• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
25 Қыркүйек, 2010

ЕҚЫҰ-2010: Қазақстанның табысты қадамдары

501 рет
көрсетілді

Қазақ елі ұйымға төрағалық барысында көрші Қырғызстанда орын алған оқиғаларды реттеуге бар күшін салды. Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев тікелей өзі ондағы жағдайды тұрақ­тандыру үшін БҰҰ басшыларымен, АҚШ, Ресей президенттерімен және Еуропа Одағы жетекшілерімен кеңесе отырып, қырғыз елінің жаңа және бұрынғы басшылығымен келіс­сөз­дер жүргізді. Арнайы өкілдер жіберіп, елдегі ахуалды ушықтырмау жолдарын қарастырды. Қазақстанның әлемдік көшбасшылармен келі­сілген күш-жігері бұл елде орын алуы ықтимал азамат соғысына жол бермеді. Бұл посткеңестік кеңістікте қақтығысты бірлесіп тиімді реттеудің алғашқы тәжірибесі болды. Жағдай реттелген соң, мемлекеттегі тұрақтандыру шараларына ат­салысты. Қазақстан шұғыл көмек ретінде 10 мил­лион доллар бөлді. Азық-түлік, құрылыс мате­риалдары, отынмен жәрдемдесті. Қазір көрші елдің аяғынан тұруы үшін, бүлінген ны­сан­дарды қалпына келтіру үшін 1 миллиард дол­лардай қаражат керек. Қазақ елі енді осы мә­селеге дүние жүзі елдерінің назарын аударып отыр. Төрағалық кезінде Қазақстан Ауғанстан мәселесіне де арнайы көңіл бөліп келеді. Бұл елге қатысты ЕҚЫҰ-ның жаңа стратегиясы қажет екендігін көтеріп отыр. Тек гумани­тар­лық көмекпен шектелмей, нақты тұрақтандыру тетіктерін тауып, іске қосуды ұсынады. Бұл ретте Қазақ мемлекеті Лондондағы халықара­лық конференцияда қуатталған, Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жауапкершілігін жергілікті билікке кезең-кезеңмен беруді көз­дейтін бастаманы қолдайды. Кабулдың елдегі саяси күштермен бірге талибанды да бейбіт өмірге тартып, қантөгісті тоқтату мақсатындағы әрекеттерін қуаттайды. Қазақстан Ауғанстан­дағы тыныштықты қалыптастыру үшін өңірге ыңғайлы деген ауыл шаруашылығы сияқты са­лаларды дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру қажет деп есептейді. Сондықтан біздің ел ауған азаматтарын өз жоғары оқу орындарымызда оқыту үшін құны 50 миллион доллар болатын білім бағдарламасын жүзеге асыруды бастады. Оған сәйкес, 2010-2018 жылдар аралығында Қазақстанда мың ауған студенті жоғары білім алатын болады. Сонымен бірге, төраға ел ЕҚЫҰ аумағын­дағы “созылмалы” қақтығыстарды реттеу жайына да мән беріп отыр. Бұл арада негізінен Таулы Қарабақ мәселесіне қатысты келіссөздер жүргізілді. Армения мен Әзербайжан прези­дент­терімен “созылмалы” қақтығыстар жөнін­дегі арнаулы өкіліміз бірқатар кездесулер өт­кі­зіп, тараптарды ымырашылдыққа шақырды. Бұған қоса Днестр жағалауы елдері арасындағы ке­ліспеушіліктерді реттеу жолдары да пы­сықталып келеді. Қазақстан төрағалық барысында тағы бір жаһандық маңызы бар ауқымды мәселеге назар аударды. Бұл – ЕҚЫҰ-ның аясын кеңейту жайы. Мемлекетіміз еуразиялық қауіпсіздіктің континенталдық тұғырнамасы туралы идеяны ұсынды. Біздің ел еуропалық қауіпсіздік ұғымы континенттік аядан әлдеқайда шығып кеткенін ашық көтере алды. Нәтижесінде ұйым басқо­суларында еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік ұғымдары жөнінде пікір айтыла бас­тады. Ыстамбұлдағы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің үшінші саммиті аясында АӨСШК мен ЕҚЫҰ-ның алғашқы институттық форумы болашақта мұндай трансконтиненталдық қауіпсіздік белдеуін құруға нақты негіз де қалады. “Қазір­дің өзінде Еуропа үшін бір саясат және Азия үшін мүлдем басқасын әзірлеу мүмкін еместігін мойындау қажет. Ұзақ мерзімді жоспарда бұл кеңістіктегі тұрақтылықты трансеуразиялық қауіп­сіздік жүйесін құру жолымен нығайтуға болады” – деді Қазақстан Президенті ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің Алматыда өткен бейресми кездесуінде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еуразиялық экономикалық интеграция үдерісін де қалып­тастыру керек деп есептейді. Өйткені кезінде Жібек жолы арқылы байланыс орнатқан Еу­ропа мен Азия тұрғындары бүгінде жер бетін­дегі халықтың үштен екі бөлігін құрайды. Еур­азия континенті қазіргі күні әлемдік өнімнің жартысын өндіреді. Бұған дейін түрлі саяси блоктарға бөлінудің салдарынан бұл үлкен әлеует толыққанды жұмыс істеген жоқ. “Мен Еуразия субконтинентінде терең де дәйекті интеграциялық үдерістердің сенімді жақтасы­мын және еуразиялық интеграцияның негізгі қағидаттары мен бағыттарын бейнелейтін бір­тұтас құжат әзірленуі қажет деп санаймын. Бұл құжат дағдарыстан кейінгі нақтылықтарды және әлемнің орта және ұзақ мерзімді перс­пективадағы даму үрдісін ескеруі тиіс”, – деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысының ойынша, еуразиялық интеграция негізінен 7 бағыт бойынша дамуы тиіс. Біріншіден, сауда қатынастарын кеңейту үшін шекараны ашу керек. Екіншіден, Еуропа мен Азия арасындағы байланысты жеделдететін көлік-коммуникация инфрақұрылымын дамыту қажет. Үшінші мәселе – инвестиция мен тех­нология алмасу үшін жағымды инвести­циялық ахуал қалыптастыру. Төртінші – тұрақты қар­жы жүйесін құру үшін Азия мен Еуропадағы қаржы рыноктарын интеграциялау. Бесіншіден, жаңа қуат көздерін табу үшін елдер арасындағы ғылыми байланыстар дамуы тиіс. Алтыншыдан, адам ресурстарын тиімді пайдалану үшін көші-қон саясатын реттеу, жетіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тепе-теңдікті сақ­тауға жағдай жасау. Нұрсұлтан Назарбаевтың пікі­рінше, екі құрылықтың қақ ортасында тұрған Қазақстан еуразиялық интеграцияның бастамашысы және үйлестірушісі бола алады. Бұл ЕурАзЭҚ, Кеден одағы сияқты интегра­циялық бірлестіктердің құрылуына тікелей себепші болған Қазақ елі басшысының жаңа ұсынысының маңызы зор. Ашық та кедергісі жоқ заңмен реттелген ауқымды кеңістік тұрғындары үшін сауда қызып, барыс-келістің оңайлауы тиімді екені сөзсіз. Қазақстан – дүние жүзіне ұлтаралық тату­лық пен дінаралық келісімнің өзіндік үлгісін ұсына алған ел. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер елі­міздің бұл саладағы тәжірибесін ескеріп, онымен жақынырақ әрі кеңірек танысуға қы­зығушылық танытты.Осыған орай Астанада ЕҚЫҰ-ның толеранттылық және кемсітпеу­ші­лік жөніндегі жоғары деңгейдегі конференция­сы өткізілді. Онда біздегі татулық үлгісі әлем ел­де­ріне жан-жақты таныстырылды. Жер жа­һандағы дінаралық, ұлтаралық келіспеушілік­терді реттеу жолдары талқыланды. Төрағалық барысында ең бастысы ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшыларының саммитін Астанада өткізуге қол жеткізілді. Міне, ЕҚЫҰ-ға төраға болған 8 айдың ішінде Қазақ елі осындай ауқымды да келелі істер­ді жүзеге асырды. Қазақстан беделді ұйым­­ды басқару барысында тың бастама­ларымен, белсенді әрекеттерімен ерекшеленді. ЕҚЫҰ-ның бұрыннан қалыптасқан қызмет аясына жаңаша леп пен серпін әкелді. Оның әлі де пайдаланылмай жатқан мүмкіндіктерін ашуға, жұмысын жетілдіруге, құрылымдық өзгерістер жасауға бағытталған батыл ұсыныстар жасады. Қазақстан халықаралық саясаттың қыр-сырын меңгерген өркениетті және жаңашыл ел екен­дігін байқатты. Өзге мемлекеттердің жетіс­тік­терінен үйрене отырып, өзінің де қол жеткізген белестерін таныта алатын ел екендігін көрсетті. Еркін БАЙҒАБЫЛҰЛЫ, журналист.