Мәжілісте Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне арналған “ЕҚЫҰ және ТМД: жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар” деген тақырыптағы халықаралық парламенттік конференцияның айдарбелгісі бекітілді.
Аталған форум Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрамындағы ұлттық парламенттері өкілдерінің және әлемнің өзге елдерінің де танымал саясаткерлері мен сарапшыларының қатысуымен өтеді.
Желтоқсан айында Астанада болатын ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында Нева жағалауындағы қалада өткелі тұрған конференция үстіміздегі жылы қазанның 28-і күніне белгіленген. Бұл маңызды басқосуға Қазақстан Республикасының парламенттік делегациясы қатысады.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі – мемлекетіміздің бұрынғы кеңестік құрамда болған елдермен стратегиялық әріптестік орнатудың жаңа деңгейге көтерілуіне және дүние жүзінің барлық елдерімен байланыс жасауына жол ашады.
Санкт-Петербургтегі конференция рухани және қоғамдық келісімді сақтау, қауіпсіздікті нығайту және ядролық қауіп-қатерді болдырмау жөніндегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып отырған ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде Қазақстанның бейбітсүйгіш саясатын әлемдік қоғамдастық өкілдеріне таныстыру мақсатын көздейді, деп хабарлады Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі.