Маңғыстаудағы мерейлі істер
Жансейіт СӘРСЕНҚҰЛОВ, Сенат депутаты.
Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі экономиканы жаңғырту, оның ішінде жедел индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту барысында қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етудің, жұмыспен қамту шараларын одан әрі іске асырудың маңызы зор. Мұндай ауқымды шараларды қамтитын мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті халыққа пайдасы мол екені белгілі.
Елбасының Жолдауын жүзеге асыруға бағытталған жалпыұлттық шаралардың орындалу барысына көз жүгіртсек, Маңғыстау облысында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша маңызы бар ірі 12 жобаның индустрияландыру картасына енгізілуі қуанышты жәйт екені даусыз. Облыста аймақтық индустрияландыру картасы аясында – 7, республикалық индустрияландыру картасы бойынша 5 жобаны іске асыру қолға алынды.
Бірінші жартыжылдықта осы жобалардың ішінде 22 миллиард теңгеден астам қаражатты құрайтын төртеуі аяқталды.
Олар: 1. Баутино ауылындағы кеме жөндеу зауыты; 2.“Балықшы” ЖШС-нің теңіз операцияларын қолдау базасы; 3. 1-ші кезеңдегі Бейнеудегі диірмен және құрамажем зауытын құрайтын элеваторлық кешен, 4. 2-ші кезеңдегі мұнай және газ өнеркәсіпшілігін жетілдіруді қамтамасыз ету үшін түтік жасау, сүттартқыш және құбырларды өңдеу өнеркәсіптік базаларының іске қосылуы.
Екінші жартыжылдықта облыс бойынша тағы да бағасы 23 миллиард теңгені құрайтын қаражатты енгізу көзделген. Оның ішінде: Ақтау қаласындағы газ-бетон зауытына, сұйық дәрі жасау мен медициналық өнімдерді белгілеу фармацевтикалық кешеніне, халықаралық жолаушы терминалы мен Ақтау әуежайының ұшып-қону алаңын жаңғыртуға, “Теңіз-Сервис” ЖШС-нің металл құрылғылары зауытының өнеркәсіптік алаңын дайындауға және Баутино ауылында ерітінді бұрғылауды дайындау жұмыстарын аяқтау үшін жұмсалатын қаражат та бар.
Сонымен қатар, мемлекетаралық жобалар бойынша Өзен – Түркіменстан шекарасы темір жол желісі салынуда. Бұл жобаның жергілікті халыққа тиімділігі сол, онда екі мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Жауынгерге жаттыққан жарасады
Қарағандыда орналасқан “Астана” өңірлік қолбасшылығы – еліміз Қарулы Күштеріндегі ең ірі әскери құрамалардың бірі. Сардарлар мен сарбаздардың әскери дайындықтарын шыңдап, жаңа техникалық қару-жарақ түрлерін шебер игеруі жолында алға қойылған шараларға армиялық тәртіпке сай талап биік. Бұл мақсат үшін қолайлы жағдайлар бар. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2010 жылдың 1 наурызындағы бұйрығымен құрылған Кіші мамандар мен резервтің әскери дайындығын жетілдіру және қайта даярлау оқу орталығы сол бағыттағы міндетті іске асыруға арналған. Спасскідегі әскери бөлімшеде орын тепкен аталған орталықта бұл күнде әр ай сайын кезек-кезегімен әскери міндеттегі бұрынғы жүздеген жауынгер жаттығудан өтеді.
Оның жұмысымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов, комитет мүшелері Мұхтар Алтынбаев, Әділ Ахметов арнайы келіп танысты. Сенаторлар алдымен әскери дайындықтан өтушілер білімін көтеретін оқу бөлмелерін аралап көрді. “Астана” өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Мүсілім Алтынбаев баян еткендей, бағдарламаға сәйкес сап санатындағы әскери міндеттілер бір айлық оқуға шақырылып тұрады. Оларға тәжірбиелі оқытушылар мен нұсқаушылар бастапқы әскери дайындықтан сабақ беріп, әскери істің қыр-сырына қанығуды тереңдетеді.
Сенаторлар көзбе-көз көргендей, оқу бөлмелері тиістілі құрал-қондырғылармен толық жабдықталған. Оқу одан әрі жаттығу алаңдарында жалғасып, дайындыққа қамтылған жеке құрам ату құралдарын қолдануды үйренеді, танктер мен әскери мәшинелерді жүргізуді меңгереді. Олардың жаттығу кезіндегі іс-қимылдарына назар аударылды. Дайындықтары талапқа сай екені танылды.
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қ. Сұлтанов егжей-тегжейлі сұрастырып білгендей, мұнда жиыннан өтуге еліміздің барлық өңірінен әскери міндеттілер шақырылады. Сонымен бірге, Қарулы Күштер қатарында азаматтық борышын өтемеген әскери міндеттілер де қамтылады. Олар әскери Ант қабылдайды. Жиын аяғында оған қатысқандарға салтанатты жағдайда куәлік беріледі.
Қуаныш Сұлтанов атап өткендей, қоғамдағы жаңа өзгерістер, сондай-ақ еліміздің одан әрі дамуы Қазақстан Қарулы Күштерінің қызметімен де тығыз байланысты. Президент, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н. Ә. Назарбаев тапсырмасы бойынша әскерлердің сапасы мен тиімділігін арттыру – басты талап. Жинақы да ұтқыр жауынгерлік әзірлік деңгейін көтеру, білікті әскери мамандар даярлау, қазіргі заманға сай қимылдар жүргізуге бейім құрам қалыптастыру негізгі міндеттердің бірі болып қала бермек. Бұл ретте әскерилерді оқытып-үйретудің маңызы ерекше.
Осы шара “Астана” өңірлік қолбасшылығында ойдағыдай атқарылып жатқандығы көңіл қуантады. Қарулы Күштер әскери қызметшілерінің кәсібилігін арттыру, жауынгерлік әзірлікті қажетті көлемде қаржыландыру жалғаса береді. Сенат алдағы жылдарға бекітілетін мемлекеттік бюджетте оны қарастыратын болады, Қазақтан халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етуден ештеңе аяуға болмайтыны хақ.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.
Қазақы тәрбие алсын деп едім
– дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко
– Мемлекеттік тілді үйренуді әуелі өзімізден бастауымыз керек. Өзім бала кезден жергілікті ұлт өкілдерінің арасында өскендіктен бе, өзге тілдерге қарағанда, қазақ тілі менің жаныма жақын, жүрегіме ыстық көрінеді. Мен қазақ тілінде еркін сөйлеймін деп айта алмаймын, бірақ жақсы түсінемін. Қабылдауыма келген үлкен кісілерді аудармашысыз тыңдап, олардың сұрақтарына тиісті жауабын бергенімде, қариялар кәдімгідей-ақ риза болып қалады. Қазіргі уақытта оңашада қазақша сөздерді айтып үйреніп жүрмін. Бұл тілімді әбден жаттықтырып алған соң, қазақша сөйлейін деген ниетімнен туған жәйт, – дейді Е.Тарасенко.
Депутат биыл маусым айынан бастап, 3 жасар Кирилл атты немересін қазақ балабақшасына беріпті. “Балапан” балабақшасына баратын Кирилл бүгінде қазақша біршама үйренген. Үйде ойнағанда ойыншықтармен тек қана қазақша сөйлеседі. Соңғы кездері әжесіне де, анасына да көбінесе қазақша сөйлейтін болып жүр. “Мен оның айтқандарын түсінемін, ал анасы Наталья кейде түсінбей қалса, оған Кирилл ұрсып жатады. Соған қарағанда, жақын арада ол анасын да қазақшаға үйретіп шығаратын секілді. Немерем Дана Қайырғалиқызы мен Ақжүніс Мәжитқызы есімді тәрбиешілерінің әрбір іс-қимылын, айтқан әңгімесін үлгі тұтады. Үйге келгенде, кейде Кирилл бізден сол кісілердің жасағанын қайталап жасауымызды талап етіп отырып алады. Балабақшадан бір күн де қалғысы келмейтін Кирилл топтағы достары жайлы жиі айтады. Немеремнің “Балапанға” тез бауыр басып кеткеніне қуанып жүрмін”, – дейді халық қалаулысы.
Депутатқа “Балапан” балабақшасы ұжымының айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы ұнайды екен. Қызметкерлері шетінен сыпайы, мәдениетті. “Немеремді тіл үйренсін, әрі қазақы тәрбие алсын деп қазақша балабақшаға әдейі бердім. Ол қазақтың азаматтары секілді жұмсақ мінезді, қайырымды, сырбаз жігіт болып шықса, арманым жоқ”, – дейді Е.Тарасенко.
Айша ҚАБЫЛОВА.
Субсидия көлемін көтерген жөн
Ольга КИКОЛЕНКО, Мәжіліс депутаты.
Менің қолыма қалам алуыма “Қазақстан құс өсірушілер одағының” өтініші себеп болып отыр. Онда дәнді дақылдар бағасының өсуінен жем мен жем қоспалары бағасының, электр қуатының қымбаттауынан темір жол тасымалдары бағаларының артуы және басқа да экономикалық проблемалар бой көрсетіп отырғаны жайында айтылады. Сондай-ақ Кеден одағына кіруге байланысты еліміздің құс шаруашылығы жақын шетелдердің, тіпті, алыс шетелдердің тауар өндірушілерімен тең бәсекелесе алмайтын мәселелер туындауда көрінеді.
Осыған байланысты, ел Үкіметі “Қазақстан құс өсірушілер одағы” қойып отырған, 2011 және кейінгі жылдарға тауарлы жұмыртқа мен құс еті өндірісіне және өткізуге субсидия көлемін көтеру жөнінде басты мәселені қараса және қарап қана қоймай, оң шешсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Ашық пікір алысылды
Жақында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде Парламент Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Кенжеғали Сағадиев пен Парламент Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік мәдени-даму комитетінің мүшесі Қылышбай Бисенов университеттің ғылыми-техникалық базасымен танысып, университет ұжымымен кездесу өткізді.
Олар жоғары мектептің мұражай, кітапханаларын аралап, инженерлік бейімдеудегі зертхана жұмыстары мен спорттық-сауықтыру орталығының құрылыс жұмысының барысы жайымен танысты. ҚМУ-де әлемдік білім стандарттарына сай жабдықталған материалдық-техникалық базасы барлығына көздерін жеткізді.
Кездесуде депутаттар оқытушылар мен студенттердің сұрақтарына жауап беріп, ашық пікір алысты.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.
Өңірді өркендету қадамдары
Сенаттың Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің Ақтауда жергілікті атқарушы және өкілді органдар активінің қатысуымен болған көшпелі отырысында Маңғыстау облысындағы “Жол картасы” мен индустриялық-инновациялық дамуды әртараптандыру мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері басты тақырып болды.
Отырысты аша келіп комитет басшысы Нұрлығайым Жолдасбаева 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын жүзеге асыру жөніндегі Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмаларын орындау аясында осы мәселенің талқылануының маңызды екенін атап өтті. Стратегия аясында 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық әртараптандырудың мемлекеттік бағдарламасын, индустрияландыру және жол карталарын, бизнестің 2020 жылға дейінгі жол картасын жүзеге асыруға негізделген еліміздің инновациялық даму жолына жедел көшу жөнінде еліміздің Президенті тапсырма берген болатын.
Бұл басым бағыттарды табысты жүзеге асыру үшін уақытында тиісті заңнамалық негіз жасалды.
Ауқымды міндеттерді орындау мәселелеріне қатысты Н.Жолдасбаева аймақта қабылданған дамудың бес жылдық бағдарламасы мен индустрияландыру картасына тоқталды. Сенатор атап өткендей, Маңғыстау облысында индустриялық-инновациялық саясат 13 инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды көздейді, оның ішінде 5-еуі республикалық, 8-і аймақтық индустрияландыру картасына енген. Жобаларды жүзеге асыру үшін берілген инвестиция 170 175 миллион теңгені құрайды.
Республикалық мәні бар жобаларға теңіз операцияларын қолдау базасының, диірмен кешенімен қоса элеватор құрылысы, комбикорм зауыты, Өзен-Түркіменстан шекарасы темір жолы, халықаралық жолаушылар терминалы мен Ақтау қаласының әуежайындағы ұшу-қону жолағын жаңғырту, сондай-ақ Ақтау пластик зауыты базасында жол битумы өндірісін жолға қою жатады.
Аймақтық жобалар ішінде Баутинода шағын кемелерді жөндеу зауытын, фармацевтика кешенін, Ақтауда газбетон зауытын, шағын және орта бизнестің өндіріс паркін салу бар. Көрсетілген жобалардың аясында барлығы 7136 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жол картасы аясында аймақта барлығы 4,4 миллиард теңгені құрайтын 97 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оның барысында жаңадан 3829 жұмыс орны ашылады. Бұл жобалар негізінен әлеуметтік, әлеуметтік-мәдени нысандарды жөндеуге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңғыртуға және дамытуға, сондай-ақ жол жөндеу жұмыстарына бағытталған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2,2 миллиард теңге тікелей трансферт беріледі, ал жергілікті бюджеттен 2,2 миллиард теңге қосымша қаржыландыру көзделіп отыр.
2010 жылғы 1 қыркүйекке дейінгі жағдай бойынша Жол картасына қарастырылған қаржының 3,8 миллиард теңгесі игерілді, бұл жылдық қаржының 86,4 пайызын құрайды.
Бизнестің 2020 жылға арналған жол картасы бойынша кәсіпкерлікті қолдауға және экспортқа бағдарланған шараларға республикалық бюджеттен 390,7 миллион теңге қаржы бөлу көзделген.
Кездесуде сөз алған облыс әкімі Қ.Көшербаев аймақты дамыту мәселелерін мүдделілікпен талқылаған депутаттарға ризашылық білдіре келіп, 2020 жоспарының басым бағыттарын жүзеге асыруға ықпал ететін заңнамаларды одан әрі жақсартуға қатысты ойларын ортаға салды.
Талқылау барысында тұрғын үй құрылысының аймақтық бағдарламасын жүзеге асыру, өндірісті жаңғырту, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелеріне назар аударылды. Жергілікті активтер әлеуметтік саланы нығайту, еңбекпен қамту стратегиясын жүзеге асыру, жеке бастамаларды қолдау, тіршілікті қамтамасыз ету инфрақұрылымдарын дамытуға қатысты сауалдарға жауап берілді.
Көшпелі отырыс аясында депутаттар жергілікті кәсіпорындарда, мәдени және әлеуметтік сала нысандарында болды.
Үлкен алматы каналы күрделі жөндеуді және осы мақсат үшін қаржы бөлуді қажетсінеді
Динар НӨКЕТАЕВА, Мәжіліс депутаты.
“Нұр Отан” партиясының Алматы облыстық филиалында азаматтарды қабылдау кезінде №10 Шелек сайлау округі бойынша облыстық мәслихаттың депутаттары мен Еңбекшіқазақ ауданының сайлаушылары маған төмендегідей мазмұнда өтініш айтқан болатын.
Алматы облысында ширек ғасыр бойы елімізге үздіксіз қызмет етіп келе жатқан, Шелек пен Шамалған өзендерінің аралығындағы бүкіл аймаққа игі әсерін тигізіп отырған теңдесі жоқ ірі сушарушылық кешендері – Бартоғай су қоймасы мен Д.А.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы бар.
Бартоғай су қоймасы Шелек өзені бассейнінің орта сағасындағы абсолюттік биіктігі 101-1070 м. болатын Сөгеті тауаралық ойпатында Алматыдан 195 км, ал Шелек ауылынан 65 км жерде орналасқан.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің №690 12.05.2009 жылғы қаулысымен бекітілген “Сушаруашылық желілері мен ғимараттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережелеріне” сәйкес 25 жылдан аса пайдаланылған сушаруашылық ғимараттары олардың техникалық жағдайына қарамастан, жыл сайын көпжақты тексеруден өткізілуі қажет. Пайдаланылуға 1982 жылы берілген Бартоғай су қоймасы тек 2003 жылы ғана ішінара, онда да оның кейбір учаскелері ғана тексеруден өткен.
Теңіз деңгейінен 1070 м жоғарыда, 9 баллдық сейсмикалық жер сілкінісі болуы мүмкін аймақта орналасқан су қоймасының бүгінгі техникалық жағдайы сын көтермейді. Егер плотина бұзылатын болса, онда биіктігі 7-8 м жететін су тасқыны 50 мыңнан аса тұрғыны бар елді мекендерді 2 сағат 40 минөттің ішінде сыпырып, жойып жібереді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің №690 12.05.2009 жылғы қаулысына сәйкес, Бартоғай су қоймасы 031 бағдарлама бойынша республикалық бюджеттік инвестициялық жобалардың тізіміне енгізілген. Жобалық-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамадан өткеннен соң 2005 жылы дайын болған еді. 2007 жылы жобалық-сметалық құжаттар қайта есептеліп, мемлекеттік сараптамадан қайтара өткізілді. Дегенмен, бұл объектіге қаржы бөлу мәселесі әлі күнге дейін өз шешімін таппай отыр.
Осымен бірге Д.А.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналында да туындап отырған, шешілуі кезек күттірмейтін өзекті проблемалар аз емес.
Канал пайдалануға берілгеннен бері, мәселе бірнеше жылдар бойы көтеріліп келе жатқанымен, оған бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Ұзақ мерзімді пайдаланыстың нәтижесінде каналдың табанына және жағалауына төселген темірбетон тақталары бұзылып, онда жарықшақтар пайда болған, арматуралары жалаңаштанып шіріген, докер жүйелерін пайдалану мүмкін емес. Судың филтрациялануының (ыза судың көтерілуінің) салдарынан каналдың табанында және жағаларында үлкен бос қуыстар пайда болған. Гидромеханикалық жабдықтар мен гидроғимараттар толықтай күрделі жөндеуді, электромонтаждық жұмыстардың жүргізілуін қажет етеді.
“Алматы облысының Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарының аумағындағы Д.А.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын қайта жаңарту” бойынша жұмыс жобасын және оның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді Ислам Даму банкі арқылы қаржыландыру көзделген болатын. Бірақ, бұл мәселе де әлі күнге дейін өзінің оң шешуін таппай отыр.
Ел Үкіметінен осы талап-арызды қарауды және Бартоғай су қоймасын 2011 жылға арналған қаржыландыру жоспарына енгізуді, сондай-ақ Д.А.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын күрделі жөндеудің жобалау жұмыстарына қаржы бөлуге көмектесуді сұраймын.