• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
21 Қыркүйек, 2010

Ойын деп, міне, осыны айт!

465 рет
көрсетілді

17-19 қыркүйек аралығында Астанада теннистен Қазақстан мен Швейцария құрамаларының арасында Дэвис Ку­богының әлемдік лигасына жолдама беретін матчтық кездесу өтті. Осы кезге дейін әлемдік бәйгеде бақ сынасып көрмеген Қазақстанның ерлер құ­рамасы бұл жолы кездесудің фавориті саналған қарсыластарынан үш күн бойы басым түсіп, теннистен әлемдегі ең үздік 15 елмен бірге Дэвис Кубогының келесі ай­на­­лымында күш сынасуға мүмкіндік алды. Бұл бәсекеге атақты Роджер Фе­де­рер­дің қатысуы жоспарланғанымен, ол Астанаға келе алмады. Кортқа Швей­­­­ца­риядан Марко Кьюдинелли, Михаэль Ламмер, Иво Аллегро, Ста­нислас Вавринка сияқты теннисшілер шықса, біздің елден Андрей Голубев, Юрий Щукин, Михаил Кукушкин шықты. Жарыстың қызықты болатыны бірінші күннен көрінді. Кортқа алғаш болып шық­­қан Қазақстанның бірінші ракеткасы Ан­дрей Голубев пен Марко Кьюдинеллидің ара­сында өткен бәсеке үш сеттің бәрінде 6:4 болып аяқталды. Бұл кездесуде Андрей екі-ақ рет қателік жіберіп, эйстерді жақсы ор­ын­дап, қарсыласына еш мүмкіндік бермеді. Осы күні Михаил Кукушкин мен Станислас Вавринканың арасында бол­ған кездесу де қызықты және тар­тысты өтті. Мұ­ның алдында екеуі АҚШ-тың ашық чем­пионатында кез­­дескен еді. Сол жерде Ми­хаилды үш сетте ойсырата ұтқан Вавринка осы жолы да өзінің жеңетініне сенімді болды. Біздің жігіт АТР рейтингісінде 96 орында тұрса да, осы кездесудің алдында аталмыш рейтингте 27 орында болған Станислас Ваврин­ка­дан екі сетте ұтылғанымен, қалған үш сетте 6:1, 6:4, 6:3 есебімен басым түсті. Осы ойыннан кей­­ін Қазақстан құ­рамасының капи­таны Егор Шалдуновтың: “Бізге енді келесі, жұптасып өнер көрсетуде қо­нақтарды жеңу керек. Бірақ ол оңай болмайды. Швейцариялықтар қулыққа басып, құрамасын ойынға алмасты­­рып шығуы мүмкін”, деген ойын білдірген еді. Соның болжамы келесі күні айна қатесіз дәл келді. Швей­цариялықтар ойынға Михаэл Ламмер­дің орнына қайтадан еңсесі түсе бастаған Станислас Вавринка мен Иво Аллегроны қосты. Біздің құрама да қа­рап қал­мады. Кортқа Евгений Коро­лев­тің ор­нына Андрей Голубевті шы­ғар­ды. Ол Юрий Щукин­­мен бірге қонақтарға қарсы ойнады. Осы кезде­суде соңғы кезде жақсы тандем болып жүрген екеуі қарсы­лас­тарын үш сетте 6:4, 6:3 есебімен жеңіп, елімізге көп­тен бері күткен Дэвис Кубогының жолда­масын алып берді. Ал Вавринка кортта тағы да мінез көрсетіп, төре­шінің санаған ұпайла­рымен келі­с­­­пейтінін, доптың кейбір жерде алаңға емес, сыртқа кетіп қалғанын дәлел­деумен болды. Ақыры, оның уәжіне төреші құлақ аспаған соң ол ойынның соңында ракеткасын лақтырып, корт­тан кетіп қалды. Швейцария құра­ма­сының капитаны Северин Лути де төрешімен дауласқысы келіп еді, бірақ оның да уәжі ескерілмеген соң өзінің орын­ды­ғын бір теуіп, корттан шығып кетті. Міне, осындай нотамен жарыс­тың екін­ші күні, яғни Қазақстан құра­масының Дэвис Кубогының ең үздік 16 ко­ман­дасы қатысатын плей-офф бә­секесіне жолдама алған күні аяқталды. Ал жарыстың үшінші күні Андрей Голубев бірінші күннен бастап тасада қалып жүрген Михаэл Ламмермен кездесіп, оны 6:2, 6:4, ал Михаил Кукушкин Марко Кью­ди­неллиді де дәл осындай есеппен ұтып, кешегі ойында лайықты түрде жеңгенін көрсетті. Сөйтіп,  жарыстың соңғы күні от­ан­­дас­тарының жеңісіне сенімді болған 160-қа жуық швейцариялық жанкүй­ер­­­лердің Астанаға келер алдындағы кө­ңіл-күйі бір күнде су сепкендей басыл­ды. Осы күні қо­нақтардың кө­ңілін тек қана мына бір оқиға көтере алды. Жарыс аяқталған соң швей­­ца­риялық бір жанкүйер ішінде маңызды құжат­тары мен ақшасы бар кейсті жо­ғал­тып алыпты.  Соны бірнеше ми­нөт­терден кей­ін тәртіп сақшысы қай­тарып беріпті. Оған кейсті бір жас ба­ла әкеліп берген көрінеді. Дастан КЕНЖАЛИН. ------------------------------- Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.