Ол орта мектептің 10-сыныбында оқып жүріп, аудандық комсомол комитетін басқарған екен. Ағасы Шайсұлтан екеуі де бірдей соғыстан қайтып оралмаған. Міне, гранит тақтаға жазылған әр боздақ туралы сұрай берсең, талай әңгіменің шеті шығады.
Осы жүз бір боздақтың басым көпшілігінің артынан “қара қағаз” да келмей, хабарсыз кеткен. Шын мәнісінде олардың майданда опат болғандығы туралы анықтама ауылға келген. Жұрттың ыңыршағы айналып тұрған кезде аудан, ауыл басшылары артында қалған анасын, жарын, бала-шағасын аяп, шулатпай-ақ қояйық, үміт жібін үзбесін деп, “қара қағазды” олардың үйіне бергізбеген. Ана баласын күтумен жүріп көз жұмды, бала әкесін күтумен жүріп ержетті. Ауылдың үстінен ұшып өткен тырналардай боздақтардың қол бұлғаған естелік-елесі ғана қалды...
Ескерткіш-белгінің жобасын Мереке ауылының түлегі Абылай Байшин сызып, жасап беріпті. Құрылыс жұмыстарына майданнан қайтпаған азаматтар ұрпақтарының ешқайсысы да шет қалмай, жұмыла кірісті. Оның ашылу салтанатында Қазақстан діни басқармасының облыстағы өкілі, облыс орталығындағы Ақмешіттің наиб-имамы Ертай қажы Исламұлы әруақтарға Құран бағыштады. Ардагерлер, көз көргендер сөз алды. Ақындар Нағашыбай Мұқатов пен Абай Қажиев тебірене өлең оқыды.
Ескерткіш-белгі ауылдың ортасына емес, мектептің ауласына орнатылды. Ол жас ұрпақ аталарын, олардың ерлік істерін ұмытпасын деген ниеттен туған еді. Жас ұрпақ ұмытпаса олар үшін кеудесін оққа тосқан, туған жерден алыста қалған боздақтар да елімен бірге болады. Оларға мұнан артық ештеңенің керегі жоқ.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
Қостанай облысы,
Науырзым ауданы,
Мереке ауылы.