• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
17 Қыркүйек, 2010

Тарихы терең тамырластық тағылымы

484 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Украинаға ресми сапары табысты тәмамдалды Сәрсенбі күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Украинаға ресми сапары одан әрі жалғасты. Қазақстан басшысы алдымен Т.Шевченко атындағы Украина ұлттық университетіне келіп, оқу орнының профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесті. Украинаның ең байырғы жоға­ры оқу орны болып табылатын уни­верситеттің барлық қызмет­кер­лері мен студенттері Қазақстан Президентімен кездесуге өте-мөте көп жиналды. Оқу орны басшы­лы­ғының шешімімен әлемдік білім мен ғылым саласына сіңірген зор еңбегі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа “Құрметті доктор” атағы беріліп, жиналған көпшіліктің қызу қол­дауымен тиісті құрмет көрсетілді. Салтанатты жиынды ашқан уни­верситет ректоры Леонид Гу­бер­ский сөзді Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. Өзінің сөзінде Қазақстан басшысы қазақстандықтар Украинаның ғы­лым мен білім саласындағы әлеуе­тін жоғары бағалайтынын айтып, менің өзім де осындағы оқу орнын бітірген соң өмірге жолдама алдым, деді. Өзі оқыған қарапайым учили­щенің де өз саласы бойынша тия­нақты білім бергенін атап көрсетіп, осындағы жылдарын әрқашанда қи­мастықпен еске алатынын жет­кізді. Қазір Қазақстан мен Украина жоғары оқу орындары арасында көптарапты ынтымақтастық жүзеге асырылуда. Соның ішінде Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің украиналық әріптестерімен орнат­қан ынтымақтастық қарым-қаты­насы айрықша атап өтуге лайық, деді Президент. Сондай-ақ екі ел Ұлттық Ғылым академиялары арасындағы ынтымақтастықтың да қарқыны жоғары екенін тілге тиек етті. Одан әрі Н.Назарбаев Қазақ­стан­дағы қазіргі кездегі білім мен ғылым саласының жағдайына тоқ­талды. Біздің еліміздегі стратегия­лық басымдықтардың бірі – ин­тел­лектуалды ұлт қалыптастыру. Осы мақсатты орындау жолына бөлі­нетін қаражат көлемі де жылдан-жылға артып келеді. Соның ішінде ғылымды дамытуға салынған ин­вес­тиция көлемін 2012 жылға дейін 25 есе арттыруды көздеп отырмыз. Ал 2015 жылы оның жалпы көлемін ІЖӨ-нің 2,5 пайызына жет­кізу жоспарланған, деді Қа­зақ­стан басшысы. Президенттің айтуынша, жоғары оқу орындары бойынша соңғы кезде іске асы­рылған ең үлкен жобаның бірі – Ас­танадағы ағылшын тілінде оқы­татын университет. Украина жас­та­рына да оған түсуге мүмкіндік мол. Сіздер біздің халықтарымыздың арасында орныққан дәстүрлі дос­тық қарым-қатынасты жалғас­ты­рушы дәнекерсіздер. Сондықтан Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастан қол үзбей, оған қатты көңіл бөлулеріңіз керек, деді Нұр­сұлтан Әбішұлы жастарға қаратып. Сондай-ақ Президент өзінің сөзінде оқу орнына есімі берілген ук­раинның ұлы ақыны Тарас Шевченконың 200 жылдық мерей­тойы Қазақстанда да кеңінен ата­лып өтетінін тілге тиек етті. Басына қиыншылық істер түскен уақыт­тарда Шевченко қазақ жерінде бо­лып, қарапайым халық тарапынан достық қатынас көргенін, оны өзі де аузынан тастамай, үнемі айтып отырғанын еске алды. Сондай-ақ суретші ретінде де бірнеше кар­тинасын қазақ өміріне арнағанын, ал қазір сол полотнолардың Алма­тыдағы мемлекеттік музейде тұр­ғанын алға тартты. Сонымен бірге, Қазақстанда Шевченко атындағы қала, Астанада көше аты барын айта келіп, сондай игі шара Ук­раина Үкіметі тарапынан да жаса­лып жатқанын, мысал ретінде, Киев қаласының бір көшесіне Жамбыл Жабаевтың есімі беріл­генін атап өтті. Ал 2011 жылы Ук­раи­на астанасында Жамбыл ес­керткішінің ашылу мүмкіндігі барын да ауызға алды. Президент Н.Назарбаевтың сөздері үлкен ықыласпен тың­далып, бірнеше рет қол соғылды. Киевтің аталған университеті – еуропалық үлгіде Украинада ашыл­ған ең алғашқы жоғары оқу орны. Ол өзінің есігін 1834 жылы ашқан. Алдымен оған Киев Русін шо­қын­дырған Владимир князьдің есімі берілген. Тарих-филология және физика-математика факультеттері ғана болған оның табалдырығын алғаш 62 студент қана аттаса, ХХ ғасырдың басында оның студенттер саны 5000-ға, профессор-оқытушы­лар құрамы 500-ге жеткен. Осы кезден бастап ол Ресей империя­сын­дағы ғана емес, әлемдегі аса танымал ғылым және жоғары білім орталығына айналған. 1939 жылы оған украинның ұлы ақыны Тарас Шевченконың аты беріледі. Ұлы ақын оқу орнының археография­лық комиссиясында 1845-47 жыл­дары қатардағы қызметкер болып еңбек еткен екен. Қазір университеттің 14 факуль­тетінің күндізгі және сыртқы бө­лімдерінде 25 мыңға жуық адам оқи­ды. 1994 жылы Украина Прези­дентінің Жарлығымен оған Ұлттық университет мәртебесі берілген. Университеттің 7 оқу институты, бо­таника бағы, ақпаратты-есептеу орталығы, астрономиялық обсерва­ториясы, баспа-полиграфиялық орталығы, Каневте мемлекеттік қорығы бар. 5 мыңға жуық қызмет­кердің 2 мыңнан астамы ғылыми-педагогикалық, 1 мыңнан артығы таза ғылыммен айналысады. Олар 164 ғылыми кафедраға біріктіріл­ген. Оқытушылардың 82 пайызы­ның ғылыми атағы бар, соның 24 пайызы ғылым докторлары. Уни­верситеттің 1600 аспиранты және 130 докторанты бар. Университет түлектері арасынан Михаил Булгаков, Михаил Стари­цкий, Максим Рыльский, Николай Лысенко сияқты атақты адамдар шыққан. Алғашқы ректоры Мәскеу университетінің профессоры М.Максимович болған, қазіргі ректоры академик Леонид Губер­ский. Университет Украинадағы көшбасшы ЖОО болып есептеледі. Кездесуден шыққан соң Қа­зақ­стан Президентінің кортежі Ук­раина Парламенті – Жоғарғы Ра­да­ның үйіне бет алды. Мұнда Қа­зақстан басшысы Раданың ұзақ жылғы төрағасы Владимир Литвин­мен кездесіп, парламентаралық ын­тымақтастықтың перспективалары туралы пікір алмасты. Соның ішінде екі елдің парламенттерінде де достық топтары бар екендігі қанағатпен атап өтілді. Қазақстан Президентінің Ук­раи­наға сапарындағы соңғы ма­ңызды кездесу “Хайятт” қонақ үйінде Украина және Қазақстан бизнес топтарының өкілдері ара­сындағы кездесу болды. Оған Қа­зақстан Президенті Н.Назарбаев Ук­раина Президенті В.Янукович­пен бірге қатысты. Украинаның биз­нес элитасы арасынан қазір есімдері бүкіл әлемге танымал “Систем кэпитал менеджмент” ЖАҚ президенті Ринат Ахметов, “Новокраматорский машино­строи­тельный завод” АҚ бас директоры Георгий Скудар, “Нефтегаз” бас­шы­сы Евгений Бакулин және т.б. болды. Украина Президенті В.Януко­вич Қазақстан Президенті Н.На­зарбаевтың сапары барысында жүр­гізілген келіссөздердің нәтижелері туралы айтып берді. Келіссөздер іскерлік жағдайда өтті, оған өзім тәнті болдым. Қазақстандық әріп­тесіммен арада тек нақты дүниелер талқыланды. Қорытындылары да көңіл тоғайтады, деді Украина Пре­зиденті. Соның ішінде қазақ­стан­дық үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму мемлекеттік бағ­дарламасына украиналық бизнес өкілдерінің қатысу перспектива­лары туралы айтты. Жауап сөзінде Н.Назарбаев Қазақстан Украинамен арадағы экономикалық және мәдени-гу­манитарлық салалардағы ынтымақ­тас­тықтардың тереңдей түскеніне мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ әріптесінің сөздерін қуаттап, украиналық іскер топ өкілдерінің қазақстандық ірі жобаларға қатысу мүмкіндігі зор екенін атап өтті. Сөзінің соңында осындай форум­ның енді Қазақстанда өткенін қа­лайтынын айтты. Жақсыбай САМРАТ – Киевтен. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.