• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
24 Қыркүйек, 2010

Қыс шанасын жазда сайлай алмаған әкімдер енді желтоқсан айында жазасын алады

484 рет
көрсетілді

Қазақ әдетте “Қыс шанаңды жаз сайла” деп жатады. Қай жағынан алып қара­ғанда да, ұғымға ұйыс келетін түсінікті-ақ тіркес. Ал Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бұл ұғымды облыс басшыларына бұдан да гөрі нақтылап айтып жеткізіп, аймаққа қарайтын мемлекеттік мекемелер мен тұрғын үйлерді қысқы жылыту маусымына алдын-ала сақадай-сай етіп дайындауды нақтылап тұрып тапсырды. Және тапсырғанына да біраз болды. Қазір сол тапсырманың қалай орын­далып жатқаны апта сайын өтетін Үкімет отырысында сұралып тұр. Бірақ бұл сұрақтың жаңа еместігі сияқты, оның орындалу барысындағы кемшіліктер мен олқылықтар да бұрынғы қалпында қайта­ланып бағуда. Бұрынғыша асайы табыл­ғанмен, мүсейі кезікпеген келеңсіздіктер әлі алдан шығып жатыр. Ұзын арқау, кең тұсауға бойлары үйреніп кеткен әкімдердің айылын жиып, айласын тыйып алуға тіпті осы әзірлік қорытындысымен бәзбірлері­нің қызметпен қош айтысулары мүмкін екендігі жөніндегі ескертпе де әсер ете алар емес. Мәселенің мән-жайы тап осылай еке­нін кешегі аптада өткізілген селекторлық кеңес тағы айғақтап берді. Жиында Құры­лыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин дәл қазіргі таңға еліміз бойынша қысқы маусымға дайындықтың орташа деңгейі 82 пайыз болып тұрғанын мәлімдеді. Ал осы белдеуден де төмен көрсеткіш көрсетіп, артта қалушылар тізіміне іліккендер қатарында алыстағы аймақтарды былай қойғанда, еліміздің жүрегі – Астана қаласы да бар. Осы ретте, тұтастай алғанда, республикада қазірге дейін жылу қазандықтарының 98 пайызы дайындық сапына қойылып үлгергені көңілге жылы ұялайды. Соның ішінде Ақтөбе, Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыс­та­рындағы қазандықтар жылыту мау­сы­мына толық әзірленген болып шықты. Бұ­лардың соңын ала келе жатқан Жамбыл, Маң­ғыстау, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қос­танай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында аталмыш бағыттағы жұмыстар аяқталуға жақын. – Қазандықтарды қысқы кезеңге дайындауда Қызылорда облысы республи­каның орташа деңгейінен көп кейін қалып келеді, – деді агенттік төрағасы келесі кезекте. Елімізде көмір отынының қорын дайындап алуда көп ілгері өрлеушілік бар. Айталық, айлық тұтыным мөлшері 1,1 млн. тонна болса, ол бізде қазір 2,7 млн. тоннадан келіп, 246 пайызды құрап отыр. Сол сияқты мазут айлық тұтынымдағы 52 мың тонна орнына 68 мың тоннаға айналған. Алайда, аспаннан шұға жауған­дай осыншама молшылықтың ішінде ұлтарақтық ұлпаршаққа жете алмай отырған аймақтар да бар екен. Олардың көшін мазуттың бар-жоғы 2 пайызын ғана әкелген Ақмола және 25 пайызға жаңа жеткен Қызылорда облыстары бастайды. Артта қалушылардың соңында солықтайтын Қостанай облысындағы жағдай біршама тәуір – онда 75 пайыздық көрсеткіш тіркелген. Елімізде осы күнге дейін жылу трасса­ларын дайындаудың жайы 97 пайыздан асты. Осы дайындықтың алдыңғы сапында жылу жолдарын түгелдей жөндеп үлгерген Ақмола, Атырау облыстары мен Астана қаласы келеді. Аталмыш бағыттағы бар жұмысты жақсы жолға қойып, қарқынды үдетіп келе жатқан Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл секілді облыстар мен Алматы қаласы турасында да жиында жақсы айтылып өтті. Мұнда тек Солтүстік Қазақстан облысын­дағы жұмыс қарқыны әзірге сын көтер­мейді. Ондағы 73 пайыздық көрсеткішпен енді бір айға жуық уақыттан кейін басталатын жылу маусымына үлгеру қиын. Қысқа дайындық барысында проблема­лардың бірқатарын Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов та мәлімдеді. Оның мәліметі бойынша, Ақмола облысындағы Степногор қаласының жылу-электр орталығы жөндеуден өткізу кестесінен көп кейін қалып келеді. Бұл үшін мұндағы турбина­лардың бүгінгі күнге 10 пайызының ғана әзірлік сапына қойылғанын айтсақ та жеткілікті. Кестеден Қарағандыдағы ГРЭС-1 жылу орталығы да біраз қалып қойған. Мұндағы қазандықтардың 12 пайызы ғана қысты қысылмай өткеруге бекем. Осы жерде вице-министр бұдан да басқа өзекті мәселеге назар аударды. Қазақстанның Ре­сейге экспортқа көмір шығаруы тығы­рыққа тірелген. Оның айтуына қарағанда, көмір тасымалында, әсіресе, экспорт бағытында едәуір проблемалар бар. “Қазіргі таңда жүк тиеудегі кестеден қалушылық 600 мың тоннаға жуық, – деді вице-министр осы орайда. – Салада күніне 2-2,5 мың жарты вагоннан жетіспейді”. Осыдан келіп, отандық компаниялар Ресейдегі электр стансалары алдындағы келісім-шарттық міндеттеме­лерін орындай алмай отыр. “Өз кезегінде бұл Қазақстан мен Ресейдің энергия жүйелерінің тұрақты қатар жұмыс жасасуларына кедергі келтіруі мүмкін”, деп қорытты ол сөзінің соңын. Бұған “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының басшысы Асқар Мамин шынында мұндай проблеманың орын алып отырғанын айтып, жауап қайтарды.  Дегенмен, мұның бәрі негізгі назар ішкі стансалардың жұмысына салынып отырғанына байланысты екен. Алдағы он күннің мәулетінде бұл мәселе де қалпына келеді. Мұның соңын ала Серік Нокин басқа проблеманың – тұтынушылардың коммуналдық қызмет үшін қарыздарының ұшын шығарды. Бұл орайдағы жалпы сома бүгінгі таңға 8,4 млрд. теңгеге жеткен. Соның ішінде негізгі қарыз – тұрғындар­дың берешегі 4,8 млрд. теңгені құрайды. Ал заңды тұлғалар 2,2 млрд., жергілікті бюджет 470 млн. теңге, республикалық бюджет 164 млн. теңгеге қарызданып қалған. “Тұрғындардың коммуналдық қызмет төлемдері бойынша  ең жоғары мөлшерлі қарыздары 678 млн. теңгемен Алматы, 539 млн. теңгемен Астана қалала­ры, 636 млн. теңгемен Қостанай, 478 млн. теңгемен Ақмола облыстары тұрғындары арасында тіркелген”, – деді С.Нокин сөзінің түйінінде. Қызмет көрсету түрлері ішінде қарыздың басым бөлігі жылуға тиесілі – есепті кезеңде тұтынушылар оның қамтамасыз етілгені үшін 4,4 млрд. қарыз болып қалыпты. Мұның сыртында электр қуаты үшін 2,3 млрд., суға 1,5 млрд., газға 222 млн. теңге қарыздар тағы бар. Маусым алдындағы “маздап” тұрған мәселенің бірін Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко атады. Дәл қазір “Семейде орнатылған барлық қазандықтардың 74 пайызы өзінің нормативті мерзімдерін өтеп болғаны” ондағы ахуалды күрделі ете түсуі кәдік. “Бұл қалаға көмек көрсетпей болмайды, – деді министр Үкімет басшысына бұрылып. – Ондағы жағдай шын мәнінде қатты қауіп туғызады”. Хабарламаны тыңдап болған Премьер-Министр бұл мәселенің үнемі Үкіметтің назарында тұратынын атап көрсете келіп, жылыту маусымына дайындық барысын бақылауға алыңыздар, жұмыстың нашар жүрген жерлерін көтеріңіздер, деді. Ал сіздердің қолдарыңыздан келмейтін нәрсеге өзіміз көмектесеміз. Жиын, тұтастай алғанда, республикада қысқы жылыту маусымына дайындықтың әлі тиісті қарқынына жете алмай отырғанын байқатты. Бұл Үкімет басшысын мәселені әкімдер алдына қатқылдау қоюға мәжбүр етті. Ал нақты тапсырмалар жергілікті жерлерде қалай орындалғанын білетін уақыт тым қашық ем­ес. Алдағы қазан айының ор­та­сында елімізде қысқы жылыту маусымы жап­пай басталады... Серік ПІРНАЗАР. Астана.