• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Қыркүйек, 2010

Тас жол бас жолға айнала ма?

549 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалы­ғымен өткен палатаның кешегі пленарлық отырысының күн тәртібінде екі заң жобасы бірін­ші оқылымда қаралды. Біріншісі азаматтық заңнамаға қатысты болса, соңғысы көлік мәселелеріне қатысты болды. “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов таныстырды. Заңдық құжатта жекеменшік институттары мен келісім-шарттық қатынастарды нығайту мақсатында заң жобасымен мәміле жарамсыз­дығына, кепілдік жарна институтын енгізуге, көлік құралын экипажсыз жалдау шартына қатысты өзгерістер мен толықтырулар көзделген. Сон­дай-ақ жылжымайтын құқықтарды тіркеу саласындағы құқықтық ол­қы­лықтарды жоюға, заңды тұл­ға­ның жеке мүліктік емес құқық­тарды бұзғаны үшін моральдық зиянды өндіріп алу мүмкіндігін болдырмауға бағытталған түзетулер де енгізіледі. Күн тәртібіндегі депутаттардың қызығушылығын тудырған екінші мәселе “Қазақстан Республика­сы­ның кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы болды. Ол бойынша баяндаманы Көлік және коммуникациялар министрлігінің жауапты хатшысы Жеңіс Қасымбек жасады. Заң жобасының мақсаты – көлік қызметін мемлекеттік рет­теу жүйесін және тасымалдау про­цесін жетілдіру, көлік саласындағы құқықтық олқылықтарды жою және ұлттық көлік заңнамасын ха­лықаралық құқық нормаларына сәйкес келтіру. Сондай-ақ түзету­лермен қалааралық және халықара­лық қатынастарда автобустармен және шағын авобустармен жолау­шы­ларды тасымалдауды лицен­зиялау көзделген. Мұндай тәсіл көптеген еуропалық елдерде, мәсе­лен, Ұлыбритания, Швеция, Бель­гияда бар көрінеді. Негізінен жол апаты көлік жүргізушінің ұйықтап кетуінен немесе жылдамдықты тым асырып жіберуінен орын алып жататыны анықталған. Сондықтан заңдық құжатты әзірлеушілер об­лы­саралық тасымалдаумен айналы­са­тын көліктерге тахограф ор­натуды міндеттеуді ұсынып отыр. Ал Еуроодақ құрамына кіретін ел­дер тіпті тахографтан сандық үлгіге көшуді талап ете бастаған. Соны­мен қатар, ұлттық теңіз тасымал­шысын айқындау жөніндегі нор­малар және өзге де өзгерістер көрініс тапқан. Заң жобасы бойынша депутат­тар көптеген сұрақтар қойып, оған тұшымды жауаптар алды. Күн тәртібіндегі мәселелерді мұқият талқыдан өткізген депутаттар екі заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдауды ұйғарды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.