Көп жылдардан бергі тынымсыз еңбек пен өз-өзімізді қамшылаудың арқасында қазір өзге ұлт өкілдерінің біразы қазақша сөйлетін болды, сөйлей алмаса да түсінетін деңгейге жетті. Тіпті балаларын қазақша балабақша мен мектептерге беріп жатқан ата-аналардың да қатары көбейіп келе жатқаны, шынымен де қуантатыны рас.
Мемлекет тарапынан көрсетілген дұрыс бағыт-бағдар мен нақты қадағалаудың арқасында бүгінгі таңда қазақ тілінің шылбыры кәдімгідей ұзарды. Мемлекеттік тілге қатысты көптеген республикалық деңгейдегі жарыстардың жаппай өткізілуі де өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген қызығушылықтарын, елге деген құрметтерін көрсете бастады.
Елімізде тұратын барлық этностардың тілдерін құрметтей отырып, оларға жан-жақты жағдай жасалғаны белгілі. Сондай-ақ “Үш тілдің бірлігі” атты мәдени жобаның да жүзеге асып жатқаны тіл бағдарламасының белсенді жалғасып жатқандығының куәсіндей. Мемлекеттік тіл мәртебесін нығайтуда, оның қолданыс аясын кеңейтуде және дамытуда “Нұр Отан” ХДП ерекше ынта танытып, тіл саясаты саласында қауқарлы жұмыстар атқарып келе жатқанын да айтып өтсек дейміз.
Осыдан біраз уақыт бұрын “Нұр Отан” ХДП-ның ұйытқы болуымен “Тілге құрмет – елге құрмет” атты республикалық байқау ұйымдастырылған болатын. Мінеки, сол байқаудың қорытындысы белгілі болып, кеше “Нұр Отан” ХДП-ның Орталық аппаратында жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өткізілді.
Байқау мемлекеттік тілді дамытуға арналған үздік мақала, теле-радиохабарлар мен жобалар, мемлекеттік тілдегі үздік интернет жобалар, сондай-ақ мемлекеттік тілді қолдауға үлес қосқан үздік шаралар, ұйымдар сынды бірнеше аталымдар бойынша жүзеге асырылды. Еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам өтініш келіп түссе, солардың 20-ға жуығы “Нұр Отан” ХДП-ның мақтау қағазы мен сыйақысына ие болды.
Марапаттау рәсімінде жеңімпаздарды құттықтай келіп, “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: “Өздеріңіз жақсы білесіздер, мемлекетіміз үшін де, халқымыз үшін де тіл мәселесі әрқашан да қадірлі, әрқашан да қастерлі. Сол үшін де Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев көпұлтты Қазақстанымызда тілге ерекше көңіл бөліп келеді. Президентіміздің тікелей тапсырмасымен атқарылған маңызды жұмыстардың арқасында бүгінгі күні әрбір ұлт өз тілін, мәдениетін дамытып қана қоймай, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің айналасында топтасуға, бірігуге қадам жасап отыр. Бұл – біздің тәуелсіз мемлекетіміз үшін үлкен жетістік”, – деді.
Өз кезегінде байқауға қатысушылар осындай игілікті шараға ұйытқы болып отырған билеуші партияға деген ыстық ықыластарын білдірді.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.