15 қыркүйекте Мәскеуде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Бас прокурорлары үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы болып өтті.
Ресей Федерациясының бас прокуроры Юрий Чайканың төрағалық етуімен болған отырыс жұмысына Әзірбайжанның, Арменияның, Белоруссияның, Қазақстанның, Қырғызстанның, Молдованың, Тәжікстанның және Украинаның бас прокурорлары және бас прокурорлардың орынбасарлары қатысты. Қазақстандық делегацияға Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Мәми басшылық жасады.
Отырыс барысында терроризмге және экстремизмге, есірткінің заңсыз айналымына, адам саудасына қарсы күрес, заңсыз көші-қонға қарсы әрекет ету мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, мәскеулік отырыс шеңберінде Ресей, Қазақстан және Беларусь бас прокурорларының үшжақты кездесуі болды. Кеден одағы шеңберіндегі сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асырудың жаңа жағдайларында туындаған қауіп-қатерлерге қарсы әрекет етуді бірлесіп күшейтуді үйлестіру мақсатында тараптар Кеден одағына мүше мемлекеттер Бас прокурорларының үйлестіру кеңесін құру туралы шарт жасасты. Осы органды құру бойынша жұмыс тобы құрылды.
“Егемен-ақпарат”.