• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Қыркүйек, 2010

Ескі мектеп, енжар көзқарас

1244 рет
көрсетілді

Жанайқай Бізді де алыстағы Әйтеке би ауданы Ақкөл ауылына шұғыл сапарға алып шыққан осы хабар болатын. Редакцияға осы ауылдың жиырма алты тұрғыны қол қойған шағым хат түскен. Онда шағым­данушылар ауылдағы Абай атындағы орта мектептің Ақтөбе облысының мамандан­дырылған ауданаралық экономикалық со­тының үстіміздегі жылғы 21 мамырдағы шешімімен жабылғанын, жаңа оқу жылы басталуға азғантай уақыт қалса да құ­лып­таулы күйінде тұрғанын айта келіп, қазіргі пайдаланылып отырған мектеп ғимара­ты­ның апаттық жағдайда екенін жеткізеді. Хатпен қоса Ақтөбе облысының маман­дандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2010 жылғы 21 мамырдағы ше­шімі және Ақтөбе облысы соттар әкімшісі Әйтеке би аумақтық учаскесінің аға сот орындаушысы Р.Жетіруованың жасаған актісі жіберіліпті. Мамандандырылған ауданаралық эко­номикалық сотқа мектепті жабуға талап арыз беруші Ақтөбе облыстық санитар­лық-қадағалау департаменті “Әйтеке би аудандық санитарлық-қадағалау басқарма­сы” мемлекеттік мекемесі Абай атындағы орта мектеп ғимаратының шаруашылық қызметін тоқтатуды сұрап, төмендегідей мән-жәйді хабарлайды. “Мекеме маман­да­рымен осы мектептің санитарлық-эпиде­миологиялық жағдайын тексеру бары­сын­да санитарлық-техникалық жағдайы нашар деңгейде екені анықталды. Ғи­мараттың төбесінің жабындысы (шифері) тозығы жеткен, жаңбыр және еріген қар суы ішке ағып, бірінші класс бөлмесі, дә­ліздің ауасы ылғал, сыз байқалады. Дә­ліз­дің, 11 және 9 класс бөлмелерінің төбелері майысқан, әр жерден тіреу қойылған. Алай­да, сол орна­тылған тіреулердің өздері құлау қаупінде тұр. Ғимараттың сыртқы кірпіштері сөгіліп, іргетасы отыра бас­тағаны анықталды. Мектеп құлау қаупін­де, оқушылар құлаған құрылыстың ас­тында қалуы бек мүмкін” делінген онда. Сөйтіп, сот мектеп ғимаратының ша­руашылық жұмысын кемшіліктер жой­ылғанға дейін тоқтатуға шешім алған.Хат жазушылардың хабарлауынша, төрт айдан бері кемшілік жойылмаған. 2010 жылғы 11 тамызда Ақтөбе облысының соттар әкім­шісі Әйтеке би аудандық учаскесінің аға сот орындаушысы Р.Жетіруова Ақтөбе облы­сының мамандандырылған экономи­калық сотымен берілген: “Абай атындағы орта мектебі” мемлекеттік мекемесінің ғи­мара­тын пайдалануды кемшіліктер жой­ылғанша тоқтату туралы атқару құжатына сәйкес ғи­маратты пайдалануды мәжбүрлеп тоқтатуға байланысты атқарушылық іс-әрекеттер жүргізілетінін хабарлай отырып, ғимараттың басты кіретін есігінің сыртқы жағынан үш жерден, ішкі бетінен сонша жерден сүргі салып бекітеді.Салынған сүргілердің бұзылмауына және сол күйінде сақталуына мектеп директоры Темірхан Сағынды­­қовтың жауапты екенін ескертеді. Ал осындағы 1989 жылы салынған үш қабатты жаңа мектепті “Құрылыс­Ин­жи­ниринг­Ақтөбе” ЖШС техникалық тексеру бой­ынша “апатты жағдайда, күрделі жөн­деу­ге жатпайды” деген тұжырымдама жасайды. Міне, ақкөлдіктердің Астанаға жол­даған арыз-шағымдарының негізгі мән-мағынасы осындай. Олардың жанайқайы қаншалықты шындыққа жанасымды екенін көзбен көрмекке келе жатып,арада бір айдай уақыт өтті, оның үстіне жаңа оқу жылы басталып кетті, құзырлы ор­гандар жоюға пәрмен берген кем­шіліктер әлде­қашан түзетілген болар деген ой да жоқ емес болатын. Облыс орта­лы­ғынан 250 ша­қырымдай қашықтағы Ақкөл ауылына Қа­рабұтаққа дейін тас жолдың арқасында тез-ақ жетіп келдік. Қара­бұ­тақтан Ақкөлге дейін отыз шақырымдай даланың жолы­мен тарттық. Ауылға дейін көтерме жол бар екен, бірақ, жағдайы мәз емес көрінеді. Ақкөл ауылы әлдекімдер айтқандай, сұрқы қашып тұрған, болашағы бұлыңғыр елді мекен сияқты емес. Ақшаңқан үйлер, кіреберістегі ағаштары аспанмен таласқан шағын парк пен “Жол картасы” бағ­дарламасы бойынша былтыр күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйі ауылдың ажарын аша түскендей. Жолбасшымыз Әй­теке би ауданы әкімінің орынбасары Те­мірбек Рахметов және аудандық оқу бө­лімінің бастығы Баязит Құдайбергеновпен бірге Абай атындағы орта мектепке де келіп жеттік. Мектеп директоры Темірхан Сағындықовты болашақта қайта жарақ­тандырылатын мектептің сызбасын жасап жатқан жерінен ұшырастырдық . Келген шаруамызды айтқаннан кейін, бірден мектеп ғимаратымен танысуды жөн көр­дік. Есіктен кіріп келе жатып дәліздің ша­ла сырланған еденіне көзіміз түсіп кетіп, бұлар жаңа оқу жылына дайындалмағаны ма деген ой қылаң берген. Дәліз қабыр­ғасына ілінген мектеп өмірінің күнделікті тыныс-тіршілігін білдіретін ақпараттық тақталар да жаңартылмағанын көргенде ішімізді жиып алғанымыз рас. Бұл жаңа мектепті жылыту қиын болғандықтан қыс­қы кезде пайдалануға ыңғайластырылған бұрынғы кеңшар кеңсесі екен. Күні ке­шеге дейін балалар қыста осында, жазда жаңа мектепте оқытылып келіпті. Жаңа мектеп пайдалануға жарамсыз болып қалғанда толықтай осы ыңғайластырылған ғимаратқа қоныс теуіпті. Мектеп ғимаратын аралауды мұғалім­дер бөлмесінен бастадық. Басқа жағдай­ларды былай қойғанда, екі адам қатар өте алмайтындай тар, төбесі тесіліп, түсуге таяу, оны картон қағазбен жамаған бо­лыпты. Ол да келісіп тұрған жоқ. Мұндай жамау-жасқау төбелерді басқа да класс бөлме­лерінен көруге тура келді. Жетінші класс оқушыларына орыс тілінен сабақ өткізіліп жатыр екен. Бөлменің ортасынан тіреу қойылған, балалар ойнап жүріп сүй­кене қалса, құлап түсуі де мүмкін. Онын­­шы класс бөлмесі де тіреудің күшімен тұр. Класс бөлмелерінің едендері сыр көрме­ге­ні байқалады. Тақталар тым ескі, ин­терак­тивті тақта туралы айтудың өзі ұят. Себебі, бұл ауылға телефон байланысы жа­қында келіпті. Соның өзінде де “Қаз­телекомның” аудандық бөлімшесі ескілеу қондырғыны орнатқан дейді ауылдықтар. Содан да болар интернеттің жылдамдығы нашар көрінеді, компьютерді пайдалану­­дың өзі қиын. Мектепке дейінгі балалар тобы бөлмесі тар көрінеді. Бұл жайлы даярлық тобының тәрбиешісі Кәмшат Қарасаева пікірін білдірді. Содан кейін ауылдықтар ауызға алған жаңа мектепті де аралап көрдік. Сыртынан қарағанда-ақ сиқы кеткен ғимараттың іші одан да өткен. Терезелері сынған, едені опырылып түскен. Іргетас отырып, қабыр­ғалары жарылып, сыртқа қарай қисая ба­с­тапты. Кезінде сапасыз салынған ғи­маратты жарамсыз деп таныған “Құрылыс­Ин­жи­нирингАқтөбе” ЖШС-нің тұжырым­дамасы шындыққа келеді. Аудандық оқу бөлімінің бастығы Баязит Құдайбер­ге­новтың бұл ғимаратты бұзып алудан басқа амал жоқ деуі де қисынсыз емес сияқты. Мектепке жиналған ауылдықтардың ішінде редакцияға жолданған щағым хатқа қол қойғандардың біразы болды. Ақ­көлдіктер осында тұратын тұрғындардың ертеңіне алаңдаушылық білдірген ау­ылдастарын толықтай қолдайтындықтарын білдірді. Енді солардың бірқатарының пікірлеріне құлақ түрелік. Нескен Дауылбаева, зейнеткер: – Мен хатқа қол қойғаным жоқ, бірақ, сонда да айтылғандарға толық қосыламын. Осын­дағы малмен күн көріп отырған халықтың қазіргі басты мәселесі – осы мектеп жайы. Егер мектеп жабылса немереле­рі­мізді қайда оқытамыз? Басшылар мектеп­тің жағдайын көріп жүр емес пе, ертерек ойламай ма? “Мектепке баратын бала саны жыл сайын азайып келеді” деген бос сөз. Былтыр елу сә­би дүние есігін ашты дегенді естідім. Би­ыл да шүкіршілік алтын құрсақты келіндер шілдехана тойларын жасатып жатыр. Бақыткерей Дәулетов, зейнеткер: – Шыны керек, Елбасы әлеуметтік саланы дамытуға қаржыны төгіп-ақ жатыр. Әңгіме жергілікті жердегі басшыларда. Әйтпесе, баспасөзден, теледидирдан жер-жерде жаңа мектептер ашылып, ескісі қайта жарақтандырылып жатқанын оқып та, тыңдап та жүрміз.Қазір жұрттың үдере көшуі тоқтады. Осы жерде табан аудармай тіршілік ету үшін мектепті жақсарту керек. Халық балаларының болашағына алаң­даулы.Ал білім күні басталғанша мектеп есігі құлыптаулы тұрғанда мұндағылардың қобалжығаны да рас. Кенжебаев Ормантай, ата-аналар ко­митетінің төрағасы: – Шүкір, бауы­ры­мыздан өрген балалардан немерелер бар­шылық. Бұл ғимарат жетпісінші жылдары салынған, санитарлық талаптарға да, эти­ка-эстетикаға да сай келмейді. Басқа ау­ылдардың балалары заманауи құралдарды пайдаланып оқып жатқанда біздің неме­ре­леріміздің олардан мақұрым қалуы рен­жітеді. “Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, құлағынан айрылыптының” күйін кеше жаздадық. Биыл мектеп ағымдағы жеңіл-желпі жөндеу көрмеді. Сот жапты деді, өрт мекемесі рұқсат бермеді деді. Әйтеуір, сабақ басталғанша бекітулі тұрды. Қа­лай­ша, тиісті орындар бір шара жасамады деген ой қынжылтады. Ғимаратты биылша пайдаланып шықсақ, келесі жылы қайта жарақтандырып, күрделі жөнделеді деп түсіндіріп кетті өткен жолы қастарыңызда жүрген аудандық білім бөлімінің бастығы Баязит Құдайбергенов. Бірақ, бұдан бұрын бірде 15 млн., енді бірде 20 млн.теңге күр­делі жөндеуге бөлінеді деген жауаптар кел­ген. Арты сиырқұйымшақтанып кетті. Ал жауап хаттар менде әлі де сақтаулы. “Со­қырдың тілегені екі көзі” дегендей, ауыл­дықтардың тілегі осы мектептің үстінде, әйтеуір. Біз әңгімелескен ауыл тұрғындары Батырбек Бәйішев, Орынбасар Смайылов, Мұратқан Дабылдиннің де айтатындары ауыл мектебінің мүшкіл халі, басқа ештеңе дәметпейді. Қазіргі мектептің дәлізін, қо­салқы шаруашылық орындарын қосқанда жалпы алаңы не бәрі 480 шаршы метр екен. Бұл санитарлық талаптың маңайына да жоламайтын көрінеді.Осыған қысылып-қымтырылып 140 бала оқытылуда. Қыста өзі тар бөлмелері ысып кетіп, қалыпты температура сақталмайды. Ыссы бөлмеден бірден далаға суыққа шыққан балалар жиі ауыратын көрінеді. Оны мектептің мед­бикесі де растап отыр. Мектеп жақсарса қаладан ауылға қоныс аударғысы келе­тін­дер де бар көрінеді. Ал ауылға бет бұру жөніндегі Елбасы сөзін арқаланып қала­дағы немерелерім де осында келіп оқыр еді дегендер де болды. Ақкөлдіктер ауыз су мәселесін де, кө­тер­ме жолды тегістеу жәйін де тілге тиек етті. Данышпан ақын Абай атындағы орта мек­тептің болашағы не болады дегенді Әй­­теке би аудандық білім бөлімінің бас­тығы Баязит Құдайбергенов түсіндіріп өтті. – Бұл мектептің жағдайы облыс, аудан әкімдігінің бақылауында. Ғимарат күрделі жөндеуге келмейді, оны қайта жа­рақ­тандыру керек. Ол үшін төбесін ашып, бұрынғы құрылыстың қабырғаларын 50 сантиметрге көтеріп, жанынан жалғас­ты­рып қосымша құрылыс салу көзделуде. Сонда бұрынғы ғимараттың ішкі қабыр­ғалары алынып, кей бөлмелер кеңейтіледі, төрт класс бөлмесі, акт залы, шағын орта­лық жаңадан салынады, есік-терезелері, едендері жаңартылады. Қысқа қажетті 54 тонна көмір жеткізілді.Өртке қарсы белгі беру қондырғысын орнатуға 500 мың теңге бөлінді.Оны жүргізетін мекеме тендерді жеңіп алды, енді іске кіріседі. Кемші­ліктерді жою кеш те болса қолға алынуда. Ал, бұл мектепке неге көңіл бөлінбеді де­генге келсек, ауданда бұдан на­шар мек­тептер де болды. Соларға бірінші кезекте басымдық берілді. Соңғы үш жылда ғана төрт білім мекемесі пай­да­лануға берілді. Биыл төртіншісін іске қосу көзделуде. Ал ауданнан бөлінген азғантай қаржыға толықтай күрделі жөндеу жұмыс­тарын жүргізу мүмкін болмады. Бала саны аз болғандықтан мұнда Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бой­ын­ша мектеп салу қиындау болып тұр. Сон­дықтан қайта жарақтандырылатын мектептің сызбасын жасау мектеп ди­ректорына тапсырылды. Сызбаны тездетіп жасап, жарамсыздық-сметалық жобалау құжаттарын дайындап, алдағы жылдың бюджетіне қосуға тезірек тапсыру керек. Өткен жолы да келіп, ауылдықтармен кез­десіп биылша шыдай тұру қажеттігін тү­сін­діріп кеткенмін, ортақ тіл табысқан бо­латынбыз. Ал жаңа оқу жылына дайын­дықтың нашарлығы мектеп директорының жайбарақаттығынан деп ойлаймын. Кет­кен кемшіліктерді жоюға нақты шаралар алынатын болады,– деді ол Мектеп ғимаратының апаттық жағдай­ға жеткені болмаса, мұғалімдер ұжымы шәкірттерге білім беруде өздерінше тыры­сып тірлік жасауда. Биыл бітірген мектеп түлектері ҰБТ сынағында 81,6 балл жи­нап, аудан мектептері арасында алдыңғы үш­тік­тен көрініпті.Соңғы екі жылда үш жас маман келіпті. Былтыр екі мұғалім облыс әкімінің грантын жеңіп алса, биыл бір мұ­ғалім иеленіпті. Ұжымдағы отыз мұға­лім­нің он жетісі жоғары білімді ұс­таз­дар. Был­тыр бірінші класс табалдырығын 22 ба­ла аттаса, биыл 16 бала партаға отырыпты. Облыс әкімі Елеусін Сағындықов білім саласын ұдайы назарда ұстап, қаржылай қолдауды жыл сайын арттырып отырғанда, қазіргідей жағдайда мұны саланың салақ басшыларының “жауырды жаба тоқуы” демеске лаж жоқ. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.