Қазақ тілді балалар телеарнасының қажеттігі туралы баяғы, кеңес заманында-ақ айтыла бастаған болатын. Дербес даму жолына түскеннен кейін бұл мәселе өз қаракөздеріміздің тіл ұстарту құралы ретінде қажеттігі тұрғысында көтеріліп келе жатыр еді. Оған Елбасының өзі қозғау салып, “Балапан” телеарнасының ашылғаны қуанышты жағдай. Телеарна жұмысына сәттілік тілейік.
Кеше елордада Думан ойын-сауық орталығында елімізде алғаш дүниеге келген “Балапан” балалар телеарнасының тұсаукесер рәсімі өтті. Оған Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы Ғабидолла Әбдірахимов, Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев, сондай-ақ “Қазақстан” Ұлттық арнасының басшысы Жанай Омаров қатысты.
Алғаш сөз алған Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев “Бүгін үлкен бастамаға, яғни жүз пайыз толықтай қазақша хабар тарататын балаларға арналған тұңғыш телеарнамыздың тұсаукесеріне жиналып отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев 100 пайыз қазақша хабар тарататын үш телеарна құру керек дей келіп, нақты міндеттер жүктеген болатын. Оның біріншісі балаларға арналған телеарна болса, қалғаны мәдениет пен білім саласына арналған телеарналар болуы тиіс. Міне, Елбасы тапсырмасын орындап, бүгін аталған телеарнаның тұсаукесеріне жиналып отырмыз. Бұл “Балапан” телеарнасы, бұйыртса, болашақ үлкен көптеген көрермені бар, көптеген жақсы бағдарламалар ұсынатын телеарна болады деп сенемін. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуде бұл бағдарламаның үлкен рөл атқаратынына да сеніміміз кәміл, деген ол “Балапан” телеарнасының ашылуымен барлық ата-аналар мен бүлдіршіндерді құттықтады. Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы Ғабидолла Әбдірахимов телеарнаның ашылуына деген тілегін айта келе, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің құттықтау хатын оқып берді.
Аталмыш шараға келген ата-аналар мен ұстаздар, сонымен қатар, әрине, әсіресе балалар қуаныштарында шек жоқ. Астанадағы №59 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Клара Нұрлыбекқызы ““Балапан” телеарнасының ашылуы бүлдіршіндермен қатар мені де қатты қуантып отыр. Балаларға ертегілерді кітаптан оқу бір басқа да, көзбен көріп экран арқылы тамашалау өзіндік бір серпін береді. Сондықтан да барлық ұстаздар қауымы мен балаларды осы телеарнаны көруге шақырамын” десе, аталған мектеп-лицейдің оқушылары Еркін Жақсылық, Темірлан Мұқажанов, Арайлым Қуанышева да телеарнаны асыға күтіп отырғандықтарын айтады. Біз сондай-ақ осы жерден белгілі педагог балалар жазушысы Айса Хамзеұлын да кездестірдік. Қаламгер де бұл бастаманы барынша қолдайтындығын айтты. Екі жасар Ерсұлтанмен келген жас ана Зүлфия Қабылқызы да осындай телеарнаны күткеніне біраз болғанын айтады. Тәрбие басы – талбесік дейді халқымыз. Ертеңгі ел болашағы саналатын бүлдіршіннің ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуі үшін оған тілі шыққан сәттен бастап ана тілінде тәрбие беруде алғашқы кезекте орын алатын ата-ананың жанашыр қамқорлығы десек, балаларға арналған телеарнаның да одан бірде бір кем түспейтіні белгілі. Сол үшін де мен “Балапан” телеарнасын үзбей көретін көрерменнің бірі болармын деп ойлаймын, деді ол.
“Балапан” балалар танымдық ойын-сауық телеарнасының мақсаты өсіп келе жатқан жас буынның ұлттық және мәдени тұлғасын қалыптастыру, отанға деген сүйіспеншілік пен үлкендерді сыйлауға үйрету болып табылады. Телеарнаның бағдарламалары үш жастан он жасқа дейінгі жасөспірімдерге арналған.
“Қазақстан” телеарнасы базасында құрылған жаңа телеарна кабельді жүйеде сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін мемлекеттік тілде жүргізіледі. 2010-2011жылдарға “Алақай, Балақай!” (спорттық ойын-сауық бағдарламасы), “Айжұлдыз” (кешкілік танымдық бағдарламасы), “Кел, ойнайық!” (танымдық сауықтыру шоу бағдарламасы), “Шеберхана” (оқу-танымдық бағдарламасы), “Әліппе” (оқу-танымдық бағдарламасы), “Ән салайық!” (барлық отбасы үшін музыкалық ойын-сауықтыру шоу бағдарламасы), “Ғажайыпстанға саяхат” (оқу-танымдық анимациялық сериалы) бағдарламаларды шығару жоспарланса, “Қазақстан” РТРК мұрағатынан жас көрермендер үшін хабар тарату торына жас көрермендерге танымал болған “Айгөлек” музыкалық шоу бағдарламасы, “Еркетай” оқу-танымдық және “Толағай” отбасылық-спорттық шоуы енеді. Сонымен қатар әлемдегі балаларға арналған ең үздік анимациялық фильмдер қазақ тіліне аударылған.
Телеарнаның логотипі кішкентай сары балапан болмақ. Эфирге арна дүйсенбі, яғни қыркүйектің 27-сінен бастап шығады.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
----------------------------------
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.