Кеше Байланыс және ақпарат министрлігінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметтің көшпелі отырысы болып өтті. Онда еліміздің ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламасы қабылданды.
Алдымен Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев “Электронды үкімет” жобасының бүгінгі сипаттамасын толық түрде баяндап шықты. Министрдің айтуынша, мемлекет “Электронды үкімет” жобасын 2005 жылдан бері дамытып келеді. Осы уақыт аралығында жобаға құйылған қаржының бас-аяғы 44 млрд.теңгені құрайды. Сондай-ақ осы кезең ішінде жүйені құрайтын барлық жеке тұлғалардың, заңды тұлғалар мен жылжымайтын мүліктің адрестік тіркеуі туралы мәліметтер жинағы толықтай құрылды. Ол жүйенің инфрақұрылымы құрылғандығын білдіреді. “Электронды үкіметтің” жаңартылған порталдары мен “е-лицензиялау”, төлем шлюзі, серверлік орталықтар туралы айтып өткен Асқар Жұмағалиев оның ерекшеліктеріне де тоқталды. Жаңартылған порталдар негізінен ел азаматтарына көрсетілетін электронды қызмет түрлеріне негізделген. Сондай-ақ электронды сандық қол қоюды жасау мен алу жүйесі одан әрі жетілдіріліп, оңайлатылған. 2012 жылға дейін мұндай ЭСҚҚ еліміздің 850 мың тұрғынында болады деп жоспарланып отыр. Бұл еліміздегі экономикалық тұрғыдағы белсенді халықтың 11 пайызын құрайды. Сондай-ақ Байланыс және ақпарат министрі бүгінгі күні мемлекеттік органдарда орын алып отырған қайталама қағаздардан арылуға уақыт жеткендігін айтты. Өйткені электронды түрде жіберілген көптеген материалдар қайтадан қағазға басылып уақыт және қаржы алатынын ескертті. Ал біртіндеп толықтай электронды жүйеге көшуге, қағазбастылықтан арылуға техникалық мүмкіндіктер реттелген. Тек бұл үшін арнайы заң қабылдануы қажет, деді ол. Тұрғын халықтың қолданып жүрген “Электронды үкімет” қызметтеріне мониторинг жүргізу барысында ең көп қолданылатын, ең қажетті деген түрлерін анықтадық. Нәтижесінде қызмет түрлерінің көп емес екендігін ескере отырып, оны 709-ға дейін ұлғайту керектігін айтқым келеді. “Электронды үкімет” порталында қолданушыларға мемлекеттік органдардың 59 электронды қызметі ұсынылады. Оның ішінде ең қажеттілері лицензия алу мен шешімдер екен. Атап айтсақ, Әділет, Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері мен Салық комитетінің е-қызметтері болып отыр. Алдағы уақытта біз лицензия берушілер санын 20-ға дейін көбейтпекпіз, деді министр.
Премьер-Министр баяндаманы тыңдап болғаннан соң біраз мәселелерге тоқтап, “Электронды үкіметтің” одан әрі дамуына байланысты бірқатар тапсырмалар берді. Кәрім Мәсімов “Электронды үкіметті” талдау барысында кейбір жаңа нәрселерді енгізуге тоқтала кетті. Атап айтсақ, министрліктер мен агенттіктердің басшыларына Үкімет басшысының тапсырмасын шұғыл түрде алып отыруға мүмкіндік беретін пошталарды пайдалануды тапсырды. Премьер-Министрдің айтуынша, BlackBerry арқылы құпия емес электронды пошталарды қолдану “Электронды үкіметті” өзімізден бастауға мүмкіндік бермек. Байланыс және ақпарат министрлігіне “Қазақтелеком” компаниясымен, сондай-ақ Премьер-Министр Кеңсесімен бірлесе отырып тапсырманы орындауға бір апта уақыт берілді. Үкімет басшысы ақпараттандыру үдерісін алдымен өздерінен бастамаса, іс орнынан жылжымайтындығын атап өтті.
Бұдан соң салалық бағдарламаны таныстыру үшін сөз алған Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев таяу болашақта, яғни 2015 жылы Қазақстан аумағының 95%-ы сандық хабарларды қабылдау мүмкіндігіне ие болатындығын жеткізді. Салалық бағдарламаның негізгі мақсаты ақпараттық қоғамға және инновациялық экономикаға көшу, сондай-ақ АКТ-ның бәсекеге қабілетті экспортқа бағытталған ұлттық секторын қалыптастыру болып табылады. 7 бағыттан тұратын салалық бағдарлама Үкімет мүшелеріне таныстырылған соң, “ащы тері алынды”. Бұлай деуіміздің мәнісі Премьер-Министрдің бағдарламаны кемшіліксіз деп айта алмаймын, көптеген толықтырулар қажет деуінде жатыр. Оған қоса бағдарламаға Асқар Жұмағалиевтің әріптестері де көбірек шұқшиды. Үкімет басшысы көшпелі отырысқа дейінгі өткізіліп жүрген кеңестерде еліміздегі ақпараттық саланы дамыту мәселесін талқылап жүргендіктерін еске салды. Кәрім Мәсімовтің пікірінше, бұл “Электронды үкіметті” дамытумен тікелей байланысты. Осы орайда Премьер-Министр Қазақстандағы LTІ жүйесін, кең жолақты интернетті дамыту бойынша ұсыныстарын жеткізді. “Біз планшетті компьютерлерді, сондай-ақ ұялы телефондардың жаңа түрлерін ел азаматтары үшін қалай қолжетімді ете аламыз, оларды электронды үкіметке қалай қоса аламыз? Осыны зерттеу қажет. Өйткені, мен шетелдерден келіп-кететін кейбір әріптестерім планшетті компьютер немесе қандай да бір ұялы телефон арқылы өз Үкіметін басқаруды шетелдерде де жалғастырып жататынына куә болып жүрмін. Болашақта осы жайында ойлану керек және тиісті ұсыныстарды ескере отырып “е-үкіметті” дамыту бағдарламасына түзетулер енгізу қажет”, деді Үкімет басшысы. Иә, “Электронды үкіметті” жүзеге асыруда алға жылжушылық бар, тіпті өте үлкен. Дегенмен, оны мүлде кінәратсыз деп айтуға ертерек, әлі көп нәрселер атқарылуы қажет. Бастысы, кең жолақты интернет барша үшін де қолжетімді болуы тиіс, ұялы байланыстың дамуының 4 сатысы LTІ технологиясының тез арада дамуына басты назар аударылуы қажет.
Үкіметтің көшпелі отырысында өзге де мемлекеттік органдар өз салалары бойынша жүргізіп жатқан “Электронды үкімет” жетістіктеріне тоқталды. Мысалы, Қаржы министрі Болат Жәмішев электронды мемлекеттік сатып алу порталында 70 мыңнан астам қатысушы тіркелгендігін айтты, сондай-ақ оның 46 мыңы өнімді жеткізіп берушілер екен. Веб-порталға аптасына 300 мыңдай адам кіреді екен, кейде күніне 30 мың адам кіреді. Жылдық жоспарлы мемлекеттік тапсырыстың 18 мыңдайы электронды форматта жарияланып, мемлекеттік сатып алудың қорытындысын білдіретін 900 мың шешім шыққан. Б.Жәмішев электронды мемлекеттік сатып алу биылғы жылы баға ұсыныстары әдісімен жүзеге асырылатындығын айтып өтті, ал конкурстық әдіспен өткізілетін мемлекеттік сатып алудың қанатқақтысы өткізілуде. Осыған дейін 1 млрд. 400 млн. теңгеге 90 конкурс өткізілген. Сондай-ақ “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңға өзгерістер енгізу туралы жаңа жоба дайындалған. Мұны алдағы жылдан бастап барлық мемлекеттік органдар қолданатын болады. Қаржы министрі сатып алудың аукционды әдісін енгізу туралы мәселе қаралып жатқандығын, 2011 жылдан бастап оны қанатқақты режімде енгізу жоспарланып отырғандығын хабарлады. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова 2012 жылдан бастап бала тууға байланысты берілетін жәрдемақының электронды қызметін ұсынбақ екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ өздерінің электронды портал арқылы азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз етудің 12 қызметі бар екендігін, бірақ ол туралы көбі біле бермейтіндігін ескертті. Болашақта біз осы бағытта түсініктеме жұмыстарын жүргізетін боламыз, деді ол. Кейбір әлеуметтік салаларды ақпараттық жүйемен қамтамасыз ету тек үзік-үзік түрде көрсетілгендіктен жүйелілік жоқ. Осы мәселені шешу мақсатымен біз өткен жылдан бастап әлеуметтік еңбек саласында бірыңғай ақпараттық жүйе құруды бастадық. Бұл бағдарлама “Электронды үкіметке” біріктіріліп отыр. Елімізде ақпараттандыру жұмыстары жүргізілген соңғы 11 жыл ішінде 4 млрд. теңгедей қаржы жұмсалған екен. Осы қаржы арқылы әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламаларын тиімді басқару қамтамасыз етілді, деді сөз аяғында Гүлшара Наушақызы.
Ал Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов осы жылдың аяғына дейін бірқатар жаңа ақпараттық қызметтерді енгізуді аяқтауды жоспарлап отырғандықтарын жеткізді. Оған қоса, МАИ-дің әкімшілік айыппұлдарын төлеуді “Электронды үкіметтің” төлем шлюзі арқылы жүзеге асыруға болатын жаңа электронды қызмет енгізілгендігін айтты.
Көшпелі отырыс соңында Үкімет басшысы “Электронды үкіметке” жауапкершілікті 3 министрлікке жүктеді. Байланыс және ақпарат министрлігі жобаның техникалық саласына жауап берсе, Экономикалық даму және сауда министрлігі бизнес үдерістеріне жауапты. Ал мұның бәрін үйлестіріп, орындау Қаржы министрлігіне тапсырылды. Аталмыш мемлекеттік органдар 1 апта уақыт ішінде отырыста қабылданған және талқыланған мәселелерді ескере отырып жобаны толықтырмақ.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.