Жуырда Қазақстан Республикасының Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төралқасы кәсіпкерлерге, еңбек ұжымдарына Қарттар күніне орай үндеу қабылдады. Онда былай делінген:
“Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1990 жылғы 14 желтоқсандағы отырысында 1 қазанды “Қарттар күні” деп атау жөнінде шешім қабылдаған болатын.
Осы күнді кеңінен және жаппай атап өту біздің республикамызда ізгілікті дәстүрге айналды. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның құрылуына және экономикалық базасының қалыптасуына белсенді түрде үлес қосқан аға буынға деген қоғам ризашылығының бірден бір белгісі.
Аға буынның мол тәжірибесі, сарқылмас даналығы және орасан күш-қуаты әрбір отбасына ғана емес, бүкіл қоғамға пайдалы еңбекті әрі қарай жалғастырудың маңызды факторы болып табылады.
Жасы ұлғайған шағында әрбір қария өзіне бөлінер көңілге, мейірімділік пен көмекке зәру болады. Қарттар тұрмыс жағдайының жақсаруына деген үмітті ең алдымен мемлекеттік органдардан күтеді.
Әрбір әлеуметтік-бағдарлы мемлекеттің, оның ішінде Қазақстанның да өз азаматтарына лайықты қарттықты қамтамасыз етуі негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Осы бағытта еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қарттарға жасап отырған қамқорлығы аса зор.
Елбасының зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерлерін көбейтуге байланысты қабылдаған шаралары Қазақстанды ТМД елдерінің арасындағы ең жоғары зейнетақы төлеу деңгейіне көтерді.
Сонымен қатар елімізде әлеуметтік көмекке мұқтаж егде адамдар аз емес.
Халықаралық Қарттар күні қарсаңында “Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы” қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесі барлық кәсіпкерлерді, еңбек ұжымдарының басшыларын ардагерлерге көмек көрсетіп, олар үшін осы бір атаулы күнді ерекше мерекеге айналдыруға шақырады”.