Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі пленарлық отырысының күн тәртібінде тоғыз мәселе қаралды. Мақұлданған заң жобаларының дені халықаралық құжаттарға қатысты болды.
Депутаттар осы отырыста әріптестері Керімжан Бижановтың өкілеттігін өз өтініші бойынша мерзімінен бұрын тоқтатуды қолдап дауыс берді. Заң жобаларының ішінде Мұнай және мұнай өнімдерінің айналымы саласында жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін заңдық құжатты кейінге қалдыру мәселесі көтерілді. Депутат Зағипа Балиева аталған заңдық құжаттағы норма, яғни 500 айлық есептік көрсеткіш белгіленген айыппұл көлемі Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 48-бабымен қабыспайтындығын айтып, заң жобасын кейінге қалдыра тұруды ұсынды. Алайда мұндай пікірмен келіспеген депутаттар уақыт жоғалту қылмыстық қауымдастыққа тиімді дегенді айтып, Сенаттан келген заңдық құжатты мақұлдаған жөн деп тапты.
“Уақытша әкелу туралы конвенцияны ратификациялау туралы” заң жобасы бойынша баяндаманы Қаржы министрінің орынбасары Андар Шоқпытов жасады. Конвенция 1990 жылдың 26 маусымында Ыстамбұл қаласында қабылданған. Құжат тауарларды уақытша әкелудің барлық мүмкіндіктерін қарастыратын бірыңғай ережелі халықаралық шарт болып табылады. Сондықтан құжат тауарларды баж салығынсыз әкелуге әрі тез ресімдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда конвенцияны 61 мемлекет бекітсе, соның ішінде Бірыңғай кеден одағына кіретін Ресей мен Белоруссия да бар. Заң жобасы бірауыздан мақұлданды.
Еліміз бен Еуропа Инвестициялық банкі арасындағы соңғысының Қазақстандағы қызметін реттейтін негіздемелік келісімді ратификациялауға қатысты заң жобасы да депутаттар қолдауына ие болды. Аталған құжатқа Н.Назарбаевтың Бельгияға барған сапары барысында қол қойылған. 1978 жылы құрылған ЕИБ Еуропалық Одақтың ірі кредиттік ұйымы саналса, оның жарғылық қоры 164,8 миллиард еуроны құрайды. Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайыновтың айтуынша, сыртқы қаржы көздерінің қысқаруы жағдайында аталған қаржы институты инфрақұрылымдық жобаларға арзан әрі ұзақ мерзімді несие беруге қауқарлы саналады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.