Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми хабары
Алматы 2010 жылғы 17 қыркүйек
“Қазақстанның фаунасы” монеталар сериясынан
“Құлақты жұмырбас кесіртке” ескерткіш күміс монетасын айналысқа шығару туралы “Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы” Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 наурыздағы № 2155 Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2010 жылғы 17 қыркүйекте “Қазақстанның фаунасы” монеталар сериясынан “proоf” сапасымен жасалған номиналы 500 теңгелік “Құлақты жұмырбас кесіртке” ескерткіш күміс монетасын айналысқа шығарады. Монетаның сипаттамасы: Монетаның нысаны сопақша. Монетаның бет жағында (аверсінде) ортада монетаның номиналын білдіретін “500 ТЕҢГЕ” деген жазу бар. Номиналдың астында монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін “Ag 925 24 g” деген жазу, монетаның соғылған жылын білдіретін “2010” деген сан және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі жазылған. Жоғарғы бөлігінде айналдыра мемлекеттік тілде “ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ” деген жазу бар. Монетаның төменгі бөлігінде көбелектің стильдендірілген контурлы суреті және өсімдіктер композициясы бейнеленген. Монетаның сырт жағында (реверсінде) ортада шағыл құмында екі құлақты жұмырбас кесіртке бейнеленіп, біреуі алтын жалатып орындалған. Жоғарғы бөлігінде бұлт кескінделген. Айналдыра мемлекеттік тілде “ҚҰЛАҚТЫ ЖҰМЫРБАС КЕСІРТКЕ” және латын тілінде “PHRYNOCEPHALUS MYSTASEUS” – түрдің атауы жазылған. Монетаның бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазулар бедерленіп жазылған. Қыры (гурт) бедерлі. Монета 925 сынамды күмістен, массасы – 24 грамм, сопақтығы 38,61 х 28,81 мм., “proof” сапасымен дайындалған, таралымы – 4 мың дана. Номиналы 500 теңгелік ескерткіш күміс монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ шоттарға, салымдарға, аккредитивтерге есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің осы ресми хабарға түсіндірмесі “Құлақты жұмырбас кесіртке” ескерткіш күміс монетасы “Қазақстанның фаунасы” монеталар сериясының үшінші монетасы болып табылады. Монетаның нысаны сопақша, оны дайындау кезінде алтын жалату технологиясы пайдаланылады. Құлақты жұмырбас кесіртке (phrynocephalus mystaceus) – Қазақстанды мекендейтін кесірткенің алты түрінің ішіндегі ең ірісі. Оның ұзындығы 24 см жетеді, оның жартысына жуығы құйрығы. Түрдің атауы екі езуінде орналасқан құлақ тәріздес шеті іркіс-тіркіс орналасқан үлкен тері қатпарларына байланысты шыққан. Құлақты жұмырбастың түсі сұрғылт және сарғыш қақ тұнбасы тәрізді құм түстес. Шағылды құмды мекендейді, қауіп төнген кезде оны аңдушының көз алдында аса жылдамдықпен – денесі ұсақ дірілді қозғалыспен құмға батып бара жатқандай көміледі. “Proof” сапасымен жасалған ескерткіш күміс монеталарды “Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы” шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған. Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген. “Proof” сапасымен жасалған ескерткіш күміс монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған. Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында сатып алуға болады. Алматы қаласында мына мекен-жай бойынша: Панфилов көшесі, 98. Анықтама үшін телефоны (727) 273-83-98.