• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
18 Қыркүйек, 2010

Нұрлан ОРАЗАЛИН: Ұйым – ұлт әдебиетінің алтын төрі

760 рет
көрсетілді

Биылғы жыл – қазақ көркем сөзі мен руханияты үшін айтулы жыл. Бұған себеп – алыптарымыз бен арыстарымыз іргесін қалаған, өткен XX ғасырдың елең-алаң уақытында өмірге келсе де өзінің ұлттық мақсаттар жолындағы міндетін адал атқарып келе жатқан, тарихи кезеңдерде ұлтқа қорған болған Қазақстан Жазушылар одағының және ұйым құрылтайшылығындағы “Қазақ әдебиеті” газеті, “Жұлдыз”, “Простор” журналдарының аталып отырған 75 жылдық мерейтойлары. Сөз жоқ, Жазушылар одағы қылышынан қан тамған қызыл империя тұсында да, Тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда да алмағайып кезеңдерді бастан көп өткерді. Қалай болған күнде де, 75 жыл – бір дәуір, бір адамның саналы ғұмыры. Осы 75 жылдың ішінде күнгейлі-теріскейлі тарих беттері аз емес. Бодандықтың қамытын кидік, Азаттықтың ақ таңын қарсы алдық. Ұлт болып қалыптасуымызға әрқилы әсері болған, өткен ғасырдағы саналуан тарихи оқиғалардың белортасында жүріп, шыныққан іргелі шығармашылық ұйымдардың бірі, бірегейі. Қайбір кезеңдерде аузынан жалын шашқан алып империя алмас қылыштай болған ұйымның өткір жүзін шарыққа салған сәттері де болды. Бәрі де болды. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда да ұйымның от пен судан, көлденең кедергілерден басын алып қашып, құрғақ­та, күншуақта жүрген жағдайы жоқ... Одақ қоғамдық ұйым ретінде өзінің қаламгерлер алдындағы, ұлт пен қоғам алдындағы жауапкершілігін әркез айқын сезініп, рухани борышын адал атқарып келеді. Ұйымның және әдеби басылымдардың мерейлі күндеріне орай біз Қа­зақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сый­лық­­­тың лауреаты, көрнекті ақын-драматург Нұрлан Мырқасымұлы Ора­за­­линмен арнайы сұхбаттасып, көкейіміздегі сауалдарды қойған едік. – Нұрлан Мырқасымұлы, өзіңіз басқаратын әдебиетіміздің қара ша­ңырағы – Жазушылар одағының құ­рылғанына және осы ұйымның құрыл­тайшылығындағы “Қазақ әдебиеті” газеті, “Жұлдыз”, “Простор” журнал­дарының жарық көргеніне 75 жыл тол­ғанын атағалы отырсыздар. Бұл мерзімді жалпы жазба әдебиетіміздің қанат жайып, қалыптасуының тұтас бір дәуірі десек қателеспейміз. Ендеше, көркем сөзіміздің өткені мен бүгінін бір арнаға тоғыстырып, болашағына бағдар жасап отырған қара шаңырақтың абыройы аспандап, дәуірлеген кезі ретінде қай жылдарды атар едіңіз? Сұхбатымызды осыдан бастайық. – Дұрыс айтасың, өткен ғасырдың отызыншы жылдарында тұсауы кесіл­ген ұйым тарихы – ұлт әде­биетінің жаңа дәуірдегі қалыптасу тарихы екені рас. Осы кезең ішінде ұйыммен бірге ұлт қаламгерлері де, ұлттық әдебиетіміз де толықты. Қай кезде, қай салада болмасын саналы өмір сүруге бет алған мақсаты, мұраты, мүддесі ортақ топтар қауым­дасып, қоғамдасып өздерінің алға қойған жобаларын іске асыруы тиіс, соны белгілі бір арнаға қарай бағыттап отыруы керек. Бұл – біз ойлап тапқан жаңалық емес, адам баласы өзінің саналы өмір сүруге бет алған алғашқы кезеңінен бері келе жатқан жер үсті дамуының айнымас қағидасы. Бұл ойымызды дәлелдейтін мысал­дарды әлемнің арғы-бергі тарихынан мол ұшыратуға болады. Ерте дүние тарихынан, атап айтқанда, көне Қытай мәдениеті мен Үнді философиясын өмірге алып келген кезеңдерден, Шумер, Мысыр, Бабыл мәдениет­терінің бесігін тербеткен замандардан, эллиндік дәуір мәдениеті мен көк түріктердің тастағы жырларын жарат­қан кезеңдерден, қысқасы, адамзат ойы мен арманының көкке қанат қаққан кез келген үзік-үзік сәттерінен қауым­дасып, қоғамдасып ғұмыр кешу­дің нақты мысалдарын табуға болады. ХХ ғасыр – арғы-бергі дәуірлердің тәжіри­бесін қорытқан, соның нәти­жесінде адам баласының өмір сүруінің орасан үлгілерін қалыптас­тырған, бір ізге салған ғасыр. Жекелеген елдердің мысалына сүйенсек те, әлемдік контексте алып қарасақ та, сіз бен біздің кіндігімізді кесіп, санамызды қалыптастырған, ойымызды бекіткен, ғаламат оқиғалар мен өлшеуге көне бермес өзгерістердің кеңістігі болған сол өткен жүзжылдық өмірге алып келген қауымдасып, қо­ғам­дасып өмір сүрудің бір үлгісі – осы әра­луан өнер иелерінің әрқилы шы­ғар­ма­шылық ұйымдар айналасына топтасуы. Шығармашылық одақтардың құры­лы­мын түзген – Кеңестер одағы дей­тін алып империя. Бұл – күмәнсіз ақи­қат. Бір ғасырға жуық адамзат бала­сының ойына, санасына, өмір сүруіне шексіз ықпалын жүргізіп келген империялық идеологияның мақсаты, түптеп келгенде, тоталитарлық жүйенің бейнесін асқақтату, абырой-беделін жұрт санасында бекіту болды. Империя жүйелі жұмыс істеді. Әдебиетті ба­ғыттау мен өнерді тізгіндеу арқылы жүйе тұтас бір дәуірдің рухани ұстанымын қалып­тастыруға күш салды. Бұл мақсатты жү­зеге асыру үшін ком­мунистер қаталдық танытып, тізгінді тежеумен қатар, әдебиет пен өнер иелеріне жағдай жасауды да жан-жақты ойластырды. Шығармашылық одақтар­дың өмірге келуі осы бағыттағы үлкен қадам еді. Жазушылар одағы өмірге осылай келді. Империя өз ойын жүзеге асырып, өз мақсатына жету үшін сол тұстағы беделді, белгілі қаламгерлерді барынша ұйым жұмысына тартты. Шетте жүрген Максим Горькийдің Отанына қайтуы, ұйым жұмысына белсене араласуы – соның айғағы. Бізде Максим Горькийдің тарих аренасындағы атқарған осынау айтулы міндетіне баға беруде сыңаржақтық бар. Горькийдің пешенесіне “проле­тарлық” дейтін қасаң ұғым өшпестей болып жазылып қалғандай... Ақиқатына келейікші... Суреткер қаламынан туған көркем туындылар өзінің құндылығымен, ақиқаттылығымен дараланып, берісі – орыс, әрісі – әлемдік әдебиетке оқшау көрінетін дара сипатын қалай жоққа шығаруға болады?! Өмірді тану мен өмір шындығын бағалаудағы жазушы ұсынар концепция астарында қаншама қоғам ақиқаты мен адамдар тағдыры жатыр десеңізші?! Шыңырау түбіне түскен пенделердің қасіретін дәл Горькийше жазған суреткер некен-саяқ... Горький – шын мағынасындағы нағыз реалист суреткер, ірі жазушы. Ол – Толстойдың, Чеховтың көзін көрген, қатар жүрген, тәлім алған, үлкен әдеби ортадан шыққан XX ғасыр әдебиетінің тумысы бөлек көрнекті өкілі. Егер Горький дәрменсіз жазушы болса, оны тұтас бір жүйенің құрақ ұшып, іздеп несі бар еді?! Ком­му­нистерге Горький бар жағынан, сурет­керлігі, іскерлігі, ықпалдылығы, тіпті саяси жағынан болсын дөп келді, үйлесті. Сондықтан да “жаңа қоғамның санасын тәрбиелейтін тарихи міндетке” ұйытқы болар ұйым тізгінін Мәскеу Горькийге тапсырды. Горь­кийдің суреткерлік беделі мен қоғам алдын­да­ғы абыройына сенгендіктен тапсырды. Өзге республикалар да өздерінде құ­рыла бастаған жазушылар ұйымының тағ­дырын халқы қабағына қарап, өне­рін жоғары бағалайтын тұлғалардың қо­лына сеніп тапсырып жатты. Қазақ­станда мұндай тарихи міндет Алаштың ұлы перзенттері – Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жан­сүгіров бастаған шо­ғыр­дай талантты топтың үлесіне тиді... – Сонда Алаш арыстары Кеңестер одағының ұстанған саясатына ыңғайлы тұлғалар болды ма? – Олай деуге тіпті де келмес. Те­мірдей кұрсанған жүйе тарапынан қаламгерлер ұйымына қойылған та­лаптың қаншама айқын, қатал, қатыгез, қиямпұрыс екенін ұйым басшылары білмеді емес, білді. Біле тұра, олар осынау қиыннан қиялап жүріп, жол іздер ауыр міндеттің қамытын мойын­дарына саналы түрде ілді. Бұл – тарихи факті, балталасаң бұзылмас ақиқат... Осы арада басын ашып айтар бір шындық бар. Иә, дәуір аса күрделі болды. Отарлаушы державалық жұрт­тың орнында жан алысып, жан берісіп жүріп пайда болған Кеңес өкіметі өзінің айқай-сүреңі қалың төңкерісшіл ұстанымдарына берік екенін дәлелдеді. Көнгенге қабақ танытты, көнбегеннің басын алды. Державалық амбицияда шек болған жоқ... Атты, асты, жаза­лады... Ұлтым дегеннің ұрты тілінді, халқым дегеннің жұрты бүлінді. Соның нәтижесінде қазақ халқы “кәмпес­кенің” тұсындағы “сапалық тазалауға”, таптық тұрғыдан жазалауға ілікті. Бірінің үстінен бірі “сөзтасу” мен бірі туралы бірі “ашыла сайрайтын” кезең келді. Көшпелі өркениеттің ел-елдегі, жер-жердегі тізгін ұстар көсемдері Сібірге айдалды, түрмеге қамалды, бай-құлақ атанып, тоз-тозы шықты. Соның нәтижесінде қазақ халқы бұрын-соңды басынан кешпеген дәуірдің сойқанды мінезіне тап болды, көзімен көрмеген, қолымен жасалған сұрапыл геноцидтің шеңгеліне түсті. Адамзат тарихында сирек болатын сұмырай пиғылды сұмдық нәубет өз дегенін істеді... “Тұ­рымтай – тұсына, балапан – ба­сына...” дейтін күн туды. Қазақ өз же­рінде өзі қашқын атанып, өз жерінен өзі үркіп, үдере көшті. Қаңғыртқан – айласы қалың қоғамның әккі саясаты. Үркіткен – айы теріс туған уақыттың зобалаңы мен зорлығы. Тарихи әділетсіздік халқымызды қынадай қырды... Алаш дейтін айбыны асқан адал жұрт сеңдей соғылысып, бірі Ерен қабырғадан әрі асып, тілі, діні бөлек жұрттың тепкісіне түссе, бірі құм кешіп, қу медиен шөл басып, Ауған асып, Иранды паналады... Телім-телім боп тентіреді... Қазақтың бұл көрген кұқайы аздай саны кеміп, сағы сынған тұста ұлт көсемдері мен Алаш арыстарының аяқ-қолы кісенге, басы жадыға түсті. Ен даланы еркін кезіп, ен жайлаған елдің еркін өмірі ертегіге айналды. Міне... Ұлт басына қиын-қыстау күн туған өткен ғасырдың отызыншы жылдарында, дәлірек айтқанда, қазақ ұлты сандық, сапалық тұрғыдан тізерлеп, шөккен 1934 жылы Қазақстан Жазушылар одағы өмірге келді... Төркінінде “сену” мен “сендіру”, “көну” мен “көндіру” жатқан қоғам­ның ұйымды құрудағы мақсаты, мұраты осы болды. – Қайсы бір әріптестеріміз ұйымды ұлт тағдырын тәлкек етіп, тамырына балта шапқан қоғамның жандайшап мекемесі болды деген айып таққысы келеді. Сол турасында не дер едіңіз?.. – Бұл ұшқары пікір... – Таратып айтуға бола ма?! – Әлгінде ұйымды құруда қоғам мен жүйенің өз мақсаты болғаны жай­лы айтылды... Енді сол ұйым құла­ғында тұрған ұлы тұлғалар не ойлады, нендей мақсат жетегінде болды? Осы хақында толғанып көрейікші... Сіздің жоғарыда айтқан “Алаш арыстары Кеңестер одағының ұстанған сая­сатына ыңғайлы тұлғалар болғаны ма?” дегеніңізге осы арада кеңірек тоқталуға болады. Сәкен Сейфуллин де, Ілияс Жансүгіров те өз ұлты үшін бастарын бәй­геге тіккен біртуар тұғырлы тұл­ғалар! Ұлтты сақтап қалудың бірден-бір жолы тілді сақтау екенін, тілді сақтау үшін халқымыздың ғажайып қазынасы – сөз өнерін, көркем әдебиетті сақтау керегін арыстарымыз жан-тәнімен, бар болмысымен түсінді. Жазушылар ұйымын аяғынан тұрғызу арқылы олар ұлтты, ұлттың ұлы құндылықтарының қайнары – көркем әдебиетті сақтап қалуға болатынына сенді. Сол үшін күресті. Сол үшін ұйымды өзінің түпкі мақсатын жүзеге асыру үшін құрған империялық қоғам­ның сөзін еріксіз сөйледі... Терезесін тең ұстай отырып, тебінгісін тең басып отырып, сөйлесті. Өз шындықтары мен өз ақиқаттары үшін өзек­­тері өрт жұтып жүріп, күресті. – Ақыры өздері де сол қоғамның құрбаны болды ғой... – Иә... Қоғам өз дегенін істетіп, өз мақсатына жету үшін бәріне барды. Тота­ли­тарлық жүйенің қандықол, көзсіз қимылы кімді аяды дейсіз?! Қазақтың қаншама еркін ойлы, ерен тұлғалы азаматтарының бармағы шай­науда, басы айдауда кетпеді... Ұйым құлағында тұрған Алаш азаматтары қаламгерлердің еркін одағын құру арқылы әдебиетті сақтау мен қалам­герге жағдай ту­дырудың ал­ғы­­шарт­тарын қа­лыптастыр­ды. Мұндай жоба бұрын-соңды ешбір елде болмаған еді. Сәкен, Ілияс, Бейімбет айналасына Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ға­бит Мүсі­репов, Ғабиден Мұстафин, т.т. тәрізді топтасқан ұлттық әдебие­тіміздің сол тұстағы ірі өкілдері Жазушылар одағын үлкен әдебиетке алып барар бірден-бір ұлт рухания­тының киелі төріне, алтын арналы мектебіне айналдырды. Уақыт озған сайын сол өзгерген, өрісі кеңейген замана ағысымен қоса қаламгерлер ұйымы да өзінің бағыты мен бағдарын толықтырып, кеңейтіп отырды. Әрине, әлгінде өзің айтқандай, ұйым өмірі бір қалыпты болған жоқ. Идеологияшыл қоғамның “солақай­лығынан” ұлттық құндылық­та­ры­мыздың аз зардап шекпегені белгілі... Бұл орайда, ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің “Хан Кене”, “Қилы заман” тәрізді ертеректе жазылған класси­калық дүниелерінің тағдырын еске алсақ та жеткілікті... Мысалы, 1928 жылы жарық көрген “Қилы заман” романы жазушы өміріне қара бұлт болып түнеріп келген жылдарды қалай ұмытуға болады? Егер Әуезов қамауда қалып, өзінің осынау шедеврлерінен бас тартпағанда, жазушы тағдыры қалай болар еді?! Байлар тұтқындалып, Алаштың ақылы асқан көсемдерінің бірі атылып, бірі айдауға кетіп жатқан тұманы қалың кезеңде қосақ ішінде Әуезовтің кетуі де әбден мүмкін еді. Әуезов шегініске барды. Шегініс – жеңіліс емес... Сөз жоқ, 1932 жылғы ашық хат кемеңгерліктің кө­рінісі еді... Кемеңгерлік ұлы суреткерді сақтап қалды. Ұлы суреткер әлемге әйгілі “Абай жолы” эпопеясын жазды. Қазақ әдебиеті ғана емес, Еуразияның ұлы кеңістігін жайлаған қазақ есімді халық осы туынды арқылы жұмыр жерге өрісі кең, өркенді ұлт ретінде кеңінен танылды. 1934 жылы қазақ жазушыларының тұңғыш құрылтайында сөйлеген Сәкен Сейфуллиннің сөзіне назар аударсақ та, Ілияс Жансүгіровтің баяндамасын зейін қоя оқысақ та, басты мақсат ұлт әде­биеті мен ұлт қаламгерлерін замананың сойқанды дауылынан сақтап қалуға күш салған жүректердің со­ғысын, сергек ойлы сананың жанұ­шы­рған әрекетін сезінуге болады. Бірақ суреткер санасын қозғауға салған уақыт тым қатал болып шықты. Уақыт алып келген империяның әккілігі де, айласы да асып түсті. 1937-38 жылдардағы сталиндік репрессия ұлтты да, ұлтшыл ой-сананы да бір­жола шөктірді, есеңгіретті. Империя­ның айбыны бел алып, ұлт қайрат­керлерінің айдыны тарылды. Үндемеу, іштен тыну, құса болу, ашыну, ұлттық қартаю дәуірі басталды... Екінші жақ­тан күнбағыс­тардың, шолақбелсенді­ліктің, жал­пақ­шешейліктің жолы сайрап сала берді. – Қоғамдағы асыра сілтеушілік пен белең алған саяси-әлеуметтік ахуалдың табы жекелеген адамдарды ғана емес, ұйымды да айналып өткен жоқ қой? – Әрине, ұйтқып соққан осынау дауыл қаламгерлер ұйымының есік- терезесінен жел гулетті. Ұйымның ұлы тарихына көз жүгір­тіп отырып, қоғам өміріндегі күнгейлі-көлеңкелі тұстардың таңбасы мен ізін одақ өмірінен анық аңғаруға болады. Күнгейлі тұсы да көп, кө­леңкелі сәттері де жеткілікті... Жасы­рып-бүгетіні жоқ, “қаржысын бөліп, қаламгердің жағдай­ын жасаған” қатал жүйе, әсіресе 30-40-50 жылдарда ұйым қолымен біраз қия­натқа жол бергенін білеміз. Тарихтың ащы сабақтарына ойша көз жүгіртсеңіз, бармағымызды қарш-қарш шайнайтын тұстары жетіп-артылады… “Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын” дейтін отызыншы жылдар мен қырқыншы жылдардың ақыл мен парасат иелеріне қырғидай тиген “шұ­бар төс” мінезін айғақтайтын тарихи құжаттарға бүгінде жол ашыла бастады. Оқысаң, арқаңды аяз қапқандай бо­лады. Әкесі баласын, інісі ағасын ая­маған содыр заманға не деуге болады?! “Әйелің халық жауы” дегенде ауыз ашуға дәті бармаған “империя көсем­дерінің” қауқарсыз кескінін көріп тұ­рып, “төмендегілерге” айыпты қалай тағарсың?! Ортағасырлық инквизи­циядан асып түспесе, кем түспеген қоғамнан қаламгерлер ұйы­мын бөле-жара қарауға болмайды. Бірді-бірге айдап салу мен бірін-бірі ұстату “ортақ іске” айналған қоғам жазушыларды да өз ұйығына тартты. “Бейімбет жау болса, біз де жаумыз...” деген Ғабит Мүсіреповтер мен жүйе солақайлығын ашық айтып, Сталинге хат жазған Тұрар Рысқұловтар аз, тым аз болды. Шындықты айтпақ түгілі, естіген жанның мойнына қылбұрау түскен қоғамды кінәлайсың ба? Әлде адам жанын тоздырған заманды кінәлайсың ба?! Кімді кінәларсың?! Өкініші мен өксігі, қуанышы мен жеңісі қатар өрілген осынау жиыр­ма­сыншы ғасырдың төл перзенті саналар жазушылар ұйымының ұлт әдебиетін әлемдік сатыға көтеруде орасан істер атқарғанын мойын­дауымыз керек. Одақ әдебиет өрісін кеңейтіп, озық үлгілі туындылары­мыздың өзге тілдерге ауда­ры­луына, сондай-ақ көркем әде­бие­ті­міздің үздік үлгілерінің қатарының мо­лаюына барынша күш салып, тиісті мем­лекеттік орындар алдына кітап шы­ғару, қаламақы төлеу, жазушының әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайын реттеп отыру секілді күрмеулі мәсе­лелерді қойып отырды. Сол мәселелердің оң шешілуіне мұрындық болды. Бұл, сөз жоқ, сол кезеңдегі әдебиетке жасалған үлкен қамқорлық екенін айрықша атап өтуге тиіспіз. Әрине бүгінгі күннің биігінен қарап тұрып, өткенге, өткен дәуірдің аумалы-төкпелі тұстарына баға беру оңай болып көрінуі күмәнсіз. “Асығу сайтанның ісі” демей ме біздің халық. “Сегіз өлшеп, бір пішу” қай істе де әділдікті, адалдықты аңғартады. Сондықтан ұлт әдебиетінің Қағ­ба­сындай болған қасиетті төріміз жайлы пікір айтуда асығыстық жасамайық. Барынша әділ болайық, адал болайық, айтылар пікір де адал, әділ болсын. Үй ортақ, ұйым ортақ... Ұйым туралы да, ұйым тізгінін ұстаған әріптестеріміз жайлы да, жалпы қаламгер азаматтар туралы да әрдайым жақсы сөз естігенге не жетсін?! – Өзіңіз айтқандай, одақ өміріне қатысты әдебиет дейтін рухани Қағ­бамыздың абыройы аспандап, дәуірлеген кезі ретінде қай жылдарды айтар едіңіз? – Қазақ үшін Сөз қай дәуірде де, қандай жағдайда да киелі болған. Қағба деген ұғым – кие дейтін ұғымға етене жақын ұғым. Әдебиеттің басты мұраты – сөз. Бұл – ондаған ғасырлар бойы қалыптасқан ұлт мінезінің көрінісі. Біздің дәуірімізге дейінгі Зара­туш­тра, Анарыс, Майқы би дәуір­лерінде де, одан кейінгі көк түріктер кезеңінде де, орта ғасыр ғұламалары өмір сүрген түркілік ортақ мәде­ниетіміз өріс жайған кезде де, Қазақ хан­ды­ғы­ның дауылды мінезін танытар нарза­ман, зарзаман жыраулары мен ақын­дарының тұсында да солай болған... Осының бәрі, ай­налып келгенде, үлкен әдебиетіміздің, ұлттық көркем сөзіміз­дің ұлы қайнар­лары. Тағдырын көшпелі өркениетке бай­лаған, бірте-бірте жаңа дәуірлердің жалына жармасып, даму мен өрістеудің жаңа сатысына көте­ріл­ген, ұлт әде­биетінің айрықша шарық­та­ған тұсы XX ғасыр екені дау тудыр­майды. XX ғасырда ұлт ойы мен пара­сатының кенен көздері ашылып ұлт ғылымы қарыштап өсті, әдебиетіміз бен өнеріміз әлемдік биікке көтеріліп, ондаған классикалық шығармалар дүниеге келді, ғаламтану үлгілеріміз мойындалып, көркемдік мектептері­міздің көкжиегі кеңейді. Қазақ халқы өзінің көпғасырлық көшпелі дәуірін тұйықтап, отырықшылыққа бет түзеді, үй тұрғызды, қала салды, қара соқаны ғарыш жолымен жалғады. Ең бастысы, азаттық айдынына шықты. Осы ғасырда Абай, Махамбет, Жам­был есімдері әлемге қазақ жы­рының құдіретін танытты. Осы ғасыр Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Сұлтан­махмұт, Шәкәрім, Сәкен, Ілияс, Бейім­бет, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ға­биден шы­ғармаларының тұсауын кесті. Арыс­та­рымыз бен Алып­тарымыздың ойын тербеткен ғасырдың соңы қазаққа тәу­­­елсіздік дейтін киелі ұғымды тарту етті. Тәуелсіздіктің тұғырға қонғанын көрдік. Иә... Дәуір ұлтты шыңдады. Ұлт дәуірдің болмыс-бітімін жасады. Өмір, замана ақиқаты бізге осыны айтады. Әдебиет сол ақиқаттың айнасына айналды. Жиырмасыншы ғасыр ұлт мерейін өсірер үлкен әдебиетімізді қалып­тастырды. Осы ғасыр бедерінде қазақ әдебиетінің барлық жанры дамыды. Жазушылар одағы сол қалыптасу мен дамулардың қара қазанының отын үрлеген қара көрік секілді қыруар міндеттер атқарды. Атқарып та келеді. Соның арқасында ел көкірегінде сөз өнеріне деген құрмет пен ықылас орнықты. Бұл жағдай өз кезегінде ұлт қаламгерлерінің әдебиет алдындағы жауапкершілігін күшейтіп, жазуға деген құлшынысын молайтты. Жалпақ жұрттың санасында “алтын ғасыр әдебиеті” болып бекіген тұ­­тас бір дәуірдің көркем әдебиеті тарихын шарт­ты түрде бірнеше кезеңге бөлуге болады. – Мәселен... – Мәселен, бірінші кезеңді – арыстар мен алыптар кезеңі десек ар алдында да, тарих алдында да ешбір ағат айтылған пікір болмайды. Бұл көшпелі өркениеттің ат бай­лаған соңғы мекені – Ұлы Дала тағ­дыры тайталасқа түскен өткен ғасыр­дың 20-40 жылдары арасында ғұмыр кешкен Алашойлы, Алаш­тұлғалы ұлт көсемдері мен қазақ рухын, қазақ әде­биетін әлемдік биікке көтерген алыптар тобы жаратқан ұлы туындылары­мыз­дың халық жүрегіне жол тартқан кезең еді. Ұйым құрылмай тұрып, Омбы, Орынбор, Ташкент, Семей, Қызылорда секілді шаһарларда топтасқан қазақ қаламгерлерінің дені келе-келе осы кезең шығармаларының сүйегін құрап, негізін айшықтады. “Есаймақ” театры мен алғашқы кәсіби театрымыздың ре­пер­туарын құраған Әуезов, Майлин, Мұ­қанов, Мүсірепов пьесалары осы ке­зеңде өмірге келді. Солардың дені клас­сикалық репертуарымыздың алтын қо­рына айналды. Ахмет, Міржақып, Мағ­жан, Сұлтанмахмұт, Шәкәрім дүниелері де осы кезең туындыларына жатады. Бұл кезеңде ұйым тізгінін Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ғаббас Тоғжанов, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Дихан Әбілевтер ұстады. Ал екінші кезең – соғыс тұсындағы өмір мен өлім майданын көзімен көріп, соғыстан кейінгі қиындық атаулыны жүрегімен сезінген ұрпақ тудырған реа­листік-психологиялық әдебиеттің кезеңі. Бұл кезең өкілдері алыптар салған жолды жалғай отырып, өздеріне дейінгі эпикалық, лирикалық үлгі-нышан­дар­ды барынша байытты, көркейтті, да­мыт­ты, шығарманың көркемдік шеші­мін өзгеше өрді. “Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз, қайда екен қайда, дариға сол қыз?!” деп ақындық асқақ рухты арқалай келген Қасым Аманжолов замандастарының көпшілігі “соғыстың сұр шинелін” шеш­пестен, бірден Алматыға келіп жат­ты. Бірі окоптың жырларын дәптерге түс­­­кен қалпы гимнастерка қалтасына салып бүктеп жетсе, енді біреулері тұң­ғыш романдарын қол­тығына қысып, алыптар тобының есігін именіп ашты. Соғыстан соңғы астананың бұлың-пұш­­пағын кезіп, пәтер жалдап, алғаш­қы повестері мен әңгімелерін жазып жат­ты. Бейбіт өмір­дің бейғам ауасын жұ­тып, болашақ кей­іпкерлермен қоян-қолтық ара­ласып, “махаббат мұңын” кешіп, “махаббат, қызық мол жыл­дардың” қызығына батты. Ұлы Мұхаң дүниеден өтерінен сәл бұрын есімдерін бөліп айтып, әдебиет болашағын тапсырған тұлғалы, талантты қаламгер­леріміздің дені осы – екінші кезең әдебиетін жасады. Бұл кезеңдегі ұйым тізгінін ұстаған Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұс­тафин тәрізді әдебиеттің абыройлы ақсақалдары одақ жұмысының түбе­гейлі жанданып, халықаралық байла­нысқа шығуына көп күш салды. Тәр­жіма жұмысы жолға қойылып, әдебиет ертеңі дейтін ұғымға жауап берер өрісті дүниелерді өзге тілдерге аударылу үрдіске айналды. Үшінші кезең – алпысыншы жылғылар кезеңі. Бұл кезең өкілдері ғасыр зобалаңы мен тауқыметін тартқан, тоталитарлық жүйенің зардабын шеккен ондаған елдер мен ұлттардың жан-күйін, ой-арманын арқалаған, парасаты мол, дү­ниетанымы кең, интеллектуалды әде­биетті жасады. Алды бүгінде жет­пістің ішін кең аралап, соңғы өкілдері ал­пыс­тың қырқасына көтеріліп отырған бұл ұрпақтың әдебиетке бергені ұшан-теңіз. Олай дейтініміз, осы тұста жалпы әлемдік әдебиетте үлкен-үлкен бет­бұрыстар болып жатты. Үлкенді-кішілі ұлттар әдебиетіндегі алуан-алуан ізде­ністер өз жемісін берді, батыс әдебие­тіндегі интеллектуалды ағыстар жаңа көркемдік айдындарға алып шықты. Кеңес Одағының шаңы­рағын шайқаған “жылымық” кезеңі әдебиет пен өнерде, ғылым мен білім сала­сында, жалпы қоғамтану кеңіс­тігінде осы өзгеріс­тер­дің дендеп енуіне, қанат жаюына біраз жағдай жасады. Соның нәти­жесінде қазақтың ұлттық көркем сөзі үлкен би­ікке көтерілді. Поэзиямыз жұлдызы жа­рық, тынысы кең, болмысы таза соны жырлармен, тұғыры биік тұлғалы ақын­дармен толықса, ұлттық прозамыз баян­даудың өрісі бөлек, өркенді, кенен үлгілерін жасады. Кітап сөрелерінде ұлт өмірі мен тағдырын тереңінен толғай­тын қуатты көркем прозалық шығар­малар молайды. Міне, осының бәрі, бір ауыз сөзбен тұжырып айтқанға оңай көрінгенімен, бүтін бір ұлттың баға жет­пес қазынасын, дәуірлерге көш тү­зеген ұлы мұрасын тануға, талдауға жол ашты. Әди Шәріпов, Әнуар Әлімжанов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлей­ме­новтер басшылық жасаған бұл үшінші кезеңде де ұйымның абырой-беделін көтерген шығармашылық, әлеуметтік, біраз күрмеуі қиын келелі мәселелер өз шешімін тауып, Қазақ­станның халық­ара­лық әдеби байла­ны­сын жолға қой­ған ірі-ірі симпозиумдар, форумдар өтті. Қазақ әдебиеті шека­раларды көктеп өтіп, әлемдік танылу кеңістігіне еркін шықты. Тәуелсіздік дәуіріне қазақ әдебиеті осындай қоржыны қалың, әлемдік ойлау, әлемдік тану, әлемдік талдау биігіне көтерілген қабырғасы берік қалыпта жетті. Төртінші кезең – өткен ғасырдың 90-жылдарынан бергі жаһандану жағда­йындағы тәуелсіздік дәуірінің әдебиеті. Шартты түрде, “жаһандану дәуірі” дейтін атқа ие болып отырған бұл кезең қаламгерлер қауымына да, қаламгерлер қауымының ұйымына да оңай болды деп айта алмаймын. Бұл кезеңде ұйым жұмысына (тіпті тағдырына десе де болады) жауап беру міндеті қазақтың үлкен қаламгер-қайраткер азаматы, марқұм Қалдарбек Найманбаев пен менің пешенеме жазылыпты. Бес жылы – Қалекеңнің еншісінде. Ауыр ма, жеңіл ме, аз ба, көп пе, қалған жылдар­дың салмағы – менің мойнымда... – Төрағалыққа қай жылы келдіңіз? – 1996 жылы... – Келгеніңізге... сонда... 14 жыл болғаны ма?!. – Иә. 14 жыл, үш ай... – Өкінбейсіз бе?! – Неге өкінуім керек?.. Не үшін?.. Әлгінде айттым ғой, “пешенеме жазылған екен” деп... Өкінбеймін... Әрине, қиналған, тарыққан сәттер болды... Бірақ өкінген кезім болған жоқ. Қиналған кездерімде “Сәкеңдер мен Ілиястар құрған одақты сақтау керек” деп абзал ағаларым, әріптес бауырларым әркез қасымнан табылып отырды. Әбділда Тәжібаев, Әлжаппар Әбішев, Дихан Әбілов, Қасым Қай­се­нов, Хамит Ерғалиев, Сафуан Шәймер­денов, Зейнолла Қабдолов, Сайын Мұратбеков, Сәкен Жүнісов, Зейнолла Серікқалиев, Рымғали Нұрғалиев се­кілді бақилық дүниеге аттанған ақса­қал­дарымыз бен ағаларым еске түсіп отыр... Тірілерді түгендесем, тізім ұза­рып кетер... Қасымда, қатарымда жүр­ген әріптестерім мені түсінер деп ой­лаймын... “Өлі риза болмай, тірі байы­мас” дейді атамыз қазақ. Менің есіме бүгін әрқайсысы қазақ әдебиеті мен жазушылар ұйымының бір-бір алып тіреуіндей елестеп, сол қарттарым, сол мәрттерім түсіп отыр... Неге өкінейін?! Жазушылар одағы менің қанатымды кеңейтіп, құлашымды жаздырды. Төртінші кезең жаңа басталып жа­тыр деп ойлаймын. Бұл кезең тағдырын тәуелсіздік тағдырынан бөле-жара қарауға болмайды... Жиырмасыншы ғасырдың әлем­тапырық оқиғалар мен тарихи катак­лизмдерге толы соңғы он жылы мен алып Дала жаңа-жаңа ес жинай бас­таған жиырма бірінші ғасырдың ал­ғашқы он жылы бәріміздің де қаз-қал­пы жадымызда... Адамзат бала­сы­ның арғы-бергі тарихында өмір сүрген импе­риялардың ішіндегі ең ірілерінің бірі тарих аренасынан қалай кеткені, нендей ішкі, сыртқы күштердің көзге кө­­рінбес ықпалымен қантөгіссіз ыды­рағаны, дәлірек айтсақ, күйрегені жаңа та­рихтың талдау объектісіне айналып отыр. Кеңес Одағының ыдырауы Еу­ра­зия кеңістігін жайлаған елдер мен ха­лықтар тағдырына қалай әсер етсе, сол елдердің мәдениеті мен әдебие­тінің тағ­дырына да солай әсер етті. Жаһандану шағын ұлттарды сұрапыл мінезді замана торнадосына лақтырды. Әлем­нің геосаяси кеңіс­ті­гіндегі державалық елдердің ара­салмағы ауысты. Өтпелі кезең ұлттардың рухани өрісін та­рыл­тып, қуаттылардың қуатсыздарға күш көр­сетуін өрістетті. Беделді-беделді де­ген халықаралық ұйымдардың өзі әл­гін­дей еларалық, құрлықаралық мә­се­лелерді шешуде дәрменсіздік та­ныт­ты. Өзінің тәуелсіз ел ретінде даму жолын таңдаған Қазақ Елінің мемлекет болып сақталуы әлгіндей “арпалыстар додасына” түскені қалай ақиқат болса, рухани кеңістігіміз де сол жаһандану дәуірі қалыптастырған күнгей-көлең­кесі қатар келген қиындықтармен ерік­сіз шарпысуына тура келді. Бұл шар­пысуды біз, ең әуелі, ана тіліміздің ай­на­ласынан бір көрсек, ұлттық мәд­е­ниетіміздің тағдыр-талайын анықтар тұстардан екі аңғардық... Сынның үлкені алтын арқауы тіл саналатын әдебиеттің үлесіне тиді... Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтқанда, “Дауға салса, алмастай қиған, ойға салса, қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұ дүниеде не бар екенін...” жанымызбен, жүрегімізбен сезінер кезең келді... Әрине, мыңдаған жылдық тарихы бар байырғы ұлт пен дәстүрі берік үлкен әдебиетті табанға салу мүмкін емес... Десек те... Ел тәуелсіздігімен жарыса келіп, өмірімізге, өмір сүру салтымызға қатар енген жаһандану, ең әуелі, өз шең­гелін ана тіліміз бен әдебиетімізге сал­ғанын осы кезең ішінде анық аңғардық. Соны аңғарғандықтан, Елбасы аузымен айтылған “қазақ қазақпен қазақша сөйлессін” дейтін қанатты сөз өмірге келді. Соны сезінгендіктен, әдебиет пен тіл тағдырына алаңдаушылығын та­нытып, Елбасы дүркін-дүркін арнайы сұхбат беріп, кездесулер өткізді. Өткізіп келеді... Әдебиетіміздің ақсақалдары – Әбдіжәміл Нұрпейісовті жеке қабыл­дап, Әзілхан Нұршайықовтың атына арнайы хат жазуын сол туған әдебие­тімізге деген ыстық ықыласы деп қабылдауымыз керек... Осыдан біраз бұрын менің де Ел­басы қабылдауында болғаным бар. Ұзын-ырғасы бір сағатқа созылған әңгіме барысында қаншама тілге, көр­кем сөзге, ұлтты рухани тәрбиелеу мә­селесіне қатысты іргелі ойлар айтылды. Сол жемісті әңгіменің арқасында әдеби үш басылым Жазу­шылар одағына қайтарылып, біраздан бері күрделі жөндеу күтіп, тозыңқырап тұрған Орталық ғимара­тымызға мол қаржы бөлінді. Арыстар мен алыптар өз қолдарымен құрған әдебиетіміздің алтын төрі жарқырап шыға келді... Тойға жасалған ең үлкен тарту – осы іші-сырты толық жөндеуден өткен ғимаратымыз. Әрине... Жазушылар ұйымы жазу­шыға шығарма жазып бермейді. Бірақ жақсы шығарма жазу үшін керекті ең бас­­ты шарттардың орындалуын қамта­ма­сыз етеді. Олар не дейсіз ғой?! Орта жиналмай орда тігілмейді. Бірінші шарт – ойы, сөзі сергек әдеби ортаның бо­луы. Жиындар мен талқылаулар, пле­нум­дар мен конференциялар – сол орта­ның бас қосуының көрінісі. Екінші шарт – орта бас қосатын, “өз жоғы” мен “өз барын” түгендеп отыратын, әріп­тестік пікір алмасуларға мүмкіндік ту­дыра­тын, баға беру мінбесінің болуы. Сол мінбе – ордалы ғимарат – Жазу­шы­лардың үйі. Сол үйде жас буын өкіл­дерінен бастап аға буын қаламгерге дей­ін шығарма­шылық кеші өтпегені некен-саяқ. Ғимарат төрінде айтылар адал сөз, әділ пікір жазушыны кәсіби тұрғыдан қалай өсірер болса, әдебиетті де солай өсіріп, қанаттандырары хақ. – Үй дегеннен шығады... Сіз осы ұйымды басқарған жылдар, ақиқатын айтар болсақ, “өтпелі кезеңмен” тұспа-тұс келді. Жеңіл болмағанын айттық... Көп қиындық артта қалған тәрізді. Қиналған кезде кімге сүйендіңіз? Кімге сендіңіз?.. Өзіңіз айтқан “адал сөз, әділ пікір” алдыңыздан шықты ма? – Иә. Төрінде ұлылар отырып, ұлт әдебиетінің бары мен жоғын түгендеген ұйымды басқарғаныма шүкіршілік айтамын. Өтпелі кезеңнің ауыртпалығы жалғыз Жазушылар одағының ғана иығына түскен жоқ... Көрсек те, көтер­сек те ел қатарлы көрдік, ел қатарлы көтердік. “Көппен көрген – ұлы той” дейді біздің тәубешіл жұрт. – Дегенмен... – Неге болмасын? Болды қиналған кездеріміз... Әуелі ұйымның басы дауға түсті. Одақтың айналасында әңгіме өрттей қаулады. “Заман өзгерді, қоғам өзгерді. Қазақ қаламгерлері басын қосып отырған ұйым неге өзгермейді?! Өркениетті елдерде мұндай қоғамдық құрылымдар жоқ. Клубтық немесе шағын-шағын бірлестіктер айналасына топтасқан ұйымдар бар... Сондай үлгіге көшу керек”, деушілер болды. Екінші пікір айтушылардың сөзі – анық... “Одақты сақтау керек!”, “Одақ – әдебиетіміздің киелі төрі!” Маған төрағалық тізгінін тапсырып, сенім артқан да – осы екінші пікірді айтушылар. Мен одақ басына осындай қарсы пікірлердің қазаны сапыры­лысып жатқан тұста келдім... Уақыт – төреші. Бәрін орнына қойды. Ұйымның тағдырын талауға салғысы келгендердің сөзі сүрінді. Осы мерзім ішінде болған үш құ­­рыл­тай­дың қалай өткені – қалың қаламгерлердің есінде. Ал күреске толы күндер өзіме ғана аян... Нәтижесін барша жұрт біледі, сезінеді... Ұйым басына төнген бұлт сейілді... Бірақ ақпарат дейтін “өсектің” өрісі қашанда кең ғой. Ұйымның құрылымдық дамуы, яғни “Одақ керек пе? Керек емес пе?” деген әңгіме басылғанымен, ұйым иелігіндегі үйлер – жылжымайтын мүлік айналасындағы дау-шар біразға созыл­ғаны белгілі. Мәселе құқықтық қоғамға тән жолмен шешілді. Әлдебір топтар мен қаламгерлерді адастырған қайсыбір әріптестеріміздің ұйым мүлкін басыбай­лы иеленіп кеткілері келген мақсаттары жүзеге аспады. Ғимарат­тарымыздың барлығы сот жүзінде өз иелігімізге қайта оралды... “Одақты тарату керек” деп от ала жүгірген жазғышхандардың жүзі күйіңкіреп қалды. Қапсыра құ­шақтап тұрып, қабырға санайтын­дар­дың болатынын анық сезіндім... Бәрін Жаратушы Иеміз жарылқасын... Ауыры – үш жарым жылға со­­зылған соттасу. Қиыны – соттас­қаның өзге емес, өз әріптестеріміздің бол­ғаны... Жаңа сұрағыңның бір тұсында “Кім­ге сүйеніп, кімге сендіңіз?” деп қал­дың. Айтайын. Сенгенім – әріп­тестерімнің қара қылды қақ жарған әділдігі мен адалдығы... Мен соларға сендім. Олар маған сенді. Нәтижесінде сенім ақталды. Менің ойымша, осы жылдар ішінде қасиетті төрімізді сақ­таған, сақтап келе жатқан ең басты құрал – Сенім! Қаламгерлердің өз ұйымының қажеттілігіне деген кәсіби сенімі, азаматтық сенімі! “Кімге сүйендіңіз?” дедің... Аллаға сүйендім. Сүйенемін... Сүйеніп өтемін... Ұйым тағдыры талай мәрте тәлкекке түсіп, төраға айналасында “жаптым жала – жақтым күйе” дейтін жайсыз әңгіме қардай бораған кездерде, жасыр­маймын, жалғыз отырып, Жаратушыға жалбарынған сәттерім болды... Ұлы Мұхаңның айналымға өткен ғасырдың орта тұсында ендірген “дос, бедел – дос” дейтін фило­софиялық мәні, мазмұны терең сөзі алдынан шықпай­тын жұмырбас пенде жоқ... Кейде тірілердің кей ісіне налып, сенімнің желкенін жел шайқаған сәттерде әруақтардан медет күтетін Адам-Ата, Хауа-Ананың ұрпағы емеспіз бе?! Менің де бабалар рухына сиы­натыным рас. Сиынамын... Іштей көмек сұ­раймын... Жазушылар одағы, шыным­ды айтайын, маған Сүйену, Сиыну, Сену дейтін үш бірдей киелі ұғымды кұрметтеуге үйретті. Сүйену, Сену жайлы айттым. Сиыну?! Арыс­тарымыз бен алыпта­рымыздың рухына сиынып отырып, қиналған кез­де, тарыққан тұста атқа­рып жатқан ісімізге абырой сұраған, сұрайтын кезім көп... Қозғалыста мәңгілік – миым, арым, көк нөсер боп күрсінсем –  құйылар үн, Құдай ғана қиналсам – сүйенерім, бабалардың әруағы – сиынарым... деп­пін бір өлеңімде. Бұл жолдар сондай сұрақ пен сауалдың қорығына қамалған сәт-сағаттардың бірінде жазылғаны анық... – Жаһандану адамды жалғыздық қорығына қамайтын күрделі құбылыс дейді білетіндер... Уақыт өткен сайын оқыр­маны азайып келе жатқан көркем әдебиеттің тағдыры жаһандану жағда­йын­да қалай болады деп ойлайсыз? Осы орайда, ұйым басшысының пікірі мен ақынның ойы қалай екенін білуге бола ма?! Айырма бар ма, жоқ па? – Жаһандану – жұмбағы мол құбылыс. Жұмырбас пенденің бүгінде бұл құбылысты айналып өтуі мүмкін емес... Жер үсті өркениетінің даму логикасы осыны айтады. Жалғыздық деген шіркін ана дәуірде де, мына дәуірде де болған. Болады! Біздің за­манымызға дейін өмір сүрген Анарыс ойларына ден қойған адам ұлы бабамыздың “жалғыздық қорығына” жиі-жиі қамалғанын жоққа шығара алмасы анық. Анарыстың жалғыздығы Елжау би, Майқы би, Күлтегін, Тоныкөк бабаларымыздың басынан өтпеді дейсіз бе? Жалғыздық дейтін әлгі жегіқұрт жанын жемесе, Қорқыт ба­бамыздың көрден қашып несі бар?! Ұлы Даланың ойшылы Асан жырауға “қайғы” сөзі қайдан жамалды?! Ереуілі заманда ат үстінде жүріп, Алаштың бүтіндігін сұраған нар кезеңнің зор ақыны Ақтамбердінің аузына “жағама қолдың тигенін жалғыздық сенен кө­ре­мін...” деген жолдарды кім салғыз­ды?! “Жартасқа бардым, күнде айғай салдым” дейтін ұлы Абай жалғызды­ғының төркінінде не жатыр? Жә... Бұл аз десеңіз, ХVІІІ ғасырда ғұмыр кешкен ағылшынның ұлы жазушысы Вальтер Скоттың аузына “Жер шары ғаламның сарғыш үйі ме деп сескенемін” деген ғалам жалғыздығы хақындағы үрейлі сөздерді кім салғызып отыр? Ұлы Жара­тушының шебер өрнегінен шық­қан Жалған атты жер үсті тіршілігі емес пе салғызып отырған?! Менің аузыма есімдері іліккен та­рихи тұлғалардың барлығы да сөз өне­ріне ештеңені тең қоймаған, теңгер­меген әр дәуірдің, әр кезеңнің ұлы өкілдері. Адам адам болғалы әдебиет дейтін киелі ұғым бірге жасасып келеді. Әдебиетпен бірге сөз өнерінің тағды­рына алаңдау сезімі де бірге өмір сүріп келеді. Өзіміз көзімізбен көрген кешегі жиыр­масыншы ғасырда да солай бол­ған. Бұл кеп адамзат көші аялдайтын тұсқа дейін жалғаса бермек. Иә. Адамзат көшінің үзілмеуін тілеу – бүгін жер басып жүрген