Тараз қаласының тұрғындары жақында бір ерекше көрініске куә болды. Таңертең жұмысқа бара жатқан кейбіреулері ә дегенде, тіпті, Төле би даңғылының жиегіндегі жасыл желек пен гүлзарға “мал түсіп” кеткен екен деп қауіптеніп те қалған. Бірақ, көп ұзамай, олай емес екеніне көздері жетті.
Бірнеше жылдан бері Тараз қаласын жасыл желек пен гүлге көмкеріп келе жатқан “Жасұлан және К” компаниясы қалалықтар үшін енді төрт түлік малға сүйсіне көз тастау да артық емес деп шешкен сыңайлы. Шынында, қыр төсінен ғана көруге болатын төрт түлікке қала ішінен көз салу адамдарды ауыр ойдан арылтып, бір сәтке көңілдерін көтеруге септігін тигізетіні рас. Сондықтан компания басшылығының ұсынысына облыс, қала әкімдері қарсы болмаған.
Өздері үшін жасалып жатқан игілікті іске разы болған қалалықтардың ұсыныс-пікірлері де жоқ емес. Егер мүмкін болса, қалалықтар үшін таңсық жан-жануарлардың, яғни марал, елік, киік, барыс, жолбарыс, тіпті керік пен пілдің нұсқаларын да орнатса дұрыс болар еді, дейді олар.
Халқымызда “Мал-жан аман ба?” деп амандасатын жақсы дәстүр бар. Сондықтан, басшылар бастамасын қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт елдің бұл да бір символикалық көрінісі деп қабылдаған абзал сияқты.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.