• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Қыркүйек, 2010

Гетені аударған ауыл ақыны

950 рет
көрсетілді

Ұлттық академиялық кітапханада кезекті бір мәдени шара өтуде. Бел­гілі ғалым, ЕҰУ-дің профессоры Се­рік Негимов ағамыз жыр жолдары­нан үзінді келтіріп, іле-шала кітап­тағы шу­мақтарды шұқшия талдауға көшеді. Елордада ауылдан әлі ешбір ақын келіп мұндай шығармашылық кеш өткізбеген. Фариза Оңғарсынова, Ақ­­ұштап Бақтыгереева, Қайрат Жұ­маға­лиев, Серік Тұрғынбеков сынды дүл­дүл­дер мен қазақтың біраз та­ны­мал қа­ламгерлерінің өнер кеші өт­кен, ал бірақ тап мынадай жәйт аста­на тарихында тұңғыш рет десек, асы­ра айтқандық емес. Ауыл ақындары жырларына про­фес­сор ағаларымыз да дәл бұлай бұ­рын-соңды зейін қойып, ой өрмеген. Н­азар тігетіндей олар бұл секілді Ге­тенің 100-ден аса өлең-жырлары мен “Рейнеке түлкі” дастанын тәржіма­лап­ты ма? Бақи мен фәни туралы түсінігі ислам құндылықтарына құрылған немістің ұлы ақыны Иоганн Вольфганг Гетені аударып жүрген ауылдың бұл қай шайыры деп кім-кімнің де қызығу­шылық танытары анық. Зал түгел Серік Негимовтің тал­дау­ларына құлақ түріп, ұйып қалған. – Біріншіден, Айып Нұрдың тілі өте бай, екіншіден, өзіндік ақындық мәнері афоризмдерді, рубаиларды ту­ын­­датуға икемділікті байқатады. Оны оқып отырғанда бір кездегі Фир­доуси, Рудаки, Мақтымқұлыны, жалпы мұсыл­ман тарихындағы әйгілі інжу-маржан шығармаларды, хадис­тердің бәрін меңгергенін аңғарасыз. Содан кейін жалпы адамның өзі де бір қайталанбас құбылыс емес пе? Күні бүгінге дейін галактикалар зерттеліп, жұлдыздар әлемінің қыр-сыры ашылғанмен, адамның жан-дүниесін әлі күнге дейін толық зерттеп біткен ешкім жоқ. Мы­салы, Ыбырайдың бір шығармасында айтылады: Адамның бойында жетпіс түрлі жақсы мінезбен қатар жетпіс түрлі жаман мінез де бар. Онда неше түрлі құбылыстар, сарындар жеткі­лік­ті. Ал, енді Айып Нұрдың шығар­ма­ларын оқып отырған кезде осы се­зім­дер бой билейді. Ол өзінің туған өлкесін, Қа­зақстанның барлық дала­сын, Алатауы мен Қаратауын, Қа­зығұрты мен Ұлы­тауын бәрін түгел қосып жырлайды. Сырдарияның бойында туса да сонау Алтайды, Сарыарқаны сағына сарынға қосады. Және де сұлуларды, перизат­тарды жырлайды. Адамның ішкі болмысын суреттеуге ұмтылады. “Жақсылықтың жаршысы болған аймағым, Туған жер, туған елім қаймағым” деп жырлап, “Бүгінде қимас үш бұрыш, үш тілегім бар” дейді. “Бірі – Отаным, елім, туған жерім, Бірі – болашағым, ұрпағым, ұл-қыздарым, Бірі – рубаи, қисса, хикмет, дастандарым” деп өмір өрнектерін кестелі өреді. Туған жердің бір уыс топырағын да, Бір тасын да бермес ем басқа жұртқа. Ата-баба сүйегінен құралып, Қаны тамған Сол тастардан биік-биік зәулім Сарай салдырар ем, Болашағым, ұрпағымның бақыт­ты өмір сүруі үшін” деген жолдарға үңіле қарағанда, бір жағынан үлкен тәжірибе иесі екені, екінші жағынан балаусалық, балғындық та қасиет барлығы байқалады. “Пендеміз ғой, пендеміз, Бұл жалған дүниеге, Бәріміз де мейман болып келген­біз”. Рас қой! Дүние-жалған, қам­шы­ның қысқа сабындай. “Бұл жалған­ның жүзінде қара да өткен, хан да өткен. Мыр­за да өткен, бай да өткен. Батыр да өткен, би де өткен. Ойлап тұрсаң, әлеу­мет, Шетіне оның кім жеткен...” деп кешегі дүлдүлдер жырлағандай, адам­­ды терең ойға батырып толған­та­тын мұндай қысқа қайырымдар өте көп. “Қасқыр адам, арам дос, Жүзі жылтыр, сөзі бос”. Қандай оймақтай ой. Осы жинақтың ішінде ит пен мысық, қасқыр мен қоян, қар­лы­ғаш пен сұржылан сияқты аллегория­лық өлеңдер бар. Кезінде техникалық университетті бітіріп, инженер болса, келе-келе өлең жа­зып, руханиятқа бет бұрған азамат­тың бойында алуан өнердің болуы некен-саяқ құбылыс, – деген ға­лымның бағасына ештеңе алып, қоса алмайтын сияқтымыз. Осыларға жақында Айып Нұрдың Д. Қонаев туралы деректі спектакльді жазып бі­ті­ріп, ал бүгінде “Тағдыр” деректі ро­манын жалғастырып жатқанын қоссақ, тіпті бір ғажайып сыр төгілер еді. Шығармашылық кеште автор­дың кітап көрмесі өтті. “Жүрек жылуы”, “Наз­ер­кем”, “Ғашықтар әні”, “Сағыныш са­зы”, “Уа, Дариға-ай”, “Алтын бесік”, “Ту­ған жер” атты жеті-сегіз жыр жи­на­ғы жарық көрсе, “Кездесу мен қош­тасу” кітабының алар орны өз алдына бір төбе. Жергілікті компози­торлар Әзі­рет Мырзалиев пен Базарбек Бүрі­сұ­лы әнін жазған “Мақтаралдың ару қызы”, “Са­­рыағашым махабба­­тым”, “Ана жүрегі”, “Мөл­дір махаббат”, “Ғашық қызға”, “Са­­ғыныш сазы”, “Бой­жеткен”, “Жан сәу­лем”, “Сар­базым” сияқты бірталай жыр­­ла­­ры ел арасында кеңінен орындалып жүр. Ән мен жырға әркімнің де жаны құш­­тар бола беруі мүмкін, бірақ та ХХ ғасырда өмір сүрген әйгілі ақын Қай­ыпназар Әйтпеновтің әдеби мұрасын, арнау өлең-жырларындағы, дастанда­­рындағы ізгілік ұстаным­дарды саралап, ғылыми тұрғыда зерттеу, зерделеу екі­нің бірінің қо­лынан келе бермейтіні белгілі. Ақын­ның шежіре, дастан­дарының, ғұ­мыр­намалық-өмірбаяндық, арнау, жоқ­тау өлеңдерінің жанрлық табиғатын саралауға, лирикалық өлең­дерінің тұр­мыс-салттық негіздеріне, жанр­лық үлгілеріне авторлық көркем әде­биет тұрғысында жаңаша баға беру­ге, терме-өлеңдеріне ғылыми-тео­риялық талдаулар жасауға келгенде Айып Нұр ғалымдардың бұрынғы соқпағына түспей, өздігінше із тас­тайды. Әрине, ақын Қайыпназар Әйт­пеновтің өмірі мен шығарма­шылығын жүйелі түрде ғылыми зерттеу жұмыс­тары 1995 жылы қолға алынғаны мәлім. Ал оның халыққа танылуы мұнан әрірек кезеңнен басталады. Ол 1964 жы­лы Шымкент қаласында өткен рес­публикалық ақындар айтысында қазақ ауыз әдебиетінің шебері, жыршысы ре­тінде белгілі болды. Жыр алыбы Жам­­былдың 125 жылдық мерей­тойы­­­­­на арнайы шақырылған Қай­ып­­назар Әйтпенұлы жетпісінші жыл­дар­дың басында әдебиеттанушы ғалымдардың назарына ілігіп, бірлі-жарым еңбектер жарық көргенмен, мұның бәрі айтулы тұлғаның тұтас шығармашылық қуаты­мен салыс­тыр­ғанда теңіздің тамшысын­дай бо­лып қала бермек. Айып ақын Қай­ыпақынның сол халыққа әлі жет­пеген еңбектерінің үзілген жібін қайта жалғағысы келеді. Қызылқұмда Ақбала есімді күйші өткенін және оның бірсыпыра күйлерін соңғы жылдары ғана естіп-біліп жүрміз. Кешегі “Қа­зақтың 1000 күйі” жи­на­ғына енген күйшінің асыл мұра­ла­рының жоғалып кетпей, халқымен қайта қауышуына бірден-бір себепші болған ақынның Майлықожа, Құ­лыншақ, Құлан, Молда Мұса, Ер­көбек сияқты ақындардың да өлең-жырларын жаттап алып, ұрпақтан ұрпаққа таралуына, бүгінгі күнге дін аман жетуіне айтарлықтай үлес қос­­қанын Айып Нұр өз зерттеуінде кеңінен баяндайды. Осы есіммен қатар ақын жырларына терең талдау жасаған белгілі ғалым, марқұм Көбей ­Сей­­­де­­ханұлының елеулі еңбегін еске салып өтеді. Бір ғұмырға құрмет көр­сету арқылы өмірдің келесі бір жар­қын беттеріне кезігіп отыру қашан­нан заңды құбылыс десек, мұндай ғажайып тағдырдың төңірегінен де қазақтың сондай небір айтулы азаматтарын көресіз. Қай нәрсені де кейінгі өсіп келе жатқан балғын санаға бір пайдасы тиер ме екен деген үмітпен сөз етеміз. Айып Нұр замандастың жазғандары шетінен ғажайып деп айта алмауымыз мүмкін, ол туралы көп адам біле де бермеуі мүмкін. Бірақ та қолына қалам ұстап, өлең жазып, немістің Гете ақынын ауда­румен әрі ғылыммен айналысып жүр­ген инженерді бірінші рет кезік­тіруіміз. “Жігітке жеті өнер де аз” деген ғой халқымыз. Ендеше осы бір жыр­­­­­құмар, ақынжанды азаматтың өнеге­сінен өзгелер үлгі алып көрсе қайтеді? Сонда бәлкім, кеудеңіздегі көзі ар­шыл­май жатқан бір бұлақ сыңғыр қаға жөнелер?! Адам жаны жазылмас бір жұмбақ болмаса, өмір қызық бола ма? Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.