Кеше Астанада Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен қазақстандық ІT компаниялардың ІІ съезі болып өтті. Съезге Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев, Мәжіліс депутаттары қатысты. Шара барысында Қазақстандағы ІТ саласының дамуын талқылау және ІT бизнесті ынталандыру мен алға жылжытуға мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері сөз болды.
ІТ-компаниялар съезінің алғашқысы осыдан екі жыл бұрын өткізілген болатын. Екі съезді де ұйымдастыру бастамасын Қазақстан ІТ-компанияларының қауымдастығы көтерген-тін. ІІ съездің түске дейінгі бөлімінде Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев өткізіліп отырған шараның маңыздылығын атап өтті. Министр өз баяндамасында АКТ саласы ел экономикасының серпінді дамып келе жатқан секторы екендігін айтты. Қалыптасқан макроэкономикалық жағдайда ақпараттандыру секторы 2009 жылы 90 млрд. теңгені құрады, деді ол. Дағдарысқа қарамастан, мемлекет әлі күнге дейін ақпараттандыру қызметінің негізгі тапсырыс берушісі болып отыр. Өткен жылы бюджеттен ақпараттандыру технологияларына 38,8 млрд. теңге инвестиция бөлінді. Қазіргі кезде елімізде 706 ақпараттандыру компаниясы тіркелген болса, соның ішінде 423 компания осы рынокта белсенді жұмыс атқару үстінде. 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында ІТ саласы “келешекті сектор” ретінде белгіленді. Алға қойылған мақсатты орындау үшін Байланыс және ақпарат министрлігі АКТ-ны дамытуға арналған салалық бағдарлама әзірлеген. Бағдарламаны Дүниежүзілік банк өкілдерімен бірлесе отырып, сондай-ақ оны жасап шығаруға бірқатар ІТ-компаниялар, мемлекеттік органдар, қоғамдық және шетелдік ұйымдар жұмылдырылды. Сонымен қатар, бағдарламадағы 7 басым бағыттың алғашқылары жоғары технологиялық өндірісті дамытуға баса назар аударуға бағытталған, деді министр. Біз бүгінгі күні қалай жұмыс істеу керектігін айқындаған сияқтымыз. Яғни, мемлекеттің көмегінсіз, қолдауынсыз өз күшімен қазақстандық ІТ саласы алға жылжи алмайды. Осы орайда мемлекет салық төлеу секілді түйткілді мәселелерді аздап болса да жолға қоюда. Атап айтсақ, Қаржы министрлігі мен өзге де құрылымдармен келісе отырып, амортизацияны 6 жылдан 2,5 жылға қысқарттық. Бұл шаралар тек бастауы ғана деп сендірді А.Жұмағалиев. Биылғы жылы күшіне енетін салық жеңілдіктерінің басқа түрлерін жыл соңына дейін талқылайтын боламыз. Әлеуметтік салықтарға қатысты мәселелер де қарастырылмақ. Мысалы, компанияларда қазақстандық өкілдер саны 90 пайызды құраса, оларға әлеуметтік салықтар нөлге дейін төмендетілуі мүмкін. Жалпы, салықтық жеңілдіктер тізімі мұнымен тоқтап қалмайды. Тек бұл үшін екі тарап, мемлекет те, ІТ компаниялары да шынайы жұмыс істеуі қажет.
Алдағы 3-4 жылда ІТ технологиясы мамандарын жетілдіру, көбейту мақсатымен сапалы кадрлар дайындайтын 3 колледж ашылмақ. Өйткені, жалпы алғанда жоғары білім алу жақсы, дегенмен кәсіптік мамандықтарды да ұмытпаған абзал. Оған себеп, олар жоғары технологиялар өндірісін жолға қойып, оларды жинаумен, жасақтаумен, құрастырумен айналысатын болады. Бұдан өзге, мемлекет жыл сайын осы сала мамандықтарын дайындайтын жоо-ларға гранттар бөледі. Біз ІТ саласының дамуына маңыз бере жүріп, бір нәрсені ұмыттық. Бұл – НИОКР. Бұрын өндіруші мен тапсырыс беруші арасында ғылыми зертханалар болды. Онда компанияларға, зауыттарға қажетті заттар жасап шығарылатын. Осылайша екі жақ мүдделерін ортақтастыратын. Ендігі жерде мұндай R&D зертханалар ІТ саласын оқытатын барлық жоо-ларда салынатын болып келісімге келдік. Бүгінгі күні Үкімет ақпараттық қоғамға және инновациялық экономикаға көшуде, сонымен қатар бәсекелестікке қабілетті экспортқа негізделген АКТ-ның ұлттық секторын құруда, яғни ақпараттық-коммуникациялық технология саласына да баса назар аударып отыр, деп сөзін қорытындылады министр.
Қазақстандық ІТ-компаниялар қауымдастығының президенті Нұрлан Исиннің айтуынша, еліміз ІТ қоғамдастығы саланы дамытуға арналған барлық бастамаларды қолдайды. Қазақстандық мазмұнды өсіруге байланысты еліміз халықаралық талаптарға жауап беретін, әлемдік ІТ индустриядағы еңбек бөлінісінде өз орнын табады деуге үміт бар, деді ол өз баяндамасында.
Съезд барысында басқа да көптеген мәселелер көтерілді. Атап айтсақ, ІТ өнімдеріне деген сұранысты жоспарлау, ІТ рыногында және жаңа жобалардағы қазақстандық мазмұнды өсіру, ІТ қызметтерінің санын өсіру, осы сала бойынша бизнестің тиімді жұмыс жасауына ұйымдастырушы құқықтық ортаны құру, елімізде әлемдік индустриядағы еңбек бөлінісінде өзінің орнын табу үшін ІТ салаларының басымдықты сегменттерін дамыту, жаңа оқу орындарын құру мен ІТ мамандықтары бойынша білім стандарттарын қайта қарау арқылы ІТ білімді жетілдіру, мемлекет қолдауы арқылы Интернеттің қазақстандық сегментін дамыту үшін инфрақұрылым жасақтау ең өзекті мәселелер болып отыр. Бұл мәселелерді шешу жолдарын қарастыру “Зерде” ҰАКХ” АҚ алдында да тұр. Холдингтің басқарма төрағасы Нұрлан Измайлов өз сөзінде АКТ саласын инновациялық қолдауды, қорлар мен технологиялар трансфертін, білім, ғылым, өндірістің бірлескен өзара қарым-қатынасын, саланың негізгі қозғаушы күші ретінде мемлекеттік қаржыландыру арқылы қолдауды атап өтті. Бұл жерде үлкен рөлді мемлекеттік қолдау атқаратыны сөзсіз. Бірақ ІТ-компаниялардың, инноваторлар мен мамандардың да бастамасы аз әсер етпейді, деді ол.
Бүгінгі қоғамның кейбір әлеуметтік және экономикалық мәселелеріне назар аударайық. Әлеуметтік мәселелер деп ақпараттық теңсіздік, қазақстандық тұрғындардың сапалы білімге, сапалы медицина қызметіне қолжетімділігі, мемлекеттік электронды қызметтерге қол жетпеушілікті айтатын болсақ, экономикалық мәселелер ретінде ел экономикасындағы басым салаларда еңбек өнімділігінің төмендігі, ескі технологиялар мен жабдықтардың әлі де болса қолданылуы, ел тауарлары мен қызмет көрсету үлгілерінің әлемдік талаптарға қарағанда бәсекеге қабілетсіздігі, табиғи ресурстарды тиімсіз қолдану болып табылады. Оны АКТ арқылы шешу ұсынылуда. Бүгінде АКТ экономиканың даму катализаторы ретінде, әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді құралы ретінде қарастырылады. Осы ретте “Зерде” холдингі рөлі елімізде АКТ саласын дамыту институты, мемлекеттік тапсырыстардың операторы ретінде таныс. Сондай-ақ АКТ саласын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік даму бағдарламасы әзірленуде.
Қорытынды бөлімде ІТ саласы дамуының басым бағыттары мен бәсекелестігі туралы сөз алған Д. Гусак тұңғыш рет бизнес өкілдері мемлекеттік органдар айтқан жаңалықтармен келісіп отырғандығын жеткізді. Мемлекеттің көрсетіп отырған қамқорлығын нақтырақ сезіндік. Барлық мәселелер бойынша ортақ мүдделілік білінеді. Бұл ерекше, мағыналы өткен жиналыс болды, деді ол.
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов ІТ технологияға арналған 2 съездің жұмысына оң баға бере отырып, атқарылатын жұмыстың атқарылғаннан да көп екендігіне назар аударды. Айтылған ұсыныстарды мұқият тыңдай келе негізгі 3 сәтке назар аударуларыңызды сұраймын. Оның алғашқысы – білім беру жүйесін тереңнен қалыптастыру. Ең бастысы білім деп қайталады Үкімет басшысы. Жақында ғана Алматыда өткен шарада жан басына шаққандағы ІТ маманының төмен екендігі айтылды, бұл өз кезегінде бәсекелестіктің төмендеуіне әкеп соқтырды. Екінші назар аударатын мәселе, кең форматты интернеттің қанат жаюы. Қалғандары жай нәрсе. Біз бұдан қатты артта қалдық. Елімізде 16 млн. халық болса, ал белорусь елінің 10 млн. халқы бар. Салыстырмалы түрде алсақ, олар бізден кең форматты интернеттен әлдеқайда алда. Үшіншіден, 5-7 жылдан кейін қазіргі үстелімізде тұрған барлық темір-терсек қоқысқа кетеді. Ал бүкіл әлемдегі темір-терсекті шығаратын зауыттар қайта маманданатын болады. Өйткені, қазір біз техникалық төңкеріс алдында тұрмыз. Осы орайда, сіздер, ІТ мамандары мемлекетке осы бастан зерттеу, бағалау арқылы ел дамуын шешулеріңіз керек, деп атап көрсетті Премьер-Министр. Сондай-ақ осы мәселе бойынша өтетін алғашқы жиналыстарға міндетті түрде қатысуға уәде берді.
Съезд жұмысына 300-ден астам отандық ІT компаниялар, мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен қоғамдық және шетелдік ұйымдардың өкілдері қатысты. Тоқетері, ІТ технологияның кең өріс алып, өндіре жұмыс жасауына мемлекеттік қолдау қажет. Бұл осы съезде ашық айтылған көптеген мәселелерге нүкте қояр еді.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.