• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
18 Қыркүйек, 2010

ПАРЛАМЕНТ “Егемен Қазақстанның” арнаулы беті

457 рет
көрсетілді

Маңғыстаудағы мерейлі істер Жансейіт СӘРСЕНҚҰЛОВ, Сенат депутаты. Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі экономиканы жаңғырту, оның ішін­­де жедел индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту барысында қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етудің, жұмыспен қамту шараларын одан әрі іске асырудың маңызы зор. Мұн­дай ауқымды шараларды қам­титын мемлекеттік бағдарлама­лар­дың жергілікті халыққа пайдасы мол екені белгілі. Елбасының Жолдауын жүзеге асыруға бағытталған жалпыұлттық шаралардың орындалу барысына көз жүгіртсек, Маңғыстау облы­сын­да ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша маңызы бар ірі 12 жо­баның индустрияландыру картасы­на енгізілуі қуанышты жәйт екені даусыз. Облыста аймақтық индус­трияландыру картасы аясында – 7, республикалық индустрияландыру картасы бойынша 5 жобаны іске асыру қолға алынды. Бірінші жартыжылдықта осы жобалардың ішінде 22 миллиард тең­геден астам қаражатты құрай­тын төртеуі аяқталды. Олар: 1. Баутино ауылындағы кеме жөндеу зауыты; 2.“Балықшы” ЖШС-нің теңіз операцияларын қолдау базасы; 3. 1-ші кезеңдегі Бейнеудегі диірмен және құрама­жем зауытын құрайтын элеватор­лық кешен, 4. 2-ші кезеңдегі мұнай және газ өнеркәсіпшілігін жетіл­діру­ді қамтамасыз ету үшін түтік жасау, сүттартқыш және құбыр­ларды өңдеу өнеркәсіптік база­лары­ның іске қосылуы. Екінші жартыжылдықта облыс бойынша тағы да бағасы 23 мил­лиард теңгені құрайтын қаражатты енгізу көзделген. Оның ішінде: Ақтау қаласындағы газ-бетон зауы­тына, сұйық дәрі жасау мен меди­циналық өнімдерді белгілеу фар­мацевтикалық кешеніне, халықара­лық жолаушы терминалы мен Ақтау әуежайының ұшып-қону ала­ңын жаңғыртуға, “Теңіз-Сервис” ЖШС-нің металл құрылғылары зауы­тының өнеркәсіптік алаңын дайындауға және Баутино ауы­лын­да ерітінді бұрғылауды дайындау жұмыстарын аяқтау үшін жұм­са­латын қаражат та бар. Сонымен қатар, мемлекет­аралық жобалар бойынша Өзен – Түркіменстан шекарасы темір жол желісі салынуда. Бұл жобаның жер­гілікті халыққа тиімділігі сол, онда екі мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Жауынгерге жаттыққан жарасады Қарағандыда орналасқан “Ас­та­на” өңірлік қолбасшылығы – еліміз Қарулы Күштеріндегі ең ірі әс­кери құрамалардың бірі. Сар­дарлар мен сарбаздардың әскери дайындықтарын шыңдап, жаңа техникалық қару-жарақ түрлерін ше­бер игеруі жолында алға қойыл­ған шараларға армиялық тәртіпке сай талап биік. Бұл мақсат үшін қо­лайлы жағдайлар бар. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі­нің 2010 жылдың 1 наурызындағы бұйрығымен құрылған Кіші маман­дар мен резервтің әскери дайын­ды­ғын жетілдіру және қайта даярлау оқу орталығы сол бағыттағы мін­детті іске асыруға арналған. Спас­скі­дегі әскери бөлімшеде орын теп­кен аталған орталықта бұл күнде әр ай сайын кезек-кезегімен әскери міндеттегі бұрынғы жүздеген жауын­гер жаттығудан өтеді. Оның жұмысымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты­ның Халықаралық қатынастар, қор­ғаныс және қауіпсіздік коми­те­тінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов, комитет мүшелері Мұхтар Алтын­баев, Әділ Ахметов арнайы келіп танысты. Сенаторлар алдымен әс­ке­ри дайындықтан өтушілер білімін көтеретін оқу бөлмелерін аралап көрді. “Астана” өңірлік қолбасшы­лығының қолбасшысы генерал-майор Мүсілім Алтынбаев баян еткендей, бағдарламаға сәйкес сап санатындағы әскери міндеттілер бір айлық оқуға шақырылып тұрады. Оларға тәжірбиелі оқытушылар мен нұс­қаушылар бастапқы әскери дай­ындықтан сабақ беріп, әскери істің қыр-сырына қанығуды тереңдетеді. Сенаторлар көзбе-көз көрген­дей, оқу бөлмелері тиістілі құрал-қондырғылармен толық жабдық­тал­ған. Оқу одан әрі жаттығу алаң­дарында жалғасып, дайындыққа қамтылған жеке құрам ату құрал­дарын қолдануды үйренеді, танктер мен әскери мәшинелерді жүргізуді меңгереді. Олардың жаттығу кезін­дегі іс-қимылдарына назар ауда­рылды. Дайындықтары талапқа сай екені танылды. Сенаттың Халықаралық қаты­нас­тар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қ. Сұлтанов егжей-тегжейлі сұрастырып біл­ген­дей, мұнда жиыннан өтуге еліміздің барлық өңірінен әскери міндеттілер шақырылады. Сонымен бірге, Қа­рулы Күштер қатарында азаматтық борышын өтемеген әскери мін­деттілер де қамтылады. Олар әске­ри Ант қабылдайды. Жиын аяғында оған қатысқандарға салтанатты жағдайда куәлік беріледі. Қуаныш Сұлтанов атап өткен­дей, қоғамдағы жаңа өзгерістер, сондай-ақ еліміздің одан әрі дамуы Қазақстан Қарулы Күштерінің қыз­метімен де тығыз байланысты. Пре­зидент, Қарулы Күштердің Жо­ғарғы Бас қолбасшысы Н. Ә. На­зар­баев тапсырмасы бойынша әскерлердің сапасы мен тиімділігін арт­тыру – басты талап. Жинақы да ұтқыр жауынгерлік әзірлік деңгейін көтеру, білікті әскери мамандар даяр­лау, қазіргі заманға сай қи­мылдар жүргізуге бейім құрам қа­лыптастыру негізгі міндеттердің бірі болып қала бермек. Бұл ретте әскерилерді оқытып-үйретудің маңызы ерекше. Осы шара “Астана” өңірлік қолбасшылығында ойдағыдай атқарылып жатқандығы көңіл қуантады. Қарулы Күштер әскери қызметшілерінің кәсібилігін арттыру, жауынгерлік әзірлікті қажетті көлемде қаржыландыру жалғаса береді. Сенат алдағы жылдарға бекітілетін мемлекеттік бюджетте оны қарастыратын болады, Қазақтан халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етуден ештеңе аяуға болмайтыны хақ. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды. Қазақы тәрбие алсын деп едім – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко – Мемлекеттік тілді үйренуді әуелі өзімізден бастауымыз керек. Өзім бала кезден жергілікті ұлт өкілдерінің арасында өскендіктен бе, өзге тілдерге қарағанда, қазақ тілі менің жаныма жақын, жүрегіме ыстық көрінеді. Мен қазақ тілінде еркін сөйлеймін деп айта алмаймын, бірақ жақсы түсінемін. Қабылдауыма келген үлкен кісілерді аудармашысыз тыңдап, олардың сұрақтарына тиісті жауабын бергенімде, қариялар кәдімгідей-ақ риза болып қалады. Қазіргі уақытта оңашада қазақша сөздерді айтып үйреніп жүрмін. Бұл тілімді әбден жаттықтырып алған соң, қазақша сөйлейін деген ниетімнен туған жәйт, – дейді Е.Тарасенко. Депутат биыл маусым айынан бастап, 3 жасар Кирилл атты немересін қазақ балабақшасына беріпті. “Балапан” балабақшасына баратын Кирилл бү­гінде қазақша біршама үйренген. Үйде ойнағанда ойыншықтармен тек қана қазақша сөйлеседі. Соңғы кездері әжесіне де, анасына да көбінесе қа­зақша сөйлейтін болып жүр. “Мен оның айтқандарын түсінемін, ал ана­сы Наталья кейде түсінбей қалса, оған Кирилл ұрсып жатады. Соған қа­ра­ғанда, жақын арада ол анасын да қазақшаға үйретіп шығаратын се­кіл­ді. Немерем Дана Қайырғалиқызы мен Ақжүніс Мәжитқызы есімді тәр­биешілерінің әрбір іс-қимылын, айтқан әңгімесін үлгі тұтады. Үйге кел­генде, кейде Кирилл бізден сол кісілердің жасағанын қайталап жасауы­мызды талап етіп отырып алады. Балабақшадан бір күн де қалғысы кел­мей­тін Кирилл топтағы достары жайлы жиі айтады. Немеремнің “Бала­пан­ға” тез бауыр басып кеткеніне қуанып жүрмін”, – дейді халық қалаулысы. Депутатқа “Балапан” балабақшасы ұжымының айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы ұнайды екен. Қызметкерлері шетінен сыпайы, мәдениетті. “Немеремді тіл үйренсін, әрі қазақы тәрбие алсын деп қазақша балабақшаға әдейі бердім. Ол қазақтың азаматтары секілді жұмсақ мінезді, қайырымды, сырбаз жігіт болып шықса, арманым жоқ”, – дейді Е.Тарасенко. Айша ҚАБЫЛОВА. Субсидия көлемін көтерген жөн Ольга КИКОЛЕНКО, Мәжіліс депутаты. Менің қолыма қалам алуыма “Қазақстан құс өсірушілер одағы­ның” өтініші себеп болып отыр. Онда дәнді дақылдар бағасының өсуінен жем мен жем қоспалары бағасының, электр қуатының қым­баттауынан темір жол тасымалдары бағаларының артуы және басқа да экономикалық проблемалар бой көрсетіп отырғаны жайында ай­ты­лады. Сондай-ақ Кеден одағына кіруге байланысты еліміздің құс ша­руашылығы жақын шетелдердің, тіпті, алыс шетелдердің тауар өн­ді­рушілерімен тең бәсекелесе ал­май­тын мәселелер туындауда көрінеді. Осыған байланысты, ел Үкіметі “Қазақстан құс өсірушілер одағы” қойып отырған, 2011 және кейінгі жылдарға тауарлы жұмыртқа мен құс еті өндірісіне және өткізуге субсидия көлемін көтеру жөнінде басты мәселені қараса және қарап қана қоймай, оң шешсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ашық пікір алысылды Жақында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университе­тін­де Парламент Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғатты пай­далану комитетінің мүшесі Кен­же­ғали Сағадиев пен Парламент Мәжі­лісінің депутаты, Әлеуметтік мәдени-даму комитетінің мүшесі Қылышбай Бисенов университеттің ғылыми-тех­ни­калық базасымен танысып, университет ұжымымен кездесу өткізді. Олар жоғары мектептің мұражай, кітапханаларын аралап, инженерлік бейімдеудегі зертхана жұмыстары мен спорттық-сауықтыру орталығының құ­рылыс жұмысының барысы жайымен танысты. ҚМУ-де әлемдік білім стан­дарттарына сай жабдықталған мате­риал­дық-техникалық базасы барлығына көздерін жеткізді. Кездесуде депутаттар оқытушылар мен студенттердің сұрақтарына жауап беріп, ашық пікір алысты. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда. Өңірді өркендету қадамдары Сенаттың Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің Ақтауда жергілікті атқару­шы және өкілді органдар активінің қатысуы­мен болған көшпелі отырысында Маңғыстау облысындағы “Жол картасы” мен индус­трия­лық-инновациялық дамуды әртараптандыру мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері басты тақырып болды. Отырысты аша келіп комитет басшысы Нұрлығайым Жолдасбаева 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын жүзеге асыру жөніндегі Мемлекет басшысы Н.Назарбаев­тың тапсырмаларын орындау аясында осы мәселенің талқылануының маңызды екенін атап өтті. Стратегия аясында 2010-2014 жыл­дарға арналған индустриялық-инновациялық әртарап­тандырудың мемлекеттік бағдарлама­сын, индустрияландыру және жол карта­ла­рын, бизнестің 2020 жылға дейінгі жол кар­тасын жүзеге асыруға негізделген еліміздің инновациялық даму жолына жедел көшу жөнінде еліміздің Президенті тапсырма берген болатын. Бұл басым бағыттарды табысты жүзеге асы­ру үшін уақытында тиісті заңнамалық негіз жасалды. Ауқымды міндеттерді орындау мәселе­ле­рі­не қатысты Н.Жолдасбаева аймақта қабыл­данған дамудың бес жылдық бағдарламасы мен индустрияландыру картасына тоқталды. Сенатор атап өткендей, Маңғыстау облы­сында индустриялық-инновациялық саясат 13 инвестициялық жобаларды жүзеге асы­руды көздейді, оның ішінде 5-еуі рес­публикалық, 8-і аймақтық индустрияландыру картасына енген. Жобаларды жүзеге асыру үшін берілген инвестиция 170 175 миллион теңгені құрайды. Республикалық мәні бар жобаларға теңіз операцияларын қолдау базасының, диірмен кешенімен қоса элеватор құрылысы, ком­би­корм зауыты, Өзен-Түркіменстан шекарасы темір жолы, халықаралық жолаушылар тер­миналы мен Ақтау қаласының әуежайындағы ұшу-қону жолағын жаңғырту, сондай-ақ Ақтау пластик зауыты базасында жол битумы өндірісін жолға қою жатады. Аймақтық жобалар ішінде Баутинода шағын кемелерді жөндеу зауытын, фарма­цевтика кешенін, Ақтауда газбетон зауытын, шағын және орта бизнестің өндіріс паркін салу бар. Көрсетілген жобалардың аясында барлығы 7136 жаңа жұмыс орны ашылды. Жол картасы аясында аймақта барлығы 4,4 миллиард теңгені құрайтын 97 инвест­и­циялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оның барысында жаңадан 3829 жұмыс орны ашылады. Бұл жобалар негізінен әлеуметтік, әлеуметтік-мәдени нысандарды жөндеуге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңғыртуға және дамытуға, сондай-ақ жол жөндеу жұмыстарына бағытталған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2,2 миллиард теңге тікелей трансферт беріледі, ал жергілікті бюджеттен 2,2 миллиард теңге қосымша қаржыландыру көзделіп отыр. 2010 жылғы 1 қыркүйекке дейінгі жағдай бойынша Жол картасына қарастырылған қаржының 3,8 миллиард теңгесі игерілді, бұл жылдық қаржының 86,4 пайызын құрайды. Бизнестің 2020 жылға арналған жол картасы бойынша кәсіпкерлікті қолдауға және экспортқа бағдарланған шараларға республикалық бюджеттен 390,7 миллион теңге қаржы бөлу көзделген. Кездесуде сөз алған облыс әкімі Қ.Көшербаев аймақты дамыту мәселелерін мүдделілікпен талқылаған депутаттарға ризашылық білдіре келіп, 2020 жоспарының басым бағыттарын жүзеге асыруға ықпал ететін заңнамаларды одан әрі жақсартуға қатысты ойларын ортаға салды. Талқылау барысында тұрғын үй құры­лы­сының аймақтық бағдарламасын жүзеге асыру, өндірісті жаңғырту, ауылдық аумақ­тар­ды дамыту мәселелеріне назар ауда­рылды. Жергілікті активтер әлеуметтік сала­ны ны­ғайту, еңбекпен қамту стратегиясын жүзеге асыру, жеке бастамаларды қолдау, тіршілікті қамтамасыз ету инфрақұрылым­дарын дамытуға қатысты сауалдарға жауап берілді. Көшпелі отырыс аясында депутаттар жергілікті кәсіпорындарда, мәдени және әлеуметтік сала нысандарында болды. Үлкен алматы каналы күрделі жөндеуді және осы мақсат үшін қаржы бөлуді қажетсінеді Динар НӨКЕТАЕВА, Мәжіліс депутаты. “Нұр Отан” партия­сы­ның Алматы облыстық фи­лиалында азаматтарды қа­былдау кезінде №10 Шелек сайлау округі бойынша об­лыстық мәслихаттың депу­тат­тары мен Еңбекшіқазақ ауданының сайлаушылары маған төмендегідей маз­мұн­да өтініш айтқан болатын. Алматы облысында ши­рек ғасыр бойы елімізге үз­дік­сіз қызмет етіп келе жатқан, Ше­лек пен Шамалған өзендерінің аралығындағы бүкіл аймаққа игі әсерін тигізіп отырған тең­десі жоқ ірі сушарушылық ке­шендері – Бартоғай су қойма­сы мен Д.А.Қо­наев атындағы Үлкен Алматы каналы бар. Бартоғай су қоймасы Шелек өзені бассейнінің орта сағасындағы абсолюттік биіктігі 101-1070 м. бо­латын Сөгеті тауаралық ойпатында Алматыдан 195 км, ал Шелек ауылынан 65 км жерде орналасқан. Қазақстан Республикасы Үкі­меті­нің №690 12.05.2009 жылғы қаулысымен бекітілген “Сушаруа­шы­лық желілері мен ғимарат­та­ры­ның қауіпсіздігін қамтамасыз ету ере­желеріне” сәй­кес 25 жылдан аса пай­даланылған сушаруашы­лық ғимараттары олардың техникалық жағ­дайына қарамастан, жыл сайын көп­жақты тексеруден өткізілуі қа­жет. Пайдаланылуға 1982 жылы бе­рілген Бартоғай су қоймасы тек 2003 жылы ғана ішінара, онда да оның кейбір учас­келері ғана тексеруден өткен. Теңіз деңгейінен 1070 м жоға­ры­да, 9 бал­лдық сейсмикалық жер сілкінісі болуы мүмкін аймақта ор­наласқан су қоймасының бүгінгі тех­никалық жағдайы сын көтер­мей­ді. Егер плотина бұзылатын бол­са, онда биіктігі 7-8 м жететін су тасқыны 50 мыңнан аса тұрғыны бар елді мекендерді 2 сағат 40 минөттің ішінде сыпырып, жойып жібереді. Қазақстан Республикасы Үкі­меті­нің №690 12.05.2009 жылғы қаулысына сәйкес, Бартоғай су қоймасы 031 бағдарлама бойынша республикалық бюджеттік инвес­ти­ция­лық жобалардың тізіміне енгізілген. Жобалық-сметалық құжаттар мемле­кет­тік сараптамадан өт­кеннен соң 2005 жылы дайын болған еді. 2007 жылы жо­ба­лық-сметалық құ­жаттар қайта есеп­те­ліп, мемлекеттік са­раптамадан қайтара өткізілді. Дегенмен, бұл объектіге қаржы бөлу мәселесі әлі күнге дейін өз шешімін таппай отыр. Осымен бірге Д.А.Қонаев атын­дағы Үлкен Алматы каналында да туындап отырған, шешілуі кезек күт­тірмейтін өзекті проблемалар аз емес. Канал пайдалануға берілген­нен бері, мәселе бірнеше жылдар бойы көтері­ліп келе жатқанымен, оған бірде-бір рет күрделі жөндеу жүр­гі­зілмеген. Ұзақ мерзімді пайда­ла­ныс­тың нәтижесінде каналдың та­банына және жағалауына төсел­ген темірбетон тақталары бұзылып, онда жарық­шақтар пайда болған, арматуралары жалаңаштанып шірі­ген, докер жүйелерін пайдалану мүмкін емес. Судың филтрация­ла­нуының (ыза судың көтерілуінің) салдарынан каналдың табанында және жаға­ларында үлкен бос қуыс­тар пайда болған. Гидро­меха­н­икалық жабдықтар мен гидроғима­раттар толықтай күрделі жөндеуді, электро­мон­таждық жұмыстардың жүргізілуін қажет етеді. “Алматы облысының Еңбек­шіқазақ және Талғар аудандарының аумағындағы Д.А.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын қайта жаңарту” бойынша жұмыс жобасын және оның техникалық-экономи­ка­лық негіздемесін әзірлеуді Ислам Даму банкі арқылы қаржыландыру көзделген болатын. Бірақ, бұл мәселе де әлі күнге дейін өзінің оң шешуін таппай отыр. Ел Үкіметінен осы талап-арыз­ды қарауды және Бар­тоғай су қой­масын 2011 жылға арналған қаржы­лан­дыру жоспарына енгізуді, сон­дай-ақ Д.А.Қонаев атын­дағы Үлкен Алматы каналын күрделі жөндеудің жо­балау жұмыстарына қаржы бө­луге көмектесуді сұраймын.